– «Сәт» триосындағы жас баладан ақыл тоқтатқан ер-азаматқа айналыпсыз. Бала Сапарбай қандай еді, бүгінгі ержеткен Сапарбай қандай? Жалпы қай жақтың тумасысыз, сахнадан неге көрінбей кеттіңіздер?
– Азат Әбілдаев және Тұрар Тұрмысов есімді достарымнан құралған «Сәт» триосының тарап кеткеніне де біраз жыл болды. Сіздің бізді іздеуіңіз сай-сүйекті сырқыратып, әуелей шырқалған саз да, қара түнекті жарып шыққан жауқазындай жарыққа ұмтылған үш тағдырлы бала да әнсүйер қауымның жүрегінде қалып қойғанын айғақтап тұрғандай.
Жалпы 1995 жылы Түркістан облысының Шардара ауданында дүниеге келгенмін. Бүгінде Тараз қаласының тұрғынымын. Музыканы бала күнімнен жақсы көретінмін. Мен де басқа балалар сияқты ойын баласы болып жетілдім. Отбасымның, әжемнің сүйікті перзенті болғандықтан өмірде қиындық көрмедім. Еркелеп өстім. Әр әуенге құлақ түріп, әр музыкалық аспапты жақсы көріп, естіп қалған әуенді түрлі аспапта ойнап үйренгенше асықтым.
Ал ержеткен Сапар уақыт өте келе өмірді басқа қырынан таныды десек болады. Барлық жетістік, нәтиже маңдай термен келетінін ұқтым. Еңбекке араласып, отау құрып, әке атандым. Топ тарап, үш бала үш жаққа кеткендіктен әрқайсысымыз өз өмір жолымызды таңдадық. Әлі де жұрт танып, суретке түсіп жатады. Сол үлкен қуаныш.
– Кішкентай Сапар өзінің ерекше бала екенін қай кезде білді?
– Әжем сәби күнімде көзімді ыстық мақтамен сүрткен екен. Одан кейін молдаға оқытқан. «Содан бері жанарың көрмей қалды» деп айтып жатады үлкендер. Бірақ менің ешкімге өкпем жоқ. Отбасым қолдан келгенше дәрігерлерге көрсетіп, ем-дом жасады.
Өзімді өзгелерден кем сезінбеймін. Ешқашан «Көзім неге көрмеді? Мен әлденені көрмей қалдым-ау» деген ой мазалаған емес. Әлденені көргім келіп армандаған да емеспін. Көкірегім сайрап тұр. Қайта кейбір көкірек көзі соқырларға қарағанда өзімді көш ілгері сезінемін.
– Түс көресіз бе? Бәлкім күнді, гүлді, анаңыздың бет-бейнесін түсіңізде көрген шығарсыз...
– Осы сұрақты көп адам қояды. Қызық. Негізі менің түстерім де қап-қара. Қою қараңғылықты ғана көремін...
– Сезімталсыз? Көз көрмегенді көңіл сезінгіш қой...
– Әрине, дәл солай. Адамдардың дауыс ырғағы, сөйлеу мәнеріне қарап-ақ қандай көңіл күйде тұрғанын, не ойлап тұрғанын, не айтқысы келгенін, мінез-құлқын да біліп қоямын.
– Өз мінезіңіз қандай?
– Айтқанымнан қайтпайтын қайсар, өжетпін. Ұнамаса, бетің бар, жүзің бар деп отырмай, айтып саламын. Сондықтан көп адамдармен тіл табысуым қиындау. Мысалы, сіздің даусыңызды бірінші рет естіп тұрсам да мінезіңіз оңай емес екенін сезіп тұрмын. Ерке сияқтысыз. Сондықтан айтқаныңыз орындалмаса қиын болады-ау. (күлді)
– Дәл айттыңыз. Мінез көп нәрсені шешеді ғой. Ұстараның жүзіндей өткір болған дұрыс па, әлде моп-момақан болып ғұмыр кешкен адамдардың өмірі сәттілікке толы ма? Сіздің өміріңізге осы тік мінезіңіздің әсері қандай болды?
– Шүкір, тік мінезімнің арқасында көп нәрсені ұғып, түсіндім. Мысалы, түрлі концерт, байқаулар ұйымдастырып, басшылардың есігін қағып, түрлі ұсыныстармен кіріп-шығып жүрмін. Егер қой аузынан шөп алмас жуас болсам, ісімнің бірі де өнбейтін еді деп ойлаймын.
Мені жетектеп жүрген ешкім жоқ. Барлығына өзім жүгіремін. Мәселен, пандемияның алдында концерт өткізбекші болып, билет саттым. Соңында карантин басталып кетіп, адамдар концерт өтпей қалғандықтан билеттің ақшасын сұрап, жағамнан ала бастады.
Сондай қарызға батқан, қиын-қыстау сәтте де берілмедім. Қайта қиындықпен тайталасып жүріп, туыстарыммен бірге кәсіп аштым. Кәсібім дөңгелеп сала берді. Бүкіл қарызымнан құтылып, арқамды кеңге салғаным сол, тәртіп сақшылары есігімді күнде қағып, тыным бермеді. Маңдай теріңмен тапқан нәпақаңды үнемі бөліп беру де ызаңды келтіреді екен. Сонда ешкімнің ешкімге жаны ашымайтынына көзім жетті.
Қазіргі таңда аяқ-қолы балғадай, он екі мүшесі сау бола тұра табыс таба алмай жүрген немесе «жұмыс жоқ» дейтін адамдарға таңғаламын. Өзім үнемі еңбек етіп, нәпақамды тауып жүргендіктен әр адамның мүмкіндігі шексіз екенін білемін. Жатып алып «жұмыс жоқ» дейтіндер мамық диваннан май құйрығын көтергісі келмейтіндер деп ойлаймын. Жалқаулық жар бермейтін сияқты. Әйтпесе тірі адам тіршілігін жасауы тиіс емес пе? «Өлмегенге өлі балық жолығады» деген нақыл сөз тағы бар.
– «Барлығы мінезге байланысты» дедіңіз. «Сәт» триосының тарауына де мінез себеп болған жоқ па?
– Әрине, солай болды. Адам есейген сайын өзінің тәуелсіз тұлға екенін сезінеді. Әркімнің жеке ой-пікірі болады. Сондықтан топ болып еңбек ету өте қиынға түсті. «Былай тартсаң – өгіз өледі, былай тартсаң – арба сынадының» кері ғой.
– Жалпы ел сүйіспеншілігіне бөленген трио қалай құрылды?
– Топ құрамындағы Азат Әбілдаев, Тұрар Тұрмысов және мен Шымкент қаласындағы көздері нашар көретін балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернатында білім алдық. Біздің бойымыздағы өнерге деген ерекше қасиетті байқап, оны әрі қарай дамытуға музыка пәнінің мұғалімі Тамара Шілдерханова үлкен үлес қосқан болатын.
Туабітті көз жанарынан айырылған жас әншілер жайлы естіген продюсеріміз Нұржан Қожабеков бізге қолдау көрсеткісі келді. Бұл іс көп ұзамай өз нәтижесін берді де. Аз ғана уақыт ішінде «Сәт» тобы туралы ел біле бастады. Біз халықаралық, республикалық байқауларда топ жардық. Сонымен қатар режиссер Руслан Байтөлешовтің «Тағдыр» атты фильміне түсіп, әртістік қырымыздан танылдық.
Біздің ең алғашқы әніміз – Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Көнеміз ғой» әніне бейнеклип түсірілді. Негізі сол клиптің сценарийі біздің топтағы баланың тағдырынан алынған.
Дүниеге жаңа келген нәрестесін анасына тастап кеткен әйел көп жыл өтсе де сәбиінің маңдайынан иіскемеген. Немересін бауырына басқан әжесі жеті жасқа келгенде оны асырай алмай, жетімдер үйіне өзі жетектеп алып барады. Осындай ауыр мұң мен өзегін өкініш өртеп, тағдыр тәлкегіне түскен жеткіншектің көз жасынан құрылған ғұмыр осы әннің арқауына айналған болатын.
– Кейін жеке бөлініп кеткен соң көмек қолын созған жандар көп болды ма? Әлде өміріңізде аяқтан шалушылар көп кездесті ме?
– Аяқтан шалушылар көп кездесті. Сондықтан «адамдардың бәрі мейірімді, жанашыр» деп айтсам, артық болады деп ойлаймын. Адамға ата-ана, бауыр мен туыстарынан өзге жақын да, жанашыр жан да болмайтын шығар. Кей адамдар бір тістеп, екі асауды ғана ойлайтын сияқты. Сол себепті барлық адамға бірдей құшағыңды ашып, сене беруге болмайды.
– Отбасыңыз туралы айтып беріңізші?
– Алғашқы некем сәтсіз аяқталды. Екі қыз дүниеге келді. Қазіргі таңда сүйген жарымның есімі Әсем Әбдіманапова. Отбасымның ұйытқысына айналған келіншегім де өзім тағдырлас.
Менің жарым Қазақ соқырлар қоғамында компьютерден дәріс берген. Бір-бірімізге деген шынайы сезім, ниет, барлығы бір арнаға тоғысып, тағдырымызды тең бөлісіп, тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан жайымыз бар. Келіншегім елгезек, пысық, еңбекқор жан болып кездескеніне өзім де сүйсінемін.
– Сіздің колыңыздан көп нәрсе келетіні көрініп тұр. Сондай зерек, зерделісіз. Расында, бәрі ниетке байланысты, әлденені үйренемін деген адамға тосқауыл жоқ-ау, сірә?
– Мен соны күніге дәлелдеп келе жатырмын. Мәселен, саудамен айналыстым. Концерт ұйымдастырдым. Телефонды толық меңгеріп алдым. Поэзия оқимын, ән айтамын. Сазгерлігім бар. Түрлі аспаптарда ойнаймын. Қажет жерге жалғыз барып келемін. Қолдағы таяқ – аяқ жолымызды көрсетер көмекшіміз. Сол таяқ көз жанарының орнына бар қажеттілігімізді атқарып отыр.
Кейде аяқ жолыңнан шатасып қаласың. Зағип жандар қайғылы жағдайларға душар болып жатқандарын да естіп жүрміз. Жақында ғана Алматыда 26 жастағы ер адам метроның рельсіне құлап кетіп, қаза тапты. Оны көмекші таяғы ажалға жетектеп алып барған болып тұр ғой сонда. Сол жаныма батты. Көзі көрмесе де өмірге ынтық, аяқ-қолы жоқ болса да өз шаруасын дөңгелетіп, іс жасап жүрген мүмкіндігі шектеулі жандардың тағдыры алаңдатады.
Негізі үйренемін деген адамға іс көп. Оған дәлел – біз сияқты ерекше жандар. Ал кейде сау адамдардың өзі алға ұмтылмайды. Яғни талпыныс болмаса, сау болсаң да бәрі бекер сияқты.
– «Көнеміз ғой, қайтеміз көнбегенде» деп өзіңіз шырқаған өлең жолдарындағыдай тағдырға көндігіп, бәріне көніп жүрсіз бе, әлде өз нәсіп, сыбағаңызды тағдырдан тартып алып жүрсіз бе?
– Мен тағдырға налып, баз кешкен адам емеспін. Тағдырдан керегімді тартып алып жүрген жанмын. «Берсе қолынан, бермесе жолынан» дегендей, өз қажетімді өзім тауып жүрмін. Біреуден көмек күтіп отырмаймын.
– Алға қойған қандай мақсат-жоспарың бар?
– «Ойлама» деген ән жаздым. Сол әнді жақында жарыққа шығарсам деген жоспарым бар. Алға қойған мақсаттарымның бәрі өнерге қатысты. Ақтөбеде концерт өткізейін деп, сол істі қолға алып отырмын.
28 желтоқсан күні Меркі ауданында концерт өткізіп, жылды сондай шығармашылық нотада аяқтасам деген ниеттемін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ