Орталық директорының айтуынша, зорлық-зомбылық көбіне әлеуметтік жағдайы төмен, масылдыққа жақын отбасыларда орын алатыны анықталыпты. Оның басты себебі – ішімдікке салыну, агрессия және өзара түсіністіктің болмауы. Көп жағдайда 18 бен 40 жас аралығындағы, жаңадан отбасын құрған және құқықтық сауаттылығы төмен әйелдер зорлық-зомбылықтан зардап шегеді екен. Осы жылы зорлыққа ұшыраған отбасындағы әйелдердің 58-інің білімі орта екені белгілі болған. Оның 22-сі көпбалалы, 58-і жұмыссыз, 35-і ауылдық жерде тұрады. Бұл деректер мәселенің әлеуметтік сипатын айқын көрсетіп тұр.
Сондай-ақ былтыр – 15, ал биыл 8 адам жұмысқа орналасқан. 7 әйел «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында қысқа мерзімді тегін курстардан өтіп, сертификатқа қол жеткізген. 11 бала тегін үйірмелерге қатысып, 10 бала интернатқа орналастырылған. Биыл 24 әйел мен 68 бала өз отбасына қайта оралыпты.
– Тараз қаласы мен Қордай ауданында екі дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтар пана іздеп келгендерге алты айға дейін уақытша тұратын орын береді. Біз әйелдерге психологиялық көмек, әлеуметтік қолдау, құқықтық кеңес ұсынамыз. Тіпті балаларды мектепке және балабақшаға орналастыруға да көмектесеміз. Әйелдердің жұмысқа тұруына, кәсіп үйренуіне жағдай жасаймыз. Өкінішке қарай, орталыққа жүгінетіндердің саны әлі азаймай отыр. Көп жағдайда әйелдер ұзақ уақыт физикалық, психологиялық немесе экономикалық қысым көргеннен кейін ғана көмек сұрайды. Орталыққа былтыр – 71, биыл 70 әйел қайырылды. Жыл басынан бері 356 адамға консультациялық көмек бердік. Бізге келген әйелдердің барлығының кәмелетке толмаған балалары бар. Жыл сайын орталықта шамамен 280 адам көмек алады, – деді Айдана Сатылғанқызы.
Зорлықтың алдын алу бағытында мектеп, колледж, жоғары оқу орны мен мемлекеттік ұйымдарда түсіндіру және профилактикалық шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Сонымен қатар зорлықтың қайталануына жол бермеу мақсатында агрессорлармен жеке профилактикалық жұмыс жүргізіледі. Көп жағдайда жәбірленушілер қорқып, арыз жазудан бас тартады. Бұл зорлықтың қайталануына себеп болатын ең бірінші мәселе. Сондықтан қоғамда зорлық-зомбылыққа төзім мәдениетін қалыптастыру өте маңызды.
Брифинг барысында А.Биғабылова ауылдық елді мекендерде құқықтық сауаттылықты арттырып, мектеп, колледж, мәдени орталықтарда жанжалды бейбіт жолмен шешу, зорлық-зомбылықтың зияны туралы дәріс өткізу керектігін айтты. Агрессорлармен оңалту және тәрбиелеу бағдарламалары толыққанды түрде жетілмеген, олардың мінез-құлқын өзгертуге бағытталған жұмыстар әлі де аз көрінеді. Сондықтан агрессорларға бағытталған психотерапия, агрессияны бақылау, отбасы терапиясы сынды бағдарламаларды енгізу қажет деп санайды.
– Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша барлық фактілерді жүйелі түрде тіркеп, статистиканы аймақтық деңгейде ашық жариялау қажет. Тұрмыстық зорлық-зомбылық түрлерін талдап, қай аудандарда келеңсіз жағдайлар жиі орын алатынын анықтауды қолға алу керек. Құқықтық сауаттылық зорлықтан қорғайтын ең тиімді құрал. Әйел өз құқығын білсе, ол өзіне және балаларына қауіп төнген жағдайда қайда жүгінуді біледі. Әр адам өзіне көрсетілген зорлықты ақтамай, мойындамай, үнсіз қалмаса ғана бұл мәселенің деңгейін төмендете аламыз. Біздің мақсатымыз – әрбір әйел мен баланың зорлық-зомбылықсыз, қауіпсіз өмір сүруіне мүмкіндік жасау. Ол үшін тек орталық қызметкерлері емес, барша қоғам, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар бірігіп әрекет етуі қажет, – деді спикер.
Әйелдің әл-ауқаты – ел дамуының көрсеткіші. Спикер брифинг соңында тұрғындарды зорлық-зомбылық фактілерін жасырып қалмау керектігін ескертті. Цифрлық ортадағы агрессияға бейжай қарамауға және қажетті жағдайда көмек сұраудан арланбауға шақырды.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ




