Іле екі қырдан асқанда Қамикен қойды иіріп, отар ішінен үлкен бір ісекті ұстап, аяғын буып, сол жерге тастап кеткен болатын. Сол кезде Серікбай ірі сақпанның ізінен жүріп отырып, келісім бойынша ісектің буылған аяғын шешіп, атына өңгермекші болып тыраштанып жатқанда Іле бұның үстінен түскен. Не болып жатқанын түсіне қойған ол Серікбайға «Қорадағы қойдың қалай қолды болып жүргенінің сыры осы екен ғой» дегенде Серікбай Іленің тақымындағы мылтықты жалма-жан суырып алып, қарауылды Ілеге бағыттаған күйі шүріппені басып қалады. Бала ыңырсып барып аттан ауып түсті. Серікбай қапелімде не істеп қойғанын түсінді де атына мініп, Қамикенге қарай шауып бара жатты. Болған жайды Қамикенге түсіндіріп, екеуі малды үйге қарай айдап жіберген. Баланың ертең өлігі табылатыны анық. Сондықтан Қамикен мен Серікбай жоспар құрды. Онысы – кім сұраса да кейінгі кезде Іленің мінез-құлқы қатты өзгергені, бала әлдебір күйзелісте жүріп, өзін-өзі атып тастауы мүмкін деген жорамалды айтудан танбау. Екеуі осыған уағдаласып тарқасты.
Түннің қою қараңғылығы иен далаға жайылып, айнала тып-тыныш күйге енген. Әр төбенің басын бір шалып, шоқытып келе жатқан Жосыбек кейде кілт тоқтап тың тыңдайды. Оның құлағына шалынғаны жапан түзде баяу ескен самал жел мен анда-санда үрген жақын маңдағы шопан иттерінің дауысы ғана.
Оның бір сұмдықты сезгендей атқақтаған жүрегі дүрсілдеп, аузынан шығып кетердей күйге түскен. Қара жердің үстіне жарық шашқысы келген жұлдыздар қанша жымыңдағанымен аспан денелерінің әлсіз жарығы жол көрсетуге өте қауқарсыз еді. Дегенмен Жосыбек Темірқазыққа анда-санда бір көз тастап, өзінің қай бағытта жүргенін топшылаумен болды.
– Е, Алла, аман болсыншы! – деп іштей күбірлеген оның уақыт өткен сайын көңілі алабұртты.
Астындағы күреңтөбел де қан сорпаға түсіп, Жосыбектің тұла бойын қорқыныштың тері жуып кетті. Баласының соңғы айтқан сөздерін есіне алып, қайда кетуі мүмкін екенін болжауға тырысты. Алайда еш нәрсе қандай да бір жорамалға негіз бола алмады. Бір кезде атынан түсіп, аяқ суытып тұрғанда жерге жаңа түскен ат тұяғының әлсіз ізін байқады. Оны тарқату үшін таңның атқаны керек. Түнімен босқа сенделген көнекөз бар үміті ізде жатқанын сезініп, таң ата төсегіне келіп құлады.
Түнімен атсоқты болған Жосыбек қатты ұйқыға кеткен екен, күн тұсау бойы көтерілгенде кемпірі түртіп оятты.
– Әй, ана құлынымнан хабар жоқ па? Қамикен күндегі әдетінен жаңылып, бүгін шайды да асығыс-үсігіс ішіп, орта сақпанды өріске ерте айдап әкетті.
– Бағыты қай жақ?
– Қырға қарай беттеп бара жатқан. Қарап жүрмей Ілені іздеймін деді.
Ұйқылы-ояу Жосыбек орнынан тұра сала атына жүгірді. Бар ойы – отар кешегі ізді таптап тастамаса болғаны. Ойлағанындай-ақ, аттың тұяғынан қалған айғақты үйден шыққан уақ малдың жаңа түскен ізі жасырып үлгерген екен. Жерге түсіп, шиырланған отар ізінен бір аттың ізін шығарып алған ол айырылмай ылдиға қарай жүріп отырып, Серікбайдың қорасынан бір-ақ шықты. Үй ішінен оның мал бағып кеткенін біліп, өріске беттеді.
Әйелімен бірге қозықұйрық теріп жүрген аудандық қорғаныс бөлімінде істейтін Денис сол күні Ілеге жолыққан. Саңырауқұлақты ас деп білмейтін қазақ үшін қозықұйрық құнды дүние емес. Іле де уақыт өткізу үшін теріп алған бес-алты бас қозықұйрығын Дениске ұсынып жатып, кешке дейін тағы да теретінін, оны сонау жердегі обаның түбіне тастап кететінін Дениске бар білген орысшасын сарқып жатып түсіндірген. Сол саңырауқұлақты қас қараймай тұрып алуға келген Денис қыр басында тұрып атылған мылтықтың даусын да естіді, бір адамның аттан құлағанын, бір аттылының далбалақтап шауып бара жатқанын байқаған. Бар жағдайға сырттан қанық болған оны кісі өлтірушілер байқаған жоқ. Оқиға орнына жеткенде зұлымдық жасаушылар ізін суытқан болатын. Қара жерде бүк түсіп, қансырап жатқан баланың әлсіз тынысынан оның жағдайы ауыр екені белгілі болды. Денис әскери қызметте жинаған тәжірибесін қолданып, денеден аққан қанды тоқтату үшін баланың жарасына матадан жгут жасап таңады. Одан кейін олар баланы өз көліктерімен аудандық ауруханаға жеткізуге асықты. Дәрігерлер науқасқа шұғыл түрде қан құйып, ота жасап, денеден бытыраларды алып, жарақатты тігіп, баланың аман қалуына жандарын салып бақты. Хирургиялық жолмен оқты алып тастап, денсаулығының қалыпқа келуін қамтамасыз етті.
Негізінде Серікбай мылтық атқан кезде оқ баланың оң жақ кеудесіне тиген. Оқ өкпеден сәл ауытқып, тек қабырғаны жарып өткен. Осылайша маңызды ағзаларға зақым келмеген. Бытыра қабырғаның төменгі жағын сызып өтіп, көк етке қадалғаны болмаса, бағына орай, ішке қан кету жағдайы орын алмаған. Бірақ жарақат ауыр болғандықтан бала есінен танып қалған.
Жосыбек Серікбайға өріске жетпей жолықты. Әшейінде жезделеп жылмыңдайтын Серікбай сөйлескен сәтте әлде бір істі жасырып тұрғандай әрнені бір шатып, мойнын кеудесіне қусырып, көңілге күдік ұялатты. Қолындағы ұзын қамшының сабын жерге тірей, терең дем алған Жосыбек Серікбайдың жүзіне бажайлай қарап, сыр суыртпақтады.
– Серікбай, шырағым, менің баламның ұшті-күйлі жоғалуы мүмкін емес. Өлтіріп көміп тастасаң жөніңді айт, барлығына іштей қанық болып келе жатырмын. Кеше сенің онымен жолыққаның жөнінде ізің сайрап жатыр. Не болып жатқанын өзің айт, – деді Жосыбек.
Серікбай жүзін төмен салып, бір сәтке кідіріп тұрды да ақталғандай сөйлей жөнелді. Ол ешкімге жолықпағанын, кеше кеш болмай өрістегі жылқысын түгендеп келгенін сөз етті. Бірақ оның ойнақшыған көздері күдікті арттыра түсті. Осы сәтте көкала «УАЗ» автокөлігі ойлы-қырлы жермен жүйткіп келіп, екеуінің қасына тоқтай қалды. Ішінен аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері, оның ішінде криминалист мамандар, оқиғаға сырттай куәгер болған Денис түсіп, полицейлер екеуінен сұрақ-жауап ала бастады.
– Серікбай Болысбеков, тез арада малыңызды үй маңына жақындатыңыз. Қария сіз де атыңызды үйге тастап, осы көлікпен барып, Қамикенді алмастырыңыз. Ол адамнан да сұрақ-жауап алуымыз керек, – деді біреуі қатқыл үнмен.
Жедел топ мал ауылда екі күн түнеді. Оқиғаға қатысы бар дегендердің әрқайсысынан сұрақ-жауап алынды. Жосыбек те тергеуге ілікті. Себебі мылтықтың құжаты соның атына жазылыпты. Ал сол мылтықтан кісіге оқ атылған. Жағдай ушығып, мал-жанға қарайтын адам болмай, Жосыбектің шаруашылығына екі бірдей қайнысы келіп қарайласты. Екі күнге созылған тергеу нәтижесінде Жосыбек пен Қамикен және Серікбай ауданға жөнелтілді. Бір қуанарлығы, үш-төрт күннен соң жансақтау бөлімінен палатаға шығарылған Іле тілге келіп, тергеушілерге оқиғаның жай-жапсарынан нақты хабар берілді. Осылайша Серікбай мен оның сыбайласы Қамикенге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ай өтпей жатып аудандық соттың үкімі шықты. Қасақана кісі өлтіруге оқталғаны үшін Серікбай 8 жылға бас бостандығынан айырылды, ал Қамикен 6 жыл арқалады. Жосыбек аңшы мылтығын қауіпсіз сақтамағаны және оны кәмелеттік жасқа толмаған баласына сеніп тапсырғаны үшін тергелді. Нәтижесінде 1 жыл шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Осылайша Жосыбек темір торға тоғытылмаса да құқық қорғау органдары тарапынан пробациялық бақылауға алынды. Қойын бағып, күйбең тірлік соңында жүргенімен жаз жайлау, қыс қыстауға көшкенде учаскелік полицияны қайда жүргенінен хабардар етіп отырды. Бұл іс оны біраз жасқа қартайта түскендей болды. Осы оқиғадан кейін Жосыбек бұл өмірде ешкімге сенуге болмайтынын ұғынды.
Аққолтық мал жайылымындағы аталған оқиға ауыл ішін дүр сілкіндірді. Жер-жерге тараған әңгіме бірде шындыққа жақын болса, енді бірде әңгіме тыңдаушыға тұздық қосылып жетіп жатты.
КСРО дәуірінде жылқы бағып, «Ұсталмаған ұры емес» деген қағидамен күн кешіп, кейін шыр бітіп, өз алдына жеке шаруашылық құрған Әшірбайға да бұл оқиға көп өтпей-ақ жеткен-ді. Ол жаңалықты жоқ іздеп жүрген ауыл тұрғыны Жасыбайдан естіген еді.
– Әй, Жасыбай, оқиға негізі қалай өрбіген?
– Сол оқиғаға дейін Қамикен мен Серікбай бірігіп, Жосыбектің екі ісегін қолды етіпті. Малды бағатын Іле, кешке оны айдап әкелерде Қамикен қулығын Серікбай арқылы іске асырып отырған. Өздеріне күмәннің бір мысқалын да жолатпаған. «Дәніккеннен құныққан жаман» демекші, үшіншісінде Қамикеннің аяғын буып тастап кеткен ісегін Серікбай шешіп алып жатқанда бала үстінен түсіп қалған деседі. Сасқалақтаған Серікбай баланың тақымындағы мылтығымен оның өзін атып тастаса керек.
– Тфу, атаңа нәлет. Әп-әжептәуір ұрлықты қор қылып. Қолынан келмейтін болса, несі бар, тәп-тәуір әдіс әшкере болды-ау, – деген Әшірбай ұрылардың ойына келе бермейтін тың тәсілдің жалпақ жұртқа мәлім болып кеткеніне күйініп жатты.
Сол оқиғадан кейін Жосыбек ұлын құшақтап егіле ұзақ жылаған. Иегі кемсеңдеген кемпірі де өзіне ауыр сөз айтқан шалын кешіріп, олардың отбасылық татулығы нығая түскен-ді. Жасаған жақсылығы үшін «қой» дегеніне қарамай Жосыбек Денистің үйіне бір тайын жетектеп апарып тастаған. Содан бері таныстық тамыр жайып, орыс пен қазақ жегжат болып шыға келген еді.
Арада зулап бірнеше жыл өте шықты. Іле 18 жастан асып, шопан таяғын өз қолына алды. Әкесі ұжымшардың малын баласына санап бергенімен бар тірлік қарияның басқаруымен шешілетін. Бір күні Ілеге аудандық қорғаныс бөлімінен әскерге шақырту қағаз келді. Бұл мәселе Жосыбекке ауыр тиіп, көз таныс, көңілі жақын Денисті арқа тұтып, аудандық қорғаныс бөліміне барды. Бар ойы – жалғыз ұлын әскерден алып қалу. Бірақ Денис те, оның басшысы да Отанға опасыздық жасамайтындарын түсіндіріп, келесі шақырылым бойынша Ілені облысқа жөнелтетінін айтқан. Олардан қайыр болмағаннан кейін қария таныстары арқылы облысқа адам салып, кейіннен өзі барып, базбіреулердің ақылымен Ілені жындыханаға жатқызатын болып шешкен.
Ес білгелі мал ауылдан аттап баспаған Іленің бұл қалаға алғаш келуі. Онда да дәрігерлер бір түнде келіп алып кеткен. Жындыхананың бұлар келе жатқандағы ашық тұрған темір есігі ішке кіргеннен кейін сықырлай жабылды. Іленің жандүниесі сол сәтте аурухана есігімен бірге екінші рет құлыпталғандай болды. Біріншісі – әкесінің кезінде өзіне сенбей жау тұтуы, екіншісі – әкесінің осында әкелген қисынсыз қылығы.
Іле айналасына үрейлене көз салды. Мұндағы адамдардың әрқайсысы бөлек әлем секілді. Бірі ауаны сұқ саусағымен шаншып тұрса, енді бірі қабырғаға телміріп, меңіреудей мүлейіп отырады. Бас-аяғы бір аптаның ішінде Іле айналасындағыларды жете танып-біле бастады.
Негізінде бұл аурухана адамның психикалық денсаулығына байланысты әртүрлі науқастарға емдеу ісін жүргізеді. Олардың арасында шындықты қабылдау қабілеті бұзылған, түрлі елестерді көріп, сандырақ ойларға сенетіндер бар. Мына бір ұнжырғасы түскен әйел сырт көзге сау адам сияқты көрінгенімен ауыр депрессияда ұзақ уақыт бойы жүріп, өзіне-өзі қол жұмсауға дейін барып, күйзелістен арыла алмағандықтан осында өз еркімен келген. Тағы бірі алкогольге, енді бірі есірткіге немесе басқа заттарға тәуелділіктен зардап шегіп, психикалық жағдайы ушығып кеткен науқастар. Мидың жарақаттануы, эпилепсия немесе басқа да неврологиялық аурулар салдарынан сана-сезімі бұзылғандар мұнда қаптап жүр. Тор есікті жеке бөлмеге қамалған тағы біреулері өзгелерге зиян келтіруі мүмкін адамдар екен. Олар өте күшті әрі үнемі агрессивті түрде адамға шабуыл жасауға бейім тұратын көрінеді. Осылардың арасында Іле өзін қосқанда үш адамның жынды емес екенін анық білетін. Соның бірі – баласы бағудан бас тартып, тағдырдың айдауымен тар қапасқа тап болған қарт ана. Екіншісі – өзінен үш-төрт жас үлкендігі бар жігіт. Оның тесіле қараған жанары, қанының сұйықтығы қылмыскер екенін айғақтаса, оның артынан келіп тұратын адамдарға дәрігерердің мәймөңкелеуі дүниесі бардың дәурені жүріп тұрғанын сездіргендей.
Іле бөлмесіне кіріп, төсегіне отырғанда әкесінің жүзі көз алдына елестеді. «Ұлым, мұнда тек бір айға ғана жатасың. Бізге осы анықтама керек. Әскери борышты өтеуден құтылудың жолы осы» деген сөздері жас жігіттің жүрегіне қанжардай қадалды. Әкесінің бұл әрекетіне Іле не ашумен, не ақылмен қарай алмай, көңілі дал болды. Осы ойдың шырмауында отырғанда ішке есікті баяу ашып, Жазира есімді мейірбике кірді. Әкесі не қажет болса да осы Жазираға айтуы керектігін, мұндағы сенімді адам Жазира екенін ескертіп қойған. Орта жастағы жылы жүзді әйел Іленің жүзінен біртүрлі түсініксіз кейіпті байқады. Десе де ақ халаттының мейірімнен гөрі жүзінде қулық-сұмдықтың табы ойнап, Іленің қобалжыған көңілін орнына түсіргендей болды.
– Қорқудың еш қажеті жоқ. Мұнда келгендердің бәрі алғашқыда сасқалақтайды. Бірақ сен де үйреніп кетесің, – деді Жазира.
Іле оның жүзіне тесіле қарап, әлдене айтқысы келіп оқталды да, ақыры қипақтаған күйі үнсіз қалып қойды. «Мұнда қалай үйренуге болады? Жындының арасында қалай, неге бейімделемін?» деген ой оған маза бермеді. Жазира оның тап-таза жандүниесіне лас ойын тықпалап, сөзін жалғады.
– Мұнда әр адамның өз әлемі бар. Бірі өз шындығынан қашып келген, енді бірі еріксіз түскен. Бірақ сен оларды түсінуге тырыс. Олардың бірі ауру болса, енді бірі өмірдің соқтықпалы соқпағында адасып жүргендер, ал сенің ақылың, алға қойған мақсатың бар.
– Білемін. Мен кімнің әлемімен өмір сүріп жүрмін? Мұнда ұзақ қала алмаймын. Әкем үшін ғана келдім.
– Әкең сені осында жатқызу арқылы дұрыс жолды таңдап отыр. Сен қазір оны түсінбейсің, бірақ уақыт өте бәрін ұғасың.
Мұнда еңбек ететін Гүлбарша есімді өрімдей қыз медбике болып жұмысқа тұрғалы бері өз қызметіне адал болып, ар-ұятына қарсы келмейтін іске бармауға іштей ант еткен. Алайда ол мүмкін емес еді. Өйткені дәрігерлер науқастарға көбіне қажетсіз дәрілерді күштеп беруді талап ететін. Гүлбарша алғашында қарсылық танытып көріп еді, әріптестерінің ықпалды байланыстары оны қатты сескендірді. Сондықтан мұндайға көнуге оны өмір осылай мәжбүрледі. Жазира ұжым ішінде мансабы өсіп, аға медбике болғалы бұл тірлікті жүзеге асыруды тіпті үдетті. Ғазиз дәрігердің ем тағайындауы, Жазираның айтуы бойынша адамның жүйке жүйесіне қауіпті дәрілерді үш мезгіл Ілеге осы Гүлбарша беріп жүрген.
Жындыханадағы күндер бір-біріне өте ұқсас. Мәлім де беймәлім тағдырлар, адамды емдеумен қатар, кейде кісінің қайғысына қайғы жамаумен де айналысатын бұл мекеменің қабырғалары қатігездіктің тілсіз куәсі еді. Мұнда кейбір мереке қарсаңында науқастардың көңілін аулау үшін түрлі қойылымдар мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып тұратын. Осы жолы облыстан шақырылған «Саз әлемі» ансамблі концерт қояды деген хабар жындыхана тұрғындарының да, қызметкерлерінің де көңілін бір серпілтіп тастады. Науқастар түгел залға жиналып, аталған мерекелік кешті тамашалады. Күй шертіліп, әуендер бірінен соң бірі көкте қалықтап, оның жанға жайлы рақатын негізінен ақ халаттылар сезініп жатты. Мерекелік жиын соңында қызмет алушылар арасындағы өз өнерін паш еткісі келетіндерге де мүмкіндік берілді. Осы ретте сахнаға Іле де көтеріліп, қолына гитара алып, жеке дауыста ән шырқады. Көптің қошеметімен ол бірнеше ән орындады. Ансамбль жетекшісі Қалдыбек Мұзбав жындылардың өзін тыныштандырған Іленің өнеріне шындап тамсанды. Ол мұндай өнерлі жігіттің жындыханаға қалай түскеніне таңғалды. Осындай сезімді сол күні Гүлбарша да бастан өткерді. Іленің көп сөйлемейтін біртоға мінезін, батырға тән тұлғасы мен келісті келбетін бұрын ол екінің бірінде бар деп ойласа, ал тұла бойындағы тұнған өнері Гүлбаршаның ойын мүлдем басқа бағытқа өзгертті. Ол Ілені алғаш көргенде-ақ ерекше екенін сезген. Оның көздерінде мұң да, үміт те бар болғанымен Гүлбарша байқамауға тырысқан. Ол мұндай науқастардың тағдырымен талай таныс болған. Жындыханаға дені сау болып кірген адамның ұзақ уақыттан кейін шынымен жынданып кететініне еті өле бастаған. Бірақ сол күнгі өнер кешінен кейін Гүлбаршаның ішкі ар-ожданы бас көтеріп, бұл жағдайға бейжай қарай алмайтын күйге душар болды. Ол Ілеге ғашық болып қалса да «жоқ, бұл менің науқастар алдындағы адамгершілік парызым, менің шындықпен өмір сүруге деген талпынысым» деп өз-өзін іштей ақтап жатты. Ол ертесіне-ақ Ілемен жақын сөйлесуге көшті. Кешкі ауысымнан кейін Гүлбарша Іленің жалғыз отырған сәтін пайдаланып, бір шындықтың шетін шығарды.
– Сенің бұл жерден аман шығуың екіталай. Сол себепті мұндағы жағдайды білсең ғой, Іле. Саған «жынды» деген қағаз алуға шын көмек беретін адамдар емес, жауыздар тағайындаған дәрілер. Ол препараттар адамның психикасын бүлдіретінінен сенің хабарың жоқ.
– Сонда бұл не үшін керек?
– Сендер үшін, сендерден сұраныс болғаннан кейін кейбір адам қу құлқын үшін жауызға айналған. Ал құжатты жасауға амал, амалға қымбат құн төленеді. Бір өкініштісі, ол адам тағдырын тәлкекке ұшыратады. Мысалы, бір қылмыскер сап-сау бола тұра «денсаулығына байланысты» деген желеумен бостандыққа шықса, ол көп ұзамай бақилыққа бет түзейді. Дәрігерлердің «ол қылмыскердің өмір сүруіне аз уақыт қалды» деген қорытындысында қателік болмауы керек. Егер ондай қылмыскер бостандықта ұзақ өмір сүрсе, қорытынды шағарған комиссия мүшесі де, дәрігер де «итжеккенге» айдалуы мүмкін. Бұл да сол сияқты. Жынды деген қағаз сау адамға еш уақытта берілмейді.
Гүлбарша Ілеге бар ойын ашық жеткізіп, оған көмектесу үшін үлкен тәуекелге баруға бел буды. Ғазиз тағайындаған дәрілерді әрекетсіз, нейтралды препараттармен алмастырып, Іленің жағдайын күнделікті өзі бақылап отырды. Ол мұны аса сақтықпен жасады. Іле де Гүлбаршаға сеніп, оның айтқандарын орындаумен болды. Уақыт өте келе Іленің мінезі, ойлау қабілеті өзгермегенін байқаған Ғазиз оған көбірек дәрі жазып берді. Бірақ Гүлбарша да жүйелі жоспар құрып, онысын сәтті жүзеге асырып жатты. Ол Іленің бұл жерден сау шығуы үшін барын салып, Ғазиз тексерерде де, комиссия қорытынды шағарарда да ең қымбат бір дәріні өз қаражатына тауып, оны Ілеге қажет кезінде беріп отырды. Бұл дәрінің құдіреті адамды уақытша есуас етіп көрсететіндігінде. Оны ішкен адамның алғашында көзі алақтап, тілі аузына сыймай, төрт-бес минуттан кейін сабасына түсіргенімен ол адам кемі бір-екі күн жындының кейпінде жүретін. Негізі бұл препараттың да жиі қолданылса ағзаға зияны бар. Осыны білетін Гүлбарша дәріні екі-ақ жағдайда қолданды. Осылайша жындыхананың жазылмаған заңын мейірім мен сенім айналып өтті.
Іле жындыханадан «жынды» деген қағаз алып шыққаннан соң өз тіршілігіне қайта оралды. Бірақ өмірде бір шындық бар. Егер адам қандай да бір заңсыздыққа барса, оның кесірі уақыт аралатып алдынан шығып отырады.
Іле ұжымшардың отарын өткізіп, өз еңбегімен жиған малына еге болу үшін жеке шаруа қожалық ашқан. Бар тірлікті бұл кезде әкесі емес, өзі шешетін жағдайда еді. Бір жолы өз атына мылтық рәсімдеу үшін тиісті мекемеге барғанда оған жынды болғаны үшін қару ұстауға рұқсат етілмеген. Сол секілді күндердің күнінде Іле көлік жүргізу куәлігін алуға ниеттенді. Жол қозғалысы ережелерін жаттап, емтиханға дайындалып барған болатын. Алайда құжаттарды тексеру кезінде оның бұрын жындыханаға жатқаны анықталып, емтихан тапсыруына рұқсат берілмеді. Осы секілді кедергілер Іленің алдын орай берді. Бұл тек мұндай қырсықтың басы ғана еді. Іле ауылындағы Сабира есімді әдепті, көрікті қызға көңілі түсіп, онымен сөйлесіп жүрген. Бірақ мұны біліп қойған қыздың ағасы екі досымен Ілеге ескерту жасамақшы болған. Сонда сәл-пәл тұтығып, ашуланса түкірігін шашып сөйлейтін Байменде есімді қыздың ағасының досы, бұжыр бет, дәу қара «Сен сияқты жындыға беретін қызымыз жоқ» деп ішінен түйіп қалғанда Іле «Ұрсаң ұр, бірақ түкірігіңді шашпай ұр» дегені үшін олар мұны елсіз жерге апарып, электр бағанына байлап қойып, әбден қинаған. Мұның жанына олардың ұрғаны емес, «жынды» деп кемсіткені қатты батқан еді. Іле осы қиындықтан құтылу үшін Гүлбаршаны іздеп барып, көмек сұраған. Гүлбарша оның көзіндегі мұңды көріп: «Бұл оңай шаруа емес. Жындыханадағы құжаттарыңды толығымен жою үшін біршама шығындалуың қажет», – деген еді.
Іле қуана-қуана келісім беріп, әжептәуір мал шығындап, нәтижесінде жындыханаға қатысты барлық құжаты жойылды. Бұл өзгеріс Іле үшін жаңа өмірдің бастауы болды. Ол көлік жүргізу куәлігін де алды, атына қару да тіркеді. Ауыл адамдары оның өткен өмірінен хабары болғанымен ол өзін дүниеде тазарғандай, анадан қайта туғандай күй кешті. Отбасын да құрып, шаруашылығына қалада отырып жетекшілік ететін жағдайға жетті. Бастысы Іле қазір өткеннің көлеңкесінде өмір сүрмейді. Ілеге әйелі: «Өмір біз ойлағандай емес. Бірақ біз өз тағдырымызды өзіміз жасай алдық. Ендігі мақсатымыз – балалардың болашағын баянды ету», – деді. Бұл бір кезде бойында семіп қалған мейірім атаулының оянуына Іленің өнері түрткі болған Гүлбарша еді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ