Біріккен мемлекеттік саяси басқармасы (ПП ОГПУ) жүргізген Алаш ісінің алғашқы тергеу жұмыстары Сарысудағы «Ағайынды Әділовтердің бандасы» деген тараумен басталған. Бұл жерде ОГПУ жендеттері ағайынды Әділовтер Сарысуда Кеңес үкіметінің орнауына қарсы болып, көтерілістер ұйымдастырды, қазақ байларын кеңес билігіне қарсы қою үшін үгіт-насихат жүргізді деген сияқты әртүрлі жала жапқанын біз бүгінде архив мекемелерінде сақталған құжаттардан, дәйектер мен деректерден жақсы білеміз.
Әділұлдарының үлкені Ақ Бәйсейіт пен Дінше (Дінмұхамед) өз заманында өте белсенді азаматтар болған. Алғашқысы Кеңес үкіметінің құрылуы жолында еңбек етсе, екіншісі Алашорда қайраткерлерінің қатарындағы ең жас белсенді болған. Кейіннен Дінше Әділұлы Кеңес үкіметінің билігінде жауапты қызметтер атқарған. Бұл туралы біз бұған дейін бірнеше мақала мен зерттеу еңбек жазып, басылымдарда жариялаған болатынбыз. Сондықтан ол өз алдына бөлек тақырып. Әйтсе де қазіргі Тұрар Рысқұлұлы туралы жазып отырған мақаламызға ағайынды Әділұлдарының тікелей байланысы болғандықтан аз-кем тоқталып кетуге тура келіп тұр.
Жеті ағайынды Әділұлдары Кеңес үкіметінің 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргінін бастан кешті. Алғашқы, яғни 1928 жылы Ақ Бәйсейіт кеңестік қызыл жасақтардың оғына ұшып қаза тапса, інісі Дінше тұтқынға алынып, Алаш арыстарының ең алғашқыларының бірі болып атылып кеткен. Қалғандары әртүрлі жазаны арқалап, тағдырлары талқыға түсіп, әртүрлі қиын жағдайды бастан кешіп, хабар-ошарсыз кеткен. Тек көптеген жылдан соң жазасын өтеп, кенже інілері Асқар Әділұлы ғана елге оралған.
Расында да ағайынды Әділұлдарының ішіндегі Дінше (кей деректерде Мұқыш) сол тұстағы ел астанасы Қызылорда қаласында саяси қызметте жүрген Тұрармен үнемі тығыз байланыста болғанын біз архивтердегі құжаттар мен зерттеушілердің еңбектерінен жақсы білеміз. Ал жоғарыдағы біз есімін атаған Есімбет қажының немересі Жорабек үнемі Діншемен бірге жүрген. Тіпті екеуі ОГПУ-дың тұтқынына бірге түскен. Демек, Жорабек те Тұрармен таныс-біліс болған азамат деп ойлаймыз.
Жоғарыда біз сөз қылған Сарысудағы ас-жиында болған Есімбет қажының немересі Жорабек ақсақал осы. Сол жиында Жорабек ақсақалға жолығып, мардымды ешнәрсе ала алмағанын Шерхан Мұртаза ағасы Бауыржан Момышұлына айтып келген. Бұл туралы даңқты әскери қолбасшы, батыр, жазушы Бауыржан Момышұлы өз естелігінде:
«Жорабекке Шерхан жолығыпты. Ол: «Ұзын, сұлу кісі екен, көк аты бар. Мені менсінбеді. «Тұрар Рысқұлұлы туралы кітап жазбақшы едім, сіз ол кісі жөнінде не білесіз?» деп едім, «Сұрамай-ақ қой, сен бәрібір Тұрарды түсінбейсің» деп атына мініп, кетіп қалды», деген еді бірде маған Шерхан. Отыз екі жыл тозақ отына күйсе де жасымаған не деген өр рух?!» деп еске алады батыр.
Айта кететін тағы бір жайт, Жорабек ақсақалды Бауыржан Момышұлы 17 жасында көрген. Ол кезде Жорабек небәрі 30 жастағы жігіт болатын. 1928 жылы Сарысу өңіріндегі байларды тәркілеуге және төменгі жағындағы Қуаралда жасырынып жатқан ағайынды Әділұлдарын тұтқындауға шыққан ОГПУ экспедициясының басшысы Шумилов, экспедиция хатшысы Хұсейн Макин Бауыржан Момышұлын аудармашы ретінде өздерімен бірге алып шыққан. Ол кезде ер Баукең Сарысуда мұғалім болып қызмет етіп жүрген. Сол экспедиция мүшелері Дінше мен Жорабекті тұтқындап, Әулиеатаға алып қайтқан.
Экспедицияның мүшесі ретінде Баукең Діншені де, Жорабекті де жақсы біледі. Бауыржан сол өз естелігінде:
«Бізге жолда басқа отряд милиционерлері жолықты. Олар Дінше Әділұлын, Есімбет қажының немересі Жорабекті ұстапты. Екеуі де отызға жетпеген жігіттер екен. Құм ішінде бір күн, бір түн жүрдік. Шумилов алғаш:
– Мына екеуіне менің сөзімді аударып жеткіз, – деп, маған орысшалап тіл қатып еді, Дінше:
– Жолдас бастық, біз орыс тілін жақсы білеміз, екеуміз де Орта Азия мемлекеттік университетін бітіргенбіз. Айтар сөзіңізді аудармашысыз-ақ айта беріңіз, – деді.
– Сен аударам деп әуре болма, қарағым, – деді Жорабек маған қарап иегін көтеріп.
Дінше бұйра шаш, аласа бойлы, реңсіз, бірақ көзі өткір, ал Жорабек ұзын бойлы, сұлу жігіт екен. Шумиловтың қойған сұрақтарына екеуі де:
– Түрмеге барғанда жауап береміз, кел, одан да басқа тақырыпта сөйлесейік, – деп ыңғай танытпады», деп еске алады Момышұлы.
Иә, Дінше Әділұлы 2 жылдан соң, яғни 1930 жылы Жүсіпбек Аймауытовпен бірге Мәскеуде атылып кетті. Ал Жорабек болса, итжеккенге жіберіліп, 32 жыл Сібірде жазасын өтеп, елге оралды. Сондықтан Шерхан Мұртазаға Жорабекке жолығуды, одан қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлұлы туралы сұрауға жол сілтеп, жөн көрсеткен де осы ағасы Бауыржан Момышұлы болуы әбден мүмкін деп топшылаймыз.
Рас, Түркістандағы түркі халықтары ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ірі ғалым, публицист, тарихшы, дипломат Тұрар Рысқұлұлы өте күрделі ірі тұлға. Сондықтан да көбіміз ірі қайраткерлерді жете түсіне бермейміз. Оған себеп – әр істі жете зерттеп, түбіне індете бойламай, тез арада, жедел пікір қорытып жатамыз. Бұл әрекет екіұшты пайымға алып келіп соғатынын аңғара бермейміз.
Рас, Тұрар Рысқұлұлы туралы қазіргі қазақ қоғамында әртүрлі, әрқилы пікірлер айтылады. Біреулер ХХ ғасыр ширегіндегі еңбегін мақтап жүрсе, енді бірі даттап жүр.
Қазіргі қазақ қоғамында тарихи тұлғаларға тасада тұрып тас ататындардың қарасы қалың болып тұр. Десек те ақиқаттан аттап кете алмаймыз. Кейде ақиқатты айтамыз деп барлық қазақ қайраткерлеріне күйе жағып алмаймыз ба деп ойланатындардың қатары да аз болып тұр ма дейміз.
Өйткені сол ХХ ғасыр ширегінде Алаш ұранды ұлтшылдар деп табылған қайраткерлер, яғни Әлімхан Ермеков пен Мұхтар Әуезовтің де архив мекемелерінде замандастарына қатысты сұмдық көрсетінді берген хаттары жатыр. Тіпті олардың Голощекиннен кешірім сұрап, Алаш арыстарын қаралаған сөздері сол кездің өзінде-ақ басылымдарда жарияланған. Сосын сол заманда Кеңес үкіметі билігінде жүріп, саяси жауапты қызметтер атқарған қайраткерлердің бірінің үстінен бірі арыз жазуы көп орын алған. Бұндай арызды жалғыз Тұрар Рысқұлов пен Сәкен Сейфуллин жазбаған. Ілияс Жансүгіров, Ғаббас Тоғжанов, Әбілқайыр Досов, Ораз Исаев, Темірбек Жүргенов сынды тағы да басқа көптеген тарихи тұлғаны атап өтуге болады. Мұндай тізімдерді әрмен қарай жалғастыра беруге де болар еді, бірақ та ол қасиетсіздікке әкеліп соғады. Өйткені қазақтан шыққан бұл азаматтар да пенде. Пайғамбар немесе періште емес. Пенде болған соң пендешілік қай кезде де орын алады. Архив құжаттарының ішінде жариялайтыны бар, жарияламайтыны да бар. Сөз де сондай, жазылатын сөз болады, жазылмайтын сөз де болады. Олардың кемшіліктерін жиып алып, бәрін жариялап, «Әлекең анандай екен, Мұхаң мынандай екен, Тұрар түгенше екен, Сәкен пәленше екен, Темірбек өйтіпті, Ілияс бүйтіпті» дей берсек, келер ұрпаққа не айтамыз, кімді үлгі етіп көрсетеміз, қандай қайраткерлерімізбен мақтанамыз?
Қалай десек те мұндай ақиқатты айтқыштардың түпкі пиғылында рушылдық пен жершілдік жатыр ма деймін. Негізінен мұндай деректерді айтып, желсөзге ұластырып жүргендердің көбісі саналы, танымал адамдар. Бірақ өкініштісі сол, олар рушылдық пен жершілдік деген надандықтан аса алмай жүр. Рушылдық әділетсіздіктің батпағына батыратыны білсе де осындай надандыққа барады.
Иә, кіндік қаның тамған туған жеріңді сүй, құрметте, мақтан тұт, шыққан тегіңді біл, яғни руыңды есіңнен шығарма, тектілігіңді көрсет, бірақ ұйып отырған тұтас ұлттың ішіне іріткі салма. Міне, сонда барып бірлігіміз бекем болмақ.
«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,
Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деп Ілияс ақын жырлағандай, өз кемеңгерлеріміздің кеудесінен итеріп, аруақтармен айтыссақ, қазақтығымыздан не қалады? Онсызда 70 жыл бойы тарих босағасынан сығалатқан тұлғаларымызды енді тарих төріне шығарып жатқанда қаралауымыз – кісілігімізге, тектілігімізге, қазақтығымызға жат дүние. Одан да 70 жыл бойы түнектен оралған тұлғалардың есімін елге танытпаймыз ба?! Олардың пендешілігін емес, ерең еңбектерін ел алдында айтпаймыз ба? «Өткеніңді еске алғаның – өскеніңнің белгісі, өткеніңді ұмытқаның – өшкеніңнің белгісі» дейді ата-бабаларымыз. Біз тұлғаларды қаралап, тарих беттерінен аластатуға әрекет жасай берсек, ертеңгі күні өшіп, ада болып бітпейміз бе?
Жоқ, қайта біз осындай ірі тарихи тұлғалардың жақсы іс-әрекеттері мен ұлт алдында атқарған адал еңбектерін келешекке жеткізуіміз қажет. Сонда біздің болашағымыз жарқын болады. «Құдай астан кедей қылса да, бастан кедей қылмасын» деген ата-бабалардың тілеуі бар. Ішкі руханияты төмен ұрпақ әр заманда қауіпті. Сондықтан да келешек ұрпаққа тек жақсылықты насихаттауға тиістіміз. Бұл үрдісті біз ылғи да ата-бабалардан қалған парыз, келешек ұрпақ алдындағы қарыз деп түсінейік.
Тарихшы, ғалым Ордалы Қоңыратбаев Тұрар Рысқұлов туралы өзінің зерттеуінде: «Тұрар Рысқұлұлының тікелей басшылығымен 1918 жылы 16 тамызда Әулиеата қаласында баспанасыздар мен жетім балалар үшін мемлекеттің қамқорлығына алынған арнайы үй ашылған болатын. Бұл істің маңыздылығын кең түрде уағыздап отыру мақсатында Тұрар Рысқұлұлы Атқару комитеті мен басқару аппаратының барлық басшыларын ұйымдастырылып жатқан арнайы мәжіліске шақырады. Ал мемлекеттік бюрократиялық басқару аппаратының кейбір басшылары бұл іске қырсыздық танытқанда Тұрар оларды өзінің Әулиеата қалалық милиция бастығына жолдаған №3221 бұйрығымен жиналысқа келуге күшпен мәжбүр еткен.
Уездік кеңестің сан түрлі қызметін ұйымдастыра отырып, Т.Рысқұлұлы бұрынғысынша негізгі күш-жігерді ашаршылықпен күрес ісіне бағыттады. Сырттан келер көмектін жоқтығы оны тек ішкі резервтерді тиімді пайдалана білуге мәжбүр етті. Қолда бар күш-көмек, азық-түлік пен қаржының қорын талай рет қайта есептеп, бөлуге тура келді», дейді.
1918 жылы 27 тамызда Тұрар Әулиеата қаласында 52 орыс капиталисіне ашаршылыққа ұшыраған халықтың пайдасына 3000 000 сом салық төлеттірсе, қаланың мұсылман капиталистерінен де ірі мөлшерде салық алған.
Жалпы Тұрар Рысқұлұлы үшін Әулиеата кезеңі – оның ірі мемлекет қайраткері болып қалыптасу жолында орасан зор ықпал еткен алғашқы баспалдақ, саяси өмір мектебі болды.
Тұрар Рысқұлұлы саяси қызметі барысында Ташкентте және Мәскеуде, Бакуде, Ұлан-батырда жүрсе де орыс шовинизміменя, әсіресе өзінің туған елі қазақ даласында үстемдік құрмақ болған орыс шовинизмімен қатты күресті.
Мәселен, 1926 жылы Жетісу аумағынан орыс-казак автономиялы облысын құрмақ болған шовинистік әрекеттерге де соққы берген осы Тұрар болды.
Жалпы Тұрар түбі бір түркі жұртының қамын жеп жүріп, талай еңбек сіңірді. Алматы қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Президентінің архивінде Тұрар Рысқұлұлы бастаған 5 қайраткердің 1920 жылы 16 маусымда Лениннің тікелей өзіне жазылған хаты сақталған. Аталған хатта Түркістан, Қазақстан, Башқұртстан Республикаларының егемендігін, дербестігін, яғни тәуелсіздігін сұраған. Әр халықтың тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін атай келіп, олардың өз қарулы әскерінің, милициясының, шекарасының болуын нақты айтқан. Міне, осы мазмұнда жазылған хатқа ең бірінші болып Т.Рысқұлұлы қол қойып, өз аты-жөнін көрсеткен. Тізімде екінші болып А.Ходжаев, үшіншісі Башқұртстан қайраткерлері З.Уалидов, (тағы біреуінің аты-жөні жазылған жазудың өшуіне байланысты анықтай алмадық) және Қазақстаннан Ахмет Байтұрсынұлының аты-жөні жазылып, қол қойылған.
Тізімге бірінші болып қолын қойып, аты-жөнін көрсетуінің өзінде Тұрардың батылдығы, елінің тәуелсіздікке деген арман-мұраты жолында тер төккен азамат екенін бағамдай берсек болады.
Тұрар Рысқұлұлы туралы сол тұстағы қазақтың майталман, апталдай Алаш арыстарының пікірлері де жетерлік.
Мәселен, алашордалық арыстар саяси қуғын-сүргіннің алғашқы легін бастан кешіп, жан сауғалап Түркістан автономиялық кеңестік социалистік республикасының орталығы Ташкентке келгенде оларды Сұлтанбек Қожанұлы және Нәзір Төреқұлұлымен қатар Тұрар Рысқұлұлының да жақсы қарсы алғанын Міржақып Дулатұлының естелігінен байқауға болады.
Мысалы, М.Дулатұлы 1929 жылдың 3 қаңтарындағы ОГПУ тергеушілеріне берген көрсетуінде Ташкентте, жұмысқа орналасқан алашордалықтардың тізімін келтіреді. Олар:
Хәлел Досмұхамедұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Мырзағазы Есболұлы, Иса Қашқынбайұлы, Кәрім Жәленұлы, Ескендір Көпжасарұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы. Сондай-ақ сәл кейін бұл аталған кісілерге Ғазымбек Бірімжанұлы Ғазымбек пен Жүсіп Ахметсафаның келіп қосылғанын айтады.
«Рысқұлұлы Тұрарды 1921 жылы жазғытұрым көрдім. Рысқұлұлы Ташкентке Мәскеуден келді. Ол кезде Рысқұлұлын жамандаушылар көп болатын. Рысқұлұлының жолдастарын да жек көретін. Рысқұлұлына Қожанұлы мен Төреқұлұлы да қарсы болатын. Сафаров сөз сөйлесе, газетке мақала жарияласа, Рысқұлұлын атамай кетпейтін. Бірақ біз, айрықша мен өзім Рысқұлұлы мен Қожанұлы арасында қандай негізгі келіспеушілік барлығын біле алмайтынбыз. Бірімжанұлы Ғазымбектің Бұхарадағы Зәки Уәлидидің үйінен келгенде сөз арасында маған айтқаны: Зәки Уәлиди Рысқұлұлымен таныс болса керек. «Рысқұлұлы бір көрген адамға мәнсапқұмар адам секілді көрінеді, бірақ дұрысында олай емес» деп мақтап отыр деді. Міне, содан кейін Ташкентке Рысқұлұлы келген соң онымен танысқым келді. Қандай адам екен деп қызықтым. Бір күні Әділұлы Дінше екеуміз Рысқұлұлының пәтеріне бардық. Рысқұлұлымен көп сөз сөйлескеніміз жоқ, «Түркістанда газет жоқ еді, жақсы-жаман болса да «Ақ жол» газетінде қызмет етіп тұр екенсің, жақсы болған» дегенді айтқаны есімде, жаңа хабар сөйлеген жоқ, біраз отырып, шығып кеттік. Мұнан соң Рысқұлұлын 1926 жылы Қызылордада көрдім. Ол Өлкелік партия комитетінің баспасөз бөлімінің меңгерушісі болып тұрған кезде сөйлескеміз жоқ. Одан соң Рысқұлұлымен кездескен емеспін», деп жауап берген екен 1929 жылдың 3 қаңтарында ОГПУ тергеушілеріне Алаш арысы Міржақып Дулатұлы.
«Мен Рысқұловпен тікелей қатынасқан емес едім. Ол мен қатынасқан Ташкенттегі ұлтшылдар жиналысында болған емес. …Рысқұловтың өзі қатынасқан бір кездесуде сөйлеген сөзі ғана есімде қалыпты. Ол дәрігер атағын алған бірінші қазақ әйелі Аққағаз Досжанованың құрметіне ұйымдастырылған банкетке байланысты еді. Қожановтың үйінде өткен осы банкетте Рысқұлов ұлтшылдық ұстанымдағы мынандай жарқын ой айтты: «Социалистік революция біз үшін мақсат емес, қазақтың ісін жайғастыруға мүмкіндік беретін құрал ғана. Ешқандай да революция, ешқандай да саяси партия бізге өзіміз қалағандай бостандық пен билік еркіндігін бермейді. Ондай мүмкіндікке қол жеткізу өзімізге байланысты, қандай жағдайда, қандай күшке сүйеніп тарих сахнасына шығуды өзіміз шешуге тиіспіз», деген пікірін айтады Алаш ақыны Мағжан Жұмабайұлы 1938 жылдың ақпанында ОГПУ тергеушілеріне.
Сондай-ақ осы күнгі тергеуде тағы да Мағжан ақын: «1922 жылы Ташкентке Нәзір Төреқұлұлының шақыртуымен келгенде Түркістан өлкесінің қожайындары Рысқұлұлы мен Қожанұлы екен, қырсық шалғанда, тағдыр бұл екеуін өзара жау етіпті, дегенмен екеуінің да табынары бір құдірет – ұлтшылдық идеясы болғандығын, Рысқұлұлына кеңес беретін, алашордалық қайраткер, яғни оның бажасы Жаһанша Досмұхамедұлы, ал Қожанұлы үшін бұл рөлді Алаш ұранды Хәлел Досмұхамедұлы атқарғандығын айтады».
«Тұрар Рысқұлов аса сақ адам болатын. Ол соңғы кездері үнемі қазақ саяси элитасының ортасынан өзін алшақ ұстауды дұрыс көретін. Қазақстандағы жауапты қызметтегі қызметкерлерге сене бермейтін. Сондықтан да ол Қазақстаннан тыс, Мәскеуде көп уақыт қызмет жасауды дұрыс санағандай көрінетін маған. Бір күні біз Сұлтанбек Қожанұлы мен Тұрар Рысқұлұлының арасындағы кикілжіңді анықтап, екеуін татуластырмақ ниетпен кездесу ұйымдастырдық. Олар Қожанұлының пәтерінде кездесті. Екеуі бірін-бірін айыптап, біраз әңгіменің басын қайырды. Біздің аңғарғанымыз, екеуінің саяси ұстанымы мен ұлт мәселесі тұрғысында көзқарастарының алшақ емес екендігіне көзіміз жетті. Меніңше, екеуінің арасындағы келіспеушілік жеке бас қызмет пен мәнсаптық тұрғыда ғана алауыздық болып көрінді», деп пікір білдірген екен Дінше Әділұлы ОГПУ тергеушілерінің алдында.
Әрине, қазақтың дарынды ұлы, тарихи тұлғасы Тұрар Рысқұлұлы туралы осы күнге дейін көп дүние жазылды, көп әңгіме айтылды да. Десек те Тұрардың еңбегін келешек ұрпақ біліп өскені абзал. Ертеңгі күні келешек ұрпақ ел тұтқасын ұстап жатқан жағдайда осынау қайраткерлерге еліктеп еңбек еткен болса, халық мүддесі ескерусіз қалмасы анық.
Расында да Тұрар да, Нәзір де, Сұлтанбек те, тағы да басқа сол дәуірдегі қазақ қайраткерлерінің ұлт үшін еткен еңбектері ерен. Әрине, олардың қазақ халқы үшін атқарған саяси-мәдени қызметтерін біз бір ғана мақалаға сыйдыра алмасымыз саналы кісіге түсінікті.
Сонда да Тұрар Рысқұлұлының биыл 130 жылдық мерейтойы. Алайда біз бұған дейін де бұл қайраткер туралы біраз қалам сүйкеп, мәселе көтерген едік.
Мәселен, Тараз қаласының орталығындағы шағын саябақ мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлұлының атымен аталып, оның бюсті қойылған. Бүгінде бұл саябақтағы бюст, менің жеке пікірім бойынша, сын көтеретін жағдайда емес деп ойлаймын.
Себебі бюст орнына еңселі ескерткіш бой түзейтін уақыт жетті-ау дейміз.
Облысымыздағы атқамінер азаматтар аталған саябаққа барып, сондағы бюсті өз көздерімен көріп, бір сәт ойланса, еңселі ескерткіштің бой түзейтін күні де алыс болмас еді. Сондай-ақ аталған саябаққа кішкене абаттандыру және безендіру жұмыстарын жүргізсе де артық етпейді.
Сонда қазақ халқының көрнекті саясаткері, мемлекет және қоғам қайраткерінің есімімен аталатын шағын саябаққа сән де, мән де кірер еді.
Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ,
ҚР Журналистер
одағының мүшесі,
Ш.Мұртаза атындағы
руханият және тарихтану
орталығының
аға ғылыми қызметкері