Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сағат сыйлауға бола ма?

Сағат сыйлауға бола ма?
Ашық Дереккөз
Кейбіреулер сағатқа қатысты түрлі наным-сенімдерді ұстанып, адамдар арасында негізсіз үрей туғызады. Мәселен, сағатты «уақытты ұрлайды», «айырылысудың нышаны», «қарым-қатынасқа кері әсер етіп, сыйластыққа сызат түсіреді» деп қабылдайтындар да бар екенін көріп жүрміз.

Электронды және қолсағаттар пайда болмас бұрын ата бабаларымыз қолдан күнсағат және құмсағат жасап, күнтізбе құрастырған. Деректерге сүйенсек, алғашқы механикалық сағаттар XIV ғасырда пайда бола бастады. 1404 жылы алғаш рет Мәскеудегі мұнараға сағат қойылды. Арада 1 ғасыр өтіп, механикалық сағаттар жаппай сатылымға шыға бастады. Голландиялық ғалым Х.Гюйгенс 1657 жылы маятникті ойлап тапты, мұнымен уақыттың дәлдігі арта түсті.

Алғаш электронды сағат деген ұғым 1952 жылы газет беттерінде жазыла бастайды. Француздың «Лип-Безансон» (Leap Besancon) және америкалық «Elgin Watch Company» фирмалары электронды сағат шығарамыз деп баспасөз беттерінде әлемнен сүйінші сұрайды. Бірақ алғашқы электронды сағаттарды арада жеті жыл өткенде «Гамильтон» (Hamilton) атты фирма шығара бастады. Сондай-ақ алғашқы қолсағаттар 1812 жылы Неополитан корольдігінде жасалған екен.

Ал қазіргі озық технология дәуірінде қолсағаттың түр-түрі шығарылуда. Егер қалтаңыз көтерсе, алтынмен апталып, күміспен күптелген сағат та таба аласыз.

Дегенмен сағат сыйлау тұрғысында кейбір мемлекеттердің ақылға қонымсыз наным-сенімдері де бар екен. Мәселен, Қытайда сағатты сыйлау «жерлеу рәсіміне шақыру» деп саналса, славян халқында «бақытсыздық әкеледі» деген сенім қалыптасқан.

Елімізде де сағат сыйлауға қатысты адамдар арасында түрлі көзқарас бар. Осы орайда Мәди есімді қала тұрғыны сағатқа байланысты өзінің басынан өткен оқиғаны баяндап берді.

– Әскерде жүрген кезімізде өзіңнен 6 ай кейін келген сарбаздардың киімін, сағат және өзге де бұйымдарын тартып алу «дембельдердің» дәстүрлі үрдісі болатын. Әрине, мен өзім мұндайға бармағаныммен жанымдағы жолдастарым бір сарбаздың қолсағатын тартып алып, маған сыйлағандай кейіп танытты. Басында тағып жүруден қымсынып, кейіннен ұялуға себеп жоқтай жүре бердім. Арада біршама айлар өтіп, тәуліктік кезекшілікте тұрған уақытымда қолымдағы сағат өзінен-өзі бауынан шешіліп, жерге құлап түсті. Сағат кешкі 19:00 кезі болатын. Өздігінен құлап, жарамсыз болып қалған сағатты қалыпқа келтіремін деп түні бойы алыстым. Әрекетімнен нәтиже шықпады. Таң атып, тәуліктік кезекшілік ауысымды тапсырып, казармаға келдік. Жексенбі сарбаздар үшін ең маңызды әрі қуанышқа толы күн болатын. Себебі күні бойы теледидар қарап, ата-анамызбен сөйлесіп, бір марқайып қалатынбыз. Алайда түскі асқа баратын уақытта бір сарбаздың бір шетте жылап тұрғанын көріп қалдық. Барлық сарбаз қасына жақындап, мән-жайды сұрадық. Әлгі сарбаз өз-өзіне келгеннен кейін не себепті көңілі босағанын айтып берді. Сөйтсек, сенбі күні кешкі жеті шамасында жақын досы өз-өзіне қол жұмсап, о дүниелік болыпты. Тура сол сәтте біреу төбемнен мұздай су құйып жібергендей болды. Себебі әлгі сағатты жолдастарым осы жігіттен тартып алып, маған сыйлаған болатын. Арада біршама уақыт өткеннен кейін сарбаздан досы жайлы сұрап, қолымдағы сағатты да көрсетіп, мән жайды анықтағым келді. Сонда әлгі сарбаздың «осы сағатты о дүниелік болған досым сыйлаған еді» деген сөздерін естігенде аузыма құм құйылғандай үнсіз қалдым. Қалайша? Сағат қолымнан түсіп, сынған уақыт пен досының қайтыс болған уақыты бірдей. Осы оқиға ұзақ уақыт бойы есімнен шықпай жүрді. Содан кейін ешкімнің сағатын алмайтын болдым және жақындарыма да сыйламаймын деп шештім, – деді Мәди.

Шынымызды айтсақ, Мәдидің айтып берген оқиғасын естігенде сенер-сенбесімізді білмей аңтарылып қалдық. Сондықтан да ең алдымен сағат сыйлауға қатысты дін өкілдерінің де пікірін білуге асықтық.

– Асыл әрі көркем дінімізде сағат сыйлауға байланысты қатып қалған қағида жоқ. Шариғатымызда бір-біріңді қуантып, сүйіспеншілікке бөлеңдер деген сөз бар. Демек, бір-біріміздің көңілімізді аулап, қолда бар дүниемізді хадия етіп (сыйлық), сыйластық пен сүйіспеншілікке бөленуге болады. Қасиетті Құран Кәрімде «Алла жолында садақа беріңдер де, тілектеріңді сұраңдар» деген аят жолдары бар. Демек, сыйлық сыйлау да садақаның бір түрі. Ал хадияның белгілі бір мөлшері мен түрі жайында дінде бекітілген арнайы тәртіп жоқ, – дейді облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Ғалымбек Жәпек.

Сағат жөндеуші маман Мейрамбек Сәлиұлы да сағат сыйлаудың ешқандай әбестігі жоқ екенін айтады.

– Өмірімнің біршама жылын сағат сатуға және жөндеуге арнадым. Бізде сағат бағалары бес мың теңгеден басталып, жүз мыңға дейін жетеді. Әрине, сағат сатып алып, жақынына сыйлайтындар көп. Ал енді кейбіреулер сағат сыйлаудың дұрыс еместігін айтып жатады. Бұл пікірді құптамаймын. Онда тұрған ештеңе де жоқ, – деген Мейрамбек Сәлиұлы жарамсыз күйге түскен сағатты жөндетіп әлек болғанша, жаңасын сатып алуға кеңес берді.

«Сағатың алтын болсын, қола болсын,

Бәрібір бір уақытты көрсетеді» деп айтыс ақындары жырлағандай, сағаттың бағасы мен брендіне мән беру аса маңызды емес. Сағат тағу – уақытты ұтымды пайдалану мен іскерліктің белгісі. Сонымен қатар сағатты сәндік үшін тағатындар да көп. Уақыттың өлшем бірлігіне айналған құралды наным-сеніммен ұштастыру қисынға келмейтіні белгілі. Ендеше сағат сыйлауға болмайды деген нақты түсінік жоқ. Керісінше жақындарыңызға сыйлық сыйлап, оны қуанту сыйластықтың бір белгісі.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар