Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Алаяқтар кәсіпкерлерге «ауыз сала» бастады

Алаяқтар кәсіпкерлерге «ауыз сала» бастады
Автор
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Самат Қойбақов ауылшаруашылығы саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге алаяқтық әрекеттерден сақ болуды ескертті.

Спикердің айтуынша, соңғы уақытта ауылшаруашылығына бөлінетін субсидиялар мен жеңілдікпен берілетін жанар-жағармайды алдау жолымен иеленуге тырысатын алаяқтар көбейіп келеді. Алаяқтар жалған құжаттар жасап, кәсіпкерлердің атынан түрлі төлемдер рәсімдеуге тырысады.

– Кәсіпкерлерге айтарымыз – бейтаныс адамдарға жеке мәліметтеріңізді, ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) және құжаттарыңызды бермеңіздер. Соңғы айларда дәл осы саладан бірнеше күмәнді дерек тіркелді. Қаржы пирамидалары секілді, енді ауылшаруашылығына арналған жеңілдіктер мен субсидиялар төңірегінде де заңсыз әрекеттер байқалып отыр. Біз алдын ала талдау жүргізіп, құқықбұзушылықтарды дер кезінде анықтауға тырысамыз. Бірақ кәсіпкерлердің де өзі сақ болуы өте маңызды. Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Мемлекет басшысының және Қаржылық мониторинг агенттігі басшылығының сотқа дейінгі іс жүргізу кезінде кәсіпкерлердің құқықтарын сақтау және адал кәсіпкерлердің қылмыстық процеске тартылуына жол бермеу туралы тапсырмаларына сәйкес барлық қажетті шаралар қабылдауда. Атап айтқанда, Қаржылық мониторинг агенттігінің нұсқауларына сәйкес, кез келген іс-шаралар бизнес субъектілердің қызметіне араласпай алдын ала талдау жұмыстарының негізінде жүзеге асырылады, – дейді С.Қойбақов.

Самат Базарханұлының сөзіне сүйенсек, қазір департамент жанынан құрылған арнайы талдау орталығы қаржы пирамидалары, салықтан жалтару, бюджет қаражатын жымқыру сияқты бағыттар бойынша ақпарат жинап, оларды тек уәкілетті органдармен қайта тексерген соң ғана іс қозғайды. Бұл – адал кәсіпкерлерді қорғаудың басты механизмі.

– Кәсіпкерлердің конституциялық құқықтары біз үшін бірінші орында тұрады. Әсіресе ауылшаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген жандардың жұмысына кедергі келтірмеуіміз керек. Олар – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған азаматтар. Сондықтан әрбір өтініш, әрбір тергеу әрекеті заң шеңберінде, негізді және дәлелді болуы тиіс. Біз ешкімнің бизнесіне кедергі келтірмейміз. Қылмыстық істер тек нақты залал болған жағдайда ғана қозғалады, – деді Самат Базарханұлы.

2024 жылы және 2025 жылдың өткен айларында облыстағы кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу деректері тіркелмеген. Бұл – қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтарының толық қорғалуын қамтамасыз ету шараларының нәтижесі. Сонымен қатар, тергеу кабинеттері толық бейнебақылау жүйесімен жабдықталған.

– Облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен кәсіпкерлер палатасы тығыз жұмыс істейді. 2024 жылы – 38, ал 2025 жылдың өткен кезеңінде 5 бірлескен іс-шара ұйымдастырылды. Палатаның аланында департамент басшысы ай сайын кәсіпкерлерді жеке қабылдайды. Аталған кездесулерде көтерілген мәселелер бойынша «дөңгелек» үстелдер мен уәкілетті органдардың қатысуымен кездесулер де ұйымдастырылып келеді. Алдағы уақытта да кәсіпкерлердің заңды құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Алаяқтардан қорғанудың ең тиімді жолы – ақпараттандыру және өз құқығын білу. Біз бұл бағытта жұмыс істеуге әрдайым дайынбыз, – деп түйіндеді Самат Қойбақов.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар