Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ғасыр құрылысының басшысы Оразалы Қантаев туралы бір үзік сыр

Ғасыр құрылысының басшысы Оразалы Қантаев туралы бір үзік сыр
Ашық Дереккөз
Сынаптай сырғыған уақыт-ай десеңші! Қанша жылдар анау-мынау дегенше жылжып өте шықты. Тоқтаусыз алға ұмтылған қайран өмір... Бәрі күні кешегідей есте. Алматы облысының Райымбек ауданында орналасқан Мойнақ су электр стансасының құрылысы кеңестік кезеңде қолға алынған еді. Өз уақытында Шарын өзенінде төрт су электр стансасын салу көзделген. Зерттеу жұмыстарымен және жобаны әзірлеумен мәскеулік ғалымдар Қазгидроинститутпен бірлесіп қырық жыл бойы айналысты. Нәтижесінде Шарын өзенінде 1985-1992 жылдары су электр стансасының басты желісінің құрылысы басталды. Алайда Кеңес одағының күйреуімен, қаржыландырудың тоқтатылуымен жоба аяқсыз қалған болатын. 1992 жылы қаржыландырудың тоқтауы салдарынан құрылыс жұмыстары жүргізілмей қалған еді. Ал 2005 жылы ҚР Үкіметінің арнайы шешімімен жоба қайта қолға алынды.

Шынында, Мойнақ су электр стансасы қазіргі ХХІ ғасырдың керемет құрылыстарының бірі, тіпті халық құрылысы десек болады. Тау астын үңгіп, жартасты тесіп, ені 5 метр болатын 9,2 шақырым туннель қазып, 500 метр биіктіктен екі турбинаға су құлатып, таудан аққан  асау Шарын өзеніне тоған салу жеңіл жұмыс болмағаны белгілі.  Бұл деревациялық туннельдің басты ерекшелігі – судың кіретін жері шығатын жерінен 500 метр биік орналасқан. Нәтижесінде су жоғарыдан төмен қарай үлкен жылдамдықпен құлдилап, екі қуатты гидротурбинаны қозғалысқа келтіреді. Мол қуат көзін бере алатын бұл құрылыстың бір жерінен кішкентай қате кетер болса, үлкен апатқа алып келері  сөзсіз. Сондықтан құрылысшылар ерекше жауапкершілікпен сапалы еңбек етті. 

Құрылыс маңында қысқа мерзімде жұмысшылар поселкасы бой көтеріп, асфальт жолдар салынып, ауызсу құбыры тартылды, медпункт, балабақша ашылды. Сөйтіп, табиғаты қатал, жел қағып, құйын ойнаған түз далада жұмысшы-құрылысшыларға, энергетиктерге  жайлы жағдай жасалды.

Бұл күндері тәулігіне 300 мегаватт ток өндіретін Мойнақ су электр стансасы күн сайын дамып, кемелденіп келе жатқан еліміздің энергетика саласына елеулі үлес қосып отыр.  Оның құрылысы көрші Қытай мемлекетінің қаржылай көмегімен 2006 жылы басталып, 2012 жылы толық пайдалануға берілді. 

Содан, 2018 жылдың  басына дейін Мойнақ су электр стансасы  5,422 миллиард электр энергиясын өндіріп, еліміздің оңтүстік өңірін, атап айтқанда, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстырын, Алматы, Шымкент қалаларын қажетті қуатпен қамтамасыз етіп отыр. Бұл күндері  оның  берекелі қызметіне  көпшілік  дән риза.

Әлі есімде, 2011 жылғы желтоқсан айының  соңғы күндерінде:

– Ораздан айырылып, көңілді мұң торлап, қабырғамыз сөгілгендей болды-ау  бүгін. Оның өмірі қысқа болады деп кім ойлаған. Қайран байламы жоқ дүние-ай десеңші. Қызметінің қауырттығына, уақытының тығыздығына қарамай, қандай күйде жүрсе де жолығуға уақыт тауып, арқа-жарқа пейілмен әңгіме қозғап, әрқашан ойыңды сергітіп, айналасына шуақ нұрын  шашып  жүретін, достыққа берік, ағайын  мен туыстарға  жаны жақын  қимас бауырымыз еді. Енді Алматыға келгенде оның орны ойсырап, көңіліміз құлазып тұратын болды емес пе? Оған енді не амал бар?  «Дүние – жалған» деген осы екен ғой. Несін айтайық. Е, жалған дүние-ай!» – деп  күрсініп еді жақын араласып жүрген тараздық Алтай Райқұлов пен шымкенттік  Серік Құлыбеков арда азаматты  қарақұрым  халық  арулап, соңғы сапарға  шығарып салып келе жатқан  жолда.

 Қазақта «Бір кісінің екіншіден несі артық?» деген сауалға «істеген ісі артық» деп жауап беретіні бар. Онысы да дұрыс шығар. Бірақ бұл жауап тым келте деп айтар едік.

Оразалы Қантаев білгір маман, шебер ұйымдастырушы, ел болашағын терең ойлайтын, кездескен қиындықты қиналмай шеше алатын, жүрегі таза, ойы жүйрік, игі істі ауырлығына қарамай қолдайтын, әділдікті жақтайтын,  ағайындар мен достарына  адал, отбасына Қыдыр дарыған, асқақ арманы мол, өмір қызығына тоймайтын, өжет, сыршыл,  ерекше жан еді.

Оны Қаратау өңіріндегі жұрты  «Ел азаматы»  деп құрметтейтін, ағайын-туысқан «Біртуар  перзентіміз»  деп  мақтан тұтатын, Қуаныш  ұлы  мен қыздары «Біздің сүйікті, парасатты әкеміз» деп арқа сүйейтін.  Жұбайы Бибісара «Өмірімдегі сенімді серігім» деп  ардақтайтын,  замандастары  мен  достары «Зерек туған жан» деп сыртынан сүйсінетін.

Амал не, жұмыс деп күнді түнге, түнді күнге ұрып құрылыс басында қысы-жазы жүріп, мысқылдап бойыңа енген  дерттен  уақытылы  емделмей,  ауруы қаншалықты жанына батып жүрсе де үміт отын сөндірмей, бойында соңғы күш қалғанша өмірге ғашық болып, елімізде теңдесі жоқ ірі Мойнақ су электр стансасы құрылысының  жоспарланған межеде аяқталуына  аянбай, сарқыла еңбек етті. Көп жыл бойы демалыс  дегенді  елемей, тынығуды білмей, жұмыс көркін қыздырып, бірде Астана, бірде Қытай елінде, ал енді бірде Еуропа мемлекеттерінің біріне жол тартып, Талдықорған, Кеген асып,  шешілмей жатқан күрмеуді шешіп, құрылысшыларды қызу еңбекке жұмылдыра білгенін көпшілік әрдайым еске алып, бүгінге дейін жыр қылып айтып отырады.

Оның сонау 2005 жылдан бері бірде-бір еңбек демалысында болмағанын біліп:

– Ораз бауырым, демалыс алмағаныңа қанша жыл болды? Уақыт тауып, аздап болса да  демалғаның жөн ғой, – дегеніміз бар.

Сонда оның бізге  күле қарап:

– Мойнақ су электр стансасы  – ғасыр құрылысы. Мұндай құрылыс 100 жылда бір болады. Тәуелсіз еліміз энергетикадан да тәуелсіз болуы керек. Сол мақсатты орындау мына бізге тапсырылды. Халық сенімін, ел сенімін ақтауға міндеттіміз.  Құрылыс қалай аяқталады, солай  мен де бір рақаттанып демалатын боламын. Әзірге ондай мүмкіншілік жоқ. «Покой нам только снится!» – дегені  жадымызда.

Иә, Оразалы Қантаев  жастайынан еңбекқор еді, ауыр еңбектің қадірін, ащы маңдай тердің бағасын біліп өсті. Ата-анасы аумалы-төкпелі кезеңде, өткен ғасырдың отызыншы жылдары оңтүстік өңірде жайлаған ашаршылық құрсауынан аман-есен шығу үшін  Қаратау бөктеріндегі, қазіргі Жамбыл облысының Сарысу ауданындағы Маятас  ауылынан сол шақта «нанды қала» атанған Ташкент маңына қоныс аударыпты. Ол 1954 жылы сол аймақта дүниеге келіп, орта мектепті күміс медальмен аяқтап, Ташкент қаласындағы политехникалық институтта сапалы білім алып, құрылысшы-инженер дипломына ие болды. Заман өзгеріп, елдің тұрмыс-тіршілігі түзеліп, қолдары өз ауыздарына жеткенде бүкіл сол маңда қатар отырған  қазақтар бірігіп, ауыл болып өзбек ағайындарға рақметін айтып, түпкілікті ата-баба  мекені –  Сарысу ауданына оралған еді.

Дәл сол  жылдары  жас қала Жаңатас құрылысы қызу жүріп, қанатын кеңге жайып жатқан мезгіл болатын. Елге келе сала сол құрылыс жұмысына Оразалы Қантаев та жастық жігермен қызу кірісіп кетті.  Алғашқыда  учаске бастығы болса, келе-келе бас инженер, құрылыс басқармасының бастығы, Жаңатас үй құрылыс комбинатының директоры сияқты лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды. Сөйтіп, атамекенде аттың жалын тартып, тайға да, сәйгүлікке де мінді. Жаңатас қаласының ыстық-суығын жерлестерімен бірге бөлісіп, өскен өлкенің өркендеп  келе жатқанына басқалармен бірге қуанды. Қай жерде еңбек етсе де игілікті қызметінің арқасында көптің алдында, елдің аузында жүрді, абырой-беделге бөленді. Не күндер болса да қарапайымдылығы мен адалдық қасиетінен арылмады. Табиғат бойына сіңірген қазақтың биік рухы арқасында адам жанын тез үғып, түсінетін қасиеті, ақжарқын мінезі, орынды ойлы сөзі  айналасындағыларды тәнті ететін.

Білімді маман, жақсы ұйымдастырушы ретінде  2001 жылы республикалық  «KEGOC»  акционерлік қоғамы оны Алматыға қызметке шақырды. Онда да еңбектің көзін тауып істейтін білгір азамат екенін дәлелдеп, қысқа мерзімде зор  абыройға ие болды, қызметі өсті, мерейі үстем болды.  

2005 жылдың күзінде Алматы облысының Райымбек ауданындағы Шарын өзенінің аңғарында  салынатын стратегиялық маңызы жоғары,  ауқымды  да ірі мемлекеттік жоба  – Мойнақ су электр стансасының  құрылысын басқаруды үкімет Оразалы Қантаевқа  сеніп тапсырды. Мұндай құрылыс бүкіл Орталық Азияда  бұрын-соңды салынбаған  болатын. Атпал азамат  оған батыл кірісіп, төңірегіне білгір мамандарды, энергетиктерді, сандаған құрылысшыны топтастырып, бір мың адамнан  асатын үлкен ұжымды күрделі еңбекке жұмылдыра білді. Айтуға  оңай, әйтпесе сол қыруар жұмысы бар құрылысты қысқа мерзімде аяқтау кімге болсын оңай соқпайтынын білеміз. Апталап, айлап құрылыс басында болып, даланың аңызақ желіне дес бермей, шаң жұтып, жаздың ми қайнатар ыстығына, қыстың қытымыр аязына көніп, аянбай, беріле еңбек еткенін көпшілік жақсы біледі.

Қауырт жұмыста жүріп, жердің шалғайына, жылдың мезгіліне қарамай ағайын-туысқандардың, көршілерінің, замандас-достарының қуанышы мен қайғысына ортақтасып, баршаның көңілін табатынына кейде таңғалатынбыз. Сол бір асқақ қасиетін, ерекше адамгершілігін әрқашан басқаларға өнеге ететінбіз.

Оның бойында әркімнің қолынан келе бермейтін мәрттік, имандылық бар еді. Құрылыс жүріп жатқан Шарын шатқалындағы бірнеше ауыл-аймаққа көмегін аямай, қолдан келген жәрдемін беріп, шапағатын ел-жұртқа мол  тигізіп  жүргенін кегендіктер әрдайым жоғары бағалап, айтып отыратын. Ол да азаматтықтың бір биік қыры, парасаттылықтың  ұшқыны еді.

Соңғы уақытта имандылық жолына түсіп, мұсылмандық парызды аса бір жауапкершілікпен атқарып, алдына әлдебір сұрақпен келген бірде-бір адамның бетін қайтармай, өтініш-тілегін орындамайынша тыным таппайтын еді. Ол – әр басшының бойынан табыла бермейтін  жарасымды мінез еді.

Сол Мойнақ су электр стансасының құрылысы мерзімінен бұрын аяқталып, 2011 жылдың қарашасында іске қосылғанына бүкіл қазақстандықтар куә. «Ауқымдылығы айтарлықтай  жобаны мерзімінен бұрын орындау – нағыз ерлік!» деп көпшілік қол соққан еді сол сәтте.

Оразалы Қантаевтың ел алдындағы ерен еңбегі еленіп, республикамыздың Тәуелсіздігінің 20 жылдығына  «Құрмет» орденімен марапатталып, «Қазақстан Республикасының құрметті құрылысшысы» және  «Қазақстан Республикасының құрметті энергетигі»  деген  атақтарға ие болды. Өзімен бірге отбасы, дос-жарандары, ағайын-туысқаны қуанды, мерейлері тасыды. Ол наградаларды маңдай терімен  келген  құрмет, атқарған ісіне орынды баға деп қабылдадық.

Әттең, тосын келген ажал сол қуанышты ұзағынан сүйіндірмеді. Оразалы Қантаевтың  ауыр сырқатын естіп-білген қаншама жанашыр  жандар  жәрдемдесуге қол ұшын созып, қанатымен  отқа  су сепкен қарлығаштай тіке келген  ажал  тырнағынан ажыратып алуға  күш салды, өзімен бірге күрсінді, бірге қиналды, мұңайды, қапаланды, күйзелді. Майталман маман кенеттен келіп жабысқан дертке шипа іздеп Алматының бірнеше медициналық орталығында, тіпті қасына Қуаныш  ұлын серік етіп Германиядағы беделді клиникада да болды. Бірақ ауыр дерт өз ісіне көндірмей қоймады. Өмір үшін қанша күрессе де барлық білімін, күш-қайратын қызметке бере жүріп  көз алдымызда, 57 жасқа қараған шағында «жанып» кеткені өкінішті. Әйтпесе алдында әлі талай асқақ армандар, орындасам деген қомақты  жоспар-мақсаттар  бар еді ғой. Әй, шіркін өмір-ай дейсің!.. Иә, айта берсек  әңгіме  көп. Шағын  мақалада  оның  барлығын  сыйғызу мүмкін емес. Дейтұрғанмен Оразалы Қантаевтың  артында жақсы сөз, айтулы іс, сүбелі еңбек қалды, елдің азаматы атанды, сый-құрметке бөленді. Соған шүкіршілік етеміз.

Мойнақ су электр стансасы Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында және Қазақстан Электр энергетикасының 2030 жылға дейінгі даму бағдарламасына сәйкес бой көтерген болатын. Бұл нысан бүгінде оңтүстік өңірлердің электр қуатына деген тапшылығын азайтуға, ең жоғары жүктемелерді жабуға, энергия жүйесіндегі қуатты реттеуге қатысты міндеттерді табысты шешіп отырған серпінді жоба.

2018 жылдың 7 айында бұл станса  649 миллион кВт/сағат электр энергиясын өндірді. Тұтастай алғанда, екінші энергоблок 2012 жылы пайдалануға берілген сәттен бастап су электр стансасы шамамен 5,9 миллиард кВт/сағатқа жуық электр қуатын ел игілігіне бағыттады. Атап кету керек, өзінің бірқатар технологиялық ерекшелігі мен шешіп отырған міндеттері тұрғысынан бұл станса бірегей. Ол тек «Самұрық-Энерго» холдингінің қуат өндіретін кәсіпорындары қатарында ғана емес, сондай-ақ бүкіл Қазақстанның қолданыстағы электр стансалары арасында да дараланады. Стансада техникалық көрсеткіштері мен тиімділігі жоғары әрі соңғы модификациядағы су агрегаттары орнатылған. Бұған қоса ол халықаралық ынтымақтастықтың табысты үлгісі болып есептеледі. Стансаның негізгі объектілерін жобалауға және салуға Қытайдың Халықаралық су шаруашылығы және энергетика корпорациясы қатысты. Нысанда Аустрияның «Andritz Hydro» өндірушісі жасап шығарған су турбиналары жұмыс істеп тұр. Ал гидрогенераторлары Харбин қаласында (Қытай) құрастырылған.

Бұл күндері Мойнақ су электр стансасы  Кеңсу өзеніндегі судың бір бөлігін Бестөбе суқоймасына ағызу арқылы  өнімділікті жылына 100 миллион кВт/сағатқа дейін жеткізуді межелеп отыр.

Қазақстан Республикасының энергетиктер қауымдастығының  өтінішімен асыл азамат Оразалы Қантаевтың ғасыр құрылысын салудағы ерен еңбегі бағаланып,  оның есімі 2018 жылы Мойнақ су электр стансасына берілді. Станса ауласында оның көрнекті ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Сөйтіп, еңбегін ел бағалаған азамат Оразалы Дәулетиярұлының есімі егемен  еліміздің энергетиктерінің тарихына  алтын әріптермен жазылды.

...2018 жылдың жадыраған жазы. Ұзақ қара жолды артқа тастап, жүйрік көлікпен Мойнақтан, Оразалы  бауырымыздың рухына бағышталған ас-жиыннан  кері қайтып келеміз. Қасымызда серіктес болып келе жатқан елімізге  әйгілі  азамат, қазақтың тұңғыш Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров, тараздық кәсіпкер Алтай Райқұлов  Шарын өзенінің көпірінен өте бере бірер минут аялдады.  Тау өзенінің ақ көбік болып буырқанған асау ағысын, табиғаттың әдемі көрінісін тамашалап тұрып осындай жерде тосқауыл-платина тұрғызып, жиылған су қуатын «жасыл энергияға» айналдыруға үлес қосқан айтулы азамат  Оразалы Қантаевты еріксіз еске алған болатынбыз. Сол сәтте құлагер ақын Ілияс Жансүгіровтің мына жыр жолдары ойға оралды:

Шет Меркі, Орта Меркі, Кеңсу-Меркі, 

Көкбұлақ, Жайдақбұлақ – жердің көркі.

Кеңсудың Екіашасы кербез қыздай,

Көктөбе сол кербездің кәмшат бөркі.

Арқырап асау өзен шатқа кірді,

Тау бұзып, тас талқандап, құмды иірді.

Бұрқырап, ақ көбігін аспанға атып,

Шарыны боп, қойындасып, дүркіреді. 

Бүгінде сол асау өзен бойында Мойнақ  су стансасы республикамыздың энергетикалық қуатын асырып, ел  игілігіне өз үлесін қосуда. Тәубе!

Оразалымен кездесуіміздің бірінде Мойнақ су электр стансасының құрылысы жайында әңгіме қозғағанымызда: «Халқым менің, соған берем ойымның алтын кенін» деп Мұқағали ағамыз жырлағандай, көпшілік «ғасыр құрылысы» деп атап кеткен су электр стансасының құрылысын мезгілінде аяқтап, іске қоссақ, сөйтіп, халыққа қуаныш сыйласақ, бақыт деген сол емес пе, аға?» –  деп еді-ау қайран қимас бауырым. Сол арманы орындалды, бұл күндері Мойнақ су электр стансасы халық игілігіне айналды, еліміздің дамуына елеулі үлес қосуда. Ол стансаға  оның негізін қалаған бас құрылысшы Оразалы Қантаевтың есімі  берілді.   Қазақтың «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дегені, сірә, осы болу керек. 

Биыл туғанына 70 жыл толып отырған Оразалы Қантаевтың көп жылдар Жаңатас қаласында еңбек еткен ерен еңбегін ескере отырып, маңдай терін аямай төккен шаһардың бір көшесіне оның есімі берілсе артық болмас еді. Сарысу өңірі мен Жаңатас қаласының белсенді де саналы азаматтары біздің бұл ұсынысымызды қолдайды деген сенімдеміз.  Жақсылар мен жайсаңдар  есімі ел есінде ұзақ жылдар сақтала бергей!

                                     

                                                          Сағындық Ордабеков,

                                          дәрігер-хирург,
медицина  ғылымдарының 
докторы, профессор,
Жамбыл облысының
Құрметті азаматы

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар