ҚР Қорғаныс министрінің 2021 жылғы 5 мамырдағы бұйрығы бойынша, 7 қараша Әскери журналистер күні болып бекітілген.
Бұл кәсіби мерекенің тарихы 1929 жылғы 7 қарашада «Қызыл әскер» республикалық әскери газетінің алғашқы нөмірінің жарыққа шығуымен тікелей байланысты.
Айтулы мереке қарсаңында газетіміздің тұрақты авторы, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің жетекшісі, подполковник Дина Мухаринова жайында аз-кем сөз қозғаған жөн болар. Динаның ата-анасы Омбыдан Қазақстанға көшіп келген. Алдымен Алматыға, кейін Жамбылға, көп ұзамай Жаңатасқа қоныс аударған.
– Мен Жаңатас қаласындағы Октябрь революциясының 60 жылдығы атындағы орта мектепті бітірдім. Мұғалімдеріміз керемет еді. Әлі күнге дейін орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Любовь Никитинаны үлкен құрметпен еске алып отырамын. Менің тілге, жазуға деген сүйіспеншілігімді оятқан сол кісі еді, – деп еске алады Дина Николайқызы.
Кейіпкеріміз мектеп қабырғасында жүргенде, яғни жасөспірім кезінде жергілікті «Қаратау кеншісі – Горняк Каратау» газетіне мақалалар жариялап тұрған. Мақалаларында негізінен парашютпен секіруге деген құштарлығы, және ДОСААФ авиациялық-техникалық спорт клубында жаттығатыны жөнінде баяндайтын. Әскери өмірге бала кезінен қызығатын Дина осы күнге дейін шамамен 400 мәрте парашютпен секірген.
Динаның әскери қызметкер болу арманының астарында кеңес жауынгерлерінің ерліктеріне деген құрмет, солардай болсам деген мақсат жатыр еді. Ал анасы Светлана Борисқызы қызының журналистикаға барғанын қалайды. Осылайша кейіпкеріміз Жамбыл педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түсіп, үздік аяқтайды. Оқуын тәмамдап, жұмыс бойынша жолдама күтіп жүргенде ойламаған жерден облыстық радиодан ұсыныс түседі. Жамбыл облыстық радиосына журналист керек екенін білген Светлана Борисқызы қызының мақалалары жарық көрген газеттерді жинап, радионың бас редакторы Николай Крестовскийге барған екен. Сұхбат сәтті өтіп, көп ұзамай қызы жұмысқа қабылданады. Кейін облыстық телеарнаға жаңалықтар тілшісі болып ауысады.
Журналистикада жүрсе де әскери қызметкер болсам деген арманынан күдер үзбеген кейіпкеріміз авторлық «Гарнизон» телехабарын жарыққа шығарады. Жауынгерлер өмірінен сыр шерткен жаңа жобаны облыс тұрғындары жылы қабылдайды.
– Бағдарламаның ең алғашқы шығарылымын 14157 әскери бөлімінде түсіргенім есімде. 1998 жылы сол кездегі Қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев Т.Бигелдинов атындағы Ақтөбе жоғары әскери авиация училищесінің алғашқы түлектерінің ұшқанына куә болу үшін облысқа келді. Кәсіби міндетім болған соң мен де полигонда жүріп, сюжет түсіріп жаттым. Министр мені байқап, әскерге мен сияқты жалындап тұрған белсенді адамдар керек екенін айтты. Осы оқиғадан кейін жарты жыл өткенде Қорғаныс министрлігіндегі телефотостудияның директоры болып тағайындалдым. Жаңа қызметте теледидардағы тәжірибем көп көмектесті. Мұнан соң республикалық «Qazaqstan» телеарнасында көрсетілетін «Қазақстан Республикасына қызмет етемін» бағдарламасын жүргізетін болдым. Бағдарлама соңында сарбаздар мен жауынгерлердің аналарының редакцияға жолдаған хаттарын оқып беретінмін. Хаттар «Сәлеметсіз бе, біздің әскери қарындасымыз Динажан...» деп басталатын. Бір өкініштісі, сол жазбалардың біреуі де сақталмай қалды, – дейді Д.Мухаринова.
Кейіпкеріміз 2000 жылдардан бастап еліміздің барлық әскери бөлімдерін аралап, қазіргі уақытта республика армиясын басқарып отырған офицерлердің басым бөлігімен кездескен.
Көп ұзамай Қорғаныс министрлігі Астанаға көшіп, Дина телестудия филиалының өкілі ретінде Алматыда қалды. Әскери журналист «Хабар» телеарнасындағы «Әскер А дан Я ға дейін» айдары мен «Әскер істері» бағдарламасын жүргізді. Көптен күткен қызы Диана дүниеге келгенде декреттік демалысқа шығады.
– Продюсерлер мені бір айдан кейін жұмысқа шақырды. Бірақ мен аналық өмірдің қызығынан қол үзгім келмеді. Қызым екі жарым жасқа толғанда бір-ақ қызметімді жалғастырдым. Заман ағымымен ҚР Қорғаныс министрлігіне қарайтын телестудиямыз департаментке, одан кейін Қорғаныс министрлігінің БАҚ-пен жұмыс жөніндегі бөліміне айналды. Сөйтіп, журналистер мен әскердің арасындағы алтын көпір бола білдім, – дейді кейіпкеріміз.
Дина қызы екеуі 2013 жылы Таразға оралып, «Оңтүстік» қолбасшылығына қарасты Б.Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған бригадасында әскери тәртіп офицері болып қызметін жалғастырады.
Әскерилермен тығыз жұмыс істейтін Дина Мухаринованы саланың майталманы десек, еш жаңылмаймыз. Сарбаздардың күнделікті тыныс-тіршілігі, жетістігі, оларға қатысты жылт еткен жаңалық кейіпкеріміздің назарынан тыс қалмайды. Қызықты кейіпкерлерін уақытпен санаспай, әр күні әр ауданда, түрлі полигонда, горнизонды аралап жүріп табатын әскери тілші өз ісінің нағыз шебері. Сонымен қатар Дина жыл сайын оператор және фототілшілердің басын қосып, баспасөз турын ұйымдастырып тұрады. Қос саланы қатар алып жүрген «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің жетекшісі Дина Мухаринованы төл мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ