Спикерлердің айтуынша, заңсыз ойын бизнесі «көлеңкелі» экономиканың елеулі бөлігіне айналған және оған қарсы кешенді күрес жүргізу – өңірдің әлеуметтік тұрақтылығы мен жастардың психикалық денсаулығын сақтаудың негізгі шарты.
Нұрбол Жолдасұлы 2024 жылы Тараз және Шу қалаларында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырудың 4 дерегі анықталғанын, олардың барлығы бойынша қылмыстық істер қозғалып, сотқа жолданғанын атап өтті. Соңғы 6 жылда осындай 46 факт тіркеліп, 44 іс сот қарауына жіберілген. Биыл заңсыз ойын-сауық бизнесінен түскен табысты заңдастыру бойынша тағы бір іс аяқталып, ұйымдастырушы 4 жыл 6 айға сотталған. Сонымен қатар департамент интернет-ресурстарға тұрақты мониторинг жүргізіп, 2024 жылы 4,3 мыңнан аса, ал 2025 жылдың 10 айында 6 мыңнан көп заңсыз сілтемені бұғаттаған. Спикер азаматтарға «Ойын бизнесі туралы» Заң нормаларын ескертіп, арнайы рұқсат етілген аймақтардан тыс ойын бизнесін ұйымдастырудың заңсыз екендігін және Қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейтінін айтты.
Айдана Әбдіғапарқызы өз сөзінде лудоманияның қазіргі қоғамға тигізіп отырған психологиялық, әлеуметтік және экономикалық зардаптарына тоқталды. Оның айтуынша, құмар ойындарға тәуелділік бүгінде онлайн алаңдарға кеңінен ауысып, жастарды белсенді тартып отыр. Лудомания алкоголизм мен нашақорлық секілді ауыр тәуелділік түрлерімен қатар жүріп, отбасылардың шайқалуына және қылмыстық жағдайдың өсуіне себеп болуда. Қазақстанда ажырасулардың 40 пайызы жұбайлардың бірінің құмар ойындарға әуестігінен болатындығын мәлімдеді. Үкімет құмар ойындарға тәуелділіктің өршуіне байланысты 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылдап, жарнамаларға тыйым салу, ойынға қатысу жасын 25 жасқа дейін арттыру, қарызгерлер мен несие төлемегендерге ойынға кіруге шектеу қою сияқты шараларды іске асыруда.

Дәрігер-психиатр лудоманияның негізгі клиникалық белгілерін де атап өтіп, тәуелділікті мойындау мен дер кезінде көмек сұраудың маңызын түсіндірді. Облыстық психикалық денсаулық орталығының мамандары тәуелділіктен арылуға кәсіби көмек көрсететінін жеткізді.
Айдана Әбдіғапарқызы, бүгінгі күні лудомандардың жасарғанын да тілге тиек етті. Орталыққа консультация алу үшін ата-аналардың 4-5-сынып оқушыларын әкелеуі жиілеген. Жас лудомандар ата-аналарының шотындағы ақшаларын ойынға тігіп, туған-туыстардан ата-анасының атынан қарыз алуы деректері анықталған.
Брифинг соңында екі спикер де қоғамды бұл мәселеге немқұрайдылық танытпауға, балалар мен жастардың интернеттегі әрекеттеріне ерекше назар аударуға және қажетті жағдайда мамандардың көмегіне жүгінуге шақырды.
Айжан ӨЗБЕКОВА




