Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Шопан ауылындағы шырғалаң

Шопан ауылындағы шырғалаң
Ашық Дереккөз
Көктемнің көк долы желі малшы үйінің терезесіне әйнек орнына тұтылған үш қабат «күлеңкіні» түнімен сабалап шықты. Ел ағасы жасынан асып, қариялыққа бет бұрған Жосыбек бір оянғанда жаңбырдың сібірлеп жауып тұрғанын байқады. Түндегі долы жел басылып, ауыз үйдің есігін жұлып алардай жақтауды ұрғылаған тарсыл-гүрсіл дыбысты, енді міне, жаңбыр тамшыларының тырс-тырс еткен нәзік үні алмастырған. Қайта ұйқыға бас қоюға болар еді, алайда шопан есіне әлденені түсіргендей орнынан ширақ тұрып, киіне бастады. Түртініктеп жүріп сіріңке іздеп, оны пештің алдынан әзер тауып, ауыз үйдегі қолшамды (фонарь) жақты.

Таң қылаң бермей тұрып сыртқа шыққан ол аспанға көз тастады. Көзге түртсе көргісіз қараңғылықта жылт еткен жұлдыз да, ажарлы ай да көрінбейді. Демек, бұлт қоюлана түсіп, аспанның түнеріп алған түрі бар. Керзі етігін тырп-тырп еткізіп, ілби басқан Жосыбек қой жатқан базға қарай беттеді. Ішіне мың қой емін-еркін сыятын нобайы «п» әрпіне ұқсайтын баздың қабырғасы тастан өріліп, үсті қамыспен жабылған. Ал баздың алды атшаптырым албар. Баздың екі шетінен қақ ортасына дейін жыңғылдан буылған пашынмен қоршалып, екі жаққа айқара ашылатын есігі ұзын тақтайлардан жасалған. Албардың есігінің екі жердегі жібі өзі білетін әдіспен байланған соң оңай шешілді. Бар суды бойына сіңірген ағаш есік күндегіден зілдей көрінді. Итіңдеп жүріп есікті өзі сыятындай етіп ашқан ол ішке кіріп, оны қайта байлады. Негізінде мал осы албарда жатады. Тек ойламаған жерден ауа райы бұзылып, қар не нөсер жауын жауса ғана малды базға кіргізеді. Баздың оң жақ тұсындағы түкпіргі қуыс өз алдына жыңғылмен бөлінген. Оған албар арқылы кіретін есік жоқ, оның есігі баздың сырттағы бүйірінде. Бұл майда сақпан мен бұзау секілді жаңа туған төлге арналған орын. Кезінде осыны ұжымшардың прорабына айтып бөлдіргенде арнайы есік қалдырмағанына өзін-өзі әлі кінәлайды.

Отарды бір шолып шығып, төлдеген 4-5 саулықтың қозысын баздағы майда сақпанға албардан сыртқа біресе зілдей есікті ашып, біресе жауып, иттей болып жүріп қосты. Екі қолына екі қозыдан ұстап, бәрін бірден жаңа туған төлдердің арасына тоғыта салуға мүмкіндік болса кәнекей? Оған әр есіктен кіріп-шығу машақаты мүмкіндік бермеді. Амал жоқ, қозыларды біртіндеп тасуға кірісті. Соның өзінде саулықтың әрқайсысы мұның алдын шыр айнала кескестеп, бірі жанасып, бірі сүзіп, әбден әбігерге түсірді. Үсті-басы малмандай су болғанда Жосыбек үйден шығарда иығына брезент плащты іле салмағанына өкінді.

Ол үсті-басын қаққылап-сілкілеп үйге кіргенде бозарып таң да атқан еді. Кемпірі Жамиға пеш жағып, үйдің ішін қыз-қыз қайнатып қойған екен. Шәугімді тысқа алып шыққан ол жылы сумен бет-аузын шайып, үйге қайта кіргенде кемпірі дастарқан жасап қойыпты. Тегінде, Жосыбектің самаурыннан шай ішпесе көңілі көншімейді. Сондықтан пеш үстінде қайнап тұрған қос құмғандағы суды самаурынға қотарып, оттығына шоқ салып шалының алдына тосу –  Жамиғаның қашанғы әдеті. Буы бұрқыраған самаурыннан қызылдап шай демдеп, кесені шалына ұсынған кемпірі сөз бастады.

– Қойың да, қозың да аман болар? – деді Жамиға күйеуінің шаршаған кейпіне көз тастап.

– Шүкір, жаңа ғана төрт-бес төлді майда сақпанға қосып келдім. Енді бір-екі күнде мал төлдету науқаны да қыза түседі. Ол кезде бұрын туған қозылар аяқтанғандықтан саулық біткен үйден ұзап жайылуға ұмтылады. Ал оған кенже қозылар ілесе алмайтынын білесің. Сондықтан бүгін кешке ауылға барып, Қамикенге жолығамын. Орта сақпанды бағатын адам керек, сөзінде тұрса, өткенде уәдесін алғанмын. Ал сен майда сақпанды өріске шығармай-ақ қой. Ақырға шөп салып, түс әлетінде рәзіңке астаудан суара сал, астау бүгін Алланың ырзығымен толатын түрі бар. Түнде туған төлдерді арасында бір байқай сал, бүйірі қабысып тұрғаны болса, енесін ұстап еміз. Уызына жарымайтын болса, кейін басымызға бәле болады, – деп, Жосыбек кеседегі күрең шайды сораптай бастады.

– Еее, сеніп бара жатқаның Қамикен болса, ауылға жеткенше Аллаға мінәжат етсең артық болмас. Мен білетін Қамикеннің сөзіне қырық куә керек, – деді кемпірі қолына ұстаған кесені шайқап, сүт қатқан шайдың түбіндегі самасына үңілгендей болып.

Жосыбектің рәзіңке астау дегені көлденеңінен бір тіліп, ұзынынан тақтайға шегелеп тастаған кәсемсөттің кәдімгі доңғалағы. Бұл астау кейде көтерем, кәрі-құртаң секілді жаман малға жем берерде де үлкен қызмет атқарады.

Қамикен – ат жақты, қоңырқай жүзді, қой көзді, жұтаң қабақты адам. Бойы тапалтақтау, денесі сәл бүкірейген. Шашы да селдір, маңдайы ашық, ал мұрны сәл жалпақтау, ұшы дөңгелектеніп біткен. Киім киісі де біртүрлі. Үнемі ретсіз әрі көнетоз күртешесін үстінен тастамайды. Жайшылықта ақыра дауыстап, кекірейе сөйлегенімен қасында мысын басатын біреу отырса, дауысы да бірқалыпты болмай жарықшақтана шығып, ойы жоқ жерден он саққа бөлініп, не сөйлесе де мысын басқан адамның ыңғайына жығылып отырады. Негізінде ол әйелінен асып ештеңе тындыра алмайтын босбелбеу. Еркектер арасында қандай да бір дау туындаған жағдайда әйелін жұмсап, өзі үйде отырғанды тәуір көреді. Кейде біреу жанын қинамаса да сөзіне өтірік қосылғанда кеңсірігінен су аққан балаға ұқсап, мұрнын жиі тартып сөйлейтін әдеті бар. Жамиғаның шалының айтқан сөзіне сенімсіздікпен қарауының сыры осында жатыр.

– Алла сәтін салса, сақпаншы табылар. Үйдегі шай таусылуға жақын. Су тасушы баланың айтуынша, дүкенде де түк қалмаған, бәрі қаңырап бос тұр. Кешке ауылға барып жатсаң апталапкі айдайтын Беркімбайдың үйіне соғып, бір қадақ болса да шай ала кел, – деді Жамиға арадағы үнсіздікті бұзып.

– Дүкенде жоқ азық-түлік апталапшіктен табыла қоймас, – деді Жосыбек өткенде кіммен уәделесіп келгенін кемпірі бетіне басқанын жақтырмаған кейіпте.

– Табылады, тауар жеке қолға өткелі кәмерсәнттер не сұрасаң да бәрін тауып беретін көрінеді. Апталапшік бар мүлкін ұжымға өткізіп, кемпірі үйінен зат сатып жатқан көрінеді, – деді Жамиға.

Жауынның басылатын түрі жоқ. Аспан тесілгендей майдалап әлі жауып тұр. Албардың есігін ашып, малды өріске шығарып, асықпай күреңтөбелді ерттеді. Оны жетелеп, биіктеу деген жерге өзі тұрып, үзеңгіге бір-екі мәрте аяқ артқанымен онысынан түк шықпады. Одан кейін баздың артына қарай беттеп, төгілген қи мен кәшектің үйіндісіне шығып, «әуп» деп ұмтылып барып атқа әрең қонжиды. Мұны шопан жасы келгеннен емес, бұтындағы мақталы сым, су өткізбейтін рәзіңке шалбар мен қомыт-қомыт киім, етегі ұзын плащтың кедергісінен болғанын іші сезді. Тізгін мен қамшыны брезент плащтың жеңімен орай ұстап, мал өрген бағытты бетке алды.

Өз отарымен қатарлас кетіп бара жатқан көрші Серікбай есімді шопан кері бұрылып, бұған қиыстай келіп сәлем берген. Оның Жосыбекті жезде тұтатыны бар.

– Ассалаумалейкүм, жездеке! Әпкеме сөзің өтпейтіні осындайыңнан білінеді ғой. Мұндайда адам деген қолына қолғап киюі керек. Көпті көрген қариялығыңыз бар, қашан тірлікті істің ыңғайына қарап шешеді екенсіз? Жер-көктің бәрі су, өріске барғанда от жағып қол жылытамын деп әуре болмаңыз. Бағана радиодан естідім, түс қайта күн суытады. Сол кезде басыма бейнет болып жүрмеңіз, – деп Серікбай ақылгөйсіп сөйледі.

– Дәл қазір қолғаптың қажеті шамалы, – деді артық сөзге болмысынан жоқ Жосыбек атын тебініп жатып.

Иығын қиқаң еткізген Серікбай да өз жөніне кетті.

Түс қайта жауын тоқтап, шығыстан суық жел тұрып, күн расында да қақап берген. Серікбай айтқандай, көпті көрген Жосыбек осы кезде үстіндегі плащын шешіп, оны нығыздай орап ердің артына байлап, қойнындағы тоннан жасалған қолғабын киіп алды. Құп-құрғақ, жып-жылы. Бағана Серікбай келеке қылғанда, бұл қолғабы су болмас үшін қойнына тығып алған еді. Енді соның рақатын көретін сәт үйге қайтарда туды.

Өрістен қайтарда Серікбаймен тағы ұшырасқан. Ол қолғабын жауында киіп, жаңбыр тоқтап, күн ызғарланғанда қолғабы қақайып қатып қалып, онысын қоржынға атып ұрған еді. Біресе бір қолымен тізгінді ұстап, енді бірде бір қолын қалтасына тықпалаған Серікбайдың мазасы шындап қашты. Соны көрген Жосыбек: «Қалай, бала, қолың жаурады ма?» – деп бір мырс етті. Жосыбектің құп-құрғақ қолғабын көрген Серікбайдың көзі атыздай болды. Жездекелеп, бермесе үсік жанын алатындай өлердегі сөзін айтып, үйіне жеткенде баласын шаптыртып қайтарып беретін болып, мұның қолғабының бір парын жалынып жүріп алып қалды. Бекер берген екен. Малын қамап, шайын ішпестен он шақырым жердегі орталыққа жол тартқан бұл қазір әбден әбігерге түсті. Амал жоқ, бір қолғапты екі қолына кезек-кезек киюмен келеді. Бар ойы – өткенде келісім бергендей болған Қамикені сақпан бақтыруға көндіру, кемпірінің алдында ұятқа қалмау.

Тәуелсіздік алмай тұрғанда ұжымшар сақпаншыны да өздері тауып, 9-сынып бітірген оқушылардың арасынан бір айға көмекші ұл-қыздарды да әкеліп тастайтын. Ұжымшар тарамағанымен бүгінде осы тектес жеңілдіктердің атауымен қоса жоғалғанына да біршама жылдың жүзі болыпты.

Тас қараңғыда Жосыбек Қамикеннің үйіне жетіп, ақырын терезесін қақты. Жарық әлі сөнбепті. «Үйінде болса жарар еді» деп іштей ойға батып, енді бірде дауыстап айқайлауға көшті. Біраздан соң есік сықырлай ашылды. Басына тымақ, үстіне шапанын желбегей жамылған Қамикен ұйқылы-ояу: «Бұл кім-әй, жеті түнде күннің суығына қарамай ауыл-үйді адақтап жүрген, жайшылық па?» – деді.

– Жайшылық, адақтасақ біздің айтар уәжіміз, ал сенің уәлі сөзің бар.

– Оу, Жосеке! Бұл не жүріс, түн ортасы ғой! – деді Қамикен оны даусынан танып.

– Қамикен, өткенде бір уәде беріп едің, соның ізімен келіп тұрмын. Кезінде сен де мал бақтың, шаруаның жай-күйін бір кісідей білесің. Маған сақпаншы керек. Саулықтың алды төлдей бастады, жалғыз өзім үлгермеймін, сенің қол ұшың керек болған соң түнделетіп табалдырығыңнан аттап тұрмын.

– Ее, жарайды, ол уәдем – уәде. Бірақ сол кезде айтқан құранды ерді өзіммен бірге алып шыға алмайын деп тұрмын. Өткенде бала жоқ іздеуге шығып, далаға түнегенде от жағып, басына ерді жастанып жатқан екен. Қызыл шоқтың қызуы жанын қойсын ба? Сол кезде ердің алдыңғы оқпаны мен артқы керсенін жарып жіберіпті, – деген Қамикен сап-сау ерді әп-сәтте іске жарамсыз ете сөйлеп, оны әйелінен сұрауға батылы бармағанын жасырып қалды да:

– Бір-екі күнде келетініңді білгенмін. Ауылыңа ұжымшардан көлік арғы күні шығады екен. Мен сол кезде барамын, – деді.

– Ер-тоқымның бір мәнісі болар, тек тезірек қамдансаң болғаны, – деп Жосыбек қолын созып, Қамикеннің келісімін алған соң атына мінді.

Апталапшіктің үйінен төрт-бес қорап шай алып, бар шаруасын шешкен соң Жосыбек орталықтағы үйіне соға кетуді жөн санады. Жосыбек асфальт көшені тықылдатып үйіне қарай желе жортып келеді. Түнгі ызғар денесін қарып өтсе де мұндайға суық деп қарамайтын ол ойын сан-саққа жүгіртіп, әлденеге алаңдап келеді. Ауыл іші тым-тырыс. Әр жерде бірен-саран терезеден жылтырай көрінген жарық болмаса, елдің барлығы жатып қалғаны анық. Жосыбек орталықтағы үйіне жақындағанда шамның әлі сөнбегенін байқады. Күнделікті күйбең тіршілік арнайы келуге мұрша бермейтіндіктен бүгінгі мақсат – бала-шағасының даусын естіп, маңдайынан иіскеп, үйдегі тіршілікке көз қырын салу, кәрі шешесінің көңілін аулау. Бұл үйдің ішіндегі шат-шадыман өмір малшының күнделікті ауыр еңбегінің ең тәтті сәті. Аулаға кіріп, сыртқы есікті ашқанда да, атын байлап үйге кіргенде де есіктердің ілінбегені мұны таңғалдырды. Үйге кіргенде кәрі шешесі Қатипаның қолында оймақ, ол бірдеңе тігіп отырғандай көрінді. Ол кісінің баяғыдан көз үйренген қыбыр-жыбыр тірлігі бітпейді. Бірде жүн түтіп, енді бірде оны иіріп, арасында шұлық жамап, құрақтан көпшік тігіп бір тыным таппайды. Жамиғаға да арнайы жүн иіріп, оны жүргіншілерден қой ауылға беріп жібереді. Келіні ол жіптен шұлықтан бастап жүн кеудешеге дейін тоқып, қайта салып жібереді. Осылай көз майын тауысып тоқыған дүниесін қыздарының үйіне қыдырып барғанда не олар келгенде шүленше таратып отыратын. Бірақ бүгін әлденеге алаңдап отырған секілді.

– Қош келдің, Жосыбек, – деді анасы шаршаңқы үнмен.

– Амансыз ба, апа? Балалар қайда? – деді Жосыбек бөлме ішін көзімен шолып.

– Ұйықтап жатыр, бірақ Ілебай жоқ.

– Жоғы қалай, не болды Ілеге?!

– Кейінгі кездегі қылығы осы. Кеш бата үйден шыға жөнеледі. Мәлікбайдың баласымен бірге қайда баратынын білмеймін. Екі әпкесін де тыңдаудан қалды.

Жосыбектің қабағы қатуланып, ашудан тыныс алысы жиілей түсті. Ұлының бұл жүріс-тұрысы алаңдатпай қоймады. Әкесі үшін баласының әрбір қадамы маңызды. Ішінен «Бала өстіп жүріп бір бәлеге ұрынбаса жарар еді. Бұл оның қай еркіндігі?» деп ойлады.

Сол күні Жосыбек баласын түн ауғанша күтті. Көзі ілініп кеткен екен, ауызғы бөлмедегі тасыр-тұсырдан оянып кетіп, сол жаққа барды. Әкесін байқайтын Іле жоқ, суықтан қақайып қалған керзі етігінен тобан аяғын шығара алмай митыңдап әлек. Бет-аузы, қолы күйелеш-күйелеш. Жалғыз ұл болса да желкеден бір түйіп жіберген Жосыбек оның аяғынан етігін әзер шешіп, түкпіргі бөлмені көзбен нұсқады.

– Қайда жүрсің?

– Балалармен.

– Өткенде сені Мәлікбайдың баласымен бірге Сайлыбайдың үйінің тауығын ұрлаған дей ме, не жетпей жүр? Ұрлық деген ата-тегімізде жоқ еді. Шыныңды айтшы, балам, сенің осы оқығың келе ме?

– Келеді.

– Оқитын бала сен секілді түн қатып көше кезбейді? Сені мұғалімдер «болашақта үлкен талант иесі болады» деп үміттеніп жүр. Ал сенің жүрісің мынау.

– Әке, менің оқығым келмейді, мен де сіз секілді қой баққым келеді, – деп Іле әкесін құшақтай алды.

– Онда жинал, балам, мал ауылға кетеміз. Атакәсіпті таңдағанның адасқанын көргенім жоқ. Жаныма жалау, шаруаға сүйеу боласың....

Жосыбек ауыр күрсінді. Көз алдында әлі бала болып жүрген Іленің ержетіп, өз еркіне салына бастағаны жүрегіне салмақ салған еді. Әлгінде ойға шомып отырып, «Әке ретінде мен қай жерде қателік жібердім?» деп өзін іштей кінәлаған еді. Оның болашақта малшы емес, өнер иесі болғанын көргісі келген. Амал не, қу жалғызы «қой бағамын» деп тұрса, «қой» деп қалай айтсын? Тоғызыншыны бітіруге әлі бір жылы бар болса да Іле аттың артында жарбиып, әкесімен бірге ауылдан ұзап, қара түнекке сіңіп жоқ болды.

Іле жастайынан маңайына өнері арқылы кеңінен танылды. Мектепте оқып жүріп-ақ еңбек сабағында ағаш пен темірге жан бітіретін шеберлігімен ұстаздарын тәнті еткен. Өзі есік алдындағы сарайын шеберханаға айналдырып, уақытының денін сонда өткізуші еді. Қолына түскен қарапайым ағаштан немесе темірден елде жоқ ерекше дүние жасап шығаратын. Бір жолы ол ағаштан шағын бесік жасап, оған көрші әжесінің көңілі түсіп алып кеткен болатын. Естуінше, сол бесікті бір топ қатын әлгі кемпірдің былтыр көрші ауылға тұрмыс құрған немере қызы босанғанда артынан апарып, абыройы асқақтаған көрінеді.

Ал темірден жасаған жүзіктері мен білезіктері туралы ауылдастар арасында таусылмайтын әңгіме көп. Әсіресе оның қолынан шыққан сырға мен шолпы, білезік пен сақина да көзді қарықтыратын. Қолы қалт еткенде шеберханасында түрлі бұйым жасап, ауылдың қажетіне жарайтын шаруамен айналысатын. Ол жасаған қалақ пен керней, шымшуыр мен көсеу және басқа да бұйымды көрші-қолаң әлі пайдаланып жүр. Бұдан бөлек жарамсыз болып қалған шелек пен кәстрөлді жамап-жасқап, иесіне зауыттан жаңа шыққандай етіп қайтаратын.

Іле тек шебер ғана емес, музыка өнеріне де жақын болып өсті. Тыңдарманды домбыраның қоңыр үнімен тербеп, гитараға жан бітіретін. Кейде пианинода ойнап, ауыл клубындағы ансамбльде бас гитара немесе барабанда отырып өнер көрсететіні бар. Оның орындаған әндері жұртшылықтың жадында сақталып, ал өзі шығарған бес-алты ән ауыл арасына лезде тараған. Анадан ажарлы туған Іле ұзын бойлы, кең маңдайлы, қалың шашы толқынданып, жан біткеннің назарын өзіне бірден аударатын. Оны нағыз жігіттің сұлтаны дерсің. Сахнаға шыққанда жанарынан атқан жалын мен жүзінде ойнаған нұр, күміс көмейден шыққан ән ырғағы тыңдаушыны бірден баурап алатын. Өзіне тән ерекше сымбаты мен таланты оны ауыл жастарының арасында шоқтығы биік тұлғаға айналдырған еді.

Оның бүгін аузы-басының күйе болып келетініндей бар. Жақын жердегі өзінен 4-5 жас үлкен жігіттер Мәлікбайдың Саматы екеуіне көптен бері әлімжеттік жасап, күніге кешке үйден шықпаса, көшеде жүре алмайтындай етіп қойған. Бүгін бұлар үңірейген терезесі үрейді алатын бұрынғы интернаттың төбесіне шығып, жиырмашақты кептер ұстап, жүнін жұлып, оны Саматтың үй жағында дірдектеп жүріп сойып, сумен шайып, ешкімге білдірмей ауыл сыртына алып барды. Онда күтіп отырған өзінен үлкендер бұлар апарған кептерге қол шапалақтап, Самат оны отқа қақтаса, бұл гитарамен ән шырқап қызмет қылды. Табалдырығынан қағынып, босағасынан бетімен кеткендер темекі тектес бірдеңені топты айналдыра өлгенше сорғыласа, енді бірде спирт аралас суды арагідік ұрттап отырды. Іш деп қинағанда бұл да, Самат та аузына толтырып алған ащы суды байқатпай қайта төгіп тастап отырды. Қарындары ашқанда қан-жыны аралас, шала қақталған құс етінен бұралақтата ұрған. Әлгілердің ішінде бірі шиқылдап күліп, енді бірі мәңгіріп мағынасыз әңгіме айта бастағанда бұлар бірін-бірі түртіп, ауылға қарай жылыстай берген.

Өткенде де екі ессіз тауықты текке ұрлаған жоқ еді. Қазан-ошақты үлкендер өз мойнына алып, бұлар тауық тауып әкелетін болған. Самат Сайлыбайдың үйіне айттап барғанда тауық қорасының құлыптанбайтынын көзі шалған көрінеді. Соның айтуымен былыққа батып, Сайлыбай бұларды ұстап алып, жаһаннамға жар салғанда Саматтың шешесі «Саматым тауық ұрласа, сендердің балаларыңдай емес, ол аш» деп жағдайы жоқтығының арқасында бұларды арашалап қалған-ды. Бұл Іленің әкесі құлағы шалған іске қатысты ғана шындығы. Бұдан өзге ел білмейтін ессіздігі «жабулы қазан, жабулы» күйінде жатыр.

Ауылдағы әлімжеттіктен құтылған Ілені еркіндікпен қатар еңбек те ерте есейтті. Ірі сақпанды өзі санап алса, Жосыбек пен Қамикен орта сақпанды кезектесіп бақты. Екі адам қойға кеткенде екі шалдың бірі үй шаруасы мен майда сақпанға бас-көз болды. Қайсысы үйде қалса, сол түс қайтқанша үйдің тірлігін тындырып, мал өрістен қайтарда Іленің алдынан шығады. Іле жаңа туған төлдің малға ілесуге қауқары жоғын қоржынға салып үйге жөнелсе, Ілені екі кеште алмастырғаны отарды үйге қарай асықпай қаптатып әкелетін. Малды өріске күніге санап шығаратын Жосыбек бар-жоғы бір аптаның ішінде баласы екі бірдей ісекті жоғалтқанына қапаланды. Өткенде осы күдігін Жамиғаға тісінің арасынан сөйлеп, майдалап жеткізбей ашу үстінде кемпірінің көңіліне келетін ауыр-ауыр сөздерді бет-жүзің бар демей айта салған болатын.

– Бала емес, бәле тапқан екенсің, сен.

– Қайдағыны айтпа, буыны бекіп, қабырғасы қатпаған қаршадай баланы қойға әкеліп салған өзіңнің. Бала болған соң ойнап жүріп, аңдамай немесе ұйықтап қалған шығар.

– Сен, ана емес, адасың. Он құрсақ көтеріп, жетеуін шетінеттің. Қыз – жат жұрттық, сондағы тапқаның жалғыз ұл. Оның өзі ошағыма ие болып, олжамды еселейді деп жүрсем, өзімізді тонауға көшті. Атаңа лағынет! Әттең, көзім жетпейді. Осыдан ұрлығын әшкерелесем, өз қолыммен буындырып өлтіремін. Мұндай ұлдың барынан жоғы. Өткенде «Сайлыбайдың тауығын ұрлауға шешесінің жұмсауымен біздің бала Саматқа ілесіп барды» дегенің бекер. Мына бозөкпенің сыры маған мәлім бола бастады, – деген Жосыбек сол кезде ашудан қалш-құлш еткен еді.

Жосыбек мұны айтпайтын ба еді, кім білсін. Қамикен бір оңашада Жосыбектің құлағына: «Мына балаңды абайламасаң әбден бетімен кеткен секілді. Бір жолы ауылда танымай қалып, кімнің баласысың десем, жөнін айтудың орнына «Бала жоғалтып па едің?» деп бір топ адамның көзінше ұятқа қалдырған. Іленің қырманнан бидай ұрлап, ұшымшар директоры сенің неше жылғы ақ адал еңбегіңді бағалап, жасыңды сыйлап, бұл ұрлықты болмадыға балағанынан сенің хабарың жоқ шығар. Сондықтан тәрбиеңді қатайтпасаң, қойыңды отарымен жоқ қылуға бейіл», – деп сыбырлаған.

Бүгін Іле де, оның алдынан шығуға кеткен Қамикен де кешікті. Қас қарайғанда ірі сақпан үйге екі бөлек болып келді. Тырс еткен дыбысқа дүр ете қалатын күйге душар болған уақ мал біткен үрпейіп-үрпейіп әлденеден үркіп келгендей көрінді. Жосыбек атына міне сала мал өрістен келетін бағытты бетке алып, тұра шапты.

 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар