Облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевтың айтуынша, биыл құрылыс саласында жалпы сметалық құны 248,1 миллиард теңгені құрайтын 282 жобаға 83,3 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлініпті. Бұл қаражат түрлі әлеуметтік нысандарды салуға, қалпына келтіруге және жаңғыртуға бағытталған. Оның ішінде 201 нысан биыл пайдалануға берілуі тиіс болса, 81 нысан келесі жылға өтпелі.
– Аталған жобалардың 128-і «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», 91-і «Өңірлерді дамыту», 43-і «Ауыл – ел бесігі», 12-сі «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынып жатса, 8-і білім инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен қаржыландырылды. Құрылыс басқармасының тапсырысымен сметалық құны 111,9 миллиард теңгені құрайтын 86 жобаға бюджеттен 33,3 миллиард теңге бөлінді. Оның 57-сі биыл тапсырылуы тиіс, 29-ы келесі жылға өтпелі. Жыл басынан бері 71 нысанның құрылысы аяқталды. Білім саласында 29 нысанның 13-інің құрылысын биыл аяқтау қажет болса, 9 нысан тапсырылды. Ал 16 нысан 2025 жылға өтпелі. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынып жатқан 12 нысанның үшеуі пайдалануға беріліп қойса, төртеуі жыл соңына дейін ел игілігіне ұсынылады. 8 нысанның құрылысы алдағы жылы аяқталады. Денсаулық сақтау саласында 39 нысанның 33-інің құрылысы 2024 жылы аяқталуы тиіс. Қазіргі уақытта 17-сі тапсырылды. 6 нысанның құрылысы келесі жылы бітеді. Спорт саласында 15 нысанның 13-ін осы жылы тапсыру жоспарланған, 4-еуі аяқталды, 2 нысан келесі жылға өтпелі. Сол секілді мәдениет саласында құрылысы басталған 15 нысанның 10-ын биыл пайдалануға беру көзделген, меже бойынша бесеуі орындалды, келесі жылға өтпелі нысан саны – 5. Ауылшаруашылығы саласында 9 нысанның жетеуін аяқтау жоспарланып, 5-еуі тапсырылды, қалған 2 нысан 2025 жылға өтпелі. Ішкі істер органдары, төтенше жағдайлар саласында 3 нысанның екеуі биыл, бір нысан келесі жылы пайдалануға беріледі. Тұрғын үй саласында 78 нысанның 54-ін биыл аяқтау көзделген, оның 17-сі тапсырылды. 24 нысан келесі жылға өтпелі. Инженерлік коммуналдық инфрақұрылым бойынша 82 нысанның 65-ін осы жылы аяқтау жоспарланған, 11-і тапсырылса, 17 нысан 2025 жылы аяқталады. Құрылыс басқармасы 2 әлеуметтік-экономикалық көрсеткішке тікелей жауапты болса, ол – құрылыс жұмыстарының көлемі мен пайдалануға берілетін тұрғын үй, – деген Ерлан Құрмантайұлы әрбір сала бойынша құрылысы кешеуілдеп жатқан нысандар жайын да сөз етті.
Жиында Ербол Шырақпайұлы құрылыс қарқынына қатысты мәселе туындаған 6 білім, 1 денсаулық сақтау нысаны, тұрғын үй құрылысы, су жүйесі құрылысы секілді өзге де түйткілдерге назар аударып, тиісті басқарма басшылары мен Тараз қаласы және аудан әкімдерінен жауап алды.
Мысалы, аймақ басшысы Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтен: «Тараз қаласында жыл соңына дейін 49 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілуі тиіс. Осы жұмыстар өз мерзімінде аяқтала ма? Екінші мәселе – бюджет есебінен 669 пәтерді сатып алу жоспарланған. Алайда бүгінгі күнге дейін 408 пәтерді сатып алу рәсімдері жарияланбаған. Не себепті жұмыс баяу жүргізілуде?» – деп сұрады.
Бақытжан Әмірбекұлының айтуынша, қала аумағында 50 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатса, оның біреуінің құрылысы келесі жылы аяқталады. Ал есепті мерзімде 14 тұрғын үй пайдалануға беріліпті.
– Жыл соңына дейін 29 тұрғын үй тапсырылады. Өндірістік кестеден кешігіп жатқан 11 тұрғын үйдің ішінде төртеуіне қаржының республикалық бюджеттен кеш бөлінуі себеп болып отыр. Десе де қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Негізінде айтарлықтай мәселе туындатып тұрған 7 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталған болатын. Сол кезде әр шаршы метрі үшін 160 теңгеден келісімшарт жасалған. 2022 жылы қаржының 95 пайызы төленген. Бірақ жұмыс толық көлемде орындалмаған. Бұл мәселе бойынша іс Жоғарғы сотқа дейін жетті. Нәтижесінде мердігерлерге жыл соңына дейін осы тұрғын үйлерді пайдалануға беру тапсырылды. Қазір осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуде, – деген қала әкімі пәтерлерді сатып алуға қатысты жұмыстар да жыл соңына дейін аяқталатынын жеткізді.
– Құрылыс нысандарының өндірістік кестеден кешігуінің екі ақ себебі бар. Оның бірі – кеш қаржыландыруға қатысты болса, екінші себебі – құрылыс жұмыстарының белгілі себептермен тоқтатылуы. Біздің өңірде құрылыс жұмыстары сот шешіміне сәйкес тоқтатылып жатыр. Осы ретте бюджеттік бағдарлама әкімшілері өз тарапынан жылдық жоспарды дұрыс жасап, мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізуге ерте қамдануы керек. Құрылыс жұмыстары бекерден-бекер тоқтатылмайды. Сондықтан мердігерлерге заң аясында тиісті шаралар қолданылуы керек. Сонда алдағы уақытта саны бар, сапасы жоқ мердігерлер конкурсқа ойланып барып қатысатын болады, – деді Е.Қарашөкеев.
Жиын соңында Ербол Шырақпайұлы құрылыс жұмыстарының қарқынын арттыру және нысандарды уақытында тапсыру мәселесіне қатысты жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Облыс әкімі әр сала бойынша құрылыс барысын бақылауды күшейтуді, сапа стандартқа сай болуын және жоспарланған мерзімде құрылыс жұмыстары аяқталуын қадағалауды талап етті.
Бұдан кейін «қызыл сызық», яғни құрылыс нормасының сақталуы туралы мәселе қаралып, бұл бойынша облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаев пен облыс әкімдігі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Қайрат Бисембаев баяндама жасады.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ