Әр бала бақыттың бесігінде тербеліп, ата-ананың аялы алақанын сезініп өсуге лайық. Кішкентай ғана жүректің иесі өзін жылы алақанның аялағанын сезеді, ұғады. Ал қамқорлық пен ыстық ықыластан баланың бойына мейірім тарайды. Сондықтан әр баланың өзіне қамқор болатын отбасында өсіп жетілуі жақсы азамат болып қалыптасуы үшін өте маңызды.
Осы маңызды мәселені іске асыру мақсатында 2025 жылдың соңына қарай елімізде кәсіби қабылдаушы отбасы институты енгізілмекші. Аталған институт бойынша заң жобасы қазіргі таңда Мәжілістің жұмыс тобының талқылауында жатыр. Заң жобасы қабылданса, асыраушысынан айырылған бүлдіршіндер жанұя жылулығына бөлене алады.
Жоба аясында баланы қабылдаушы отбасыға ай сайын 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржы төленеді. Кәсіби қабылдаушы отбасы мен асырап алушылардың басты айырмашылығы – ата-ананың қарауынсыз қалған бала жетімдер үйіне жіберілмей, бірден бір отбасына беріледі. Бұл өз кезегінде баланың толыққанды отбасында мейірімге бөленіп өсуі үшін пайдасы орасан және бала психологиясының бұзылмауына ықпал етеді.
«Ана үйі» қоғамдық қорына қарасты агенттік соңғы сегіз жылда 1 966 баланың ата-ана мейіріміне бөленуіне ықпал еткен. Балақайларды асырап алған отбасыларға материалдық көмек, денсаулықтарын қалпына келтіру және оңалтуға арналған түрлі қолдау көрсетіледі.
– Кәсіби қабылдаушы отбасылар балаларды олардың ата-аналарын, туыстарын іздеу және туған отбасына қайтару үшін 72 сағаттан аспайтын мерзімге шұғыл түрде қабылдайды. Сонымен қатар кәсіби қабылдаушы баланың құқықтық мәртебесін айқындау барысында оны отбасына орналастыру үшін 6 айға қысқа мерзімге немесе балалар кәмелетке толғанға дейінгі ұзақ мерзімге орналастыруға мүмкіндік ала алады. Мұндай отбасыға балаларды енгізу үшін алдымен өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасымен кейс-менеджмент технологиясы аясында жұмыс жүргізіледі. Кейін осы отбасының балаларына асырап алатын кәсіби қабылдау отбасылары іріктеледі. Үміткер жанұяларға диагностика жүргізіліп, оларды балаларды қабылдауға тереңдете дайындауға кіріседі. Одан соң қорғаншылық органның кәсіби қабылдау отбасы болу мүмкіндігі туралы қорытындысы жүргізіліп, шарт жасалады. Нәтижесінде балалар тағайындалған кәсіби қабылдау отбасына орналастырылып, бейімделуі мен дамуына ұдайы мониторинг жүргізіліп отырады, – дейді Ұлттық бала асырап алу агенттігінің басшысы Фарида Мырзаханқызы.
Қазіргі таңда елімізде 4 285 бала интернат мекемелерінде тәрбиеленуде. Оның 3 352-сі білім беру, 425 бала денсаулық сақтау, қалғаны ерекше балаларға арналған мекемелерге орналастырылған. Ресми деректерге сүйенсек, мұндай ортада өскен жасөспірімдердің 40 пайызы қылмыс жасауға бейім. Ал 50 пайызына еңбек нарығында сұраныс жоқ, сондықтан жұмыс табу қиынға соғады екен. Сонда қоғамға бейімделіп кететіні 10 пайызы ғана болып тұр. Әрине, бұл алаңдатарлық жағдай. Агенттік мамандарының айтуынша, кәсіби қабылдаушы отбасылар институты осындай жағымсыз көрсеткішті болдырмауға оң әсерін тигізбек.
Бұл қызмет түрі баланың отбасылық ортада өмір сүру құқығын іске асыруға ықпал етеді әрі туған отбасын сақтап қалуға арналған. Осы орайда мамандар балаларды қолдау орталықтары және қорғаншылық органдарының кәсіби қызметкерлерімен, сондай-ақ баланың биологиялық ата-аналарымен ынтымақтастықта жұмыс істейді.
«Кәсіби қабылдаушы отбасы жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, қараусыз қалған балаларды, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларды анықтағаннан кейін бірден жетім балаларға арналған ұйымдарды айналып өтетін Қазақстан азаматтарының отбасыларына уақытша орналастыру нысанына айналады. Заң жобасы ата-аналардың өз баласын тәрбиелеуін, баланың туыстарының балаларды олардың отбасына орналастыру құқығын көздейді. Жеткіншектердің өмірі мен денсаулығына қауіп төнген және туыстары болмаған ерекше жағдайларда балалар кәсіби асырап алушы отбасыларға жіберіледі. Балалардың құқықтарын қорғаудың мұндай үлгісі бүгінгі таңда да бар», – деп бұдан бұрын да Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан айтып өткен еді.
Жиын соңында жетімін жылатпауды қолға алып, бала бақытын көксеген Ұлттық бала асырап алу агенттігінің басшысына жиналғандар көкейдегі сауалдарын қойып, пікір алмасты.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ