Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Орталықтың жай-күйі ойдағыдай ма?

Орталықтың жай-күйі ойдағыдай ма?
А.Қартабай
Біз үшін ең басты құндылық – тәуелсіздік. Еркіндік үшін адам баласының қолымен жасалған әрбір игі іс – болашаққа бастар жол. Осы ретте «Кеше мен бүгіннің тарихын болашаққа табыстау – үлкеннің міндеті» деген ой жетегімен қолымызға қалам алдық. Бүгінгідей бейбіт заманға жетудің оңай болмағанын, оның жолында қаншама жазықсыз жанның қаны төгілгенін ұғындық.

Тарихы тереңнен тамыр тартқан тәуелсіздікке қалай қол жеткіздік? Азаттық жолында ақтық демі қалғанша күрескен азаматтар өз деңгейінде құрметтеліп жүр ме? Алаңға шыққан жастардың жан жарасы жазылды ма? Желтоқсаншылардың табанынан өткен сыз бен жүрегінде қалған қасірет ізі қандай? Осы сұрақтарға жауап іздеп, жуырда «Желтоқсан ұшқыны» қоғамдық бірлестігінің мүшелерімен кездесіп, көкейге көп ой түйіп қайттық. Бірлестіктің негізгі мақсаты – жастардың бойында Отанға, туған жерге сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу.

Гүлді тоңдырып, нұрды солдырған 1986 жылдың 16 желтоқсанында Алматы қаласындағы Сәулет және құрылыс институтының студенті Талғат Кеншінбеков үш күн алаңға шығып, желтоқсанның ызғарын жан-тәнімен сезінген жан. Бүгінгі таңда «Желтоқсан ұшқыны» қоғамдық бірлестігінің төрағасы қызметін атқарады.

– Ерлан, Естөре есімді группаластарыммен бірге Достық даңғылының жоғары жағында пәтер жалдап тұратын Жанар әпкеме шашымызды қысқартып, қараңғы түсе №32 қоғамдық көлікпен кері қайттық. Жатақханамыз «Орбита-3» ықшамауданында орналасқан. Бұрын Желтоқсан көшесімен Абай даңғылына өтіп, одан орталық алаң арқылы Тимирязев көшесіне көтерілетін автобус бұл жолы бағытын күрт өзгертті. Құрманғазы көшесінде аялдамаға тоқтай бергені сол еді, бір топ қазақ жігіті ішке еніп, «Ұлты қазақтар, сыртқа шығыңдар!» деді жанұшыра айқайлап. Жөпелдемеде ешнәрсеге түсінбей, жолаушылар бір-бірімізге қарап қалдық. Сонымен не керек, көппен бірге орталық алаңға келдік. Жол-жөнекей әлгі жігіттер қандай жағдай болып жатқанын түсіндірумен болды. Айтуларынша, Дінмұхамед Қонаев Қазақстан Орталық комитетінің бірінші хатшылығынан алынып, орнына Колбин тағайындалыпты. «Қандай жағдайда да Қазақстанды тек қазақ басқаруы керек» деген жастардың жүзінде ашу-ыза тұрды. Алаңға жиналғандардың да дені жастар екен. Екі шеті мен ортасында тұрған екі үйдің ауласын бес қаруын сайлаған солдаттар қоршап алған. Бірінші қатарда милиция қызметкерлері орналасса, бір жарым метрден кейінгі екінші қатарда әскер тұр. Бір кезде көпшіліктің ортасында жүрген кейуананы көзім шалды. «Айналайындар, ешқандай шу шығармаңдар! Біздің мұнда не үшін жүргенімізді Үкіметке жеткізейік» деді жастарды сабырға шақырып. Сол күні жатақханаға жеткенімізше сағат түнгі екі болды. Бөлмемізге келсек, бірге оқитын нарынқолдық Ерлан сабаққа дайындалып отыр екен. Біз алаңда болған жағдайды айттық. Ерлан болса, «Жігіттер, кеттік алаңға!» деп шоқ басқандай орнынан атып тұрды. «Ертең барамыз» дегенімізге қарамастан сыртқа шығып кетті. Ерлан сол кеткеннен мол кетті. Бөлмеде радио да саңқылдап қоя берді. Құлағымда қалған хабарландырудың мәтіні, санамда сақталып қалғаны бойынша, «Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Бүгін, яғни 16 желтоқсан күні Алматы қаласы, Л.И.Брежнев алаңында маскүнемдер мен нашақорлар...» деген сарында еді. Ертесі күні сабаққа бардық. Бірінші сабақ – КПСС тарихы. Чесняков деген орыс дәріс береді. Бәрімізді түгендеп алды да: «Алаңдағы жағдайды естіп, біліп жатқан шығарсыңдар. Бұл өте қате жағдай. Сондықтан алаңға барып әуре болмай-ақ қойыңдар», – деді.

Кейін Ізтілеуова деген ұстазымыз: «Сендерде намыс бар ма? Өздеріңдей жастар қазір алаңда жүр. Бүгін орыс тілі болмайды. Орнына мен сабақ өтуім керек. Бірақ мен бұл сабақты өтпеймін. Қазір кім аудиторияда қалады, солардың барлығының «зачеткасына» «өтпеді» деген белгі қоямын. Алаңға барыңдар!» – деді. Бұл сөз онсыз да қаны қызып отырған жастарға ұран болды.

Алаңға түске жақын келдік. Адам қарасы мол екен. Келе жатып Абай көшесінің бойындағы Алматы архитектуралық техникумының маңынан өттік. Қатарымызға қосылған жігіттермен әңгімелесіп келеміз. «Рулонды жазып бітірейік...» деді олар бір-біріне. Сол арада біздің қайда оқитынымызды білген әлгі жастар дереу ұран сөздер жазу керек екенін айтты. Сағат бестерге қарай алаңда алғашқы толқу басталды. Қарсы жақтың бес қаруы сай болса да жастар жасқанып қалмады. Халықтың ызасы, ашуы, намысы ешқандай қарсылыққа қарамады, – деп еске алды алаңға шыққан сәтін Талғат Кеншінбеков.

Т.Кеншінбеков бір топ студентпен бірге Алматы Қазақ ауылшаруашылығы институты жатақханасының жертөлесіне барып, рулондалған ақ маталарға жастардың ұйымшылдықпен ұран сөздер жазғанын сөз етті. Сол күні түнде толқу басталған екен. Кейіпкеріміз өрт сөндіруге арналған көліктердің ыстық су шашып, ит жетектеген сарбаздардың қарсылық көрсеткендерді ұрып-соғып, шашынан сүйреп, көліктерге тоғытқанын көреді. Құр қол жүрген жастар алаңдағы шыршаларды сындырып ала бастайды. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» жастар қамалғандарға да көмектесіп, көліктерден шығарып алуға тырысады. Бірақ жастарды ит қосып Космонавтар көшесіне дейін қуып тастайды. Жолай жастар ұлттық нақышта киінген белгілі актер Тұңғышбай Жаманқұловты танып, әңгімесіне құлақ асады.

– «Қазақтай ұлттың бар екенін білдіріп жатқан сендерге рақмет! Гоголь көшесіндегі Киров зауытында қаншама қазақ жігіттері станок басында тұр. Нағыз қазақтың жігіттері сонда. Соларға да түсіндіріп айтуымыз керек!» – деді Тұңғышбай ағамыз. Мен шыршаға оралып қалған «Идёт перестройка – где демократия, каждому народу – своего вождя» деген ұран сөз жазылған лозунгыны қолыма орап алдым. Әбден жыртылған екен. Арамызда жараланғандар да болды. Бір-бірімізді сүйрелеп жатақханаға жеттік. Желтоқсан оқиғасынан кейін араға екі-үш күн салып Колбинның «Көшеде екі адамнан артық топ жүруге болмайды» деген өкімі шықты. 23 желтоқсан күні жігіттермен бірге жатақхана маңындағы «Байқоңыр» кинотеатрына киноға келе жатқанымызда қолдарында дубинкасы бар оншақты жігіт «казахи» деп қуалай жөнелді. Жан-жаққа қашып, бір-бірімізді таппай қалдық. Жатақханаға келсем, басы жарылған Ерлан төсекте сұлқ түсіп жатыр. Әрең қашып құтылыпты. Біз бұл жағдайды көпке дейін түсінбей жүрдік. Кейін оқу орнында тексеру басталды. КГБ-ның қызметкерлері күнде келеді. Әлгі лозунгыны тығып жүріп, қысқы сессия біткен соң ауылға алып кеттім. Онда да ертеңгі күні үйдегілерге де зияны тиер-ау деген оймен қораға тығып тастадым. Жаңа жылдан кейін сабаққа келсек, бір ай бұрын жоғалып кеткен Ерлан бөлмеде отыр. Кейін Ерлан оқудан шығарылды, – дейді Т.Кеншінбеков.

Талғат Дүкенбайұлы арада отыз екі көктем, отыз екі жаз өткеннен кейін ауылына арнайы барып, ұран сөз жазылған лозунгты қазып алып, облыстық тарихи-өлкетану музейіне өткізіпті.

Желтоқсаншы бүгінде жастарға патриоттық тәрбие берумен айналысуда. Қоғамдық бірлестіктің аудандарда филиалдары жұмыс істейді.

Талғат Дүкенбайұлының айтуынша, қоғамдық бірлестік мүшелері бүгінде Қайрат Рысқұлбеков саябағында орналасқан «Желтоқсан 86» орталығында жұмыстарын жүргізуде. Біз де орталыққа арнайы барып, ішін аралап көріп, жай-күйімен таныстық. Орталықтың қабырғасында басылым беттерінде жарық көрген бірен-саран мақалалар мен желтоқсаншылардың сарғайған фотолары менмұндалайды. Бірақ әр жүректе із қалдырып, алаңға шыққан жастардың мұзға жаққан алауының табын сезіндірер жәдігер кездестіре алмайсыз.

– «Желтоқсан 86» орталығы ешқандай мекеменің теңгерімінде жоқтығы қынжылтады. Ғимаратты иемденіп, жастар мен жасөспірімдерге рух беретін, патриоттық тәлім мен тәрбие беретін орталыққа айналдырсақ деймін, – дейді «Желтоқсан ұшқыны» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Қоғамдық бірлестік мүшелері алдағы уақытта қаһарман Қайрат Рысқұлбековтен бұрын ату жазасына кесіліп, бір камерада жатқан Мырзақұл Әбдіқұловқа арнайы бұрыш ашуды көздейді. Расында, ғаламторды ақтарсақ, Қайрат, Ләззат, Ербол, Сәбираның ғана мәліметтері бар. Одан өзге желтоқсаншылардың аты неге аталмайды? Ал Қайрат Рысқұлбековтен екі ай бұрын ату жазасын алып кеткен жанның көзі тірі екенін тіпті жұрт білмейді де.

– Мұндай нағыз қаһарман кісілердің есімі ешқашан ұмытылмауы тиіс. Қайрат екеуі бір камерада отырған. Кезінде М.Әбдіқұловты Тайгаға итжеккенге, ал Қайратты Семейдің түрмесіне жіберген. 1993 жылы ақталды. Қайрат ату жазасына кесілген кезде камерада күтіп алып, екі ай бірге отырған ағамыздың аты неге аталмай жүр? Тайгада 200 литр мұздай суға хлор салып, осы кісіні соған отырғызып қинаған. Бар қорлықтан өткен жанға «Халық қаһарманы» атағын неге бермеске? – дейді Талғат Кеншінбеков.

«Өсер елдің қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула желтоқсанның мұзға жаққан алауы!
Өздеріңдей өр намысты жас өркені бар елдің,
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы!» деп ақын Мұхтар Шаханов жырлағандай, желтоқсаншылардың мұзға жаққан алауы сөнбесе, жалауы желбіреп, еңсесі тік болғанға не жетсін?!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Дәуір демі
Алдыңғы мақала
Дәуір демі

Ұқсас жаңалықтар