Биыл комиссияның қарауына 15 бағыт бойынша 118 өтінім түсіпті. Мұқият іріктеудің нәтижесінде 47 үміткер жеңімпаз атанды. Олардың қатарында облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының бөлім меңгерушісі Салтанат Ділдәбекова да бар. Жерлесіміз «Жыл волонтері – 2024» халықаралық сыйлығының «Тарихи-мәдени мұраларды сақтауға және дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша марапатталды.
Салтанат Жұлдызбекқызы бала күнінен тарих пәнін жақсы көріп, болашақта тарихшы болуды армандайды. 2014 жылы практика жүзінде Жұман Смаиловтың жетекшілігімен «Көне Тараз» аумағында археологиялық қазба жұмыстарына қатысады. Жетекшісінің өз ісіне жауапкершілігі мен адалдығы балауса қыздың да қызығушылығын оята түседі.
Әсіресе жер астында сақтаулы күйінде қалған зергерлік алтын және күмістен жасалған бұйымдар таңғалдырады. Кешегі күн тарихқа айналып кетсе, келер күн ертеңгі тарихқа айналатынын, әрбір жәдігерге құрметпен қарау қажеттігін түсінеді. Сол сәтте өзінің мамандық таңдауда қетелеспегеніне көзі жетеді.
– Бұрынғы ата-бабаларымыздың жәдігерлерін, қолданған заттарын, қыз-келіншектер мен әжелеріміздің шолпы-шашпау секілді бұйымдарын қаз-қалпында көріп, ерекше сезімге бөлендім. Сол сезімнің әсерімен магистрлік диссертациямды «Ортағасырлық Тараз қаласының зергерлік өнері» бойынша қорғап шықтым. Мемлекетіміздің дамуына, рухани-мәдени тұрғыдан өркендеуіне үлес қосқым келеді. Жалпы осы салада жүргеніме он жылдың жүзі болды. Байқау барысында осы уақыт аралығындағы еңбегім бағаланып, көзге түсті деп ойлаймын. Негізі ата-бабаларымыздан қалған мұраны сақтап, келешекке жеткізіп, зерттеп, насихаттауға атсалысып жүргеніме қуанамын, – деді Салтанат Жұлдызбекқызы.
Салтанат еңбек жолын 2017 жылы Алматы қаласындағы «Казархеология» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде ғылыми қызметкерліктен бастайды. 2021 жылдан бері облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының бөлім меңгерушісі болып еңбек етеді.
Салтанат кез келген адам бойындағы Отанға, туған жерге, елге, өз ісіне деген махаббаттың құдіреті биік белестерді бағындыратынына сенеді. Ол кешеден бүгінге жеткен әрбір дүниенің қадірлі екенін жас ұрпақ сезінуі тиіс екенін айтты.
– Әр жылдары далалық маусымда археологиялық қазба жұмыстарына белсене қатысып, ғылыммен айналысып жүрмін. «Ежелгі Тараз» қалашығында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары, яғни табылған жәдігерлердің зертханалық-аналитикалық зерттеулерінің де арасында жүрдім. Ортағасырлық Талғар қалашығындағы экспедиция аясында табылған жәдігерлерді жинап, өңдеп, қалпына келтіру жұмыстарына қатыстым. Батыс Қазақстан облысының аумағындағы археологиялық экспедиция, «Баласағұн» қалашығында жүргізілген ғылыми-реставрациялық жұмыстар, «Есік алабтарындағы зерттеу» қазба жұмыстары сынды бірегей ғылыми-далалық зерттеу жұмыстарына да қалыптасқан маман ретінде атсалыстым. Кеше мен бүгіннің мәдениетін жалғап, сан ғасырлар бойы сақталған жәдігерлер мен мұраларды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа жеткізгенге не жетсін?! Ол бабаларымыздың бізге деген аманаты, болашаққа қалдырған тарихы, сондықтан біз үшін өте қадірлі әрі қымбат дүниеге айналып отыр. Әрбір жәдігерде тұтас бір ұлттың болмысы, өмір сүру ерекшелігі, ұлттық әдебі, мәдениеті анық көрініс табады. Соларды анықтап, зерттеп, болашаққа із қалдыру – біздің міндет, – дейді С.Ділдәбекова.
Тарихтан сыр тартқан Салтанаттың бүгіні биік, ертеңі еңселі болғай! Еңбегіңнің жемісін көруге тілектеспіз.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ