Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Атлах шайқасының тарихи маңызы зор

Атлах шайқасының тарихи маңызы зор
Ашық Дереккөз
Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Сауран Қалиевтің қатысуымен «Атлах шайқасының тарихи маңызы» тақырыбында брифинг өтті.

Брифингте Жамбыл ауданында орналасқан ерте ортағасырлық, яғни VI-XII ғасырларға тән Бесағаш елді мекеніне археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу жайы айтылды.

Ерте ортағасырлық Бесағаш елді мекенінің сырын ашу Ұлы Жібек жолындағы мәдениет пен өркениеттің өзара іс-қимылын зерттеу мәселелерінде маңызды мәнге ие. Сонымен қатар біріккен араб-түрік әскери жеңісі нәтижесінде Қазақстан мен Орта Азия жеріне қытай әскері 1000 жылдан астам уақыт бойы аяқ баса алмаған. Бұл зерттеу жұмысы ислам әлемі шешуші ықпал еткен қала мен дала жайлы тың деректер табуға, 751 жылғы Атлах шайқасының осы ерте ортағасырлық қаланың аумағында болғанын археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында нақтылауға мол мүмкіндік бермек. Бұл жайында Сауран Қалиев тарқата айтып берді.

– Қарлұқ пен түргеш бір тілде сөйлейтін, бір Тәңірге сыйынған туыстас тайпалар-тұғын. Қарлұқтар Түрік қағанатының құрамында болғанда талай мәрте қытайларға қарсы түргештермен бірге соғысқан. 750 жылы 93 жыл билік жүргізген Умәйя халифатының соңғы он төртінші халифасы Маруан екіншіні Аббасилердің бірінші халифасы Абул Аббас ас-Саффах құлатты. Оның қолбасшысы Зияд ибн Салих Атлах шайқасында мұсылмандардың әскерін басқарып, 751 жылы мұсылмандар Талас өзені маңында (Қырғызстан) Қытай әскерімен соғысып, жеңіп шықты. Осы ұрыста тұтқынға түскен қытайлар (20 мыңға жуық адам тұтқынға түсті, 45-50 мыңдай қытай әскері қырылды) арасында қағаз жасауды білетін шеберлер де бар екен. Міне, осылар арабтарға қағаз жасауды үйретті. Әл-Мақдиси өзінің «Әл Бэду әт-Тарих» еңбегінде: «Бес күнге созылған бұл соғыста Қытай әскерінің 45 мыңы өліп, 20 мыңы тұтқынға түсті», – деп жазды. Жеңіс түркі халықтарын Қытай құлдығынан, оның ішінде будда дінінен аман сақтап, ислам өркениетімен дамуына жол ашты. Яғни араб билігімен, Араб түбегінде қалыптасқан тәртіп-танымдармен бірге ұлы даламызға ислам өркениеті де кеңінен қанат жая бастады. «Тараз – ислам дінінің шығыс шекарасы» дейтін жазбалардың осы VIII ғасырдың бірінші жартысынан бастап хаттала бастауында тұрған – осы 751 жылғы Атлах шайқасы, – деді С.Қалиев.

Тарихи процестерді және олардың шектес аумақтармен байланысын неғұрлым толық зерделеу үшін ірі ауқымды археологиялық зерттеулерге дейін кең көлемдегі археологиялық барлау жұмыстарын жүргізу – басты талап. Қазір осы мәселеге аса назар аударылып отыр.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Депутат – ел ішінде
Алдыңғы мақала
Депутат – ел ішінде

Ұқсас жаңалықтар