Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тірек мектептер – сапалы білім негізі

Тірек мектептер – сапалы білім негізі
Автор
Өңірлік коммуникациялар қызметінде Тараз қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Гүлнұр Мақсұтова баспасөз мәслихатын өткізді. Спикер зияткерлік мектептің озық тәжірибесін өңір мектептеріне трансляциялау жұмыстары туралы баяндады.

Гүлнұр Мақсұтқызының айтуынша, Назарбаев зияткерлік мектептері 2012 жылдан бері жалпы білім беретін мектептерге әдістемелік қолдау көрсету арқылы өзінің тиімді педагогикалық тәжірибесін жүйелі түрде бөлісіп келеді. Бұл бағытта жүзеге асып жатқан жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы Жолдауында айтылған, ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайту міндетімен тікелей байланысты.

Президент атап көрсеткен ауылдық жерлердегі білікті педагогтердің тапшылығын шешу мақсатында зияткерлік мектептер тірек мектептермен әріптестік моделін дамытып келеді. Бүгінде аталған жоба аясында Назарбаев зияткерлік мектептері еліміздің барлық өңірлерінде ауылдық тірек мектептердің әлеуетін арттыру бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. Жобаның басты мақсаты – ауыл мұғалімдеріне әдістемелік көмек көрсетіп, олардың кәсіби дамуына қолдау білдіру.

Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі 2022 жылдан бері Сарысу ауданындағы Балтабай Адамбаев атындағы негізгі орта мектеппен жұмысын бастаса, 2023-2024 жылдары бұл қатарға Мойынқұм, Жуалы, Байзақ, Т.Рысқұлов, Жамбыл және Меркі аудандарындағы тағы 7 тірек мектеп қосылыпты. 2024-2025 оқу жылында облыстың 10 тірек мектебімен тұрақты байланыс орнатылып, нақты нәтижеге бағытталған жұмыстар атқарылуда.

– Аталған мектептердің 880 мұғалімі оқыту, бағалау, тәрбие және зерттеу тәжірибесін жетілдіру бағыттарында әдістемелік көмек алды. Мұғалімдерге арналған ашық сабақтар, семинарлар, тренингтер, шеберлік сағаттар мен тағылымдамалар арқылы оқытудың заманауи тәсілдері көрсетілді. Сабақтарға қатысып, кері байланыс беру, зерттеу жұмыстарын жүргізу және бағалау құралдарын құрастыру – басты назарда болды. Жыл көлемінде 630 мұғалімге пәндік құзыреттілікті арттыру бағытында шеберлік сабақтар ұйымдастырылып, 147 мұғалімге тағылымдама өткізу мүмкіндігі берілді. Сонымен қатар, облыс мектептерінен 27 мұғалім халықаралық деңгейдегі WALS конференциясына қатысуға шақырту алды. Бұл – тірек мектептермен бірлесе атқарылған зерттеу жұмыстарының нақты жемісі. Биылғы ақпанда Жамбыл облысының 60 мектебінің басшылары мен орынбасарларына арналған «Оқыту мен бағалаудағы сапаны арттыру» тақырыбындағы семинар-практикум өтті. Семинар барысында зияткерлік мектептің даму жоспарын жасау, мұғалімнің кәсіби өсуін қолдау, сабаққа кері байланыс беру тәсілдері, білім сапасының өзгерісін бағалау және тәрбие жұмыстарының мониторингі сынды маңызды бағыттар таныстырылды. Жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдеріне арнап Тамыз конференциясы аясында да тренингтер мен шеберлік сабақтар ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, жергілікті университеттер мен колледждермен серіктестік орнатылып, болашақ педагогтарға арналған арнайы курстар өткізілді. Физика пәні бойынша лабораториялық жұмыстар жүргізу әдістемесі де назардан тыс қалмады. Осының барлығы Назарбаев зияткерлік мектептерінің тек өз ішінде ғана емес, ел көлемінде білім сапасын арттыруға бағытталған кең ауқымды жұмыс жүйесінің бір бөлігі. Ауыл мектебі – ел болашағының іргетасы. Сол себепті де ауыл мұғалімінің кәсіби дамуына қолдау көрсету – мемлекет үшін де, қоғам үшін де аса маңызды міндет, – деді Гүлнұр Мақсұтқызы

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар