Тегінде, аңның етін азық, терісін киім мен бұйым үшін пайдаланған қазақ дала заңына бағынуда табиғаттың тепе-теңдігін сақтауға баса мән берген және ұрпағына оны өсиет етіп қалдырып отырған. Ал қазір ше? Өзін аңшы санаған бүгінгінің адамы бабалар аманатына адал ма? Адал болса, браконьерлер қайдан шықты? Жалпы аң-құс аулаудың тәртібі қандай? Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Сұлтанбек Мінтұрғановтың айтуынша, қазіргінің адамдары тұрмыстық қажеттілік, яғни аңды азық үшін емес, қызық үшін, көпшілігі иен далада бойын серпілтіп, демалу үшін аулайды. Одан бөлек құлқынның құлы болып, атуға тыйым салынғанына қарамастан бас пайдасы үшін терісі мен мүйізі бағалы аңды аяусыз қыратындар да жетерлік.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы өткен жылы табиғатты қорғау бойынша 62 рейдтік іс-шара ұйымдастырыпты. 2024 жылы табиғат заңнамасын бұзған 47 заңбұзушылық анықталса, оның ішінде орман заңнамаларын бұзу бойынша – 25, заңсыз аң аулау ережесін бұзған браконьерлерге 22 әкімшілік хаттама толтырылған. Заң бұзған азаматтарға 526,1 мың теңге әкімшілік айыппұл салынып, ол толығымен өндірілген. Заң бұзушылардан заңсыз тегіс оқпанды 3 аңшылық атыс қаруы тәркіленіп, тиісті аудандық ішкі істер бөліміне өткізіліпті.
– Аңшы қоян аулауға рұқсат алып, бірақ қасқыр атып келе жатуы мүмкін. Жолдамада нақты қандай аң-құс екені көрсетіледі, сол талаптан аңшы ауытқымауы тиіс. Мысалы, 10 қоян атуға жолдама алып, 20-30 қоян аулауға болмайды. Аң аулаудың талап-тәртібі, шекті саны болады. Біз жоғарыда әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар туралы деректі сөз еттік. Одан бөлек қылмыстық құқықбұзушылықтарға баратындар да жоқ емес. Мысалы, бұрнағы жылы 3 қылмыстық іс тіркелген болатын. Нақты айтқанда, 2023 жылдың қазан айында түнгі сағат 01:28-де «Охотзоопром» инспекторларымен бірлескен жұмыстың нәтижесінде Шу ауданының аумағында күдікті ретінде мемлекеттік нөмірі 836 NVR 08 «Mitsubishi Pajero» маркалы автокөлік тоқтатылды. Автокөлікті тексеру барысында жүксалғышынан «Қызыл кітапқа» енген қарақұйрықтың 5 ұшасы табылды. Сол секілді 2023 жылдың 10 қарашасында «Охотзоопром» инспекторларымен бірлескен іс-шара барысында 5 қарақұйрықты атып алған үш қаскөйге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабының 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, өткен жылдың 30 қаңтарында сот үкімі шықты. Сот шешімімен үш азамат 3 жыл шартты түрде бас бостандығынан, 7 жыл аң аулау құқығынан айырылып, табиғатқа келтірілген 20 700 000 теңге залал толық өндірілді. Бұрнағы жылға қарағанда заңсыз аң аулау, оның ішінде қылмыстық іс жасау дерегі өсті. Атап айтсақ, бірлескен жұмыс жүргізу барысында 9 қылмыстық іс тіркелді, – дейді Сұлтанбек Олжабайұлы.
Қалың қарда қой бағып жүргендердің таяқпен қоян ұрып әкелгенін талай көргенбіз. Қоян, түлкі көрсе айтақтап, ит қосатындар да жоқ емес. Таяқ не итпен, жыртқыш құспен, тұзақпен және басқа да амал арқылы аң аулағандар инспекторлардың көзіне түссе, қолында рұқсат қағазы болмаса жазасыз қалмайтынын әр адам біліп жүруі керек. Сонымен қоса малына қасқыр шапса қойшының қарап тұрмайтыны, түз тағысын орайы келсе атып тастайтыны ақиқат. Алда-жалда мұндай оқиғаның үстінен түскен инспектор адамгершіліктен аттамай, қасқыр атуға рұқсат қағазы жоқ болса да шопанның малын қорғағанына түсіністікпен қарайды деген ойдамыз. Өйткені ол дала заңы бойынша мал-мүлкін, өзін жыртқыштан қорғаған болып есептеледі. Десе де біз оқырман үшін бір қажеті болар деген оймен аң аулаудың тәртібі жайлы да сөз қозғауды жөн санадық.
– Аң аулау бірнеше түрге бөлінеді. Оның ішінде кәсіпшілік аң аулау, әуесқойлық (спорттық) аң аулау және ұлттық аң аулау бар. Кәсіпшілік аң аулау кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға жатады. Әуесқойлық (спорттық) аң аулау – адамның спорттық немесе эстетикалық қызығушылықтарын қанағаттандыруы. Ал ұлттық аң аулау – иттер мен жыртқыш құстарды пайдаланып, қару-жарақсыз жүргізілетін аңшылық, яғни саятшылыққа қатысты аң аулау түрі. Аң аулауға құқық тек белгілі талаптарға сай беріледі. Егер аңшылық атыс қаруын қолдану арқылы жүргізілсе, азамат 21 жасқа толған болуы керек. Ал егер аң аулау аңшы иттерді, жыртқыш құстарды немесе рұқсат етілген басқа да құралдарды қолдану арқылы іске асырылса, аңшының жасы кемінде 14-ке толуы қажет. Сонымен қатар аңға шыққан адамда аңшы куәлігі, жануарлар дүниесін пайдалануға арналған рұқсат немесе арнайы жолдама болуы міндетті. Аңшылық маусымы көктемгі және күзгі-қысқы болып бөлінеді. Көктемгі маусым 15 күнге созылады және суды мекендейтін құстардың аталық түрлерін аулауға рұқсат беріледі. Ал күзгі-қысқы маусым қыркүйек айының алғашқы сенбісінде басталып, әр аңның аулау мерзіміне байланысты аяқталады. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен аңшылық шаруашылығына жатпайтын жерлерде аң аулауға қатаң тыйым салынған. Облыс аумағында аңшылық алқаптардың жалпы көлемі 1925,7 мың гектарды құрайды. Оның 1440,7 мың гектары бекітілген субъектілерге берілген, ал 485 мың гектары резервтік қорда. Жалпы алқаптардың саны 45 болса, оның 36-сы бекітіліп берілген аңшылық шаруашылықтарға тиесілі. Аңшылық алқаптарды бекіту ҚР Ауылшаруашылығы министрінің бұйрығына сәйкес конкурс арқылы іске асырылады. Конкурсқа қатысушылардың салық және банк алдындағы берешегі болмауы, материалдық-техникалық құралдары бар екендігі, сондай-ақ қаржылық міндеттемелерін орындау туралы мәліметтерді ұсынуы талап етіледі. Облыста «Қызыл кітапқа» енген тау арқары, қарақұйрық, бүркіт, дуадақ, сұңқар сияқты жануарлар мен бұлдырық секілді басқа да құстар түрі кездеседі. Өңірдегі табиғат байлығы, яғни аң-құсты қорғау үшін тиісті мекемелермен бірлескен жұмыстар мен рейдтер тұрақты түрде ұйымдастырылады. Мәселен, жыл сайын республикалық деңгейде «Сұңқар», «Кең ауқымды киік» сияқты акциялар тұрақты түрде өткізіліп келеді, – дейді Сұлтанбек Мінтұрғанов.
Облысымызға белгілі аңшының бірі – Асқарбек Қасым. Алпысты алқымдаған ел ағасы Тараз қаласының тұрғыны болғанымен Шу ауданының тумасы. Бала күнінен бастап аңшылықпен айналысқан ол қолына мылтық ұстағанның бәрі аңшы емес екенін, сондықтан да иен далада аңшылық мәдениет, аңшылық тәртіп сақтала бермейтінін айтады.
– Бұрын аңшылық алқаптар мемлекеттің қарамағында болатын. Сол кезде іс жүйелі еді. Қазіргі уақытта конкурсқа түсу арқылы қалтасында қаражаты барлар аңшылық алқаптарды бөліп алып, иелік етіп отыр. Олар өз иелігіндегі аңшылық алқаптардың аң-құсының көбеюіне атсалысуы керек. Мәселен, аңшылық алқапқа қабан, елік, қоян секілді аң мен үйрек-қаз секілді құстар тән болса, олар жабайы үйрек-қаздың жұмыртқасын әкеліп, қолдан бастырып, сол секілді қабан, елікті де сырттан әкеліп, алқапқа жіберуі керек. Аңшының қасында ілесіп жүрмесе де жөн сілтеп, оның не атып, не қоятынын бақылауда ұстауы қажет. Мысалы, біреу аң аулауға жолдама алса, оның қолына сол аңшылық алқапқа тиесілі аумақтың картасы берілмейді. «Аңшылық алқап мына жақта» деп нұсқай салады. Ол аңшы жоқ аңды іздеп жүріп, келесі бір аңшылық алқаптың аумағына өтіп кетуі мүмкін. Сол кезде инспекторлар ол аңшыға «сен жолдамада көрсетілген аңшылық алқап емес, басқа жақта аң аулап жүрсің» деп айыппұл салып, әуреге түсіреді. Сондықтан кез келген аңшылық алқаптың аумағы көрсетілген карта электронды түрде аңшыға берілуі керек. Сонда қиянатқа жол берілмейді. Бүгінде мұның біреуі жүзеге асып жатқан жоқ. Аң аулауға рұқсат берілген уақытта кәсіптік қызметпен айналысып отырғандар аңшыларға лицензия таратып, оны журналға тіркеп, ақшасын алғаннан ары аса алмайды, барлығы көзбояушылық. Аңшылық алқап мемлекет меншігінде болса, мұндай мәселе туындамас еді. Тағы бір мәселе – аңшылық алқап иесі аңшыға жолдама бергеннен кейін олардың түнеген, түстенген жеріндегі тазалық мәдениетіне жауапты болуы шарт. Аң аулауға шыққан адамдар отырған жеріне қоқыс тастап, ластап кетсе жинатуға, ал таппай қалған жағдайда өзі жинап алуға арланбауы керек. Сол секілді аңшы да далада тұтынған тұрмыстық қатты қалдықтарды, полиэтилен пакеттерді өзімен бірге жинап әкетуі керек. Тіпті атылған оқтың патронына дейін жинап жүруі тиіс. Өйткені гильзаның түп жағы латун, қалған бөлігі пластиктен жасалады. Ал пластиктің шіріп, топыраққа айналуы өте қиын, – деді Асқарбек Қасымұлы.
Сонымен қатар аталған аңшымен түз тағысын аулаудың қыр-сыры жайында да әңгімелесудің сәті түсті. Айтуынша, ақпан айы мал-жан үшін қасқыр қауіп төндіретін елеулі кезеңнің бірі. Ақпанның 10-15 аралығында басталатын қасқырлардың жұптасатын уақытын қазақ «ұлыма» деп атаған. Бөрілер осы кезде топтасады, құртқасы жол бастап жортуылға шығып, алдынан кездескен малды жарып, жалғыз-жарым жүрген, қолында қаруы жоқ адамдарға шабуылдайды екен.
– Біз көріп жүрген жабайы жыртқыштың ішінде қасқыр өте ақылды аң саналса, көпті көрген аңшы одан айласын асыра алады. Тұрғыннан немесе шопаннан малына тыныштық бермеген ит-құс жайлы шағым түссе, оны қақпанмен де ұстауға болады. Қақпанды құрар алдында оның жүретін жолын анықтап алған дұрыс. Қасқырға құрылатын қақпан «қасқыр қақпан» деп аталады. Оны құрарда алдымен қазанға сол жерге тән шөп-шаламды салып, қақпанды шынжырымен қоса бір-екі сағат қайнату қажет, Бұл әдіс қақпанда бөтен иіс болмауы үшін жасалады. Одан кейін ит-құс жарып кеткен малдың өлексесіне немесе оның жүретін жолына аңшы жерді қазып, қақпанды құрады. Аңшы қақпанды, өзінің ізін бөрі секем алмайтындай шөптен сыпырғы жасап, ізін жасырады. Ит-құс негізінде ол маңда бір шөп сынса, тасы төңкеріліп не артық шөп-шалам, басқа да болмашы бір инедей зат жатса да ол жерге жоламайды. Сол үшін қақпан барынша сақтықпен құрылады. Қақпанды бүгін құрып, ертесіне «қақпан қасқырды қаппады, ит-құс біліп қойды» деуге де болмайды. Қасқыр да аса сақтықпен, кемі екі-үш күн қақпан құрылған жерге жоламайды, – дейді А.Қасым.
Аңшылық – жауапкершілік пен тәртіпті талап ететін кәсіп түрі. Сондықтан әрбір аңшы тиісті ережелерді сақтап, табиғатқа құрметпен қарауы керек. Аңшылық алқап иелері де өз міндетіне жауапкершілікпен қараса, табиғатты қорғау және жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы жұмыс жеңілдей түсер еді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ