Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Айдана ауызсуды үнемдеуді мақсат етеді

Айдана ауызсуды үнемдеуді мақсат етеді
Ашық Дереккөз
Қазіргі таңда су ресурстарын үнемдеу мен экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесі әлемнің көптеген елінде өзекті екені анық. Осы тақырыпта Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Айдана Құрбанова ұсынған ғылыми жоба көптің қызығушылығын тудырып отыр. Бұл зерттеу әсіресе автокөлік жуу орындарының экологиялық әсерін төмендетуге және су үнемдеуге бағытталған.

Айдананың жобасында ауызсу мәселесін шешу үшін пайдаланылған суды қайта өңдеуге арналған жаңа фильтр үлгісі ұсынылған. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, қазіргі таңда елімізде 600 мыңнан аса адам таза ауызсуға зәру. Сондықтан да жоба мақсаты – Тараз қаласының ішкі ресурстарын бағалай отырып, автокөлік жуу орындарында пайдаланылған суды тиімді тазарту жолдарын анықтау.

Айдананың айтуынша, зерттеу бірнеше негізгі кезеңнен тұрады. Жобаға дайындық барысында әдебиеттік шолу жасалып, тақырып бойынша бар ақпарат жинақталыпты. Кейін экспедициялық кезеңде Айдана жобасының жетекшісі Эльмира Акимовамен бірге автокөлік жуу орындарында қанша су пайдаланылып жатқаны туралы зерттеу жүргізіп, ауызсу сапасының ластануына қатысты деректер жинаған.

ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов: «Шағын және орта бизнес нысандары ауызсуды пайдаланатындықтан суды қайта пайдалану технологияларын енгізудің шұғыл қажеттілігі бар», –деген болатын. Сондықтан да Айдана Құрбанованың ғылыми жұмысында автокөлік жуу орындарында суды қайта пайдалану жабық циклі арқылы жүзеге асатыны туралы көрсетілген. Сондай-ақ фильтрді шынайы өмірде автокөлік жуу орындарында қолданудың 3D макеті ұсынылған.

Эксперименталдық кезеңде суды қайта өңдеуге арналған фильтрдің тәжірибелік үлгілері жасалып, соңғы аналитикалық кезеңде фильтрдің тиімділігін бағалау үшін автокөлік жуу орындарының иелерімен экономикалық және экологиялық тұрғыдан талдау жүргізілген. Зерттеу нәтижесінде ұсынылған «Natural Cone» фильтрі автокөлік жуу орындарында суды 80-90 пайызға дейін үнемдегені белгілі болады. Жабық цикл жүйесі іске қосылғанда   1 400 литр судан 1 260 литр таза су алынатыны анықталыпты. Бұл тәсіл кәсіпкерлерге экономикалық тұрғыдан тиімді болмақ. Себебі олар су тұтынуды азайтып, су салығын төмендетеді екен.

Аталмыш жоба авторы Қазақстандағы экологиялық мәселелерге жаңа көзқараспен қарауды мақсат тұтқан. Сол үшін де ұсынылған фильтр қазақстандық кәсіпкерлерге су ресурстарын үнемді пайдалануға көмектесіп, елдің экологиялық ахуалын жақсартуға өз үлесін қосады. Бұл ғылыми жұмыс су ресурстарын үнемдеп, ауызсу мәселесін шешуге бағытталған маңызды бастама болып отыр.

– Менің осы жобаны таңдауыма бірнеше маңызды себеп әсер етті. Біріншіден, экология мәселесі – қазіргі заманның ең өзекті тақырыптарының бірі. Тараз қаласында автокөлік жуу орындарының саны жылдан-жылға көбейіп келеді, ал олар пайдаланатын судың көлемі орасан зор. Сол судың басым бөлігі қайта өңделместен, яғни ағын су ретінде қоршаған ортаға зиянын тигізеді. Сондықтан мен осы жобаны таңдап, экологиялық әсерді азайтуға өз үлесімді қосуды жөн көрдім. Екіншіден, бұл жоба – практикалық шешімдерді талап ететін нақты мәселе. Мен тек теориялық зерттеу жүргізіп қана қоймай, шынайы нәтижелерге қол жеткізуді көздедім. Су ресурстарын үнемдеу және қаланың экологиялық жағдайын жақсарту менің негізгі мақсаттарымның бірі болды. Автокөлік жуу орындарына суды қайта өңдеу фильтрін орнату арқылы тек суды үнемдеп қана қоймай, шығындарды қысқартуға да ықпал етуге болады. Үшіншіден, бұл жоба – өзімнің жеке дамуыма ықпал еткен маңызды тәжірибе. Осы тақырыпты зерттей келе, суды тазалау технологияларын, сүзгі жүйелерінің жұмысын және оларды нақты жағдайға бейімдеу жолдарын үйрендім. Бұл маған инженерия, экология және кәсіпкерлік салаларында жаңа білім алуға мүмкіндік берді. Жалпы жобаға 9-11 ай уақытымды арнадым. Осы уақыт ішінде жергілікті кәсіпкерлермен жұмыс істеп, олардың пікірлерін ескердім. Жоба барысында кездескен қиындықтар мені жаңа шешімдер бойынша іздене түсуіме ықпал етіп, сол арқылы мәселелерді шешу қабілетімді жақсартты. Бұл жоба үлкен жауапкершілік жүктеп, табандылық және шығармашылық қабілеттерді дамытудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті, – дейді Айдана.

«Асыл – тастан, ақыл – жастан» дейді халық даналығы. Олай болса, су ресурстарын үнемдеу жолында ізденіп жүрген өнертапқыш өреннің талабына нұр жаусын демекпіз!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар