Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бекзат болмысты тұлға

Бекзат болмысты тұлға
Ашық Дереккөз
Табиғаты таза, ұлтжанды Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев есімі халқымен бірге жасап келе жатқан шыңдағы шынардай биік есім. Өйткені қарағайдай тік бойлы, терең ойлы, қарапайымдылықтың жағасына кір түсірмеген Димаш Ахметұлына көрсетілген құрметті халықтың шынайы құрметі деп санаймыз. Сондай-ақ бекзат болмысты тұлға өз заманында ақыл мен парасаттың, тазалық пен тектіліктің айнымас үлгісін көрсете білді. Қазақстанды ширек ғасырдан астам уақыт табысты басқарған Димаш Ахметұлы артында өшпес із, өнегелі іс қалдырған ұлтжанды, халықшыл, мемлекетшіл тұлға.

Дінмұхамед Ахметұлы жетекшілік еткен жылдары еліміздің экономикасы өсіп, өндірісі өркендеп, ауылшаруашылығы қарқынды дамығаны белгілі. Қазақ даласы төсінен миллиардтаған тонна алтын астық жиналып, ел игілігіне айналғаны уақыт ақиқаты, заман шындығы. Сонымен қатар елімізде көптеген жаңа қала салынып, ғылым, білім, өнер, мәдениет салалары жаңа биіктерге көтерілді. Адал еңбегі мен төккен терінің арқасында үш мәрте «Социалистік Еңбек Ері» атағына ие болған жалғыз жан.

Әрине, әрбір ұлтта есімдері ел жадында сақталған қайталанбас кемеңгер қайраткерлері мен тау тұлғалы азаматтарының болуы табиғи заңдылық. Міне, қазақ халқы үшін осындай жандардың алдыңғы қатарында ХХ ғасырдың алдына жан салмаған саңлақ саясаткері, академик Дінмұхамед Ахметұлының тұрғаны даусыз.

Замана заңғарының іскерлігі мен білгір басшылығын, аса дарынды ұйымдастырушылығын кешегі Кеңес үкіметі басшылығымен қатар әлем саясаткерлері де мойындаған. Соның ішінде есімі төрткүл дүниеге мәлім Үндістанның Премьер-министрі Джавахарлал Нерудің «Мейірім шуағы мол, пейілі кең халықтың перзенті болудан асқан бақыт жоқ. Сол халық – қазақ халқы! Елінің өткенін ұмытпай, келешегі үшін қалтқысыз еңбек еткен перзенті бар халық та бақытты. Сол перзенті – Дінмұхамед Қонаев!» деген өрелі ойы мен әділ бағасы кімді де болса тамсандырып, кімді де болса ойландырмай қоймасы сөзсіз. Өйткені халқының бетіне жел тигізбеймін деп небір өмір өткелдерінен өткен Димаш Ахметұлы өз халқы мен туған елін бар жүрегімен сүйген, бар өмірін сол халқының игілігіне арнаған және тазалықтың періштесіндей болған ғажайып тұлға.

Ол ұлтының өскенін, білімді болғанын, ғылымнан қол үзбеуін аңсап, соған аянбай еңбек еткен, тер төккен қайраткер. Сонымен қатар ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, халқымыздың өнері мен мәдениетін, руханиятын, әдебиетін терең білген алтын сандық Қонаев оларды жас ұрпақтың бойына сіңіру мен насихаттау жолында қыруар тірліктер атқарған.

Мысалы, Қазақстанда 1945 жылы 14 жоғары оқу орны болса, Қонаев басқарған жылдары бұл көрсеткіш 55-ке жеткен. Яғни төрт есеге өскен. Ал сол тұста студенттер саны 270 мыңға, оның ішінде қазақ студенттерінің саны 151 мыңға көтерілген. Ел ішінде «КазГУград» атанған Қазақ ұлттық университетінің жаңа кешенін салу да сол шақтағы Димаш Ахметұлының жастарымыздың сапалы әрі дәйекті білім алуға жасаған айрықша қамқорлығы деп санаймын. Нәтижесінде қаншама мың кәсіби маман өсіп шығып, ел ризығын молайтып, экономикалық дамуына сүбелі үлестерін қосты десеңізші. Сонымен қатар сол жылдары жаңа архитектуралық сипаттағы қазақ театр өнерінің қарашаңырағы М.Әуезов атындағы драма театрдың жаңа ғимараты, жиырма бес қабатты «Қазақстан» қонақүйі, «Медеу» мұзайдыны және Республика сарайы сияқты бірқатар ірі-ірі ғимараттар бой көтерді. Сондай-ақ бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде Қонаев атындағы ауылдар мен көшелер, мектептер бар. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ізгі бастамасымен бұрынғы Қапшағай қаласы Жетісу облысының орталығы болған сәтте Қонаев қаласы атануын қалың жұртшылық аса қуанышпен қабылдады. Сондықтан халқының сүйіктісі болған Димекең елімен бірге жасап келеді.

Есімі қалың оқырманға жақсы таныс жазушы Серік Әбдірайымұлы: «Димаш Ахметұлы – тарихи тұлға, өз заманының ұлы перзенті. Ол дара тұлға ретінде зерттеліп бітпеген әлем. Әлі ашылмаған қыры да, сыры да көп және оны ашқан сайын ірілене түсері анық. Ол кісінің екінші өмірі енді басталды», – деп артында келелі ой қалдырған екен. Иә, ойлана қарасақ, расында, алты Алашқа аты кең тараған, көзінің тірісінде-ақ халқының шексіз сүйіспеншілігіне бөленген Димекеңнің екінші өмірі халқымен бірге жасап келеді және жасай берері де анық.

Жалпы ол кісі ел басқарған жылдары қыранша сілкініп, бүркітше бұлқынып ел басқармаса да үлкен талап қоя білген талапшылдығын, парасат пен пайымға жүгінген шексіз жауапкершілігін көзін көрген көпшілік жиі естеріне алады. Бұдан Димаш Ахметұлына деген елдің ықыласының ерекше болғанын аңғару қиын емес. Қызыл көз Кеңес үкіметі тағынан тайдырғанымен мұзарт таудың басында гүлдейтін эдельвейстей болған Димекеңнің тауы шағылған жоқ. Басына төнген қара бұлтты халқы ұйытқып соққан жел болып қуып шыққан жоқ па? Бұл ақиқат! Қайта оның адалдығы мен тазалығына көңіл төрінен орын берген халқының арқасында қайталанбас тұлғаның қоғам ортасындағы беделі артып, мәртебесі жоғарылай түсті.

Димекең артында өнегелі өмір және қызмет жолдары жайлы бірнеше тағылымы мол естелік кітап қалдырса, Д.А.Қонаев атындағы халықаралық қор мен оның Жамбыл облыстық бөлімшесінің бастамасымен ұлы тұлғаның еңбегін халыққа кеңінен танытып, таныстыру, жақсының жақсылығын айтып, кейінгі өскін ұрпаққа үлгі ету мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ облыстық қордың табанды тірліктерінің арқасында 2022 жылы Тараз қаласының дәл ортасында сұңғақ бойы бейнеленген сұңғыла саясаткердің тұғыры биік ескерткіші бой көтерді.

Сонымен қатар белгілі кәсіпкер, ұлт жанашыры Әлімбек Жұмабаевтың демеушілігімен 2007 жылдан бері еркін күрестен ересектер арасында Д.А.Қонаев атындағы турнир өтіп, «Сәтті» тойханасында қайырымдылық ас беріліп, марқұмның аруағына Құран бағышталады. Мұндай ізгілікті де игілікті іс -шара жылда өзінің жалғасын тауып келеді. 2012 жылдан бері Д.А.Қонаев атындағы халықаралық турнир дәрежесіне көтерілген жарысқа Моңғолия, Бразилия, Польша, Жапония, Белоруссия сияқты алыс-жақын шетелдерден 100-150 спортшы келіп, өз өнерлерін көрсетуде. Мұның өзі облыс жастарының рухын көтеріп, күрес өнеріне деген қызығушылығын оятатындығы сөзсіз. Сол секілді қордың белсенді мүшесі, композитор Сәрсенбек Бәкір Дінмұхамед Ахметұлына арнап жерлес ақынымыз Олжас Отардың сөзіне «Тау тұлға» атты ән шығарса, филология ғылымдарының докторы Жаңғара Дәдебаев пен қордың кеңесшісі Жапар Күздеубековтердің үлкен ізденістерінің арқасында «Дінмұхамед Қонаевтың даналық сөздері» атты танымы мол кітап жарыққа шықты.

Ал кешегі дүбірлеген дүниені дүрліктірген коронавирус індеті өршіген күрделі кезде қордың бастамасымен жиналған 40 миллионнан астам теңгеге науқастарға аса қажетті медициналық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер алынып, денсаулық сақтау ұйымдарына таратылды. Және қор қайырымдылық акцияларына да үзбей қатысып, көпбалалы және тұрмыс жағдайлары төмен отбасыларға көмектесуді де назардан тыс қалдырған емес.

Қор мүшелерінің ұсынысымен 2019-2020 жылдары Д.Қонаев туралы Эйзенхауер, Нерри Джавахарлал, Ш.Айтматов, М.Әуезов, Б.Момышұлы және тағы да басқа көптеген замандасының пікірлерінен бейнероликтер түсіріліп, әлеуметтік желілер арқылы жастарға таныстырылды. Соның бірі – төрткүл әлемге танымал АҚШ Президенті Эйзенхауердің «Бүгін мен зор тұлғамен қауыштым. Ол – терең саясаткер, халықтар даналығын терең меңгерген адам. Ол – КСРО-ның сирек кездесетін тұлғасы» деп Д.А.Қонаевқа баға беруі – біз үшін үлкен мақтаныш.

Бүгінде қор жанынан құрылған қамқорлық кеңес те бірқатар өрелі іске ұйытқы болып жүр. Олар көзі тірісінде есімі аңызға айналған Димаш Ахметұлының өмір жолы мен туған еліне сіңірген үлгілі еңбектерін кейінгі буын жас ұрпаққа үзбей таныстыру мақсатында көптеген қоғамдық-саяси шаралар өткізуге бас болып келеді. Сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлермен де бірлесе белсенді жұмыстар жүргізу үшін тиісті меморандумға қол жеткізді. Бір сөзбен айтқанда, киелі Әулиеата өңірінде туын көтерген Қонаев қоры толассыз жұмыстардың, үлкен ізденістердің үстінде жүрген үлкен қоғамдық ұйымға айналды.

Елінің жоғын жоқтап, барын асырған, берекесін тасытқан, адалдықтың алтын қоры атанған және мемлекет басқарудың символындай болған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев елі құрметтеген, жұрты қастерлеген ұлы тұлға. Ал сол ұлылық пен қарапайымдылықты, ар мен намысты, ізгілік пен парасатты, мейірім мен шапағатты тең ұстаған оның жарқын бейнесін кейінгі ұрпаққа жеткізу – аса жауапты парыз. Себебі Димекеңе халқының ақ пейілді көңілінен қымбат нәрсе бұл дүниеде болған емес шығар?!

Д.А.Қонаев атындағы халықаралық қоғамдық қордың Жамбыл облыстық бөлімшесінің осындай деңгейге көтерілуіне әр жылдары қорды басқарған және қор белсенділері қатарында болған Баттал Жаңабаев, Сағи Жабасов, Марс Үркімбаев, Ералы Дадабаев, Амангелді Кәрентаев, Күләш Назарбекова, Балтабай Бекежанов, Алтынбек Садырбаев, Мәмбет Күшікбаев сынды өрісі кең өңіріміздің өр тұлғалы азаматтарының қосқан үлесі мол. Осы қордың дамуына аса зор ықпал еткен есімі елімізге танымал кәсіпкер Әлімбек Жұмабаев пен ұйымның бүгінгі тізгінін ұстаған Қибат Асқарбековтердің табысты жалғастырып келе жатқандығын айрықша айтқан жөн болар. Өйткені бұл қасиетті қордың әрбір ісі жүрек қалауымен, шын пейілмен, таза ниетпен атқарылатындығын ел-жұрт көріп, біліп жүр.

Расында, уақыт алыстаған сайын қазақ халқының аяулы ұлы Димаш Ахметұлы Қонаев есімінің өмір айдынында асқақтай түсері сөзсіз. Ал біздің басты мақсатымыз – жас ұрпақтың бойында Қонаевтың ерен есіміне деген құрмет сезімін қалыптастыру және сол арқылы ұлтжандылыққа тәрбиелеу. Өйткені жүзінен жылуы кетпеген Димаш Ахметұлы – халқының жүрегінде, ұлт тарихының төрінде тұрған қайталанбас кемеңгер қайраткер және тұтас ғасырға өнеге қалдырған заңғар тұлға!

Лесбек ЕГЕМБЕРДИЕВ,
Д.А.Қонаев атындағы халықаралық
қордың облыстық бөлімшесінің мүшесі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар