Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Баламалы энергия үлесі ұлғаяды

Баламалы энергия үлесі ұлғаяды
Ашық Дереккөз
Облысымызда жалпы қуаты 551,3 МВт-ты құрайтын 22 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді. Оның алтауы – су электр стансасы, 10-ы – жел электр стансасы, қалған алтауы күн электр стансасы. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов айтты.

Ғалым Исабайұлының айтуынша, облысымызда 2010 жылдан бері жаңартылатын энергетика көздері (ЖЭК) белсенді дамып келеді.

– Атап айтсақ, 2010 жылы қуаты 2 МВт-ты құрайтын 2 нысан пайдалануға берілді. Сол секілді 2015 жылы 9 нысан, 2021 жылы 17 нысан, 2022 жылы 21 нысан жұмысын бастады. Биыл тағы бір станса іске қосылып, жалпы саны 22-ге жетті. Негізі елімізде жалпы қуаттылығы 2 903,7 МВт құрайтын 148 ЖЭК жұмыс істеп тұр. Бұл ретте өңіріміз жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жағынан алдыңғы қатарда екенін мақтанышпен айта аламыз. Осы жылдың 10 айында жаңартылған энергия көздері нысандарынан сағатына 588,4 миллион кВт электр энергиясы өндірілді, – деген басқарма басшысы соңғы 3 жылдың ішінде облыста бірқатар ірі және кіші қуаттағы жобалар іске асырылғанын жеткізді.

Мәселен, 2021 жылы өңірдегі ірі жобалардың бірі – құны 49 миллиард теңгені құрайтын, қуаты 100 МВт болатын «Жаңатас» жел электр стансасы пайдалануға берілсе, қуаты 9,2 МВт-ты құрайтын «Тасөткел» суқоймасындағы су электр стансасының екінші кезеңі іске қосылған. Сондай-ақ 2022 жылы Жамбыл ауданындағы қуаты 50 МВт-қа тең «AEC ASA» күн электр стансасы және Талас ауданында жалпы қуаты 13,5 МВт-ты құрайтын «Шеңгелді», «Шеңгелді-2» және «Новатэкс ЖЭС» 3 жел электр стансасы пайдалануға берілген. Биыл қаңтар айында Сарысу ауданында жалпы қуаты 100 МВт-ты құрайтын «Шоқпар ЖЭС» электр стансасы жобасының құрылысы аяқталып, іске қосылыпты.

– Облыстың ЖЭК нысандарын салуға қолайлы болуына байланысты алдағы жылдары аймақта 3 ірі жобаны іске асыру көзделуде. Тарқатып айтқанда, Мойынқұм ауданында франциялық «Total Eren» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан қуаты 1 ГВт-ты құрайтын жел электр стансасы, Сарысу және Талас аудандарында «Masdar» компаниясы тарапынан қуаты 500 МВт жел электр стансасы салынады. Сол секілді Сарысу ауданында «China Power International Holding Limited» компаниясы тарапынан қуаты 500 МВт жел электр стансасы жобаларын іске асыру көзделуде. Сонымен қатар өңірде күн, жел және су электр стансаларын орналастыру әлеуетін ескере отырып, 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерін дамытудың болжамды картасы әзірленген, – деді Ғ.Исақов.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар