
1940 жылдары Алматы Кеңес одағының басты киноөндіріс орталығы қызметін атқарды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде «Мосфильм» және «Ленфильм» студиялары эвакуацияланып, өз қызметін Алматыда жалғастырды. Бұл кезеңде «Иван Грозный», «Радуга» секілді одақ көлеміндегі ірі жобалар түсіріліп, жергілікті кинематографшылардың кәсіби біліктілігін арттырды.
1960-1970 жылдары қазақ киносы жанрлық тұрғыда кеңейіп, көркемдік ізденістер күшейді. Бұл кезеңде ұлттық колорит пен заманауи урбанистік бейнелер қатар дамып, қазақ кинематографиясының көркемдік ауқымын кеңейтті. 1930 жылдардан бастау алған қазақ киносы сол кездерде көрерменге айтар ойы бар, салмақты туындылар ұсынды. Мысалы, «Атаманның ақыры» кинофильмі отандық кинематография тарихына детектив жанрында түсірілген тұңғыш кинокартина ретінде енуімен құнды. «Қыз Жібек» фильмі қазақ кино өнерінің төлқұжатына, аңызына айналған, қос ғашықтың тағдыры баяндалатын өнер туындысы. «Гауһартас» киносы танымалдығы жағынан күллі Кеңес одағы бойынша «Қыз Жібек» фильмінен кейінгі екінші орында болды. Бұл фильмдерде ұлттық тәрбиелік мақсаттар, терең ойлар мен шынайы бейнелер айқын көрініс тапқан.
Бертін келе, тәуелсіздік жылдары қазақ киносы жаңа мазмұндық және эстетикалық деңгейге көтерілді. Тарихи-эпикалық («Көшпенділер», «Жаужүрек мың бала»), әлеуметтік-драмалық («Шал», «Тюльпан») фильмдермен қатар, авторлық кино бағытында да жетістіктер байқалды. Қазақстандық фильмдер Канн, Берлин, Венеция сияқты беделді халықаралық кинофестивальдерде көрсетіліп, жүлделерге ие болуда. 2008 жылы Ақан Сатаевтің «Рэкетир» фильмі қазақ кинематографиясында серпіліс жасап, көрермен мен сыншылар тарапынан жоғары баға алды.
Ал қазіргі қазақ киносы жаңа бағыттарға бет бұрды. Бүгінгі туындылар жастар өмірі, әлеуметтік мәселелер, қоғамдағы әділетсіздік, ішкі қайшылықтар тақырыптарын көбірек қозғайды. Мысалы, «Болмаған балалық шақ», «Мұқағали», «Жеті гүл», «Ұялам, но үй алам» фильмдері заманауи көрерменнің сұранысына сай шындықты бейнелейді.
Сонымен қатар 2016 жылы жарық көрген «Анаға апарар жол» фильмі де ел арасында ғана емес, шетелдік көрермен алдында да жоғары бағаға ие болды. Ал 2018 жылы шыққан «Бизнес по-казахски» туындысы кассалық табысы жағынан америкалық «Мстители» фильмінен асып түсті. 2019 жылы көрерменге жол тартқан «Томирис» – кейінгі жылдардағы сапалы түсірілген тарихи фильмдердің бірі. Бұл туынды Франциядағы Халықаралық кинофестивальде бас жүлде алды. Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлына арналған «Міржақып. Оян, қазақ!» тарихи телехикаясы да көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, жастардың ұлтына деген махаббатын оята білді. 6 бөлімді тарихи туындыда Міржақып Дулатұлы өмірінің 1909-1935 жылдардағы кезеңі қамтылады. Міржақыптың «Оян, қазақ!» кітабының жарыққа шығуы, «Бақытсыз Жамал» романының жазылуы, революциядан кейінгі жылдардағы, ашаршылық кезіндегі қоғамдық-саяси қызметі, Қызылорда, Семей, Мәскеудің әйгілі «Бутырка» абақтысындағы жылдары және жары Ғайнижамалмен махаббат хикаясы сериалда кезек баяндалады.
Дегенмен кейбір заманауи комедия жанрындағы картиналар жеңіл әзілге, арзан күлкі мен құлаққа жағымсыз, тәрбиелік мәні жоқ сөздерден, көріністерден құрылып, терең мән-мағынасын жоғалтып алуда. Мұндай фильмдер уақытша танымал болғанымен, рухани тұрғыда әлсіз болып қалады.
Осы орайда Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов «Жас қазақ» газетіне берген сұхбатында: «Кино қандай болуы қажет?» деген сұраққа: «Кинода аяғына шейін шығатын жалғасқан қызыл сызық болу керек. Бастауы бар, көтерілетін, түсетін жері бар. Аяғына жеткенше сол сызықтан шықпау керек.Ал қазіргі фильмдердің, әсіресе, сериалдардың не басы, не аяғы жоқ. Кез келген жерінен көрсең, түсінікті. Өйткені, бөлек-бөлек, кібіртік-кібіртік. Сондықтан, кино да Абай айтқандай «теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» дегенге сай келеді. Сонда ғана шығарма көріледі, ұнайды.
Кино тартымды, жоғары эстетикалы, талғамды болуы керек. Мен сондай киноны жақсы көремін. Кейбір кинода балшық, лас, көзге қораш көріністер байқалады. «Қыз Жібектен» тамақ ішкен не лай-батпақ сияқты сүреңсіз сахна көрдіңдер ме? Ондай жоқ. Киноны көріп отырып жағымсыз әсер алсаң, ол өнер емес. Ал кино ең алдымен өнер. Ойсыз өнер – өлік. Өмір болуы мүмкін, бірақ өнер аз» деп жауап береді.
Тағы бірде қазақ театры мен кино өнерінің мақтанышы: «Кино, театр, әдебиеттегі барлық шедевр Кеңес үкіметі заманында туған. Ол дәуірде Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов, Мәжит Бегалин, Абдулла Қарсақбаев сияқты үлкен шеберлер өмір сүрді. Ортамыздан кетті, жастар келді. Заман, талғам өзгереді. Қазір сериалдар бар. Бұрын «Қыз Жібекті» 2-2,5 жыл түсірсек, қазір 12 cериялы фильмді үш айда түсіреді. Өнерге уақыт, қаржы керек. Сонда ол жақсы шығады. «Қыз Жібек» 1 миллион ақшаға түсірілді. Жетпей, тағы мемлекеттен сұрады. Сәтті шықты. Қаржысы жақсы болды, дайындық мықты еді. Қазір қаржы да, талант та тапшылау. Киноны кинорежиссер түсіруі тиіс. Кадр жетіспей жатыр. Бар болғаны 2-3 тәуір режиссеріміздің деңгейі орта, ортадан жоғары болып тұр. Үлкен, даңқты фильмдер шықпай жатыр. Біз оптимист адамдармыз. Келешекке үмітпен қараймыз» деп айтқаны бар.
Қазіргі уақытта қазақ киносына ерекше мән беріліп, жеке кинокомпаниялар мен режиссерлердің саны артып келеді. Мамандардың көбеюі бәсекелестікті күшейтеді, ал бәсекелестік өз кезегінде сапаны арттырады. Алдағы он жылда қазақ киносының бәсекеге қабілеттілігі артып, әлемдік деңгейде жаңа жетістіктерге қол жеткізеді деген сенім мол.
Қазақ киносының бүгініне қарасақ, жаңа ізденістер мен бетбұрыстар айқын байқалады. Ең бастысы, бұл сала үздіксіз дамып келеді. Кешегі классикалық туындылар мен бүгінгі ізденістер арасындағы рухани сабақтастықты сақтап, көрерменге сапалы дүниелер ұсыну – қазақ режиссерлерінің негізгі мақсаты болуы тиіс.
Қазақ киносы өткен мен бүгінді жалғайтын рухани көпір. Ол ұлттық болмысты сақтап қана қоймай, әлемдік мәдени кеңістікке шығудың бірден-бірі құралы болып отыр. Қазақ кинематографиясының даму жолы ұлттық мәдениеттің эволюциясымен тығыз байланысты. Ол тек көркемдік құбылыс қана емес, сонымен бірге әлеуметтік-тарихи дерек көзі ретінде де бағалы. Кино арқылы қоғамның саяси, мәдени және рухани ахуалы бейнеленіп, ұрпақтар арасындағы тарихи сабақтастық сақталады.
Жанат Әуесбайқызы,
облыстық тарихи-өлкетану музейне қарасты А.Әшімов
шығармашылық орталығының ғылыми қызметкері
Барды бағалай білейік
Ұқсас жаңалықтар
Сауда платформаларын қолданушыларға салық салына ма?
- авторAR-AY
- 6 тамыз, 2025