«Қоғамымыздың рухани өміріндегі аса бір айтулы оқиғаға куә болып отырмыз. Атын бүгінде әлем білетін Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидың мүшелді жылы өз елінде алғаш рет аталып отыр. Бұл – Әбу Насыр әл Фарабидың мыңжылдық салтанатынан кейінгі екінші бір ерекше жағдай.
Бақсақ, ғасырлар бойы өз байлығымыздың қызығын өзіміз көре алмай келіппіз. Өз қазынамыздан өзіміз қол үзіп қалыппыз. Өз жақсыларымызды ағалаудың орнына кей ретте кісі ағасын көбірек жағалап кетіппіз. Сөйтіп, өзімізді өзіміз жете білмейтін, жете танымайтын жағдайға жетіппіз. Бұл – тек отаршылдық саясаттың ғана емес, сол қалыптастырған бодандық сананың өрескелдігі еді», – деген болатын.
Шындық осылай еді. Танымал ғалымдар Дулати туралы жазып, әйгілі «Тарих-и Рашиди» еңбегіне сілтемелер жасаса да халық даңқты бабасынан, оның өмір жолы мен тағдырынан бейхабар болды.
1542-1546 жылдар шамасында Кашмирде жазған «Тарих-и Рашиди» еңбегінде ол Орталық Азия халықтарының ХІV ғасырдың екінші жартысынан ХVІ ғасырдың 50-жылдарының басына дейінгі тарихы, этнографиясы мен мекен еткен аймақтары, әдебиеті мен өнері, белгілі тарихи тұлғалары туралы қалам тартты. Академик Ә.Дербісәлінің дерегі бойынша, бұл еңбек XVI ғасырда 3 рет, XVII ғасырда 5 рет, XVIII ғасырда 3 рет, XIX ғасырда 12 рет көшірілген.
Тұлғалар өмірін, тарихын білу – бүгінгі жастар үшін үлкен өмір мектебі. Қазақ халқының сондай даңқты, дара тұлғаларының бірі – осыдан 525 жыл бұрын өмір кешкен әйгілі тарихшы, дарынды ақын-жазушы, Моғолстан мемлекетінің іргесін нығайтуға ерекше күш-жігер жұмсаған қайраткер, әскери қолбасшы Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551) болды.
Феодалдық қырқысу, билік үшін күрес кезеңіне сәйкес келген оның өмір жолы жеңіл болған жоқ. Жастайынан, бір жарым-екі жас шамасында шешесі – Моғолстан әміршісі Жүніс ханның үшінші қызы Хуб Нигар ханымнан айырылуын тағдырдың ісі дегенмен, жасөспірім шағында – тоғыз жасында әкесі Мұхаммед Хұсейіннің Шаһибек ханның жендеттерінің қолынан Гератта қазаға ұшырауы ауыр соққы болды. Бұл кезде бала Мұхаммед Хайдардың басына да үлкен қауіп төнген. Тек әкесінің жақтастарының арқасында қашып шығып, аман қалып, бөлесі Бабыр патшаны паналайды. 1512 жылы Бұхара маңында шайбандықтардан жеңіліс тапқан Бабыр Кабулға қайтып келе жатқанда Жүніс ханның немересі Әбу Саид хан нағашысы мен немере ағасы Сейіт Мұхаммед жасөспірім баланы сұрап алады. 18 жыл өмірі солармен бірге Қашғарда өтеді. Сол жерде ханның ерекше қамқорлығымен тәрбие алып, өнер үйренеді. Бұрынғы ата-баба дәстүрімен Саид хан Мырза Хайдардың әпкесі Хабиба Сұлтан ханишке үйленіп, ал оған қарындасын беріп, хан тұқымына күйеу (гурган) етеді.
Сөйтіп, оның даңқты жолы осылай басталған. Бірақ өмірдің жеңісті де жеңілісті ауыр соқпақтары алдан күтіп тұрған-ды. Саид ханның әскерін бастап Бадахшан, Балур, Кашмирге жорықтар жасайды. 1533 жылы Тибет жорығынан қайтарда Саид ханның қайтыс болуы оның өміріне үлкен қайғы мен өзгерістер әкеледі. Ханның баласы Әбдірашид таққа отырысымен «мемлекет тізгінін тартып алады» деген жалған қауіппен ағасы Сейіт Мұхаммедті отбасымен жазықсыз өлтіреді. Мұхаммед Хайдар өз басына қауіп төнгенін байқайды. Біраз уақыт Тибет пен Балтистанда, Ладакта, Бадахшан мен Кабулда болып, ақыры 1536 жылы Бабыр патшаның балалары Үндістандағы Камран мен Һұмаюнға бет алады. Кейін Һұмаюн патшаның келісімін алып, 1540 жылдың 22 қарашасы күні 400 әскермен Кашмир әкімі шиашыл Қажы чак күтпеген Пир Панджал жотасындағы тар шатқалды Панч асуынан өтіп, Кашмирді қантөгіссіз өзіне қаратады. Жергілікті Абд әл-Макри мен Занги чакты өзіне одақтас етіп, билікті нығайта түседі. Кашмирден айырылған Қажы чак Шершаһтан көмек сұрағанмен, олардың әскерін 1541 жылдың 1 тамызында Мырза Хайдар сарбаздары тас-талқан етіп жеңеді. Сұлтан Зейн әл-Абидиннің ұрпағы Нәзік шақты таққа отырғызып, соның атынан елге билік жүргізеді. Сөйтіп, даңқты баба Кашмирді 11 жыл билеген.
М.Х.Дулати ғұмырының басты тағылымы – өмір сүрген кезеңі қаншалықты күрделі, қайшылықты болса да ұлы Моғұл елі алдында перзенттік борышын терең сезініп, тарихи «Тарих-и Рашиди» атты еңбегін жазуы дер едік. Моғұл елі кімдер еді? Академик Ә. Марғұлан оған былай деп жауап береді: «Жетісудің ол кездегі саяси аты Моғолстан болса, оны мекендеген тайпаларды ресми тілде «моғұл» деп атады. Бірақ бұл моғұл деп отырған көшпелі тайпалар – моңғол да, ұйғыр да, өзбек те емес, түркі тілінде сөйлейтін сол жердің тарихи заманнан бері келе жатқан тұрғын халқы болатын. Екінші түрде айтқанда, моғұл деп аталған елдер – кейін ұлы жүз құрамына кірген үйсін мен дулаттар, қаңлы мен шанышқылы, жалайырлар. Бұларды біріктіріп, саяси тіршілік ретінде не моғұл, не дұғлат деп атағандығы байқалады».
Тарихтың иірімінде талай тарлан билеушілер болған шығар-ау! Қанша дегенмен уақыт оларды ұмыттырып жіберіп жатуы да шындық. Ал Мырза Хайдарды ұмыттырмай, бізге жеткізген – тарихи еңбегі. Ол өзі туралы ғана қалам тербеп қойған жоқ, Орталық Азия халықтарының, Моғұл елінің XIV-XVI ғасырдағы тарихын кең толғап жазып, атақты тарихи тұлғаларын тірілтіп, этнографиясы мен географиясы, әдебиеті мен мәдениеті жөнінде құнды классикалық туынды қалдырды. Үлкен шабыт, ақындық қуатпен «Жаһан наме» дастанын жазды.
Оның туындыларынан елін, халқын сүйген жомарт жүрек танылады. Имандылықты, адамдар арасындағы ізгі қарым-қатынасты, бауырмалдылықты аңсайды. Халқы бақытты өмір сүретін мемлекет, мемлекет басшысы туралы ой толғайды. Елге жауыздығымен танылған билеушілерді айыптайды. Аллаға жалбарынып, имандылықты шығармаларының басты қағидаларының біріне айналдырады. Бес күндік өмірдің мәні жөніндегі философиялық-гуманистік ой толғамдары, педагогикалық көзқарастары күні бүгінге дейін ғибраттық маңызын жойған жоқ.
Мұхаммед Хайдар Дулати туралы сөз қозғағанда, ең алдымен, оны тарихшы деп біледі. Сөз жоқ, ол – ұлы тарихшы. Бірақ оның тарихшылығымен қатар, өз заманының сөз зергері, дарынды жазушы болғаны да бірінші кезекте айтылуы қажет. «Тарих-и Рашиди» тарихи деректілігімен, шежірелік сипатымен ерекшеленсе де жазылу стилімен, әдебиеттің түрлі амал-тәсілдерін орынды қолдануымен көркем туынды.
Тарихшылық пен жазушылық – М.Х.Дулатидың қос қанаты тәрізді. Қос қанат тегеурінді қуатқа ие болғанда ғана шарықтап, биікке көтеріледі. Оның әлемдік деңгейде жарқырай танылуы осы қос қанаттың тегеурінді қуатында болса керек.
Дулати мұрасын көп жылдан бері тұрақты зерттеген үндістандық профессор Мансура Хайдар тарихшы ретіндегі орнын жоғары бағалап, Моғол хронологиясының бірнеше қыры тек оның кітабында жазылғанын айтады. Орталық Азияның әлеуметтік құрылымының әртүрлі аспектілері, тайпалардың ұйымдасуы, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері, тамақ өнеркәсібінің даму ерекшеліктері мен әлеуметтік ортаға қатысты мәліметтер берілгенін атап өтеді. Сонымен қатар Мансура Хайдар М.Х.Дулатидың проза мен поэзияны парсы және түркі тілінде бірдей, жеңіл әрі біліктілікпен жазғанын атап өтеді.
Кашмир университетінің профессоры А.К.Рафики Мырза Мұхаммед Хайдар еңбегі «Тарих-и Рашиди» деп аталғанмен Рашид патшалығын ғана емес, жер шарының ұлан-ғайыр жерін, көптеген тайпа мен ұлысты қамтитынын білдіреді. Онда Батыс Түркістан, Бұхара, Ферғана, Жетісу, Іле (Қытай губерниясы, Жоңғария), Шығыс Түркістан, Тибет, Ладах, Балтистан, Гилгит, Читрал, Бадакстан, Вахан, Ауғанстан, Кашмир, Солтүстік Үндістан сөз етіледі. Алайда зерттеулер біршама кең болғанмен, негізінен Шыңғыс ұрпақтарымен, Шағатай тармағының тарихымен байланысты. Ғалым еңбектің моғолстандықтар туралы бірден-бір тарихи дереккөз екеніне назар аударып, әсіресе Кашмир тарихын зерттеуші ретінде сұлтандық дәуір, Кашмир өнері, қолөнері және сәулет өнері туралы құнды ақпараттар алғанын айтады.
Иран, Хамадан университетінің профессоры Али Мухаммади автор кітабындағы тарихи деректерді белгілі бір аумаққа қатысты қайта қарастыру керектігіне көңіл бөледі. Сонда XVI ғасырдағы тарихты жаңадан оқи аламыз. Бұл кітаптан алатын тарихи ақпарат белгілі бір елдің немесе аймақтың дәстүрлерін, тарихы мен мәдениетін тануға жол ашады деп ой түйеді. Сондай-ақ Иран зерттеушісі Мұхамед Хайдарды Герат әдеби мектебінде өскен көрнекті жазушы санайды. «Тарих-и Рашиди» еңбегінің тіл құрылымын, әдеби стилін түсіну үшін Герат әдеби мектебінің дәстүрін, осы мектептің ақын-жазушыларын, осы мектептің әдеби стилінің ерекшеліктерін білу қажеттігін алға тартады. Ол: «Мырза Хайдарды ұлы жазушы десем, бұл оған да, сізге де мақтау емес. Мен оның кітабында қолданатын кейбір тілі мен сөз өрнектеріне қатты ғашықпын. Өзге жазушылар мен ақындардан табыла бермейтін сөз қолданыстары мен өрнектер бар», – деп, өзінің бағалауын ашық білдіреді. Жазушының кітабын оқығанда тек тарихты, ойшылдықты, географиялық мәліметтерді көрмей, жанды да тың сөз тіркестерін тудырған ақын зердесіне көңіл аудару қажеттілігін айтады.
Өзбекстан тарихшысы А.У.Урунбаев «Тарих-и Рашидидің» Бабыр естеліктерінің жоғалған немесе бізге жетпеген бөліктерін белгілі бір дәрежеде толықтыруға көмектесетініне тоқталады. Сондай-ақ Захираддин Бабыр туралы өмірбаяндық мәліметтерді толықтыратын дереккөз болып табылады. Автордың жастық шағында онымен жақын араласуы, кейін олардың арасындағы шынайы достық пен сүйіспеншіліктің болуы көрнекті тарихи тұлғаны толық сипаттауға мүмкіндік бергенін атайды. Сонымен қатар өзбек зерттеушісі «Тарих-и Рашиди» бірегей дереккөз ғана емес, шығыста сирек ұшырасатын XVI ғасырдағы естелік жанры, көркем әдебиеттің ескерткіші екеніне назар аударады. Автор естеліктерінің айтарлықтай көркемдік қасиеті бар, бұл олардың қазіргі оқырманға да қалдыратын әсерінен көрінеді. Жарқын, бейнелі, орынды эпитеттер мен салыстырулар көптеп кездеседі. Бес жүз жыл бұрынғы адамдар өмірінің суреттері қазіргі оқырманды оның кейіпкерлеріне жанашырлықпен қарауға немесе ашулануға мәжбүр етеді. Ол өз заманындағы оқиғаларды баяндағанда шайқастарды, қала бақтарын түрлі-түсті мәліметтер мен гиперболаларға толы сипаттайды. Ал шығармадағы бүкіл оқиға негізінен автордың өзіне тән поэтикалық қосымшалармен көркемделген дейді.
Мырза Хайдар қазақ қауымына аса жақын болған. Әкесі Мұхаммед Хұсейін Жетісу, Шу өзені, Талас бойын мекен еткен дулаттар ортасында туып-өсіп, оның ел билеген әйгілі тұлғаларының бірінен саналған. Әрине, Мырза Хайдардың бала күннен қазақтардың арасында болу мүмкіндігі болмады. Тағдырдың ала құйын ызғары оны бірде Қашғарға, бірде Тибетке, бірде Үндістанға, бірде Кашмир өлкесіне жел айдаған қайықтай қудалады. Жат жерде билік құрды. Бірақ сонда да туған халқына, туған халқының тарихына деген сүйіспеншілігі, сағынышы бір бәсеңсімеген тәрізді.
Академик М.Қозыбаев осы пікірді бекіте түседі. Мұхаммед Хайдардың қазақтар туралы хабарлары көлемді және алуан түрлі. Деректер қазақтар өмірінің барлық салаларына – саяси, этникалық, әлеуметтік, мәдени салаларына қатысты. Бірақ бұл ақпараттар қазақтарды арнайы атайтын немесе оның мемлекетінің тарихына қатысты оқиғалармен шектелмейді. Оның басқа да материалдары қазақ халқының тарихы мен мемлекеттілігіне қатысты. Біріншіден, ол Моғолстан мемлекетінің және оның билеушілерінің тарихы. Ал оның құрамдас бөлігі Оңтүстік-Шығыс Қазақстан (Жетісу) болды. Екіншіден, Моғолстан мемлекеті тарихының құрамдас бөлігі ретіндегі XIV-XVI ғасырлардағы дулаттар, тайпаның әмірлері ұлықбектер тарихы болып келеді. Бұл ақпараттар оның шығармашылығындағы негізгі деректер болып саналады дейді.
М.Х. Дулатидың басты кітабы «Тарих-и Рашиди» тарихи деректілігімен, мазмұн байлығымен, ауқымдылығымен бағалы болса, сонымен қатар шығарманың орындалу сипаты тұрғысынан дарынды жазушының қолынан дүниеге келгендігі аңғарылады. Мұндағы тарихи оқиғаларды жандандыра баяндау, түрлі тарихи тұлғалар образдарының көрініс беруі, орынды пайдаланылған диалогтер мен монологтар, авторлық пайымдаулар мен әсер-сезімдердің көркем суреттелуі, бейнелі тіркестер мен сөз оралымдары, поэзиялық толғаныс-түйіндеулердің қолданылуы туындының әдеби сипатын аша түседі. Мұхаммед Хайдардың жазу өнері ерте байқалған. Оның адамшылық қасиеті мен өнердің алуан түрін еркін игерген дарын ерекшелігін Бабыр да атап өтеді.
Белгілі әдебиеттанушы ғалым Ж.Дәдебаев «Аса ірі мемлекет қайраткері, ғұлама жазушы» атты зерттеу мақаласында «Тарих-и Рашиди» еңбегінің әдеби сипатына, автордың дүниетанымы мен шындыққа, шығармашылық психологиясына қатысты тұжырым жасайды. Қуатты талант пен терең таным толық келісім тапқан жағдайда ғана жазушы еңбегі нәтижелі болмақ. Мұның басты көрінісін ғалым қазақ тарихи прозасының әуелгі үлгісі қатарына жататын «Тарих-и Рашиди» дилогиясынан көреді. Шығарманың тарихи-философиялық, әдеби-эстетикалық, көркемдік сипаттары тең түскен, жанрлық табиғаты, зерттеу, суреттеу пәні күрделі туынды екенін алға тартады.
Белгілі дулатитанушы, бұл бағытта көп жылдар бойы тұрақты жұмыс істеп келе жатқан М.Қазыбек «Тарих-и Рашиди» еңбегінің сұлу да айшықты тілмен жазылуын, көркемдік деңгейі биік, оқыған сайын адамды өзіне еліктіріп отыратын туынды болып шығуын автордың зор әдеби дарынымен байланыстырады. Шығарманы орта ғасырда дүниеге келген алғашқы әдеби-мемуарлық роман деп есептейді.
М.Х.Дулатидың бізге жеткен екінші шығармасы «Жаһан наме» дастаны – таза поэзиялық туынды. Бұл әдеби жәдігердің қазақ оқырмандарына жетуде шығыстанушы ғалым, академик Ә.Дербісәлі үлкен еңбек сіңірді, ежелгі түркі – шағатай тілінен Берлин нұсқасы бойынша жол-жол аудармасын жасап, алғашқы терең, монографиялық зерттеу жүргізді.
Көркем шығарма автор дүниетанымының, суреткерлік ұстанымының көрінісі. Белгілі жағдайда туындыдан жазушының өз тұлғасы – автор бейнесі көрінеді: заманында оны қандай жағдай мазалады, нені аңсады, қандай қиындықтарды басынан кешті, дүние, өмір туралы көзқарасы қандай болды – осының және өзге де жайлардың жауаптарын шығармадан аңғаруға болады. Шығарма белгілі бір идеясыз, өмір, заман, адамдар туралы өзіндік көзқарас-ұстанымсыз жазылмайды. Сондай-ақ туындыда автордың басынан кешкен оқиғалар іздерінің көрініс беруі де заңдылық. Сондықтан да қазақ халқының даңқты перзентінің адамдық, ойшылдық тұлғасын тану мен таразылауда «Жаһан наме» дастанының маңызы ерекше.
Екіншіден, қандай көркем шығарма болса да әдебиеттің көркемдік талап үдесінен, биігінен шығуы тиісті. Бұл автордың дарыны мен жазушылық шеберлігінен, туындының орындалу деңгейінен аңғарылады. Міне, осы тұрғыдан таразыласақ, М.Х.Дулати «Жаһан наме» дастанында өзіне дейінгі әдеби дәстүрді терең игерген және көркем шығармаға тән барлық көркемдік компоненттерді орнымен пайдалана білген дарынды ақын деуге толық болады.
Қорыта айтқанда, Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати – әлемдік тұлға. Оның мұраларын, өмірінің соңғы жылдарын тереңдей зерттеу – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Өз заманының сауатты, ақылман тұлғасы Мұхаммед Хайдардың, мәселен, өзге атақты тұлғалармен хат жазыспай тұруы мүмкін емес. Кашмирде 11 жыл билік жүргізген кезінде мемлекеттік ісқағаздарында оның қолтаңбасы болуы әбден мүмкін. Ол мұралар іздеушісін күтіп, әлемнің архив қорларында жатуы ықтимал. Әрине, оны зерттеу, іздеу үшін тіл білетін дарынды зерттеушілер тобы және мемлекет тарапынан қолдау қажет.
Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымдарының
докторы, профессор
Қолбасшы Қойгелді ескерткіші қараусыз қалды
Ұқсас жаңалықтар
Қазақстандық фильм халықаралық фестивальде екі жүлдеге ие болды
- авторAR-AY
- 12 желтоқсан, 2024