Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Дәуір демі

Дәуір демі
Ашық Дереккөз
Сарнап келіп қылқобызын Қорқыттың,

Барлап көріп, жүз жүректі толқыттым.
Шерді күйік шертіп шерлі домбырам,
Түйсік тегін өзегімнен өр тұттым.

Ғазиз басым дар ғасырға тоғысқан,
Тоғысқаны тағдырыммен табысқан.
Егіз бұлақ – фәни, бақи қоштасып,
Қол бұлғасып қапияда қалысқан...

Жасқа малып жанарымның жыртығын,
Өзекті өртер заманымның шырпығын.
Мұңлығымды зарлығымнан жасырдым,
Күбі піскен көмейімнің жыр түбін.

Әулиелі елдің әулетінен аса алмай,
Ділсіз діннің сәждесінен бас алмай.
Аманатқа күпіршілік қылмадым,
Қиянатты қиып түсер ғазалдай.

Ұлықтығы кішік болған ұлыстың,
Тарих болып дақпырттарын ұғыстым.
Атадан алтау тарыдай тарқап туысым, 
Үдере көшіп, Арқадан әрі ығыстым.

Қарт Қаратау қойнауында сыр бүгіп,
Қара күзде көк бұтағым көк бүріп.
Назы бар найзағайдай қаһар төккен,
Көңілімде күлге айналған көп күдік.

Елдігім деп жар басымды тасқа ұрам,
Көмейімде көлдей тұнған тасқын ән.
Қарға тамыр қазағымды ендігі,
Желеп-жебер Жаратқанға тапсырам.

Нұрсұлтан Рахымбай

 

ТЕҢДІК ҮНІ

Қанды жебе қадалған Тұран дала,
Соқтықпалы жолдары тұрған дара.
Дауалаған жүректер мен тәуекелдің,
Бүгінгі сарқыншағы өзің ғана.

Қойныңда жатыр білем көп қасірет,
Ғасырға сіңген үн бар «тоқташы» деп.
Теңдік үшін қан мен жас пора болған,
Жабысқанда жат елдің ноқтасы кеп.

Еске түссе езіліп, жылар ішің,
Ал еркіндік – бүгінде қуанышың.
Қаншама шейіт болған батырлар бар,
Қазіргі қазағымның тұрағы үшін.

Қарғып өткен қаншама егестерден,
Болашағы байланысты белестермен.
Алты Алаштың айбыны әлі де асқақ,
Жігері құм емес-ті белдескеннен.

Құндылығы санаған өр намысын,
Ізгілікпен астастырған тұнған ісін.
Кеудесінде қуаныш ұрпағының,
Дүниеде «қазақ» боп туғаны үшін.

Ғалия АБЫЛАЙ

 

Айбыным

Биік бүгін өзгелерден айбыным,
Шекпесе екен енді елім қайғы-мұң.
Бабаларым арман қылып аңсаған,
Тәуелсіздік – баға жетпес байлығым.

Қазақтай ел бұл әлемде жоқ маған,
Қарайтұғын тек таңдана көп ғалам.
Азатсың деп арайлана ататын,
Еркіндіктің ақ таңымен мақтанам.

Болды міне, келді міне, ғажабың,
Ашық бүгін иран бақтай ажарың.
Тарқамасын бес күндікте базарың,
Мың өліп, мың тірілген қазағым.

Бір Алладан амандықты сұраған,
Елім-жұртым болса екен деп дін аман.
Ұлы көшке бастап берер қазақты,
Ұлты үшін қан төкті талай ұлы адам.

Елім десе маздап шығар отты өлең,
Туған жерден артық бақыт жоқ білем.
Баста мәңгі орнап тұрған азаттық,
Тәңірімнің ұлы сыйы деп білем!

Мерейхан Райымбаев

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар