Өз ісіне жан-тәнімен берілген, жүрегі кең, жауапкершілігі мол Закир Гулалиұлы қалалық көпбейінді ауруханада екі жылдан бері еңбек етіп келеді. Оған дейін төрт жыл Түркияның Стамбул қаласында білімі мен тәжірибесін арттырған.
Қазіргі таңда тәжірибелі невропатолог мамандардың тапшылығына байланысты Закир Азизов аптасына екі рет кешкі уақытта №8 қалалық емханада қабылдау жүргізсе, қалған күндері көпбейінді ауруханада қызмет етеді.
Жалпы Азизовтар отбасын ақ желеңділер әулеті деуге әбден болады. Анасы Луиза Азизова – медбике, ағасы Вахит Азизов – травматолог, ал екінші бауыры Стамбулда кардиолог болып жұмыс істейді.
– Анам медбике болғандықтан үнемі қасына ертіп жүретін. Науқастарға қалай қамқорлық жасайтынын көріп, өзім де бала кезімнен дәрігер болуды армандадым. Мектепті бітіргеннен кейін медициналық университетке оқуға түсіп, диплом алған соң Стамбулда жұмыс істеп, көп тәжірибе жинақтадым. Түркияда терапевт дәрігерлер науқастарды кең көлемде емдеп, тек күрделі жағдайларда ғана арнайы мамандарға жібереді екен. Сондай-ақ Түркияда адамдар ауруды тек физикалық дерт ретінде қабылдамай, жан мен дененің арасындағы байланысты да мойындайды. Яғни ауру кейде адамның ішкі жандүниесіндегі мәселелердің салдарынан туындайды деп есептейді. Басқа адамдардың әсері, кінә, шектеулер, жанның мазасыздығы сияқты факторлар адамға ауру әкелуі мүмкін деп түсінеді. Көп адам аурудан құтылуды ғана көздейді, алайда ауру, шын мәнінде, жанды емдеу үдерісінің бір бөлігі. Ауруды жай ғана алып тастау мүмкін емес. Егер адам өз дертін мойындап, қабылдаса, ол дерттің белгілі бір мақсатына жеткені. Кейде ауру адамға өзін-өзі тыңдап, ішкі мәселелерін шешу үшін келгендей әсер береді. Іштей ауруды қабылдау – оның бірте-бірте азайып, тіпті жоғалуына да себеп болуы мүмкін, – дейді Закир дәрігер.
Дәрігердің айтуынша, қабылдауына психозға ұшыраған науқастар жиі келеді екен.
– Көбінің ішінде әлдекімге өкпесі, реніші, жан жарасы болады. Ал мұндай ішкі күйзелістер мен эмоциялар уақыт өте келе ауру болып көрініс табуы немесе тіпті соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін, – дейді дәрігер.
Кейбір адамдар әкесіне, анасына немесе бауырына деген өкпесін ашық айта алмай, жылдар бойы ішінде сақтап келеді. Дәрігердің сөзінше, мұндай жағымсыз эмоциялар мен ойлар ағзаға айтарлықтай зиянын тигізеді. Санада сақталған жағымсыз әсерлер күн сайын күшейіп, адамның жүйке жүйесін бүлдіріп, ақыры психикалық күйзелістерге ұшыратуы мүмкін. Адамдардың ішкі жанайқайын тыңдап, жандүниесіндегі ауыртпалықтарды босата білуі – денсаулықты сақтаудың бірден-бір жолы.
– Невроз дегеніміз – бір нүктенің айналасында қалып қою, бір шеңберден шыға алмау. Адам алға қойған мақсатына жеткенше қозғалысты тоқтатпай, жолын жалғастырғанда ғана невроздан арылады. Жаны нәзік адамдар неврозға жиі ұшырайды. Себебі олар кейде бір нәрсеге тым қатты беріліп кетеді. Бастаған ісін аяғына дейін жеткізуге тырысу, бар назарын соған ғана аудару миға артық жүк түсіріп, адамды қажытып тастайды. Өмірдегі мәселелерді шектен тыс уайымдап, сарыуайымға салыну да адамның күшін сарқып, денсаулығына кері әсерін тигізеді. Мәселен, психикалық ауруханаларда жатқан адамдардың көбі – ой еңбегімен айналысатындар, ғалымдар, оқымыстылар мен ұстаздар. Әр нәрсенің өз өлшемі бар. Қандай да бір әрекетті шегін сақтап, аздап және үнемі жасау керек. Сонда ғана артық ойлар мен ауру айналып қашады. Біздің барлық күйзелістеріміз бен ауыртпалықтарымыздың көзі – мида. Мидағы артық ойларды реттесек, денсаулығымыз да жақсарады, – дейді Азиз Гулалиұлы.
Иә, бәріміз әлдекімге ашуланамыз, ренжиміз. Мұны табиғи құбылыс деп қабылдаймыз. Өкпе реніш, ашу-ыза – өтпелі бір сәттік құбылыс та болуы мүмкін. Бірақ сарыуайымға салынып, күйзеліске түсіп кетсеңіз, неврологиялық ауруларды қолдан жасап алатыныңызды ұмытпаңыз. Сондықтан «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген» – ең дұрыс шешім.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА