Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жұбайлар бар әңгімесі таусылған...

Жұбайлар бар әңгімесі таусылған...
Ашық Дереккөз
Биыл 15 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңға қол қойды. Жаңа заң әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтуді көздейді. Заңға сәйкес ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру қылмыстық әрекетке жатқызылып, жаза бұрынғыдан қатайтылды.

«Әйелді бастан, баланы жастан», одан қалса, «Қатын жолда, бала белде» деген таяз түсініктің соңында өз айтқанымен күн кешетін еркектер қоғамда аз емес. Тіпті ащы суға сылқия тойып алып, әйелін үй айналдыра қуатын еркектер ешқашан «менікі дұрыс емес» демейді. Талмас төзімнің жетегінде бәріне шыдап баққан отанасының үнсіз көмбістігінің кесірі бір әйелді мүгедек етсе, енді бір нәзікжандыны өмірімен қош айтыстырып жатқаны рас. Бұл «Ауруын жасырған өледінің» кері. Мұндай берекесіз отбасыда өскен бала да жасқаншақ болып жетіледі әрі психологиясы өзгереді.

Әрбір шаңырақтың асқаралы Алатаудай тірегі болған әке мен бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен ананың тату-тәтті ғұмыр кешкеніне не жетсін?! Адамзат өміріндегі ең басты құндылық – адам бостандығы десек, біреудің жеке тіршілігіне қол сұғып, мәжбүрлеу – қылмыс. Себебі кеудесінде жаны бар әрбір тіршілік иесінің өз құқығы, ар-ожданы, қалауы бар. Сол қалауына қылау түсіріп, ойын өзгертуге ықпал етіп, қол жұмсап, күш көрсетіп, тыныштығын бұзу, бақытын ұрлау – қиянат. Себебі әрбір жүрек иесінің өз қалауымен ғұмыр кешуге хақысы бар.

Енді жаңа шыққан заң оспадар күйеуінің соққысына үнсіз көнген әйелдің тәтті етін ащы таяқтан қорғайды. Енді мың жерден миында «өмір заңы, шыдау керек» деген таяз түсінік қалыптастырып, таяқ жеп үйренген әйел үнсіз қалса да кез келген тұрмыстық зорлық-зомбылықтың куәсі болған жан тәртіп сақшыларына хабарласып, мән-жайды айтып берсе болды, «жұдырық» иесі жауапқа тартылады. Бұл заң соққыға жығылған әйелдің айыптауын күтіп тұрмайды.

Жалпы әрбір пенденің өмір сүрудегі ең басты міндеті, аттап кете алмайтын қағидасы зорлық-зомбылықпен күрес болуы шарт. Осындай жөнсіздікті болдырмау мақсатында облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі облыс әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, үкіметтік емес ұйымдар және меморандумға қол қойған қатысушылармен бірлесіп 255 іс-шара өткізіпті.

Облыс аумағында 9 айда әртүрлі акциялар аясында «Жасөспірім» жедел алдын алу іс шарасы қолға алынған. Мысалы, «Тұрмыс», «Есеп», «Құқықтық тәртіп» «Жолдағы қабылдау», «Стоп-трафик», «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Участок», «Наурыз мейрамы», «Соңғы қоңырау», «Балаларды қорғау күні», «Бақытты отбасы» «Алғашқы қоңырау», «Таза Қазақстан», «Менің отбасымның портреті» және тағы басқа да шаралардың қоғамға бергені мол.

– Биылғы жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша, жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық зомбылықтан қорғау тобының қызметкерлері 3 016 іс-шара өткізді. Облыс аумағында 2 мемлекеттік дағдарыс орталығы жұмыс атқарады. Оның бірі – облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы. Екіншісі – Қордай ауданында орналасқан мекеме. Сонымен қатар облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының Тараз қаласында, Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Мойынқұм, Меркі, Т.Рысқұлов, Сарысу, Талас және Шу аудандарында ашылған әлеуметтік-психологиялық кеңес беру кабинеттері бар. Орталық биыл наурыз айының басында басқа ғимаратқа көшіп, 24 орынға кеңейтілді. Осы жылдың үшінші тоқсанының қорытындысына сәйкес орталыққа 61 әйел, 159 бала орналастырылды. Заңгер, психолог, балалар психологі, әлеуметтік қызметкерлер тарапынан 1 625 консультация ұсынылды. «Сенім» телефонының жедел желісіне көмек алу үшін 1 181 әйел жүгінді. Сондай-ақ Тараз қаласында 2014 жылы «Аналар үйі» қоғамдық қоры ашылған. Қордың мақсаты – аналардың сәбиінен бас тартуының алдын алу, жетімдікті азайту. 2024 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша, 17 әйел 23 баласымен аналар үйіне орналастырылды. «Сенім» телефонына 100-ден аса әйел өтініш білдірген. 204 әйелге консультация берілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық кезінде ештеңені жасыруға болмайды. Отбасылық тұрмыс – қорқынышқа, ұрып-соғуға, қорлауға, психологиялық қысымға негізделмеуі керек. Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы ашық айту үшін республикада тәулік бойы «111» және «150» сенім телефоны жұмыс істейді, – деді облыстық полиция департаментінің ақпараттық саясат бөлімінің бастығы Гүлсара Мұхтарқұлова.

Иә, отбасындағы ізеттілік пен сыйластықтың тамыры тереңде. «Екі жарты, бір бүтінге» айналған екі адамның арасындағы болмашы өкпе қит етпе ренішке өтіп, өшпенділікке жетіп, соңында араздасып, дөрекілікке ұласумен жалғасып кете берсе, қауіпті-ақ. Себебі «Бір күн ұрыс болған үйден, қырық күн береке кетеді» деген тәмсіл бар.

ТӘТТІ ЕТІҢЕ АЩЫ ТАЯҚ ТИГІЗБЕ!

Көңіл көңілден су ішетінін ұмытпаған абзал. Ал жылы сөз қашанда жан семіртеді. Кейде жылы-жылы сөйлеп, жыланды інінен шығаруға болатын сөз құдіретін кейбір адамдардың ашу мен ызаға алмастырып алатыны өкінішті. Ал адамның ішкі пайымына құлақ аспай, зорлықпен мәжбүрлеуі, тоқпақтап ұрып, күш көрсетуі адами қасиеттен жұрдай етеді. Оның үстіне мұндай әрекет заңға қайшы.

– Зорлық-зомбылық тәрбиесіздіктен туындайды. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөз дәл айтылған. Тәрбиесіз берілген білім келешекте апат алып келеді. Өскен орта, ата-ананың тәрбиесі сүтпен келіп, сүйекпен кетеді. Бала жасында қандай тәрбие алса, ержеткенде сол әдет қалмайды. Егер әлемде зорлық-зомбылық болмаса, адам өмірі әдемі де әсем, нұрлы күндерге толы болар еді. Барша қыз-келіншектер мен олардың шаңырағының асыл азаматтарын өз отбасында сәбилерімен бақытты-баянды ғұмыр кешуге ұмтылуға шақырғым келеді. Бақыттың берекелі отбасында ұзақ тұрақтайтынын естен шығармайық, – деді психолог Гүлжан Омарова.

Негізі статистикалық мәліметтерге сүйенсек, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көбеюіне экономикалық құлдырау, материалдық жағдайдың төмендеуі, жұмыссыздық көп ықпал етеді. Сондай-ақ ішімдікке әуес болу мен есірткінің кесірі де адамның тағдырын тәлкекке ұшыратады. Кейбір отбасы мүшелері зиянды әрекеттерді жаппай қолданатындықтан шаңырағында береке болмайды.

Қазіргі таңда нәзікжандылар арасында зорлық-зомбылыққа мүлде төзбеушілік қағидасы қалыптасып келеді. Сондықтан отбасындағы кикілжіңді қазіргі әйелдер бұрынғы әжелер сияқты елеусіз қалдырмауға тырыспайды. Расында, көгіс тартқан көзін «күйеуі бар әйел таяқ жейді» деп елемей жүре беретіндердің заманы өткен. Қазір ер мен әйел тең құқылы әрі біреудің өмірін қорлауға, күш көрсетуге ешкімнің қақысы жоқ екенін еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін біледі, өз құқын қорғай алады. «Бас жарылса, бөрік ішінде» деп жылы жауып қоймайды.

Дейтұрғанмен тұрмыстық зорлық зомбылық бүгінде әртүрлі бағытта даму үстінде. Мысалы, күш көрсету, психологиялық соққы, жыныстық қарым-қатынасқа қатысты қысым, экономикалық зорлық-зомбылықтар ел ішінде кеңінен етек алып тұр. Осыған орай қазіргі таңда Қазақстан Республикасында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсетумен айналысатын орталықтар көбейіп келеді. Тараз қаласындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге арналған дағдарыс орталығы мен «Аналар үйі» соның бір дәлелі. Мұндай орталықтар ана мен баланың қауіпсіздігіне толықтай жауап беріп, оларға психологтар мен адвокаттардың көмегін ұсына алады.

– Күйеуінен қорлық көрген әйелдердің әңгімесін тыңдаған сайын ерлі-зайыптының ортасындағы барлық қиындық, ең алдымен, екі жақтың туыстарынан туындайтынының куәсі болып жүрміз. Екіншіден, материалдық жағдайға байланысты болады. Одан кейін үйдегі ұрыс-керіске қатысты барлық мәселе тікелей ерлі-зайыптының ортасында өрбиді. Біздің орталықтың ең басты мақсаты – екі жасты ажырастырып жіберу емес, керісінше, шиеленіскен мәселесін шешу. Тығырыққа тірелген отбасына көмектесіп, дұрыс бағыт бағдар беру. Барлық мәселені оңынан шешу мақсатында туған-туыстарын түгел шақырып, әрқайсысының позициясын тыңдап көреміз. Кімнен қате кеткенін іздеп, сол түйінді тереңдетпей тұрып шешуге тырысамыз. Айта кететін бір жайт, бір келіншек күйеуінің тарапынан қысым көргендіктен біздің психологтардың көмегіне жүгінген. Кейін орталық психологтарының атсалысуымен шаңырақ шайқалмай, сақталып қалды. Бағыт бағдар беріп, болашақтарының баянды болуына зор үлес қостық. Қазіргі таңда олар өте бақытты тұрмыс кешіп жатыр. Орталыққа қайырылғандардың бәріне осылай көмек қолын созуға тырысамыз. Ең әуелі, олардың әрқайсысының қателігіне құлақ асып, сол қателікті болдырмау үшін не істеу қажеттігін егжей-тегжейлі түсіндіреміз. Бүгінгі таңда біздің көмегімізге жүгініп, аяғынан нық тұрып алғандар алғысын жаудырып, ризалығын білдіріп тұрады. Жаз айында күйеуінен әбден қорлық көрген әйел көмегімізге жүгінді. Ол тым ашушаң, әлсіз әрі қорғансыз халде орталықтың табалдырығын аттаған болатын. Орталыққа келгеніне бес айдың жүзі болды. Ол әйел қазіргі таңда өзгерген. Бізге күнделікті алғыс айтып, ризашылығын білдіріп отырады. Алғыс алғаннан артық сүйіспеншілік жоқ деп ойлаймын, – дейді облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының психологі Зухра Джургараева.

Негізгі мәселе келіншегін жұдырық пен таяқтың астына алуды мәртебе санайтындардың санасына сіңген сүйкімсіз қылығында жатыр. Кей ер-азаматтар әйелін тоқпақтауды абырой деп біледі. Қалыңдығын өз меншігіне айналды деп есептеген күннен бастап «қатынды бастан» деген сөздің төркінін ұр тоқпақ жасау деп ұғады. «Ә» десе «мә» деп жұдырығын ала жүгіретіні де сондықтан.

МАХАББАТТАН ҚЫЛМЫСҚА ДЕЙІН...

Күйеуінің ұрда-жық мінезінен, бұққан сайын сұға беретін оспадар қылығынан зәрезап болғандардың қатарында Бағила да бар.

Бағила 14 жасында көрші үйдегі 17 жасар Арманды қатты ұнатып қалады. Әсіресе онша-мұншаға көне қоймайтын қайсарлығын, жігіт біткенді алдында құрдай жорғалататын өжет мінезін нағыз жігіттік деп бағалайтын. Арман да қызды ұнатып, сезімін білдіреді. Қыз 15-ке жаңа толған жылы махаббаттан жүректері алып ұшқан екеудің ерте қосылуына үлкендер қарсы болған соң, қол ұстасып үйден қашып кетеді.

Өз беттерімен ақша тауып, үлкендердің көмегінсіз өмір сүріп, тіршілік қамымен түрлі жұмыс істейді. Әсіресе еркелеп өскен Арман үшін жауапкершіліктің салмағы оңай болмады. Ол отбасылық өмірде қандай да бір қиындық туындаса, оны шешудің орнына бәріне Бағиланы кінәлайтын. Аяғы ауыр екенін біле тұра үсті-үстіне қол жұмсайтын. Дүниеге ұл да келді. Алайда тұңғыш перзент те әкесінің ессіздігін баса алмады. Қыз біткенге қырындап, әйелінің жанын бір ауыртса, әр ісінен мін тауып, әр қимылынан ағаттық көріп, таяқтың астына ала беретіні тағы бар. Бірде көшедегі бейтаныс жігіттен қызғанып, Бағиланың қол аяғын сындырып тастайды.

Басы жарылып, бет-аузы көктеңбіл тартып, гүп болып ісіп кеткен қызы мен жиенін әке шешесі қайта бауырына алады. Алайда Арман бәрібір тыныштық бермейді. «Қайта қосылайық» деп күн құрғатпай қоңырау шалып, Бағиланың сағынышын тербетіп, сеніміне қайта кірген соң әке-шешесінің қарсылығына қарамастан, Бағила сүйгенімен тағы қашып кетеді.

Бірақ күйеуі жас келіншекті бұл жолы тіпті оңдырмады. «Тастап кетіп қалғансың» деп ауруханадан бір-ақ шығарды. Өң мен түстің арасындағы біраз уақыттан соң есін жиып, өзіне келген қыздың жүрегінде қалған дақ асқына түсті.

Аяғына тұрып, жазылған соң күйеуі қайта қайта хабарласып, өзгеретінін алға тартады. Алайда әйелдің Арманға арнаған өз жоспары бар болатын. Бағила әке-шешесі қонаққа кеткен күні күйеуін үйіне шақырып алады. Есіктен кірген бетте көкірегіне пышақ сұғып, өмір мен өлім арасында жатқан күйеуіне қарап: «Осы қанішерлікті өзің үйреттің», – деп кіжініпті. Қанға бөккен бөлмені жуып-шайып болған соң тәртіп сақшыларына хабарласып: «Мен күйеуімді өлтірдім», – деп, болған жайды баяндап берген.

Соңы кісі өлімімен аяқталған отбасылық жанжалдардың алғашқысы да, соңы да бұл емес. Осыдан біраз уақыт бұрын Түркістан облысында 43 жастағы ер адам 38 жастағы жұбайын арақ ішуден бас тартқаны үшін таяқтың астына алып, денесінен жаны шығып кеткенше сабаған. Бұл жұп 15 жыл отасқан. Ал мына елді дүрліктірген оқиға олардың алғашқы жанжалы емес. Танитындардың айтуынша, марқұм бұған дейін де талай рет көгала қойдай болып жүрген. Алайда балалары үшін үндемеген екен.

Марқұмның жақындары күйеу баласының жұдырық ала жүгіретінін бұрыннан білген. Оларды тіпті бірнеше рет ажыратып алмақ та болған. Бірақ «балаларым үшін шыдаймын» деп әйелдің өзі бас тартқан. Соңғы рет үйіне ішіп келген отағасы екі шөлмек коньяк әкеліп, әйелінің де ішімдік ішуін талап еткен. Әйелі бас тартып, қарсыласқан кезде басынан бос бөтелкемен ұрған екен. Ең сорақысы, жанжал балаларының көзінше болған.

– Қызымды үйіне дейін сүйреп әкелген. Бетінен ұрған, тісін сындырған. Шашының бәрін жұлып тастаған. Тістің бәрін қағып алған. Ол аз болғандай үстіне секіріп, қызымның қабырғасын сындырған. Жүрегі мен өкпесін жабыстырып жіберген. Мұны ол осындай айуандықпен істеп отыр, – деп егілген еді марқұмның анасы Қаламқас Сартаева.

Жанжал кезінде отбасының үлкен қызы полицияға бірнеше рет хабарласқан, алайда олар 40 минуттан кейін келген. Полицейлер мен дәрігерлер келгенше келіншек бақилық болып кетіпті.

Міне, бұл бір ғана келіншектің тағдыры. Балаларының бақытын бағып, шаңырағы шайқалмас үшін барын салған әйелдің жанпидалығы. Бір таңғалдыратыны, соншалықты сүйіп, ынтызар болып қосылған ғашықтардың осыншалық қатігездікке бой алдыруына не себеп?! Кеше ғана ең жақын адам болғандардың араға уақыт салып бір бірінен жеріп, дұшпанға айналуына не себеп?!

Жуырда ғана күйеуінен көп жыл зәбір көрген Лабор есімді әйелдің соты аяқталып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Шымкент қаласынан 35 шақырым қашықта тұратын бұл отбасының қалай өмір сүріп жатқанын ауылдастары жақсы білген. Күйеуінің тарапынан қорлық пен зорлық зомбылық көрген Лабор 4 баланың анасы. Ал бір баласының денсаулығында кінәрат бар. Негізі оқиға сәуір айында орын алған. Талай жыл қорлық көрген әйел кезекті дауда күйеуін өлтіріп тынады.

Ал Атырау облысы, Мақат ауданының экс әкімі Ринат Ибрагимов бұрынғы әйелі Ақмарал Үмбетқалиеваны 11 жыл бойы ұрып-соққан және балаларын тартып алған. Жоғарғы соттың мәліметінше, Р.Ибрагимов Қылмыстық кодекстің 107-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы, яғни «Материалдық немесе өзге де тәуелділікте болған адамға қатысты денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру» бойынша сотқа тартылған.

«Жанжал кезінде жәбірленушінің өзіне материалдық тәуелді екенін пайдаланған ол осы негізде жанжал шығарып, әйелінің оң иығынан ұстаған күйі есікті жауып, бөлмеге кіргізген. Ешкімнің кедергі жасамайтынына көз жеткізген соң еденге құлатқан және сол жақ санынан бірнеше рет тепкілеген. Соның салдарынан жәбірленуші Ақмарал Үмбетқалиеваның 5-омыртқасы сынып, орташа ауырлықтағы зақым алған», делінген сот хабарламасында.

Сотталушының кінәсі жәбірленушінің айғақтарымен, сараптама қорытындысымен және басқа да дәлелдемелермен дәлелденді. Сот Ринат Ибрагимовтың бұрын сотталмағанын және мінезі оң деп сипатталғанын ескерген. Сөйтіп, сот үкімімен оған 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

«Жәбірленушінің 20 миллион теңге моральдік шығын өндіру туралы азаматтық талап қоюы ішінара қанағаттандырылып, сотталушы 2 миллион теңге моральдік зиянды өтейді», деп мәлімдеді соттың баспасөз қызметі.

...Кеше ғана жүректен жүрекке үн қатқан, екі жарты бір бүтінге айналған екеудің отбасын құрған соң бір-біріне зиян келтіріп, «бірінің етін бірі жегені» жанға қаяу салары анық. Ересектердің бір-біріне жасаған зорлық-зомбылығы отбасы мүшелерінің қай-қайсысын болса да жүзін жерге қаратары сөзсіз.

Мұндай жағдайда әсіресе жас балалар қиналады. Кішкентай адамның жүрек тыныштығын, құқығын бұзу баланың жанына мәңгілік таңба, өшпес із қалдырады. Баланы бақыт деп таныған әрбір ата-ана кішкентай жүрек иесінің көңіліне қарауға міндетті. Мысалы, зорлық-зомбылық жиі орын алатын отбасындағы немесе ата-анасы өз міндеттерін орындамайтын балалар қатігез болып жетілетіні дәлелденген. «Балапан ұядан не көрсе, ұшқанда соны іледінің» әсері де бар. Бір-біріне өкпесі бітпейтін ата-анасының тек араздығын көріп, жылылық пен махаббат алмаған бала ертең өзгеге де мейірім бере алмайды. Ең қауіптісі де сол!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар