Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Рухани өрлеудің ұйытқысы – театр

Рухани өрлеудің ұйытқысы – театр
Автор
Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры – тарих пен тағылымның, рух пен өнердің, ұрпақтар сабақтастығының шынайы символы. Бұл театр – ғасырлық болмысымызды, ұлттық рухымызды, ұлы тұлғаларымыздың бейнесін, халықтың шежірелі тағдырын сахна тілімен сөйлетіп келе жатқан ұлы мектеп. 1936 жылы құрылған сәттен бастап бүгінге дейін театр көрерменмен бірге өсіп, бірге дамып келеді.

Осы жылдар ішінде театр сахнасында ұлт рухын оятатын, тарихты тірілтетін, жүректі тербейтін жүздеген спектакль қойылып, көрермендердің жүрегінен орын алды. Қай кезеңде де театрдың басты мақсаты адам жүрегіне жол табу, ұлттық мұратты ұмыттырмау, көркем ой арқылы қоғаммен сырласу болды. Театр репертуарындағы әрбір қойылым – терең ізденіс пен жауапкершіліктің жемісі. Классикалық шығармалардан бастап, заманауи драмаларға дейінгі кең ауқымды қамтитын спектакльдер көрерменге эстетикалық ләззат сыйлап қана қоймай, ой салады, толғандырады, тәрбиелейді. Бұл – шығармашылық топтың ерен еңбегінің, жанкешті рухани ізденісінің көрінісі.

Соңғы жылдары театр халықаралық сахналарда өнер көрсетіп, қазақ мәдениетінің мәртебесін асқақтатты. Румыния, Польша, Мысыр, Қырғызстан, Татарстан, Өзбекстан секілді елдерде қойылған қойылымдарымыз тек сахналық мәдениетпен емес, сахналық ойдың тереңдігімен, ұлттық колориттің бояуымен ерекшеленді. Бұл – театрдың тек аймақтық емес, халықаралық деңгейдегі шығармашылық ұжымға айналғанының айқын дәлелі.

Театр – тек ойын-сауық орны емес, халықтың жан айнасы, ұлттың жүрегі. Бұл қасиетті сахнада қазақтың Төле биі мен Қарасай батыры, Домалақ анасы мен Баян сұлуы тіріліп, Жамбылдың жырлары мен Тұрардың тағдыры сөйлейді. Халқымыздың қатпар-қатпар тарихы мен қилы тағдырын көркем өнермен жеткізу – біздің басты борышымыз. Ұлттың ұлы тұлғаларын, тағдырлы оқиғаларды сахна арқылы жаңғырту – театрдың да, әрбір актердің де жүрекпен атқаратын миссиясы.

Өнер – бір күндік құбылыс емес, ол ұрпақтан ұрпаққа мұра болып жалғасатын ұлы дүние. Театр сахнасынан өнердің шынайы зердесімен өрілген қойылымдарды тамашалап, жас буын көрерменнің де дүниетанымы кеңейіп, мәдени талғамы биіктейді. Бұл – театрдың жасампаздық рөлін айғақтайды. Жас көрермен театрдан тек әсер ғана емес, өмірге деген көзқарасын тереңдетер рухани азық алады.

Сахна – шындықтың, парасаттың, көркем мінездің мекені. Сахна – өмірдің өзіндей. Сол сахнаға қадам басқан әрбір актер тек кейіпкердің ғана емес, көрерменнің жүрегін иеленудің, сол арқылы қоғамға ой тастап, рухани сілкініс жасаудың жауапкершілігін терең сезінеді. Бұл театрда бүгін де сол рух, сол жауапкершілік биік деңгейде сақталып келеді.

Театр ұжымы уақыт талабына сай жаңарып, жас режиссерлер мен актерлердің тың идеяларымен толығуда. Бұл – сахнаның жаңа тынысы, өнердің үзілмейтін желісі. Бүгінгі таңда театрда заманауи драматургия мен қазақ классикасының озық туындылары қатар сахналанып, көрерменнің жандүниесін байытуда. Әлемдік театр кеңістігіндегі жаңашыл үрдістер мен ұлттық сахна дәстүрін сабақтастыра отырып, театр шығармашылығы өзінің дара жолын қалыптастыруда.

Бүгінде театр шығармашылық жағынан тың серпін алып, көркемдік бағытта жаңа биіктерді бағындыруда. Әр маусым сайын сахнаға жол тартатын премьералар, әдеби-драмалық бөлімнің үздік ізденістері, актерлердің жанкешті еңбегі – барлығы театрды бір сәтке де тоқтатпай, алға жетелеп келеді. Бұл – ұжымның ішкі бірлігінің, ортақ мақсатқа деген адалдығының, өнерге деген махаббатының жемісі.

2025 жылдың күзінде республикалық театр фестивалін өткізуге байланысты ауқымды іс-шараның хор және ән дайындау жұмыстарын жүргізу үшін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының дирижерлау кафедрасының меңгерушісі, профессор Ғалымжан Берекешов арнайы шақыртылды. Қаңтар айында белгілі театр актері, режиссер, педагог, EGO зертхана жетекшісі, өнертану магистрі Ерлан Кәрібай арнайы келіп, актерлік шеберліктен мастер-класс өткізіп, нәтижесінде театр артистеріне EGO актерлік шеберлік мектебінің 1 апталық курсын толық меңгергендігін растайтын сертификат табыстады. Кәсіби хореограф маман Вадим Дубовикпен шығармашылық құрамға 1 айлық хореграфиялық жұмыстар жүргізілді.

Биылғы театр маусымы да жаңа серпінмен, тың қойылымдармен ерекшеленбек. Нақтырақ айтсақ, театр көрерменін 4 жаңа қойылыммен қуантуды жоспарлап отыр. Бұл қойылымдар – түрлі мәдениет пен режиссерлік мектептердің тоғысуын көрсететін, мазмұндық тереңдігімен ерекшеленетін спектакльдер болмақ.

Алғашқысы өзбек драматургі Саид Ахмадтың қаламынан туған «Келіндер көтерілісі» атты комедия. Қойылымды Өзбекстаннан шақырылған тәжірибелі режиссер Сайфиддин Мелиев сахналайды. Шығармада ұлттық салт-дәстүр мен қазіргі заман қақтығысы жеңіл әзіл, терең астармен өріледі. Ұзақ жылдан бері сахнадан түспей келе жатқан туынды көрерменді күлдіріп қана қоймай, терең ойға да жетелейді.

Екінші қойылым– әлемдік классиканың жауһары саналатын Уильям Шекспирдің «Ромео мен Джулетта» трагедиясы. Махаббат пен тағдыр қақтығысын бейнелейтін қойылымды Беларусь елінен арнайы келген режиссер Даниил Филиппович сахна тілімен шебер жеткізеді. Бұл – Шекспирді қазақ сахнасына жаңа көзқараспен әкелу жолындағы ірі шығармашылық қадам.

Үшінші премьера – ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қараш-Қараш» трагедиясы. Тарихи болмыспен өрілген шығармада әділет пен озбырлық, намыс пен күрес, еркіндік пен езгі тақырыптары қозғалады. Қойылымды Қырғызстаннан шақырылған режиссер Шамиль Дыйканбаев сахналайды.

Төртінші қойылым – қазақтың біртуар ақыны Мұқағали Мақатаевтың «Қош, махаббат» драмасы. Ақынның лирикалық әлемі мен өмірлік философиясы тоғысқан спектакльді Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының талантты режиссері Айдын Салбан сахналық тұрғыдан шебер өрбітпек.

Төрт қойылым – төрт түрлі мінез, төрт түрлі режиссерлік көзқарас. Ал көрермен үшін бұл – рухани толысуға жетелейтін үлкен мүмкіндік. Жаңа туындылар арқылы театр ұжымы көркемдік ізденіс көкжиегін кеңейтіп, ұлттық сахна өнерінің жаңа белесіне қадам басуда.

Сонымен қатар облыстық театр шығармашылық ынтымақтастықты нығайтуға да баса назар аударуда. Осы мақсатта 2025 жылдың 8-9 сәуір күндері театрдың шығармашылық құрамы Түркістан қаласындағы Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қалалық сазды-драма театрында Әйкен Тәсілованың «Бұға мен Қасқыр» ертегі-қойылымын, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» аңсау (ностальгия) жанрындағы қойылымын және Әлімбек Оразбековтің «Соқыр үміт» психологиялық драмасымен өнер көрсетті.

Ал 10-11 сәуір күндері Шымкент қаласындағы Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында Әлімбек Оразбековтің «Соқыр үміт» психологиялық драмасы мен Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» траги-фарсын сахналанды.

12-18 мамыр аралығында театрдың шығармашылық құрамы Түркия Республикасының Анталья қаласында өткен ХVII халықаралық Ақ теңіз театр фестиваліне арнайы шақырту алып, театр репертуарындағы Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш Баян сұлу» (қоюшы-режиссері – Қуандық Қасымов) экспериментальді қойылымымен қатысып, жүлдемен оралды.

Бұдан өзге, еліміздің алдыңғы қатарлы театрларымен ынтымақтастық қарым-қатынас және өнер адамдарымен шығармашылық байланыс орнату мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, Ресейден Н.Зыков атындағы қуыршақ театры, Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қалалық сазды-драма театры, Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры облымызға арнайы келіп, мол тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры гастрольдік сапармен келіп, көрнекті ақын, жазушы Мұхтар Шахановтың «Танакөз» поэмасын сахна тілімен сөйлетіп, көрерменге тарту етті. Мамыр айының 20-23 аралығында қазақ өнерінің қара шаңырағы – Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры 100 жылдық мерейтойы аясында облысымызға гастрольдік сапар ұйымдастырып, «Аршын мал алан», «Сүйікті менің ағатайым», «Жүз жылдық махаббат», «Мөлдір махаббат» спектакльдерін сахналауды және «Сезім хаттары» лирикалық-эстетикалық поэтикалық кешін көрерменге ұсынуды жоспарлануда.

Театр – бұл жай ғана өнер емес, бұл – ұлттың жүрек лүпілі, халықтың үні. Сол үн өшпесін десек, рухани құндылықтарымызды төрге шығарып, сахна мәдениетін мәңгілік етуге бар күшімізді саламыз.

Өнер – жүректен шығып, жүрекке жетсе ғана құдіретке айналады. Біздің басты мұратымыз – осы құдіретті жолдан таймай, қазақ сахна өнерінің шоқтығын биік ұстап, рухани кеңістікті байыта беру.

Ақылдос ТӘЖИЕВ,
Асқар Тоқпанов атындағы облыстық
қазақ драма театрының директоры

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар