Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бір күнде бірнеше нысан ашылды

Бір күнде бірнеше нысан ашылды
www.gov.kz
Тараз қаласында Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығына арналған «Қыран елім – Қазақстаным!» атты салтанатты іс-шара өтті.

Мерекелік жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, оның орынбасарлары, құқық қорғау органдары мен аумақтық департаменттердің басшылары, зиялы қауым өкілдері, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері және қала тұрғындары қатысты.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны шырқалып, көк аспанда Мемлекеттік Ту асқақтап желбіреді. Сондай-ақ жергілікті өнерпаздардың мерекелік концертік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылды.

Көрермендерге патриоттық рух сыйлаған іс-шара «Өз елім» әнімен түйінделіп, тараздықтар көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.

Ұлттық мереке облыстың барлық ауданында кең көлемде атап өтілді.

Республика күніне орай Жамбыл ауданында заманауи мәдени-демалыс кешені халық игілігіне пайдалануға берілді.

Аудан орталығы – Аса ауылында өткен салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты.

Жаңа кешен аумағында аудандық мұрағат, балалар мен жасөспірімдер орталығы, кітапхана, сондай-ақ футбол, волейбол және баскетбол алаңдары орналасқан.

Өңір басшысы аудан тұрғындарын Республика күнімен құттықтап, ел игілігіне бағытталған жобалардың халық өмірін жақсартудағы маңызын атап өтті.

Бұдан соң қонақтар жаңа нысандардың жұмысымен танысты.

Балалар мен жасөспірімдер орталығы ауыл балалары мен жасөспірімдеріне қосымша білім алуға және қызығушылықтарын дамытуға мүмкіндік береді.

Нысан 150 адамға арналған, жалпы аумағы – 311 шаршы метр. Ғимаратта 4 оқу және 3 әкімшілік бөлме қарастырылған. Мұнда «School Media – Жас тілші», «Компьютерлік сауаттылық және 3D кескіндеу», «Жантану – психология», сондай-ақ «Energy club – күш пен сергектік» үйірмелері жұмыс істейді.

Екі қабатты жаңа кітапхана аудан тұрғындары үшін заманауи әрі қолайлы жағдай жасайды. Мұнда жалпы оқырмандарға, балалар мен жасөспірімдерге арналған бөлімдер, электронды оқу залы, конференц-зал, зағип жандарға арналған арнайы кабинет және кітап қорын толықтыру мен өңдеу бөлімі бар. Кітапханада 46 800 кітап сақталған.

Өңір басшысы кітапхананың білім мен руханияттың, мәдениет пен өркениеттің ордасына айналатынына сенім білдірді.

Ал аудандық архив ғимараты екі қабаттан тұрады. Бірінші қабатта бір қойма мен екі құжат қабылдау бөлмесі орналасқан. Екінші қабатта қойма, конференц-зал және жеті қызметтік кабинет бар.

– Бұған дейін архив саласына, нақты айтқанда аудан тарихына қатысты құжаттар ыңғайластырылған ғимаратта сақталып келді. Бар болғаны екі бөлмеде мыңдаған құжаттар орналасты. Ал бүгіннен бастап заман талабына сай салынған еңселі жаңа ғимаратқа көшіп келдік, – дейді аудандық архивтің директоры Келсінкүл Күлекеева.

Ербол Қарашөкеев спорт алаңдарын да аралап көріп, ауылдың жас спортшыларына естелік сыйлықтар табыс етті.

– Ауылымыз күн сайын көркейіп келеді. Бүгін жаңа ғимараттар бой көтеріп, спорт алаңдары ашылды. Біз мұнда тұрақты түрде жаттығып, облысымыздың абыройын асқақтатуға күш саламыз, – дейді жас волейболшы Балауса Қонақбай.

Мерекелік іс-шара соңы көңілді концерттік бағдарламаға ұласты.

 

ЖУАЛЫЛЫҚТАР 100 ПАЙЫЗ АУЫЗСУМЕН ҚАМТЫЛДЫ

Мерейлі мерекеге орай Жуалы ауданына қарасты Күреңбел ауылдық округінде таза ауызсу жүйесі іске қосылды.

Аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыру және елді мекендерді толықтай сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында бүгінде аудандағы 49 елді мекеннің барлығы 100 пайыз ауызсумен қамтылған.

2024 жылы Түктібай, Ақтөбе, Қарасу, Көктас, Күркіреусу, Амансай ауылдарында ауызсу жүйесіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілген болатын.

Биыл бұл игі бастама Күреңбел ауылында жалғасын тапты.

Ауылдағы таза ауызсу жүйесін жүргізу жұмыстарын «ТаразСтрой2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырды. Жоба аясында 42,7 шақырым құбыр тартылып, нәтижесінде 394 ауладағы 2 025 тұрғын таза ауызсуға қол жеткізеді.

Осы күні Шу ауданының Шу қаласындағы Қант зауыты ықшамауданында «Су жүйелері және су шығару ғимараттарының құрылысы» нысанының ашылу салтанаты өтті.

Жобаның негізгі мақсаты – Шу қаласының Қант зауыты ықшамауданын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету және су тарту инфрақұрылымын жаңарту.

Ықшамаудандағы абоненттер саны – 1 739, ал халық саны шамамен 7 600 адам. Су желілерінің жалпы ұзындығы 84,57 шақырым, жер учаскесінің аумағы – 1,5 гектар.

Жоба іске қосылғаннан кейін аудан тұрғындарының ауызсуға қолжетімділігі едәуір жақсарып, тұрмыстық жағдай сапасы артады.

Ашылу рәсіміне аудан әкімі, тиісті мекеме өкілдері және жергілікті тұрғындар қатысты.

 

ҮЛКЕН СҰЛУТӨРДІҢ СӘНІН КІРГІЗГЕН МӘДЕНИЕТ ҮЙІ

Сол секілді Қордай ауданының Үлкен Сұлутөр ауылында 90 орындық жаңа мәдениет үйі ашылды.

Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Бегзат Болатбеков, аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов және ауыл тұрғындары қатысты. Ауыл ақсақалы Мұқан Алтынбеков ақ батасын беріп, рухани орданың лентасын аудан әкімімен бірге Болат Жұрынов пен мәдениет саласының ардагері Людмила Насырова қиды.

Жаңа ғимаратта кең сахна, көрермендер залы және үйірме бөлмелері бар. Бұл ауыл өнерпаздарының шығармашылығын дамытуға мүмкіндік береді.

Нысанның тапсырыс берушісі – Қордай ауданы әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі, ал құрылыс жұмыстарын «Астанаэнергомастер» жауапкершіліг шектеулі серіктестігі сапалы әрі мерзімінде атқарды.

 

АЙДАРЛЫДА 90 ОРЫНДЫҚ АУЫЛДЫҚ КЛУБ АШЫЛДЫ

Заманауи мәдениет ошағының ашылу салтанатына аудан әкімі Ермек Карентаев қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышымен құттықтады.

Ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Күлжахан Рысқұлова жаңа клубтың ашылуы ауыл жастарының өнерін дамытуға зор мүмкіндік беретінін атап өтті.

Клубта «Нармиан» ансамблі, «Ақ әжелер» клубы, вокал және домбыра үйірмелері жұмыс істейді.

Қазіргі таңда Мойынқұм ауданында 1 мәдениет үйі мен 17 ауылдық клуб халыққа қызмет көрсетеді.

 

ЕКІ АУЫЛҒА ТАЗА АУЫЗСУ ЖЕТКІЗІЛДІ

Республика күнінде Т.Рысқұлов ауданының Қайыңды ауылдық округіне қарасты Сөгеті және Мамай ауылдарының тұрғындары таза ауызсуға қол жеткізді.

Жалпы құны 1 миллиард теңгеге жуық қос жоба мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылып, құрылыс жұмыстарын «Темір Строй Сервис и Ко» және «Пырақ-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері атқарды.

Салтанатты іс-шараға қатысқан аудан әкімі Ернар Есіркепов бұл жұмыстардың Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен 2025 жылдың соңына дейін елді мекендерді толық ауызсумен қамту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асқанын атап өтті.

Бұған дейін тұрғындар тіршілік нәрін көше басынан тасып ішсе, енді әр үйге дейін тартылған таза судың игілігін көруде.

Ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қуаныштарын жасыра алмай, жаңа нысанның іске қосылуына атсалысқан азаматтарға алғыс айтып, ақ баталарын берді.

Айта кетсек, соңғы үш жылда аудан аумағындағы ондаған елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Ал жыл соңына дейін тағы үш нысан – Шөңгер, Құлан және Р.Сәбденов ауылдарындағы су имараттары пайдалануға берілмек.

Осылайша, Мемлекет басшысының тұрғындарды таза ауыз сумен толық қамту жөніндегі тапсырмасы Тұрар Рысқұлов ауданында табысты орындалып келеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар