Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ұйқының жұмбағы: ғылым мен сиқыр арасы

Ұйқының жұмбағы: ғылым мен сиқыр арасы
Ашық Дереккөз
Ұйқы – тек демалыс қана емес, адам санасы мен тәнінің қалпына келуінің маңызды бір бөлігі.

Ғалымдар ұйқының физиологиялық әсерін зерттеп, денсаулық үшін қаншалықты маңызды екенін әлдеқашан анықтап қойған. Ұйқы адамға күш-қуат береді. Сондай-ақ адамның психикалық денсаулығын тұрақты ұстауға ықпал етеді.

Қазіргі ғылыми зерттеулер әр жас шамасына қарай қажетті ұйқы мөлшерін төмендегідей ұсынады: жаңа туған нәрестелер тәулігіне 21-22 сағат, алты айлық балалар – 14, бір жасар сәби – 13, төрт жасар балалар тәулігіне – 12, жеті жастағы балалар – 11, ал он жасар балалар 10 сағат ұйықтауы тиіс. 15 жасар жасөспірімдерге 9 сағат, ал 17 жастағыларға 7-8 сағат ұйқы жеткілікті деп есептеледі. Ғалымдардың пікірінше, ересек адамдардың денсаулығын сақтау үшін тәулігіне 7-9 сағат ұйықтауы қажет.

Исламда да ұйқының мәні зор. Дінде ұйқы тынығу үшін ғана емес, рухани әлеммен байланыс құралы болып есептеледі.

Облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Нұралы Бақытұлының айтуынша, мұсылмандар ұйқыға ерекше дайындалып, дұға оқып, оң жаққа қарап жатып, рухани тазалыққа қол жеткізуге тырысады.

– Түсті көру бар және түсті жору бар. Исламда түс көру үшке бөлінеді: Рахмани (Алладан келген жақсы аян), шайтандық түс (адамға қорқыныш пен мазасыздық беретін түс) және нәпсілік түс (күнделікті ойлар мен күйзелістен туған арман). Жүсіп Пайғамбардың түс көруін Құранда келтіреді ғой. Сонда Жүсіп Пайғамбар әкесіне айтады. Әкесі бауырларыңа айтпа деп, жорып береді. Сонымен Жүсіп Пайғамбар бауырларына айтып қойып, машақатқа, қиындыққа ұшырайды. Сондықтан түсті жанашыр адамға жорыту керек. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Жақсы түс көрсең – жақсылығыңа деп садақа бер, жаман түс көрсең- жамандығынан алыстат деп садақа бер» деп айтқан болатын және ешкімге айтпа деген. Дана халқымыз да: «Түстің басы таудай, мойны қылдай», «Қай жағынан жорыса, сол жағына кетеді» деп бекер айтпаған, – дейді Нұралы Бақытұлы.

Ал психологтар ұйқыны психикалық саулық пен эмоционалды тұрақтылықтың маңызды факторы деп санайды. Түстерді талдау арқылы адам бейсанасында жатқан қорқыныштар мен ұмтылыстарды білуге болады. Түс көру психологиялық тұрғыдан стрестен босату және эмоциялық өңдеудің құралы ретінде қарастырылады.

Мысалы, Юнг теориясында түс көру – адамның бейсана әлеміндегі ойлар мен сезімдерді символдар арқылы көрсету тәсілі. Психологтар ұйқының жеткіліксіздігі адамның мазасын қашырып, күйзеліске әкелетінін айтады. Түс көру арқылы адам өзін-өзі тануға, ішкі мәселелерін өңдеуге, санасы мен бейсанасындағы тосқауылдарды анықтауға мүмкіндік алады. Сондықтан психологтар тұрақты, сапалы ұйқының адамға тек физикалық қана емес, психологиялық пайдасы да бар екенін баса айтады.

– Ұйқы адам өміріндегі маңызды уақытының бір бөлігі. Ұйқы уақытында дененің босаңсуына, қуаныш гормонының бөлінуіне әсер беретін мелатонин бөлінеді. Бұл ғажап сәт түнгі сағат 22:00-00:00 уақыт аралығын құрайды. Мелатониннің жетіспеушілігі созылмалы ұйқысыздыққа ұшыратады. Ал созылмалы ұйқысыздық күйзеліске түсуге, есте сақтау қабілетінің төмендеуіне, эмоционалды тұрақсыздыққа, стреске, төзімсіздікке алып келеді. Сол секілді ұйқының бұзылуына адамның жандүниесіндегі қорқыныш, үрейлену, кінәлау, ашулану секілді сезімдер әсер етеді. Сол себепті жоғарыда аталған сезімдер жиі мазалаған жағдайда психолог маманның көмегіне жүгінгеніңіз дұрыс. Әр адам ұйқыға дұрыс көңіл бөлсе, мейірімге, махаббатқа, сұлулыққа, бақытқа толы ғұмыр кеше алады. Тиімді ұйқы уақытын жіберіп алмас үшін 1 сағат бұрын артық ақпарат беретін смартфоннан бас тартып, кітап оқуды немесе сүйікті хоббиімен айналысуды дағдыға айналдырған дұрыс, – дейді психолог Мөлдір Сабербекова.

Медицинада ұйқының физиологиялық рөліне ерекше көңіл бөлінеді. Дәрігерлер ұйқының жетіспеушілігі адамның иммундық жүйесіне, жүрек-қантамыр жүйесіне және жалпы денсаулығына кері әсерін тигізетінін айтады. Ұйқысыздықпен ұзақ уақыт күресу мидың жұмысын нашарлатып, көңіл күйді түсіреді, есте сақтау қабілетін әлсіретеді, тіпті зат алмасуды бұзуы мүмкін.

Сондықтан дәрігерлер ұйқының 7-9 сағаттық қажеттілігі бар екенін айтып, күнделікті ұйқы кестесін сақтаудың маңыздылығын ескертеді. Сонымен қатар мамандар ұйықтар алдында теледидар көріп, телефон шұқыламай, жағымды әдеттер қалыптастыруды ұсынады. Ұйқының сапасы мидың қалпына келуіне, жүйке жүйесінің тынығуына және жалпы дененің жаңаруына әсер етеді.

– Негізі ұйқының пайдасы көп. Көбіне басы ауырып, мазасызданып тұрған адамдар бір ұйықтап тұрған соң өздерін сергек, сау сезінеді. Ұйқы кезінде жүйке талшықтары демалып, адамның барлық дене мүшесі босайды. Ал таңертең ол әдепкі жұмыс күніне дайын болады. Кішкентай балалар түні бойы ұйықтайтын болса, ол балалар сирек ауырады. Түнгі ұйқы көп нәрсені шешеді. Ересектерде де солай. Адам робот емес. Түскі үзілісте де сәл мызғып алған артық болмайды. Әдетте күн батар шақта ұйықтамаған дұрыс. Бұл ғапыл ұйқыға жатады. Ұйықтар алдында терезені ашып, бөлмені салқындатып алған жөн. Күндізгі ұйқы 15 минуттық немесе 1 сағат болуы керек. Одан көп емес. Одан көп ұйықтайтын болса, адамды еріншектік, жалқаулық басады. Түнгі ұйқыға ертерек қамданған жөн. Сонда ұйқы сапалы болады, – дейді Тараз қаласындағы №8 емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Айнұр Жақсынбет.

Хуа То – Хань әулетінің соңғы жылдарында өмір сүрген қытайлық дәрігер. Ол жансыздандыруды алғаш қолданған дәрігерлердің бірі саналады.

Хуа Тоның ұйқы туралы кеңестері адам денсаулығына оң ықпалын тигізетін қарапайым қағидаларға сүйенеді.

Ұйқыдан таңғы сағат 03:00-05:00 аралығында тұру ұсынылады. Себебі бұл уақыттағы сергектік бауыр мен өкпеге оң әсер етеді.

Сағат 11:00-13:00 аралығында 15 минут көзді жұмып демалу жүрекке қуат беріп, оны нығайтады. Түскі уақыттағы 3 минуттық ұйқы екі сағаттық ұйқыға тең.

Түнгі 23:00-ден кейін ұйқыға жату өт пен бауырға пайдалы, ал бұл мүшелердің дұрыс қызметі иммунитет пен зат алмасуға тікелей әсер етеді. 5 минуттық түнгі ұйқы 6 сағаттық демалыспен тең келеді.

Кешкі асты ішкен соң шалқалап жату мен төсекке сансыз оймен бару денсаулыққа зиян. Ойдан арылып, тыныштану ұйқының сапасын жақсартады.

Хуа Тоның осыдан 2 мың жыл бұрынғы кеңестері қазіргі медицинамен үндесіп, оның ұйқыға берген мәнінің ғылыми негізді екенін дәлелдейді.

Ұйқы – ғылым, сиқыр, дін және мамандық тәжірибесінің тоғысуындағы күрделі құбылыс. Ол адамның физикалық, психологиялық, рухани денсаулығы үшін маңызды рөл атқарады. Психологтар оны эмоционалды өңдеу тәсілі ретінде қарастырса, дәрігерлер оның жалпы денсаулық үшін маңыздылығын атап өтеді. Исламда ұйқыға рухани байланыс пен тазалықтың кезеңі ретінде қарайды.

Айжан ӨЗБЕКОВА

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар