Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

АҚШ-тың қосымша тарифтер енгізуінің мәні неде?

АҚШ-тың қосымша тарифтер енгізуінің мәні неде?
sputnik.kz
Кей елге салынатын санкциялар немесе тарифтік шектеулер көбіне тек нысанаға алынған мемлекетке бағытталғандай көрінеді. Алайда жаһандық экономика жағдайында мұндай шаралар бір ғана елмен шектелмей, онымен тығыз сауда, транзит немесе қаржы байланысы бар үшінші мемлекеттерге де жанама түрде әсер етеді. Қазақстанның қазіргі сыртқы экономикалық қарым-қатынасы да осы қағиданың нақты мысалына айналып отыр.

Мәселен, АҚШ тарапынан қосымша тарифтік шектеулер енгізу мәселесі Қазақстанға да айтарлықтай соққы болып тиді. Бұл ретте еліміз келіссөздер арқылы жағдайды реттеуге талпынып отыр. 2025 жылдың маусым айында ҚР Сауда және интеграция министрлігінің өкілдері АҚШ тарапымен екіжақты кездесу өткізіп, саудадағы өзара тиімділік пен әділ бәсекелестік шарттарын сақтау қажеттігін алға тартты. Қазақстан өз ұсыныстарын АҚШ Президенті Дональд Трамптың 2025 жылғы 2 сәуірдегі Жарлығына және соған енгізілген түзетулерге сай әзірлеп ұсынды.

Келіссөздерде қос тарап сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамытудың нақты жолдарын қарастырды. Қазақстан сындарлы әріптестікке дайын екенін мәлімдеді, ал АҚШ тарапы өз кезегінде диалогты жалғастыруға ниетті екенін жеткізді. Бұл өзара тиімді шешімдерге жол ашуы мүмкін.

– Бүгінде АҚШ-қа Қазақстаннан мұнай, уран, ферроқорытпа, титан, бериллий, тантал, күміс және басқа да шикізат түрлері экспортталады. Бұл өнімдердің 95,2 пайызы енгізілген жаңа тарифтерден тыс қалып отыр. Шектеу тек сары фосфор, ферросилиций, линзалар, бидай глютені мен аммоний нитратына ғана қатысты. Мысалы, 2025 жылдың алғашқы алты айында АҚШ-қа 2,2 мың тонна сары фосфор экспортталған, жалпы өндіріс көлемі – 43 мың тонна. Ферросилиций бойынша 1 482,6 тонна, ал өндіріс – 41 830 тонна. Аммоний нитраты бойынша АҚШ-қа тасымал мүлде жүзеге асырылмаған. Бидай глютені бағытында биылғы бірінші жартыжылдықта 6 500 тонна өнім жіберіліп, оның құны шамамен 8,12 миллион АҚШ долларын құрады. Тарифтік қысым көлем жағынан аса ірі болмаса да, бұл жағдай әлемдік нарықтардағы ахуалға бейімделу қажеттігін көрсетеді. Қазақстан үшін басты сабақ – әртараптандырылған, сенімді және саяси тәуелсіз сауда бағыттарын дамыту. Сонымен бірге кез келген санкциялық шешімнің немесе тарифтік тосқауылдың үшінші тараптарға да әсер ететінін ұмытпау қажет. Бұндай жағдайда нақты әрі тиімді дипломатиялық келіссөздер ғана ұлттық мүддені қорғаудың жолы бола алады, – делінген ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Қазақстан үшін санкция мен тарифтік шектеулер сыртқы саудадағы икемділіктің, саяси тұрақтылықтың және әртараптандырудың маңызын айқын көрсетті, былайша айтқанда бұл біз үшін үлкен сабақ. Әлемдік нарықта тек өнім сапасы емес, логистика, заңдық кедергілер мен геосаяси ахуал да шешуші рөл атқарады. АҚШ-пен арадағы келіссөздер Қазақстанның ұлттық мүддені қорғауда белсенді әрі ашық саясат ұстанатынын аңғартады. Жаңа тарифтер кейбір тауар түрлеріне әсер еткенімен, экспорттың негізгі бөлігі шектеусіз сақталып отыр. Бұл үдеріс еліміздің жаһандық сауда жүйесіне бейімделіп, сенімді серіктес ретіндегі орнын нығайта түсуіне жол ашатыны анық.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар