Жыл сайынғы «Әскер тарланы» байқауы әскери қызметшілердің шеберлігін жетілдіруге, жауынгерлік тәжірибені таратуға және армияның имиджін арттыруға бағытталған.
Марапаттау рәсімінде Руслан Жақсылықов Қарулы Күштер үшін 2024 жыл көптеген маңызды оқиғалармен ерекшеленгенін атап өтті. Олардың қатарында министр БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясын өз бетінше орналастыруға және орындауға мандат алуын, сондай-ақ әскери қызметшілердің көктемгі су тасқынына қарсы күреске қатысқанын сөз етті.
– Бүгін біз дәстүрлі «Әскер тарланы» байқауының қорытындысы бойынша үздік мамандарды марапаттап отырмыз. Әскери шеберлік флагмандарын бағалау кезінде жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындық бойынша ай сайынғы сабақтардың нәтижелері, бақылау және қорытынды тексерулердің қорытындылары, оқу-жаттығуларға, түрлі конкурстарға қатысу, әскери тәртіп және моральдік-іскерлік қасиеттері ескерілді, – деген Руслан Фатихұлы байқау жеңімпаздарын дипломдармен, ақшалай сыйлықтармен марапаттады.
Салтанатты кеште өз номинациясы бойынша үздік атанғандардың қатарында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 28349 әскери бөлімінің сапері, кіші сержант Мұхамедияр Бөтенбаев та бар. Мұхамедияр үшін бұл марапат – ұзақ жылдық адал еңбегінің лайықты бағасы.
Кіші сержантқа жүлдені тапсырған министр Руслан Жақсылықов жауынгердің жоғары кәсібилігі мен батылдығына тоқталып өтті.
– Сапер болу – жай қызмет емес, күн сайын өліммен бетпе-бет келу, ажалмен күрес. Әскерилер арасында «сапер бір-ақ рет қателеседі» деген сөз босқа айтылмаған. Саперге еш қателесуге болмайды. Осы қызметті абыроймен атқарып жүрген Мұхамедияр Бөтенбаевтың «Қайсар жүрек» аталымында жеңімпаз атануы тегін емес. Бұл марапат оның талай рет аумақтарды жарылғыш құрылғылардан тазартуға қатысқан көп жылғы әскери қызметінің жемісі, – деді Р.Жақсылықов.
Мұхамедиярдың өзі: «Үздіктердің қатарынан көрінуім – үлкен мәртебе. Осы жылдар ішінде қандай жағдайда да қолдаған әріптестеріме, отбасыма алғыс айтамын. Бұл марапат менің ғана емес, барша жамбылдық жауынгерлердің жеңісі. Өз мамандығымды мақтан тұтамын және еңбегімнің бағаланғанына қуаныштымын», – деп ағынан жарылды.
Отағасының жетістігіне жұбайы Аида, сондай-ақ төрт ұлы мен сүйікті қызы да дән риза. Мұхамедиярдың перзенттерінің үлкені 7 жаста, ал кіші қызы 3 жаста.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ