Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Доханың даму деңгейі басқа

Доханың даму деңгейі басқа
Ашық Дереккөз
Ел көріп, жер көріп, саяхаттағанды кім қаламайды? Кез келгеніміз армандаймыз. Таяуда біздің де сол арманымыз орындалып, Қатар елінің астанасы Дохаға жол тарттық. Шөлдің ортасындағы ғажап қала жарқыраған ғимараттарымен, таңғажайып теңізімен, мәдениетімен және қонақжайлығымен бізді бірден баурап алды. Қалада өткен әрбір күніміз ұмытылмастай әсерге толы болды.

Ұшақ терезесінен қараған сәттен бастап Қатардың өзіндік жұмбақ әлемге жетелейтінін сездік. Доханың аспанмен таласқан ғимараттары мен Парсы шығанағының толқындары бейне бір ертегідегідей үйлесім тапқандай көрінді.

Шөл. Алғаш рет оның тынысын тыңдадым. Түске дейінгі күннің жұмсақ сәулесі мен кешкі салқын желі бір-бірімен үндесіп, бізді еріксіз өзіне баурады. Құмның арасынан жарып шыққан сирек өсімдіктер тіршіліктің нағыз кереметі екенін дәлелдейді. Дегенмен шөлдің бойындағы тыныштық – сөзбен айтып жеткізе алмайтын құдірет.

Доха – Қатардың шығыс жағалауында орын тепкен таңғажайып қала. Бұл елдің ең үлкен қаласы әрі астанасы. Қаладағы заманауи және тарихи сәулет өнерінің үйлесімі өзгеше әсер қалдырады. Аспанмен таласқан Бурдж-Доха ғимараты – осының айқын дәлелі. Оның 248 метр биіктігі тек сәулет өнерінің кереметі емес, бүкіл Қатардың айбыны секілді.

Ең әсерлі орындардың бірі – «Corniche» жағалауы. Бұл жерде теңіз самалы мен толқындардың шуылы бір сәт тынығып, ойға шомуға шақырады. Ал «Souq Waqif» базары сізді уақыттың терең қойнауына жетелейді.

Доха – салыстырмалы түрде жас қала. Іргетасы 1850 жылы әл-Бида деген балықшылар ауылы ретінде қаланған. 1883 жылы Осман империясы қаланы басып алмақшы болғанымен әрекеттері сәтсіз аяқталады. Ал 1916 жылы Қатар британ протекторатына айналып, Доха астана мәртебесіне ие болды. Елдің тәуелсіздігі тек 1971 жылы жарияланған.

Бүгінде бұл қала – Қатардың маңызды іскерлік және туристік орталығы. Мұнда әлемдік деңгейдегі қонақүйлер қонақтарды құшақ жая қарсы алады, ал көлік инфрақұрылымы мақтауға тұрарлықтай жоғары деңгейде. Доханың метросы – сәулет өнерінің ғажайып туындысы десек, артық айтқанымыз емес. Метро стансалары сән-салтанатымен таңғалдырады, ал заманауи вагондар сізді мүлде басқа әлемге жетелейді.

Егер кәдесый іздесеңіз, араб кофейниктері, хош иісті майлар, шығыстық лампалар немесе әсем безендірілген кинжалды таңдаңыз. Мұндай сыйлықтар Дохадағы саяхаттың бірегей естелігі болып қалатыны анық.

Қатарға келген алғашқы күннен-ақ көзімізге түскен бір нәрсе – қаланың тазалығы. Бұл тек көшелер мен ғимараттарға ғана емес, жалпы атмосфераға қатысты еді. Бірнеше күн бойы киген киімімізге шаң жұқпады, аяқкиіміміз де мүлдем кірлемеді. Тіпті дала желі де тазалыққа әсер етпейтіндей көрінді.

Доха тұрғындары туған жерлерін қатты құрметтейді. Көшелерде қоқыс мүлдем жоқ, әр бұрышта тазалық сақталған. Әсіресе қоғамдық әжетханаларға таңдандық: тегін, тап-таза әрі заманауи. Бұл қарапайым нәрсе сияқты көрінер, бірақ осындай ұсақ-түйектер қала мәдениетінің жоғары деңгейде екенін көрсетеді.

Қаладағы тазалық пен тәртіп Қатар халқының туған жеріне деген жанашырлығын айқындай түседі. Олар өз жерлерін мақтан тұтып қана қоймай, оны қорғап, ұрпақтарына сақтап қалуға тырысады.

Доханың тазалығынан тек физикалық емес, рухани ләззат аласың. Бұл тәртіп пен жанашырлықтың симфониясы болса керек.

Доханың шеткі аймақтарын аралап жүргенімізде тағы бір нәрсені байқадық. Көшелердің бойында арнайы темір жәшіктер орнатылған. Бұл жай ғана қоқыс жәшігі емес. Жәшіктердің бетінде «Киілмейтін киімдерді осында қалдырыңыз» деген қарапайым әрі жылы жазу бар.

Тұрғындар өздеріне қажетсіз киім-кешектерін осындай жәшіктерге салып, оны мұқтаж жандарға садақа ретінде қалдырады екен. Бұл әрекеттен адамдар арасындағы бауырмалдық пен жанашырлық көрініп тұр. Осылайша Доханың тек экономикалық тұрғыдан дамыған қала ғана емес, рухани деңгейі де жоғары екенін байқадық. Әрбір жәшік – адамдардың бір-біріне деген жанашырлық көпірі, әрбір садақа – қоғамның мейірімге толы шағын деталі.

Қатардағы осы мәдениеттен үлкен әсер алдық. Олардың философиясы қарапайым: жақыныңа қол ұшын беру – адамның басты парызы.

Доханың көшелерімен серуендегенімізде жергілікті халықпен әңгімелесудің сәті түсті. Олар бізді бірден жылы қарсы алды. Арабша немесе ағылшынша сөйлесе ме, бәрінің жүзінен мейірім төгіліп тұрады.

Турист екенімізді білген бойда  «Доха ұнап жатыр ма?» деген сұрақты жиі естідік. Бұл сұрақтан тек әдептілік қана емес, шынайы қызығушылық пен мақтаныш сезімі байқалды. Қаласының әр бұрышын жақсы көретін жергілікті тұрғындар оған біздің көзқарасымыз қандай екенін білгісі келіп тұрады.

Кейбіреулері көрікті жерлер туралы кеңес беріп, Доханың ерекшеліктерін айтуға асықты. Ал бір кісі біздің сапарымыз сәтті болуы үшін шын жүректен дұға еткенін айтты. Мұндай ашықтық пен шынайылық жүректі жылытады.

Бұл кездесулер мен диалогтардан Қатар халқының қонақжай мінезі мен өз мәдениетіне деген мақтанышы анық көрінеді. Олар елдеріне келген әрбір туристі сыйлы қонақ ретінде қабылдайды.

Доха базарларына бару – қаланы жақынырақ танып-білудің ең дұрыс жолы. Әр базар өзінше бір әлем, әрқайсысы Қатардың мәдениеті мен күнделікті өмірінің маңызды бөлшегі.

Балық базары бізді теңіз байлығымен таңғалдырды. Мұнда балық пен теңіз өнімдерінің алуан түрі ұсынылған. Ең қызығы – таңдаған өніміңізді бірден аспаздарға бересіз, ал олар оны дереу ыстық әрі балғын етіп пісіріп береді. Бұл тағамның дәмі теңіз самалын сезінгендей әсер қалдырады. Құс базары да өзінше бір әлем. Мұнда негізінен қымбат фалкондар (қыран құстар) сатылады. Құстардың әрқайсысы жеке күтімде, олардың мінезі де көз тартарлық. Біз тіпті фалкондарды қолымызға ұстап, суретке түсудің мүмкіндігін пайдаланып, сол сәттің әсерімен қайран қалдық. Гүл базарынан да ұмытылмастай әсер алып қайттық. Түрлі түстер мен жұпар иістердің арасында әр гүлге таңданып, оның әсемдігі мен нәзіктігін сезіндік. Бұл жерде гүлдердің алуан түрін тамашалап, шөл даланың ортасында мұндай керемет сұлулықтың бар екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік.

Доха базарлары – тек сауда орны ғана емес, ол адамдардың күнделікті тіршілігі, мәдениеті мен дәстүрін сезінетін, ерекше атмосфераға толы мекендер. Әр базарда өткізген уақыт, ондағы тіршіліктің әр көрінісі – біздің сапарымыздың ең жарқын сәттерінің бірі болды.

Қатардың асханасы – бұл шығыс пен араб дәстүрлерінің синтезі. Ең танымал тағамдар – құс еті және теңіз өнімдері. Тағамдардың арасында махбус, хумус пен жаңа піскен құрмалардың дәмін татып көруге кеңес беремін.

Қатардағы сапарымыз барысында жергілікті тағамдардың дәмін татуға көңіл бөлдік. Солардың бірі – махбус ұлттық тағамы. Арнайы мейрамханаға барып, осы дәмнен ауыз тиюдің сәті түсті.

Махбус – Қатар халқының ас дайындау өнерінің шыңы десе болады. Оның негізі – күріш, ет (көбінесе қой немесе тауық еті), арнайы дәмдеуіштер мен тұздықтар. Бұл тағамның маклюбеге ұқсастығы таңғалдырды. Үлкен табақтың бетін қасықпен ұрып, ішіндегісін легенге аудару дәстүрі бізге жақын әрі қызықты көрінді. Әр қабатында түрлі дәм сезіліп, барлық ингредиенттер бір-бірімен үйлесімді үндесіп тұр.

Мейрамхананың жылы атмосферасында бұл тағамды көршілес үстелдегі жергілікті халықтың мәз-мейрам болып бірге бөлісіп жеп отырғанын көрдік. Бұл жай ғана ас ішіп-жеу емес, бірлік пен ынтымақтың символы секілді.

Махбустың дәмі тіл үйіреді. Бірақ бұл тағамның басты ерекшелігі – оның хош иісі мен қонақжай көңіл күй тудыратыны. Бір сәтке өзімізді нағыз қатарлық дәстүрдің бір бөлшегі ретінде сезіндік.

Доха аса үлкен қала емес. Сондай жұп-жұмыр, ғимараттары мен жолдары, бәрі-бәрі үйлесім тапқан әдемі шаһар. Баратын жеріңізге метромен, трамваймен, таксимен де оп-оңай жетуге мүмкіндік бар. Негізінен алғаш баратындар үшін жақсы бір кеңес – есептеуіші бар мемлекеттік таксимен жүрген анағұрлым арзан.

Қатар – жай ғана мемлекет емес, бұл – уақыт пен кеңістіктен тыс әлем. Мұнда шөл даланың шексіздігі мен қаланың жылдамдығы бір-біріне қарама-қайшы бола тұра таңғажайып үйлесім тапқан. Бұл сапар менің көңілімде мәңгі сақталып қалады.                                                  

Айжан ӨЗБЕКОВА

 

     Тараз-Алматы-Доха-Алматы-Тараз

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар