
Тұла бойы тектілік пен ізгіліктен тұратын дана ұстазым туралы бір үзік сыр
Батырға тән тартымды тұлғасына қызығып, сұлу да сырлы әңгімесіне тамсанып, маржандай асыл сөздерін есту біздер үшін бақыт, үлкен мәртебе болатын. Білімге құмартқан, білмекке талпынған, университет табалдырығын енді аттаған елу қыз-жігіттің аңсары осынау айбынды абзал ағаның аузынан шыққан әрбір сөзіне ауғаны айдан анық. Жүзі нұрлы, қабағы ашық, маңдайы жарқыраған, көркем мінезді, кескін-келбеті келіскен керемет тұлғаның сабағынан қалмай, лекциясын тыңдаудан жалықпай өткізген студенттік күндерімді бүгінде құрметпен еске аламын.
Мәлік ағамыз біздерге «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» пәнінен дәріс оқыды. Он жеті жас шамасында осы тақырыпты таңдаған ұстаздың ғылым жолындағы ізденістері мен жеткен жетістіктеріне тәнті болдық. Қазақ фольклорына ерте бастан қызығушылық танытып, талай тартысты кезеңдерден тайсалмай өткен ержүрек батыр ағамыздың ғылым жолындағы мол мұрасына барынша ынтыға түстік. Ғалым ағамыз халық ауыз әдебиетінің кең қатпарлы иірімдеріне тартып қана қоймай, осы саладағы сан алуан мәселелер төңірегінде де сындарлы ойларымен бөлісіп тұрды. Әр сөзін санаға сіңіріп, терең пайымдауға тырысып жүрдік.
Бірінші курсты аяқтап, жазғы демалысқа шығып, ауылшаруашылық жұмыстарына қатыстық. Күз айында екінші курстың сабақтары басталып кетті. Қазақ ауыз әдебиетінің білгірі, ғылымның бірегей ірі өкілімен сағынышпен табысып, даналық дәрістерін тыңдау дәстүрі жалғасын тапты. Күндердің күнінде Мәлік ағамыздың сабағы өтпей қалды. Ұстазымызды күтіп отырған едік, аудиторияға басқа оқытушы кіріп келді. Сұлтанғали Садырбаев ағамыз біздерге суық хабарды жеткізді. Ұстазымыз дүниеден қайтыпты. Бір минут үнсіздікпен батыр ағамызды еске алдық. Бұл 1973 жылдың қоңыр күзі болатын.
Мәлік Ғабдуллин 1931 жылы Көкшетау қаласындағы жеті жылдық қазақ мектебін, 1935 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін бітірген. Оны Қазақстан Өлкелік комсомол комитеті «Пионер» газеті жауапты редакторының орынбасары қызметіне бекітті. 1938 жылы КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалында кіші ғылыми қызметкер болып еңбек етті. Осы уақыттан бастап қазақ әдебиеті тарихы мен фольклор ғылымының мәселелерімен түбегейлі шұғылданып, ғылымға ден қойды. Үш жылға жуық Қазақ педагогикалық институтының аспирантурасында білімін жалғастырады. 1941 жылы әскер қатарына алынып, И.В.Панфилов басқарған даңқты 8-гвардиялық дивизия құрамында Мәскеу іргесінде болған қанды шайқаста қаһармандықтың асқан үлгісін көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атағын алды.
Соғысқа барысымен 45-батареяның саяси жетекшісі болып бекітіледі. Содан кейін 2-атқыштар батальонының комиссары, полк үгітшісі болып жауынгерлерді ұрысқа жігерлендіріп, рухы биік ұйымдастырушы, саяси жетекші ретінде көрінеді. Мәлік аға сарбаздардың ақылшы, тәрбиешісі болумен бірге тікелей қолғабыс беретін жәрдемшісі еді. Сонымен бірге әр ұлт өкілінің ырым-нанымдары мен жөн-жосықтарын, жауынгерлердің мінез-құлық ерекшеліктерін жіті бақылайтын, батылдық пен батырлыққа бастайтын өршіл үнімен, олардың ой-санасын дереу билеп алатын, тонның ішкі бауындай еркін сөйлесетін әрі тіл табысып сырласатын жан серігіне айналғаны айдай ақиқат.
Мәлік Ғабдуллин майдан жылдарында жазған хаттарының бірінде: «Мен майданда немістермен қолма-қол соғысқан адаммын. Көптеген немісті атып өлтірдім. Біразын қан төбелесте бауыздап салдым. Жаудың он шақты танкісін гранаталармен қираттым», деп жазады (1944 жыл, 12 қыркүйек).
«Иә, ол сұрапыл жылдарда қазақ халқының батырлық-ерлік дәстүрлерін терең ақыл, жоғары саналылықпен дамытып, байытқан, неміс жендеттеріне қыранша шүйліккен, асқақ даусымен майдандастарын ерлікке үндеген, жауына қаһар боп түйілген еңіреген ер еді» деп жазады батырдың шәкірті, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов өзінің «Мәлік Ғабдуллин» атты кітабында.
Борис Полевой «Елдің ері» шығармасында Мәлік батырдың от кешуде небір өткелдерден сүрінбей өткендігін, соғыстың бұлжымас шарты бойынша «асуы жоқ асқар, есігі жоқ қорған» болмайтындығын терең сезінгендігін, ересен батырлық-ерлік қимылдарын, шапшаңдық пен айлакерлік әдістерін шынайылықпен әңгімелейді.
«Өзінің ержүректігімен, жауынгерлік ұсталығымен атағы шыққан атақты батыр командир, адамның жаны мен жүрегін жақсы білетін, ішкі сырын айтқызбай ұғатын саяси қызметкер – орысша, қазақша, қырғызша, өзбекше, қалмақша, қарақалпақша, татарша еркін білетін тіл ғалымы – Мәліктің армиялық үгітшіге керекті ең жақсы қасиеттердің бәрі табылады», деп жазады орыс жазушысы.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1943 жылғы 30 қаңтардағы Жарлығымен Мәлік Ғабдуллинге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Қазақ елінің мерейі үстем болып, қазақ даласында қуаныш лебі есті. Қобыланды мен Едігенің, Қарасай мен Исатайдың, Махамбет пен Аманкелдінің жадымызда жатталған ұлы бейнелері, асыл рухы тірілді. Бұл хабарды естіген жыр алыбы Жамбыл атамыз:
Батырым – Мәлік беренім,
Жүйрігім – озған өренім.
Халқы сүйген қалауым,
Жырымды саған төгемін, – деп өз толғауын арнайды.
Жамбыл бастаған халық ақындары қазақ халқының ерлік-батырлық дәстүрлерін жақсы жалғастырған Мәліктің нағыз қаһармандығы мен патриоттығын жырларына қосып, бар даусымен дәріптеді.
Мәлігім – елдің ерісің,
Ерліктің зеңгір көгісің.
Қобыланды, Тарғын теңісің.
Сендер таныс, өрісім,
Менің жырым сен үшін, – деп Нұрпейіс Байғанин тасқын ойдың үлгісін паш етті.
Елге аты шығып, талай жыр бәйгесінде топ жарған Шашубай ақын:
Амансың ба, қарағым, балам Мәлік,
Дұшпанның ордасына ойран салып.
Ақтаған ана сүтін адал ұлым,
Бері келші, бір сүйейін алдыма алып, – деп іңкәр көңілмен ыстық сәлемін жеткізеді.
Қолбасшы Бауыржан Момышұлының батыр інісімен майдан даласында да тығыз рухани қарым-қатынаста болғандығын айта кеткен орынды.
«Мәлік Ғабдуллин кешуі қиын жерден қол ұстасып, асуы биік жерден жіп ұстасып өткен жауынгер інім еді, қысылғанда ақылдасқан серігім еді», деп толғанады ер Баукең.
Айнымас серігі батыр атағын алғанда:
Ел күйзелген кезінде, ерлік еткен бауырым,
Жау жағадан алғанда, батырлық еткен бауырым.
Ел намысын құрметтеп, ер намысын ардақтап,
Құтты болсын айтамын, шын жүректен Мәлігім! –деп ақжарма ақ тілегін білдіреді.
Мәлік ағамыз соғыс жылдарында қаһармандығымен бірге, қалам қайратымен халқына, еліне жан-тәнімен қызмет етті. Майдан өмірінің нағыз куәгері ретінде жаужүрек ерлердің аласапыран ауыр күндерде арыстанша алысып, қан кешкен ерлік, батырлық қимылдарын шынайы бейнелейтін көптеген деректі әңгімелер, көсемсөздер, мақалалар мен очерктер, елге жазған хаттарын қазақ және орыс тілдерінде республикалық және майдандық газеттерде жариялап тұрды. Оның жазған бұл дүниелері жауынгерлердің рухын, жігерін көтеріп, жаңа ерліктерге бастап отырды.
Батыр Бауыржан атамыз да қалам қайратын қалтқысыз танытып, көсем сөздерімен ел жүрегіне ұя салған Мәліктің ересен ерлігіне сүйсінумен қатар, әрдайым ақ қағаз бетінде сырласып отырды.
«Мәлік!
Біз тарих алдында, халық алдында да жауаптымыз деген сөзім саған да, маған да, біз сияқты басқа қазақ жігіттеріне де қалам ұстатқан емес пе еді.
Найзадан қол босаса қалам алдым,
Толғанып оқиғаны көп ойландым.
Тырмысып әл келгенше көргенімді,
Жалтақтамай, именбей ашық жаздым.
Отырсам көп ойланып күнім жақын,
Әр адам біле бермес сөздің парқын.
Ұрпаққа арнап істелген адал еңбек,
Ұсындым ақ ниетпен саған, халқым.
Жазушы болмаған соң менің затым,
Көркем де жұмыр емес жазған хатым.
Салмақтайтын саналы ер табылса,
Атаусыз неге қалсын менің атым, – демеп пе едік.
Әрине, бізде кемістіктер мол-ақ болуы мүмкін. Себеп – жазу біздің кәсібіміз емес. «Ақын боп туған адам сырын айтар қаламына» дегендейін, кейбір жазуымыз қаламға халық үшін айтылған сыр болды. «Жаман шынын айтайын деп сырын айтар» дегендейін, сол жамандардың біреуі болармыз. Бірақ та онымыз халыққа арналғандықтан, опық жемейміз. Әйтсе де «Арсыздың қолына бергенше, сыпайының жолына тастағын, жаманға берсең олжа көреді, жақсы қадіріңді біледі» дегендей, қай уақытта болса да ескеруіміз керек екен ғой деймін.
Екінші ескеретін мәселе: «Қия жерге су төкпегін –тайғақ болар, жаманға сырыңды айтпағын – айғақ болар». Жаман туысқандар туралы ескеру керек, неге десең, мазмұнына түсінбестен олар бас қамын ойлап жалтақтап, сеніп қалған жасқаншақ қоянжүректер екендігіне тәжірибемен көзіміз жеткен емес пе еді.
Аспаннан тұйғын құйылса,
Үйрек шөкпей тұрар ма.
Көктен бүркіт түнерсе,
Түлкі саспай тұрар ма.
Азынаса арыстан,
Қоян қорықпай тұра ма, – демеп пе едім саған бір жолы.
Ниет ақ болса жолдағылардың қара шұбарлығы күрделі ойды өзгертпеуі керек. Біздің өміріміз дүниеден көшкен соң ғасыр үшін, тарих үшін документ боп қалады.
Сәлеммен Бауыржан.
1942 жыл. Майдан»
От пен оқтың ортасында шарболаттай шыңдалған адамның бай тәжірибесі, қанат бітірер қанатты да ғибратты сөздері әркімге берері мол үлкен қазына. Қалың елі мен жалпақ жұртына пайдалы іс тындырып, адал еңбек етіп тер төгуге, ақиқат пен әдептіліктен аттамауға үндейді. «Біздің өміріміз дүниеден көшкен соң ғасыр үшін, тарих үшін документ боп қалады», деп айтудың өзі даналық емей немене?!
Мәлік інісі де ағасының ағынан жарылған сөзіне бейжай қарамайды. 1944 жылғы 26 сәуірде жазған хатында былай толғанады.
«Қадірлі Бауке!
Сіз Алматыға барғанда көп еңбек істегеніңізді естіп қуандық, өте жақсы іс жасағансыз. Ол еңбектер халқыңыз үшін өте бағалы, аса асыл қазына деп білемін. Мұндай еңбек қазақ халқының атағын шығарып, абыройын көтеру, адамдарын таныту жолында көп қызмет атқаруы сөзсіз. Шындығында, халыққа қызмет етуден артық не бар? Бірақ осы қызмет ету дегенді теріс ұғынатын дорақтар да жоқ емес. Олар көп. Ондайлардың ойынша, қара қарның қамписа, қара басыңның бабы келіссе, үсті-басың дұрыс болса – бұл халыққа қызмет еткендігі болады деп қарайды. Нағыз мещандық осы ғой. Құдай сақтасын, мұндайлар ел басқармасын. Елді де, ерді де сондайлар езеді. Езбесе, езуге тырысады. Мұндай адамдар ұлт дегенді теріс ұғады. Одан қашады, тіпті қорқады. Национальная гордость дегенге теріс қарайды».
Батыр ағамыздың осы айтқандарынан қандай ой түюге болады? Өз ұлтына деген ұлы махаббаттың белгісін айқын аңғарасың, ұлтым деген ұлы жүректің лүпілін сезінесің. Қан майданда жауымен алысып жүрсе де, өзінің туған халқына, ана сүтімен дарыған ана тіліне деген ерекше құрметін білдіреді. Бұл сөзімізге Мәлік ағаның мына жазғандары дәлел.
«Мен қазақпын десем, оным қазақты асыра мақтап, «басқалардан ерекше артық жаратылған ұлт» дегендік емес. Менің қазақпын дейтінім – менің сол ұлттың ұлы екендігіме дәлел. Өз ұлтымның, оның намысын аса қадірлеп бағалайтындығыма және оған жан-тәніммен қызмет істеуге тырысатындығыма, ұлтымды шын сүйетіндігіме, ұлтымның ілгері өніп-өсіп, өрлеуіне жаным ашитындығына – куә. Сөздің шыны мынау ғой. Егер, мен ұлтымды сүймесем, онда мен сол ұлтыма, демек халқыма қызмет ете алмас едім».
Майдангер ағамыз соғыстың қаһарлы күндерін бастан өткеріп жүрсе де, Қазақстан өмірінен, ондағы әдеби процестерден қол үзбей зер салып отырады. Майдандағы қазақтар арасында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының алғашқы томы жөнінде әңгімелейді. Өз ойын ортаға салады. Оған ұстазына жазған мына хатын айтуға болады.
«Абайды өзім оқып шыққаннан кейін, солдаттарға беріп оқытып жатырмын. Жұрттың бәрі де романды зор табыс деп қуанышпен қарсы алды. Роман жайында «Социалистік Қазақстан» үшін бір мақала ұйымдастырып жіберсек қайтеді деген ойым да бар. Редакция баса ма, жоқ па деп бөгелудемін. Шамасы, солдаттардың пікірін жаздырып, өзіңізге жіберемін-ау деймін. Солай ету дұрыс та болар.
28.09.1942. Мәлік»
Соғыстан кейін батыр ағамыз Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтына қызметке орналасады. Мұхтар Әуезов те осы институтта қызмет ететін. Мәліктің келгеніне қуанып, оның диссертациялық еңбегіне ғылыми жетекші екендігін мәлім етеді. Айтып қана қоймай, қорғалатын тақырыбы саналған «Қобыланды батыр» жырына көп көмегін көрсетіп, еңбектің жазылған бөлімдерін оқып, өзінің ақыл-кеңесін ерекше ықыласпен жеткізіп отырды. Бір жылдан кейін диссертация дайын болады. Оған М.Әуезов ғылыми қорытынды жазып, еңбекті қорғауға ұсынады. 1947 жылдың 27 шілдесінде Қазақ университетінің ғылыми кеңесінде диссертацияны сәтті қорғап шығады. Одан институт директоры болып, ғылыми ізденістерін жалғастырады. 1958 жылы «Қазақ халқының дәстүрлі ауыз әдебиеті» атты еңбегі үшін филология ғылымдарының докторы атағын алады. Осы институт қабырғасында өткізген он жыл Мұхтар Әуезов пен Мәлік Ғабдуллин арасын әрі жақындатты әрі сызат түсірді.
1947 жылғы 21 қаңтарда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателер туралы» және 1951 жылғы 10 сәуірдегі «Қазақстан тарихын маркстік – лениндік тұрғыда зерттеу туралы» «Правда» газетіндегі мақала туралы» қаулылары қазақтың рухани әлеміне кесел болып тиді. Қ.Сәтбаев, Е.Бекмаханов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, І.Кеңесбаев, Қ.Мұхамедханов, Б.Сүлейменов сынды қазақ интеллигенциясының өкілдері алашордашыл, ұлттық-буржуазиялық өкілдері ретінде сынға алынып, қудаланды. Осы кезең талай қазақ зиялыларының арасын ашты. Компартия оларды бір-біріне айдап салды. («Қазақ үні» газеті, №38, 25 қыркүйек 2023 жыл)
«Казахстанская правда» газетінде 1951 жылғы 11 қазанда жарияланған «Против извращений в освещений казахского героического эпоса» деген көлемді мақалада жөнсіз айыптауларға жол берілді. Соның қатарында М.Ғабдуллиннің Қобыланды батыр жайындағы кандидаттық диссертациясындағы өрескел қателер көрсетілді. Небір сорақылықтарға мұрындық болған сол бір идеологияның қамшысын ер Мәліктің өзі сілтеуге мәжбүр болды. (С.Негимов, «Мәлік Ғабдуллин» атты кітабы)
Партияның Орталық Комитеті Мәлік ағаны шақырып, «Правда» газетінде көрсетілген мәселелерге орай үлкен жиын өтетіндігін, сол жиында «Қазақтың батырлар жыры туралы» баяндама жасауды тапсырады. Қиын істі мойнына алған ғалым ағамыз ұлы ұстазы М.Әуезовпен кеңеседі.
«Дәлелсіз дау айтпа. Сын айтам деп сыңаржақ кетпе, сының өткір де дәлелді болсын. Батырлар жырын зерттеуде көбіміздің жіберген қате-кемшілігіміз бар. Оларды әділ сына, ұрда-жыққа барма. Біз өзіміз байқамаған қатемізді түсініп, түзейтін болайық. Құр айғаймен ғылым жасалмайды», дейді М.Әуезов.
М.Ғабдуллиннің баяндамасы шұғыл түрде жазылады. Көлемі – 120 бет. Бір қолдан шыққан баяндамаға қожа да, қожаңдаушылар да, «сыны өткір емес, жылымшылау», «Әуезовтің шалыс басқан тұстарын күшейтіп айту» деушілер де, мінеушілер де мейлінше көп болды.
1953 жылдың 12 сәуірінде Үкімет үйінің кең залында өткен жиында М.Ғабдуллин баяндама жасады. Өз баяндамасында ұстазы туралы да ойын ортаға салады. «Профессор М.Әуезовтің қазақ эпосы тарихының мәселелерін зерттеп келе жатқанына ширек ғасырдан асты. Қыруар еңбектер жазды. М.Әуезовтің өз еңбектерінде орысқа қарсы реакциялық-пантюркистік және буржуазияшылдық-ұлтшылдық көзқарасты ашық насихаттады. Мысалы, «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» деген мақаласында феодалдық-хандық кезеңді мадақтады және «Қазақ батырларының негізгі мақсаты – ұлтшыл болу, сонан соң діни адамдар қатарында тұру» деп жазды. Сөйтіп, М.Әуезов тұп-тура қазақ жастарын эпикалық батырлардан үлгі алуға әрі ұлтшыл болуға шақырды» деген сарында сөз сөйлеуге мәжбүр болады. (С.Негимов, «М.Ғабдуллин» атты кітабы)
Неше түрлі ойтолғақта жүрген Мәлік ағамыз ұлы ұстазына батырып, бадырайтып айтқан сындарын айып санап, хат жазуға бекінеді. Оны үйіне емес, мекемеге емес, «Қазақ әдебиеті» газетіне жазғанды жөн санайды.1955 жылғы 28 қазандағы санында «Мұхтар Әуезовке хаты» жарияланды. Бұл хатында қазақ әдебиетінің шешілмей келе жатқан мәселелерін, оларды бірлесе, ынтымақпен, бір-біріміздің қате-кемшіліктерімізді жолдастық ниетпен сынаса отырып шешуге тиісті екендігін айта келіп: «Бір кезде сын деп, сынасу деп сыңаржақ кеткен, асыра сөйлеген жеріміз болды. Ондайымыз үшін кешірім етуіңізді сұраймын» деп сөзін аяқтайды.
Өз кезегінде ұстазы да үнсіз қалмайды. «Разы болғаным – сенің газет арқылы хат жазып, кешірім сұрағаның. Сен кешірімді маған келіп, менен ғана сұраған жоқсың, оны пәленбай мың оқушы жұртшылықтың алдында газет арқылы сұрадың ғой. Міне, мұның нағыз жігіттік. Осыныңды асыра жоғары бағалаймын. Біреуден біреудің кешірім сұрауы бір басқа, ал сол кешірімді көпшіліктің алдында сұрау бір басқа. Сені кешірім сұрады деп кішірейтпеймін, қайта оныңды білгендік деп түсінем» деп телефон арқылы ризалығын білдіреді.
Ұлылардың ұғысуы қандай жақсы. Мүмкін, «Ұлық болсаң, кішік бол» деген осындайдан шыққан болар. Мұхаң «Қазақ әдебиеті» газетінде Мәлік інісіне жауап жазады. Және «Абай жолының» жаңа шыққан кітабын ұсынып, оның ішкі бетіне «Кірбіңі кеткен көңілден...» деп өз қолтаңбасын қалдырады. («Қазақ үні» газеті, №38, 25 қыркүйек 2023 жыл)
Алдымызда асқар таудай айбынданып, даналық дәрістерін берген батыр ағамыздың туғанына биыл 110 жыл толып отыр. Тұла бойы тектілік пен ізгіліктен тұратын абзал ағамыз еді. Ол кісінің сабағына деген іңкәрлікті тілмен жеткізу қиынның қиыны десек те болады. Ақыл-ойға кемел, мейірім мен биязылыққа толы алтын жүзі, жібектей таза сұлу жаны, ізетті от жүрегі, қасиетті рухы мен бекзат бейнесі ел санасынан өшпейді.
Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі