1986 жылдың ызғарлы қысы кейіпкеріміздің санасында өшпестей із қалдырған. Ол кезде Ерсін Болатқанұлы Қазақ мемлекеттік денешынықтыру институтының студенті болатын.
– Таңертең лекцияға келсек, қабырғаға «Өз елімізді өз азаматымыз басқару керек! Қазақ болсаңдар алаңға шығыңдар!» деген мазмұнда хабарландыру іліп қойған екен. Оған көз жұма қарауға ар-намысымыз жібермей, жанып тұрған жастық жалынмен алаңнан бірақ шықтық. Алаңға жиналған жастардың қарасы қалың. Арасына біз де қосыла кеттік. Бірінші күні тіземе тас тиіп, тіземнің тақылжыры жарылып, құлап түстім. Жанымдағы қыз-жігіттер мойындарындағы шарфтарымен аяғымды орап, шетке алып шықты. Ертеңіне тағы келдік. Алаңға ер-азаматтармен қатар, кеудесін намыс кернеген қаншама қазақтың қаракөздері де шықты. Көтерілісті тоқтату үшін қоғамдық тәртіп сақшылары өрескел қатігездікке барды. Арнайы үйретілген иттермен қуалап, су шашып, ұрып-соғып, әбден зәбір көрсетті. Бірге оқыған бірнеше жігіт біразға дейін жоғалып кетті. Сөйтсек, оларды бір көлікке тиеп, Қапшағай жаққа апарып тастаған екен. Естерін жиып, қақаған аязда жаяулатып, жыртық-жыртық киімдерімен бір апта дегенде қалаға әрең жеткен. Оларды кейін оқудан шығарып жіберді, екі жігіт сотталып та кетті. 17 желтоқсан күні алаңнан қайтып, жатақханаға кіре де алмай қалғанбыз. Өйткені милиция жатақхананы қоршап, алаңнан қайтқандарды ұстап әкетіп жатыр екен. Сол түні маңайдағы көпқабатты үйлердің подъезіне қонған едік. Милиция тарқады дегенде жатақхананың балконынан тығылып кірдік. Мені жолдастарым көтеріп кіргізді. Өзім жүргенге шамам болмады, жараланған тізем қансырап, ісіп кеткен. Келесі күні академиялық демалысқа өтініш жазып, ауылға кетіп қалдым. Сол кезде қалсам, өзге құрдастарым секілді қудалауға ұшырап, оқудан шығарып жіберетін еді, – дейді желтоқсаншы.
Ерсін аға бір жылға академиялық демалыс алып, жараланған тізесін емдеткен соң оқуын жалғастырған екен. Оны 1990 жылы аяқтап, Тараз технологиялық институтына жұмысқа орналасады. 22 жыл студенттерге сабақ беріп, 2012 жылы Қордай ауданына көшіп келген Ерсін Иманқұлов бүгінде №2 спорт мектебінде волейболшы қыз-жігіттерді дайындайтын бапкер.
– Қазір айтуға оңай болғанымен сол дүрбелең көз алдымнан кетпейді. Мені сол кездегі қазақ жастарының өршілдігі мен ауызбіршілігі тәнті етті. Меніңше, қазіргі буынға дәл осы қасиеттер жетпейтін секілді. Бүгінгі ұрпақ егемендік жолында құрбан болған Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова сынды батыр ұл-қыздарымыздың ерлігін ұмытпай, тәуелсіздіктің қадірін бағалаулары қажет, – дейді Ерсін Иманқұлов.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ,
журналист,
Қордай ауданы