
Қайтарымсыз грант қаржысын иеленгендер 6 санатқа бөлінген. Саралай айтсақ, көпбалалы – 682, мүмкіндігі шектеулі – 186, мүгедек баланы тәрбиелеуші – 79, асыраушысынан айырылған – 42, қандас – 3, атаулы әлеуметтік көмек алушы 16 азамат грантқа ие болған.
Мекеме директорының айтуынша, қайтарымсыз грант қаражаты 44 азаматқа мал және құс шаруашылығы бағытында, 100 азаматқа түрлі қызмет көрсету саласында, 56 азаматқа кондитер және нан өнімдері бағытында, 84 азаматқа тігін шеберханаларын ашу бағытында қаржы тағайындалған. Сондай-ақ 31 азаматқа жартылай фабрикаттар өндіру бағытында, 8 азаматқа жиһаз өндірісі бойынша, 62 азаматқа өндіріс саласы негізінде, 43 азаматқа қоғамдық тамақтану бағытында грант берілген.
– Қайтарымсыз грантты азамат бір рет қана ала алады. Үміткердің «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс. Грант қаражатын қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алу, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады. Тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді. Грант аудандық немесе қалалық комиссияның шешімі негізінде тағайындалды. Үміткерлер өз бизнес-жобасын комиссия отырыстарында таныстырды. Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын арнайы өлшемшарттар бойынша толтырады. Осылайша грант беру туралы шешім комиссиялық түрде және үміткерлердің бизнес-жобаларының пысықталуын бағалаудың нақты өлшемшарттары негізінде қабылданады. Комиссия шешімі үміткердің порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссияның оң шешімі болған жағдайда үміткер банк деректемелерін ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп береді. Мұның бәрі Еңбек мобильділігі орталықтары мен оның филиалдарына (мансап орталықтарына) бармай-ақ, электрондық форматта жасалады, – дейді Серік Айдарұлы.
Сонымен қатар орталық директоры бекітілген жоспарларға мониторинг жүргізу жұмысын да тілге тиек етті. Оның дерегінше, грант қаражатын нысаналы пайдалануды грант алушы бизнес-жобаға сәйкес порталда растайтын құжаттарды ұсыну арқылы грант алған күннен бастап 3 ай ішінде растайды екен. Грант алушы порталда растайтын құжаттарды ұсына отырып, бизнес-жоспардың іске асырылу барысы туралы 12 ай ішінде тоқсан сайын есеп тапсырады. Гранттардың нысаналы пайдаланылу мониторингін бақылауды Еңбек мобильділігі орталығы мансап орталығы арқылы жүзеге асырады екен.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ