Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қолбасшы Қойгелді ескерткіші қараусыз қалды

Қолбасшы Қойгелді ескерткіші қараусыз қалды
А.Қартабай
Тараз қаласының дәл орталығында, анығы, Төле би және Қолбасшы Қойгелді көшелерінің қиылысында жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық күрестің көрнекті өкілі, қолбасшы Қойгелді батырдың ескерткіші орналасқан. Алайда ескерткіш орналасқан аумақ қазіргі таңда мүлдем қараусыз қалған. Кешқұрым уақытта бұл жер маскүнемдердің бас қосатын тұрағына айналса, кей кездері өткен-кеткендер өздерінің қажеттіліктерін де осында өтейді.

Шаһар тұрғындары да бұл жағдайға алаңдаулы. Тараз қаласының тұрғыны, тарих ғылымдарының кандидаты Тоқболат Сейілхан мәселеге қатысты пікірін білдірді.

– Қойгелді батырдың ескерткіші – ұлттық мақтанышымыз. Ол – бабаларымыздың ерлігін және рухын насихаттайтын маңызды орын. Алайда қазіргі күйі көңілге қаяу салады. Ескерткіштің маңын ретке келтіріп, көгалдандыру, жарық орнату жұмыстарын жүргізу қажет. Мұндай жерлер жастарды тарихты құрметтеуге тәрбиелейді, – дейді Т.Сейілхан.

Тағы бір тараздық тұрғын Гүлжан Жаңабаева болса, аллеяның ретке келтіріліп, батырдың ерліктері жазылған тақтайшалар орнатылса деген тілегін білдірді. Оның пікірінше, тарихи нысанның қолжетімді ақпаратпен жабдықталуы жастарға өнеге болар еді.

Тұрғындардың пікірінше, ескерткіш маңын тазалау, жарықтандыру, көгалдандыру және қолбасшының өмірі мен ерлігі жайлы мәліметтер орнату – маңызды міндет. Мұндай қадамдар қала тұрғындарының тарихи-мәдени мұраларға құрметін арттырып қана қоймай, Тараздың тарихи орындарына деген қызығушылықты арттыра түсер еді.

– Қолбасшы Қойгелді батыр – қазақ халқының тәуелсіздігі мен жерін қорғауда ерен ерлік көрсеткен тарихи тұлға. «Қазақта батырлар көп, қолбасшы біреу ғана. Ол – Қойгелді, – деген белгілі кәсіпкер әрі ұлтжанды азамат Нұрғазы Бекбердиев батырдың ерлігін ұлықтап, келер ұрпаққа жеткізу мақсатында 2027 жылы қолбасшының 315 жылдығына орай дайындық жұмыстарын бастауды ұсынады.

Сондай-ақ ол ескерткіш маңын ретке келтіріп, жаңғырту үшін эскизін де дайындап жатыр екен. Н. Бекбердиевтің айтуынша, бұл эскиз ескерткіш айналасын көркейтіп, батырдың ерлігін ұлықтайтын көркем аймаққа айналдыруды көздейді.

– Қойгелді батыр – 1730 жылы Аңырақай шайқасына, 1734 жылы жоңғарлардың екінші шабуылына қарсы күресте оңтүстік қазақтарының әскербасы болған. 1740-1750 жылдары жоңғар қалмақтарымен болған шайқастарда, 1756-1757 жылдары Оңтүстік Қазақстанды қалмақтардан азат етуде ерлік көрсеткен. Оның рухани мұрасын келер ұрпаққа жеткізуіміз қажет. Батырдың 315 жылдығына дайындық жұмыстарын осы кезден бастаған жөн. Бұл – біздің өткенімізді қастерлеп, оны болашаққа аманаттау жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Эскизде көгалдандыру, жарықтандыру, сондай-ақ Қойгелді батырдың өмірі мен ерлігін баяндайтын ақпараттық тақталар орнату қарастырылған. Бұл ескерткішті көрген әрбір адам батырдың ерлігімен сусындауы тиіс, – дейді кәсіпкер.

Айта кетерлігі, қолбасшыға арналған еңселі ескерткіш осыдан жиырма алты жыл бұрын, яғни 1998 жылы ерекше сән-салтанатпен ашылған еді. Қаланың көркін арттырған бұл монументті орнатуға және оны салтанатты түрде ашуға қомақты қаражат бөлінді. Алайда мерекелік шара аяқталған соң ескерткішке де тиісті назар аударылмады.

Ескерткіштің не себепті қараусыз қалғаны туралы сауалымызға тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры, тарихшы Қуаныш Дәурембеков жауап берді.

– Расымен де ескерткіштің маңы қоқысқа айналып, қараусыз жатқанын білеміз. Бірақ ескерткіштер біздің мекемеге қарағанымен, Тараз қаласының аумағындағы киелі орындардың аумағын күтіп-баптау Тараз қаласы әкімдігінің міндеті. Біздің мекеме облыстағы барлық ескерткішке мониторинг жасап, сол байынша ондағы мәселелерді жергілікті атқарушы билікке жеткізіп отырамыз,– деді Қ.Дәурембеков.

Осы орайда қаланың тазалығына жауапты «Жасыл ел-Тараз» серіктестігіне де қайырылдық. Мекеме өкілі Айдын Бейсеков ескерткіш маңын тазалау үшін арнайы жұмысшы топтың жіберілгенін, әрі қарай да бақылау жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.

Батырдың 325 жылдығы қарсаңында ескірген ескерткішті де, аллеяны да қайта қалпына келтіріп, қолбасшының ерлігін дәріптейтін мәдени іс-шаралар ұйымдастырылса, арнайы көрмелер ашылып, батырлық рухты насихаттайтын жиындар өткізілсе, бұл рухани мұраны қастерлеудің маңызды қадамы болар еді. Мектептерде ашық сабақтар өтіп, ғылыми-әдістемелік конференциялар ұйымдастырылса, жастарға өнеге, ұлтқа ұлағат болары сөзсіз.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Әлем таныған тұлға
Алдыңғы мақала
Әлем таныған тұлға

Ұқсас жаңалықтар