Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Махаббат ұлтқа қарамайды.

Махаббат ұлтқа қарамайды.
Автор
Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлт пен шекара ұғымы адамдардың жүрек таңдауына тосқауыл бола алмайды. Түрлі мәдениет пен дәстүр тоғысқан интернационал отбасылар бүгінгі қоғамның айнасы іспетті. Тіл мен дінге, ұлт пен ұлысқа қарамай, үлкен мен кішіні теңестіретін құдірет махаббат қана. Ал шынайы махаббаттың шарықтау шегі – шаңырақ көтеру. Дәл осындай отбасыларда тек екі адам ғана емес, екі бөлек әлем, екі түрлі дүниетаным бір шаңырақтың астында үндестік табады. Олар бір біріне ұқсамағанымен, екі жүрек тең бөліскен ортақ сезім арқылы бір-біріне жақындай түседі.

Махаббаттың ұлт пен тілге тәуелді еместігін дәлелдейтін де – дәл осылай тоғысқан тағдырлар. Бүгінгі кейіпкерлеріміз де түрлі мәдениеттің өкілдері бола тұра ғұмырын бір-біріне арнап, өмір иірімінің бір арнасында бас қосқандар. Олардың өмір жолы тек таныстық емес, рухани жақындықтың баяу қалыптасқан көрінісіне айналған. Дәл осындай оқиғалар арқылы біз махаббаттың шекара таңдамайтынын тағы бір мәрте аңғара түсеміз.

Понамаревтер әулетінде татар, орыс, ингуш, поляк, түрік ұлтының өкілдері тоғысқан болатын. Осыдан жеті жыл бұрын бұл отбасының ұлы Виталий Арайлымға ғашық болып, бүгінде қазақтармен құда болып, төрге озды.

Енді Понамаревтар отбасы жыл сайын Наурыз мейрамында орталық алаңға шығып, киіз үйлерден ұлттық тағамдардан ауыз тиіп қана қоймай, өз шаңырағында қазақ қызы пісірген наурыз көже ішуді әдетке айналдырды.

Ал Пасха мерекесі кезінде үйдің әр мүшесі қайнаған жұмыртқаны түрлі түске бояуға атсалысады да, Рамазан айы туғанда өз шаңырағында ауызашар беріп, ораза тұтқан мұсылмандарды қонаққа шақырады.

Осылайша бұл шаңырақта сан түрлі ұлттың салты сырлы әуендей астасып, өзара құрмет пен шынайы сыйластықтың нәзік жібімен өрілген ерекше үйлесім бар. Бір дастарқан басында әр мәдениеттің өз үнін жоғалтпай, керісінше, бір-бірін толықтырып, жүректерді жақындастыратын ортақ жылылыққа ұластырып отырған қуат сезіледі. Мұндай отбасылар – махаббаттың құдіретімен татулық пен ізгіліктің шамшырағын тұтатып отыр.

Мақаланы жазу барысында Виталий мен Арайлымның сүттей ұйып отырған отбасымен кездесудің де сәті түсті. Қазақтың қара қызын өмірлік серік етіп таңдаған сары бала қалай танысқандарын баяндап берді. Тараз топырағында өскен, бір-біріне бейтаныс екі жас жаздың жаймашуақ күндерінің бірінде армандарын арқалап, бір уақытта, Алматы шаһарындағы бір оқу орнына жолға шыққан екен. Көкірегінде оты бар зерек жастардың мақсаты – білімін шыңдап, жаңа белестерді бағындыруеді. Бірақ дәл осы сапар оларды тағдырлы белеске апара жатқанын білген жоқ.

Іскерлік дағдыларды дамыту курсында бірнеше ай дәріс алып, соңғы күндерінің бірінде ғана екі жас алғаш рет жүздеседі. Бастапқыда бұл жай ғана соңы достыққа ұласқан таныстық болып қалыптасады. Әңгімелері жеңіл, бейресми сипатта өрбіген екеу бірден тіл табысып кеткен. Біраз уақыттан соң Виталий Арайлымды серуенге шақырады. Оған екеуінің арасындағы көзге көрінбейтін тартылыс күшінің пайда болғаны себеп болды. Олар бір-бірін сөзсіз ұғысып, әзілдері де жараса кететін жақын достарға айналады. Тек уақыт өте келе қарым қатынастары табиғи түрде бір-бірін түсіну, тыңдау, қабылдау сынды сезімдердің тоғысында өздігінен қалыптасып кетеді.

Жаздың соңына қарай қыз бен жігіттің арасындағы сезім айқындала түседі. Даланы жаймашуақ жаз емес, екеуінің махаббаты маздатып тұрғандай әсер алған қос жүрек бақытты еді.

Сөйтіп, 2019 жылдың тамыз айында Виталий батылдық танытып, Арайлымға ұсыныс жасайды. Бұл күтпеген, бірақ жүрекке жылы тиген сәт болды. Бір айдан кейін екі жастың ата-аналары танысады. Балаларының бақыты үшін таңдауына қарсы тұрмаған екі ұлттың өкілдері құдаласып, бір дастарқан басында кездесіп,арқа-жарқа әңгіме-дүкен құрады. Үлкендер жастардың таңдауына құрметпен қарап, баталарын береді. Бұл жаңа өмірге берілген алғашқы рухани қолдау еді.

Асқақ арманын арқалаған Виталий Арайлымды шетелге алып кетеді. Дубай қаласының сәулетті көріністері олардың сезіміне ерекше әсер етті. Сөйтіп, Абу-Дабиде жігіт қызға үйлену туралы ұсынысын білдіреді. 2020 жылдың тамыз айында олардың тұңғыш ұлы өмірге келді. Бұл – олардың махаббатының нақты көрінісінің дәлелі. Жас отбасы ата-анаға айналып, жаңа өмірге қадам басты. Олар уақытпен бірге қуанып, баланы қалай көтеріп, қалай жұбатуды да бірге үйренді, бірге өсті. Кейін шаттыққа толы ғұмырларында тағы бір қуаныш орын алып, қыздары дүние есігін ашты.

– Басында бәрі өте қарапайым басталған еді. Мен бұл таныстықтың осындай үлкен өмірге айналатынын ойламадым. Біз бір-біріміз үшін жай ғана жақсы адам болдық. Уақыт өте келе жандүниемізді жақын тани бастадық. Әр сөзіне мән беріп, тыңдауға, түсінуге тырыстым. Біз бір-бірімізге ұқсамаймыз, бірақ дәл сол айырмашылық бізді жақындастырды. Әрине, өмір қиындықсыз болмайды. Түсініспеушіліктер де кездесті. Бірақ біз үндемей қалуды емес, ашық сөйлесуді таңдаған жандармыз. Ертесі қабақ шытып жүрмес үшін қай жерде ренжіссек, сол жерде бәрін шешіп ала қоюды үйрендік. Ашық диалог біздің басты құралымызға айналды. Қаншалықты қиын болса да ішіміздегі сезімді жасырып қалмауға, бірден айтып салуға дағдыландық.

Екі ұлттың балалары бас тоғыстырған отбасында қолдауды қатты қажет етесің. Әрдайым сүйген жарымның жанынан табыла қоятын, мұңаюға мұрша бермейтін жан болуға тырыстым. Ол маған арқа сүйесе, мен оған тірек болуға ұмтыламын. Біздің ұлттарымыз әртүрлі болғанымен, біздің бірге ойланып, мәселені бірге шешуге ешқашан кедергі емес. Керісінше, біз бір-бірімізден үйренеріміз көп екенін ұқтық. Дәл қазіргі уақытта біз махаббатты басқаша түсінеміз. Бұл жай сезім емес, осы жолдағы еңбек, түсіністік пен сабырдың тоғысқан аймағы. Жүрегіңді елжіретіп тұратын өз адамыңды табу – ең үлкен бақыт. Біз өз адамымызды тапқан жандармыз, сондықтан да бақыттымыз деп сеніммен айта аламын. Ал ең қызығы, менің қазақ келіншегім борщ жақсы көрсе, мен орыс ұлтының өкілі бола тұра ет асып, қазы-қарта жегенді ұнатамын, – дейді Виталий.

Иә, интернационал отбасылар қоғамға жаңа көзқарас алып келеді. Олар төзімділік пен құрметтің үлгісі болады. Ал түрлі ұлт өкілдерінің тағдыры бір отбасында тоғысқан Понамаревтер отбасы соның айқын дәлелі. Олардың жолы оңай болған жоқ. Әр отбасы сияқты олар да түрлі сынақтардан бірге өтіп келеді. Бірақ бастысы – бірге. Ашықтық пен сенім қарым-қатынасын нығайтып тұр. Қиындық әлсіретпеді, керісінше, күш берді. Мұндай отбасылар қоғамды біріктіріп, адамдар арасындағы шекараны жояды.

Арайлым мен Виталийдің да махаббат тарихы – өмірдің өзі жазған сценарий. Мұнда жасандылық жоқ, тек шынайылық қана өрістеп, дамып келеді. Халық арасындағы татулық – бейбіт өмірдің кепілі. Ал мұндай отбасылар – сол татулықтың тірі дәлелі. Махаббат бар жерде үміт бар. Үміт бар жерде болашақ бар. Және сол болашақ – дәл осындай бір-бірі үшін соққан жүректердің лүпілінде тұнып тұр.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

 

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар