Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қажетті һәм қолжетімді принтер

Қажетті һәм қолжетімді принтер
Ашық Дереккөз
Аяла Әділет пен Серік Нұрайлым Тараз қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицейдің 9-сынып оқушылары. Дарынды оқушылар Мейрамгүл ұстаздарының жетекшілігімен көру қабілеті шектеулі жандарға арналған Брайль принтерін жасап шығарды. Жобаның негізгі мақсаты – көру қабілеті шектеулі адамдардың сауатын ашып, мүмкіндігінің шектеулілігіне қарамастан принтер құрылғысын қолдануына ықпал ету.

Мейрамгүл Батыйханқызының қолдауымен Брайль принтерінің принципі бойынша қолжетімді материалдарды пайдалана отырып перифериялық құрылғыны дайындауға 1 жыл уақыт кетіпті. Принтер дайын болғанда облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасына барып, аталған руханият ордасының тифлология бөлімінің кітапханашысы Ербол Бегимовке жолығып, тәжірибе алмасып, принтерді көрсетеді. Әр әріптің дұрыс шыққан-шықпағанын тексертіп, дыбысталуына дейін тыңдатып, құрылғының мінсіз болғанын қадағалайды.

– Брайль принтері қолжетімді материалдардан жасалғандықтан құны небәрі 17 мың теңгені құрайды. Ал арнайы сатып алынатын Брайль принтері 4 миллион теңге тұрады. Дені сау бала 2 күнде әріп жаттап алса, көзі нашар көретін немесе зағип балаларға әр әріпті жаттау одан анағұрлым ұзақ уақытты қажет етеді. Сондай балаларға оқу процесін жеңілдету мақсатында қандай да бір қажетті дүние жасап шығаруды көздеген болатынбыз. Кәдімгі принтерді алып, оған лайықтап 3D принтерінен әріптерді шығарып, пернетақтаға жабыстырдық. Сөйтіп, инемен қағазды тесіп шығаратын әріптердің комбинациясы арқылы кез келген зағип жан оқи алатындай етіп әдіптедік. Әр әріпті басқан кезде инемен тесіп жазылған әріптер саусағына батып, қандай әріп екенін сезе қояды. Әрі дыбысталған соң әріптерді лезде ұғып алады. Сонда әр әріптің үстін басқан кезде саусақ ұшына сезіліп, дыбысталуы балалардың әріпті жылдам жаттауына оң ықпалын тигізіп, әріптерді қайталап тұрады. Мәселен, принтерден «алма» деген сөзді шығаратын болса, қолына бірден сезіледі. Егер қателік жіберсе, ол да бірден білінеді. Бұл принтермен бала тіпті үйде де жаттықса қолайлы. Ал осындай принтермен кәсіби деңгейде жұмыс істеп жүрген облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының қызметкерлері жобамызға «өте қажетті, қолжетімді әрі ыңғайлы принтер» деп баға берді, – дейді Мейрамгүл Батыйханқызы.

Нұрайлым Серік принтер адамдардың кәдесіне жараса, ең басты жетістік сол екенін айтады.

– «Бұл жобаны жасауға қандай себеп болды?» деген сұрақ туындаса, қазіргі таңда зағип жандардың көптігі мен олардың тұрмыстық жағдайын назарға алғанымызды айта аламыз. Кез келген адамның өз мүмкіндігін шектеусіз қолданып, толыққанды ақпарат алып, білім нәрімен сусындауға құқы бар екенін ескерсек, біздің жобамыз зағип жандарға қажет-ақ. Өкінішке қарай, Брайль принтері көпшілік үшін қолжетімсіз екені анық. Сол себепті біз қолжетімді бағада, арзан материалдарды пайдалана отырып Брайль принтері принципі бойынша жұмыс істейтін құрылғыны ойлап таптық. Бұл құрылғыны жасауға толықтай 1 жыл уақыт кетті. Жобамызға деген қызығушылығымызды арттырған жетекшіміз Мейрамгүл Батыйханқызына алғысымыз шексіз. Әкем мен анам – менің ең үлкен қолдаушыларым. Олар маған кішкентай кезімнен бастап жақсы тәрбие беріп, әрдайым дұрыс жолды көрсетіп отырады. Мен олардың сенімін ақтауға тырысамын, – дейді Нұрайлым.

Аяла да өзінің жетістікке жету жолында қолдап, үнемі сенім білдіріп жүретін отбасына шексіз алғысын білдірді.

– Біздің шаңырақта ата-анам, әжем және бауырларымды қосқанда жеті адам бар. Отбасымның әрдайым қолдау көрсетіп, бастамаларыма көмек қолын созып жүргені жүрегіме қуаныш ұялатады. Осындай жетістікке жетуіме ата-анам мен әжемнің тигізген көмегі зор. Ел ертеңі үшін аянбай тер төгіп, алдағы уақытта да ауқымды жобалар дайындап, тек биіктерден көрінуді қалаймын. – деді Аяла.

Қазіргі таңда принтердің инесі мен қажетті құрал-жабдықтар үшін қытайлық өнімге тапсырыс берілген. Алдағы уақытта қазақ әріптерімен арнайы жасалған принтердің құрал-сайманы түгел жиналып бітсе, аталмыш құрылғы көзі әлсіз көретін және зағип жандардың қажетіне жарайтын болады.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар