Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Ән-жырым саған, туған ел!»

«Ән-жырым  саған, туған ел!»
Автор
Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында ұлттық рух пен ән өнерін ұлықтаған ауқымды мәдени іс-шара – Алтынбек Қоразбаев атындағы «Ән-жырым саған, туған ел!» атты IV халықаралық әншілер конкурсы өтті.

Байқаудың ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай қатысушыларға сәттілік тілеп, байқаудың рухани маңызын атап өтті.

– Халықаралық деңгейдегі өнер бәйгесі – ұлтымыздың саз байлығын дәріптеп, жас дарындарды қолдау, ұлттық рух пен мәдени мұраны насихаттау жолындағы үлкен қадам. Осындай ауқымды жобалар арқылы біз Алтынбек Қоразбаевтай өнер тарландарының мұрасын жас ұрпаққа жеткіземіз, – деді Ерлан Нұрманұлы.

Облыс әкімдігінің қолдауымен, облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен өткен байқау – еліміздің мәдени өміріндегі елеулі оқиға. Байқау ұлттық ән өнерінің мәртебесін арттырып, жаңа есімдердің танылуына жол ашты.

Биылғы конкурсқа Қырғызстан, Моңғолия, Қытай Халық Республикасы және Қазақстанның әр өңірінен 45 үміткер өтініш білдіріп, онлайн іріктеу арқылы 18 бен 35 жас аралығындағы 20 өнерпаз финалға жолдама алды. Ақтық кезеңде қатысушылар жеке орындау, трио және квартет форматында өнер көрсетіп, өзара бақ сынады.

Күміс көмей, жезтаңдай әншілердің өнеріне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «МузАРТ» тобының мүшесі Мейрамбек Бесбаев, «Тараз» триосының солисті Ержан Ыдырысов, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі Уланбек Качкыналиев және Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі Аида Смағұлова қазылық етті. Ал қазылар алқасына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші әрі композитор Тоқтар Серіков төрағалық етті. Сонымен қатар, Алтынбек Қоразбаевтың өзі әділ-қазылар алқасының қатарынан табылып, тәуелсіз сарапшы ретінде төрелігін білдірді.

Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар Алтынбек Қоразбаевтың екі туындысын орындады. Бұл кезеңде қатысушылардың дауыс мүмкіндігі мен шығармашылық интерпретациясы бағаланды. Екінші кезеңге өткен он үміткер еркін тақырыптағы бір әнді орындап, өз өнерін толыққанды көрсету мүмкіндігіне ие болды. Бұл – олардың жандүниесі мен сахналық шеберлігін айқын танытатын шешуші кезең еді. Қазылар алқасы өнерпаздардың шеберлігіне, дауыс мәнеріне, сахна мәдениетіне ерекше назар аударып, әр қатысушыны 5 пен 10 ұпай аралығында бағалады.

Жоғары деңгейде өткен байқаудың қорытындысы бойынша алматылық Медет Орынбаев бас жүлдеге ие болды. Бірінші орын Қытай Халық Республикасынан келген Ұлболсын Кенжебайқызына бұйырды. Екінші орынды атыраулық Мержан Қабдолов иеленсе, үшінші орын Түркістан облысынан қатысқан Асыл Жомартов пен астаналық Ақбөпе Алибековаға табысталды. Жүлдегерлердің барлығына қомақты қаржылай сыйлық табысталды.

Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақтау, Моңғолия және Қарағанды өңірлерінен келген қатысушылар 200 000 теңгелік ынталандыру сыйлығымен және дипломдармен марапатталды. Тағы 10 үміткерге алғыс хаттармен қатар, 100 000 теңгеден ынталандыру сыйақылары табысталды.

Конкурстың салтанатты жабылу рәсімінде барлық қатысушылар бірігіп, Серік Тұрғынбековтің сөзіне жазылған Алтынбек Қоразбаевтың «Туған жерім тамаша» әнін орындады. Бұл әсерлі сәт көрермендердің зор қошеметіне бөленіп, конкурсқа қатысқан әрбір жан үшін ұмытылмас естелікке айналды.

Алтынбек Қоразбаев атындағы халықаралық әншілер конкурсы – тек өнер додасы ғана емес, сонымен қатар жас таланттарды қанаттандырып, ұлттық музыка өнерінің дамуына серпін беретін ерекше алаң. Бұл – руханияттың биігіне қарай жасалған нақты қадам, халқымыздың бай музыкалық мұрасын келешек ұрпаққа аманаттайтын алтын көпір.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар