Әке – ең бірінші кезекте, біздің қамқоршымыз, қорғанымыз. Ұстазымыз, жол сілтеуші бағдаршымыз. Ол – ең адал досымыз, бастысы, ең бірінші дәрежелі патшамыз.
Біздің қоғамда ең көп көрініс табатын әке мен бала арасындағы кикілжіңдердің себебі – көзқарас қайшылығы дер едім. Кей-кейде «Әке, бұл жаңа заман», «Әке, сен білмейсің, бұрынғы заман емес қой», «Туу, әке, қойшы, енді мен өзім білемін, сен мені түсінбейсің» деп кей балалардың әкелеріне зекіп, ренжіп тұрғанын байқаймыз. Осындай зілді сөздерді әке жүрегі қалай қабылдар екен? Мені қатты алаңдататыны да, қынжылтатыны да осы.
Мен әкемді соңғы рет көрген кезімді ойласам, көзімнен жас ыршып шығуға айналады. Ол 2014 жылдың 11 сәуірі болатын. 10 жастағы мен күндегі әдетімше мектепке кеттім. Кетер алдында әкемді дастарқан басынан көргенмін. Дарбазадан шыққанымда оның досы Әбдіраш ағаның келе жатқанын байқап, амандастым.
– Ассалаумағалейкүм, тәте (ағаларды біздің жақта «тәте» дейді).
– Уағалейкүмәссәләм, қалайсың? Әкең үйде ме? – деп жауап артынан сауал жолдады.
– Жақсы. Иә, үйде, ас бөлмеде, – деп жауап беріп, алған бағытыма қайта түсіп кете бардым.
Мектептегі күнделікті үйреншікті ретімен өтіп жатқан уақыттың соңы денешынықтыру пәнінен аяқталды. Сол күні мен денешынықтыру сабағында ойнаған «қызыл ту – көк ту» ойынынан айрықша әсер алып, ерекше көңілденіп үйге қайтып келе жатқанмын. Қасымда Мәулен есімді сол уақыттағы көршім әрі сыныптасыммен әңгіме айтып, көңілім көтеріңкі болатын.
Үйге жақындай бере алдымнан велосипед теуіп келе жатқан Есәлі есімді көршім әрі досым шықты, бірақ ол менен бір сынып төмен оқитын.
– Ассалаумағалейкүм, қалайсыңдар? – деді.
– Уағалейкүмәссәләм, жақсы, өзің қалайсың? – дедік біз қосыла.
Оның реңі қашып, кібіртіктеп тұрды да:
– Мүсән көке қимылсыз жатып қалыпты, бәрі сенің үй жағыңа жиналып жатыр, – деп ары қарай жүріп кетті.
Менің әкемнің шын есімі Мұсатилла болатын, бірақ ол халыққа сыйлы адам еді. Есіміне тілдері келмегендіктен бе, жақсы көріп ат қойғандары ма, әйтеуір, бәрі әкемді Мүсән деп атайтын.
Есәлінің сөзінен бойымды үрей билеп, мазам қашқан мен үйге қарай тұра жүгірдім. Мәуленнің үйі біздің үйге іргелес әрі көшеден кіріп кетуге жақын болатын. Сол үйден кіріп келгенде әлі бір жасқа толмаған інімді құшақтап жылап-жылап, жаңа басылған үлкендігі 5 жас шамасындағы әпкемді көрдім. Оның жүзінен менің жаным ауырып, үрей қорқынышқа айналып, жүрегім дүрсілдеп жиі соға берді. Өз үйімнің ауласына келгенде мен бірер сәт не істерімді білмей, бір орында тұрып қалдым. Себебі мен сол сәтте меңіреу күйге түстім. Мен үшін бүкіл дүние төңкерілгендей болды. Көз алдымда еш қимылсыз темір кереуетте жатқан, өзі қара өңді болғанымен қатты қарайып бара жатқан әкем.
– Әке, әке, бірдеңе деші, мұның бәрі өтірік, түсім деші, әке! – деп өз-өзіме келе алмай меңіреу күйде есеңгіреп тұрған мені:
– Мүсәәән, Мүсәәән, – деп жылаған анамның жанайқайы оятқандай болды.
Көзімді ашсам, бір топ аға әкемді көтеріп ішке алып кіріп барады екен.
Мен есеңгіреп, бір орында жылап қала бердім...
Сол қаралы күннің ертеңіне әкемнің жаназасын шығарып, мұсылманша жер қойнына тапсырдық. Дәстүр бойынша бір уыс топырақ тастадым. Құран бағыштап қайттық. Сонда менің ойыма мешіттегі молда ағайым айтқан қабірдегі сұрақтар, періштелердің келуі түскен еді. Осылайша мен 10 жасымда әкемді жер қойнына тапсыруға мәжбүр болдым. Амал нешік, тірі адам тіршілік жасайды деп жүргенде 10 жыл уақыт өтіп кетіпті...
«Әкесі бар адамдардың басында алтын тәж болады, оны тек әкесі жоқтар көреді» дейді данышпандар. Мұның ақиқат екендігін мен білемін. Осы жоғарыда айтылып жатқан әңгіменің негізі, түп-тамыры осында жатыр.
Менің қалауым – әкелеріміз асқар таудай болып жүрсе, балалары оны қадірлеп, қастерлеп, әке жүрегіне қаяу, көңіліне кірбің түсірмесе екен деген асыл арман ғана ғой...
Менің әкем тірі болғанда ғой деп күніне бірнеше мың рет күрсінетінімді, «әкем айтты», «әкем екеуміз бүйттік», «әкеме айтқанмын» деп айналамдағы адамдар әкелерін сөз қылғанда амалсыздан қынжыла беретін, үнсіз жылайтын мені, менің жүрегімді олар қайдан түсінсін?
Әкем болса, «әке» деп айтсам деп қаншама мәрте армандап, қиялдағанымды, үнсіз жылағанымды олар қайдан білсін...
«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, менің өкінішімді сіздерге бермесе екен деп тілеймін. Бар күнінде барымызды бағалай білсек екен.
Нұрбақыт ТҰТҚЫШБЕКОВ,
Тараз қаласының тұрғыны
Тарихты топырақтан аршып жүрген Салтанат
Ұқсас жаңалықтар
«Туған өлкем шағын, шалғай болғанмен, Таланты көп, танылмаған қыр-сыры»
- авторAR-AY
- 11 желтоқсан, 2024
Ғасыр құрылысының басшысы Оразалы Қантаев туралы бір үзік сыр
- авторAR-AY
- 11 желтоқсан, 2024