Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Дөңгелек ауыстыру да оңай жұмыс емес

Дөңгелек ауыстыру да оңай жұмыс емес
Ашық Дереккөз
Маусымдық дөңгелектерді ауыстыру – көлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадамдардың бірі. Дөңгелектің техникалық жағдайы көліктің қауіпсіздігіне, жанармай тиімділігіне, жол ережесінің бұзылмауына тікелей әсер етеді.

Алдымен маусымдық дөңгелектерді ауыстырудың маңыздылығына тоқталсақ, ең әуелі, қысқы шиналар суық ауа райында, қар мен мұзда жақсы қызмет атқара алады. Екіншіден, қысқы дөңгелектерді жазда пайдалану олардың тез тозуына әкеледі. Үшіншіден, маусымға сәйкес дөңгелектер қозғалыс кезінде жанармайды тиімді жұмсауға мүмкіндік береді.

Осы орайда біз дәл қазір жұмыстары қыз-қыз қайнап жатқан Тараз қаласындағы бірнеше дөңгелек жөндеу орталығына барып, ондағы жұмысшылармен әңгімелесіп көрген едік.

Осы салада 10 жылдан аса уақыттан бері жұмыс істеп жүрген білікті маманның бірі – Ербол Нәбиев. Әр жылдары құрылысшы, саудагер болып та еңбек етіп көрген кейіпкеріміз жанына жақын жұмыс осы екенін айтады.

– Басқа салаларда да жұмыс істедім. Алайда осы жұмысым өзіме ыңғайлы әрі тиімді болды. Осыдан 10 жыл бұрын жұмыс қарқынды болатын. Себебі қалада мұндай орталықтар сирек кездесетін. Қазір адым жерден менмұндалап тұрады. Жұмыс барысында техника қауіпсіздігін сақтау – басты міндет. Қолының икемі бар кез келген адам бұл жұмыспен айналыса алады. Сондай-ақ келген тұтынушымен сөйлесе білу де маңызды рөл атқарады. Себебі онымен жақсы тіл табысу, сапалы қызмет көрсету тапсырыстың көбеюіне алып келеді. Дөңгелек жөндеу барысында аса көп техника қолданбаймыз. «SILLAN» компаниясынан шыққан технологияларды пайдаланамыз. Дискіден баллонды шешу станогы, тепе-теңдік станогы, сондай-ақ көлікті көтеріп-түсіру құрылғылары мен компрессормен жұмыс істейміз. Ең басты қызмет атқаратын да компрессор, – дейді Е.Нәбиев.

Маманның айтуынша, жеңіл көліктердің шиналарын, оның ішінде 13,14,16 өлшемді дөңгелектерді ауыстыру бағасы 5 мың теңгеден басталып, 16 өлшемінен бастап жоғарылай береді екен. Дөңгелектің көлемі мен биіктігі де бағаға әсер етеді.

– Жаңа автокөліктердің жұмысын ұқыпты жасамасаң ренішін білдіріп, шағым айтатындар көп. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Кейбіреуі тіпті жұмысыңды жоққа шығарады. Жұмыс барысында шина жыртығын жамаудан бөлек, үрленетін матрастар мен жаздық бассейндерді де жамаймыз. Желімдеу барысында ресейлік материалдарды пайдаланамыз. «ROSSVIK» компаниясының өнімдерін қолданамыз. Бағасы қымбат болса да сапасы өте жоғары, – деген маман күнделікті табысы 5-10 мың теңге арасында екенін айтты. 

Ал маусымдық кезеңдерде көлік жөндеу орталығындағылар одан жоғары көлемде табыс табады екен. Кейіпкеріміз жұмыс істеуге ниет білдірген жастарға тәлімгерлік етуден қашпайтынын айтады. Қолдың икемі мен ынта-жігері болса, жұмыстың жай жапсарын үйретуге дайын.

Қысқы және жазғы шиналарды ауыстыру уақыты күн райына қарай белгіленеді. Көптеген аймақта қысқы шиналар қазан айының соңынан қараша айының ортасына дейін салынады. Таулы немесе қар көп түсетін мекендерде қысқы шиналарды ертерек орнату ұсынылады.

Дөңгелек жөндеу орталығының қызметкерлері жүргізушілерге «балансировканы» уақытылы жасауға, дөңгелектердің жай күйін қадағалауға, шина қысымын бақылауда ұстауға, маусымдық шиналарды уақытылы ауыстыруға кеңес береді. Мамандар берген кеңес көлік иелеріне жолда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектеседі. Осы ескертулерді сақтау арқылы шиналардың ұзақмерзімділігін қамтамасыз етіп, жол-көлік оқиғаларының алдын аласыз.

Мұқағали ЖАМБЫЛҰЛЫ 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар