Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жуалы өңірінде эпизотиялық жағдай тұрақты

Жуалы өңірінде эпизотиялық жағдай тұрақты
Ашық Дереккөз
Ауылшаруашылығы саласында төрт түлік пен одан алынатын ет, сүт секілді өнімдердің қауіпсіздігі ветеринария саласының атқаратын жұмысына байланысты. Сондықтан да малшаруашылығы ветеринария саласына тәуелді. Қазіргі уақытта еліміз бойынша ветеринариялық қызметтердің сапасын арттыру, жұқпалы аурулардың алдын алу, вакцинация және диагностика жүйелерін жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқаны белгілі. Бұл шаралар елдегі мал басының төлі есебінен көбейіп, алынатын өнімнің де мол болуына ықпал етуде.

Жалпы ветеринария саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен субсидиялар арқылы асылтұқымды мал басын өсіруге, экспорттық әлеуетті арттыруға, экологиялық таза және сапалы ет, сүт өнімдерін өндіруге мүмкіндік жасалуда. Соның арқасында жаңа технологияларды қолдану мен мамандарды даярлау арқылы ветеринариялық қызмет сапасы жақсарып келеді.

Осы ретте Жуалы ауданындағы эпизотиялық жағдай мен саладағы өзекті мәселелерді, ауданның аталған сала бойынша тұрғындардың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі әлеуетін сөз еткенді жөн көрдік.

Биыл Жуалы ауданында тіркелген мал басының статистикасы аймақтың ветеринариялық қауіпсіздігі мен малшаруашылығының даму деңгейін айқын көрсетеді. Ауданда 60 200 ірі қара, 265 850 қой-ешкі, 20 130 жылқы бар екен. Бұл деректер ауданның ауылшаруашылығында малшаруашылығының маңыздылығын және қарапайым халықтың негізгі күнкөрісі төрт түліктің есебінен өтелетінін айқындайды.

Негізі аудандағы ірі қара мал мен қой-ешкі сияқты төрт түліктің көптігі ветеринариялық қызметтердің тиімділігін талап етеді. Ветеринариялық профилактикалық іс-шаралар мен диагностикалық тексерулердің уақытылы жүргізілуі аурулардың алдын алуға және мал басын ауру-сырқаудан аман сақтауға мүмкіндік береді. Төрт түліктің дені індеттен аман болса, өнімділік артып, мал санының өсуіне де ықпал етеді.

Жуалы аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Бақыт Сүйіндіковтің айтуынша, аймаққа қарасты 14 ауылдық округте 49 елді мекен бар. Ветеринария бөлімі халыққа ауылдық округтерде ашылған 14 ветеринариялық пункт арқылы қызмет көрсетуде.

– Ветеринария бөлімі тарапынан аудан көлемінде ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыстар атқарылуда. Оның негізгі мақсаты – жануарлар арасында аурудың алдын алып, олардың денсаулығын бақылау арқылы тұрғындардың қауіпсіздігін қорғау. Бөлім жануарларды емдеу, есепке алу және жануарлардан алынатын өнімдердің санитариялық талаптарға сай болуын бақылау сияқты бірқатар маңызды міндеттерді жүзеге асырады. Сонымен қатар бөлімнің негізгі қызметі – адам мен жануарларға ортақ аурулардың таралуын болдырмау. Біздің мекеме жануарлардың аса қауіпті, жұқпалы және энзоотиялық ауруларына қарсы ветеринариялық іс-шараларды арнайы бекітілген жоспар бойынша өткізу, ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстарын жүргізу, мал иелеріне қажетті мәліметтерді дерекқордан үзінді көшірме түрінде ұсыну, ветеринариялық қауіпсіздікті сақтау мақсатында ауылшаруашылығы жануарлары мен жануарлардан алынатын өнімдерге тасымалдау рұқсаттарын беру ісімен айналысады. Сонымен қатар жануарлардан алынған биологиялық материалдың сынамаларын жинап, оларды ветеринариялық зертханаға жеткіземіз. Жұқпалы емес аурулар бойынша арнайы бекітілген прайс парағына сәйкес ақылы қызметтер ұсынамыз. Бұл қызметтер жануарлардың ветеринариялық көмекке мұқтаж иелеріне ыңғайлы әрі қолжетімді қызмет алуына мүмкіндік беріп отыр. Аудандық ветеринария бөлімі осы кешенді шаралар арқылы халық денсаулығы мен ауылшаруашылығы саласы өнімінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, – дейді Бақыт Үшкемпірұлы.

Мемлекеттік тапсырыс арқылы мемлекеттік органдардың немесе ұйымдардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін тауарлар, жұмыстар немесе көрсетілетін қызметтер сатып алу жүйесі арқылы жүзеге асырылатыны белгілі. Бұл жүйе мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын жобалар мен қызметтерді жүзеге асыруда маңызды. Мәселен, аса қауіпті ауруларға қарсы жұмыс жүргізу барысында мемлекет вакциналау, диагностика және профилактикалық шаралар секілді ветеринарлық қызметтерге мемлекеттік тапсырыс есебінен қаржы қояды. Ол жұмыстар жергілікті жерде жүзеге асырылғаннан кейін соның есебінен мал дәрігерлерінің еңбекақысы төленіп, қаржы мекеменің басқа да қажеттілігіне жұмсалады. Биыл мемлекеттік тапсырыс бойынша Жуалы ауданында бекітілген жоспарға сәйкес жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы бағытталған ветеринариялық профилактикалық іс-шараларды жүзеге асыру уақытылы және сапалы орындалып жатыр екен. Атап айтқанда, аса қауіпті ауруларға қарсы егу жұмыстары үшін жоспар бойынша 2 310 650 манипуляция, яғни вакцинация жүргізу көзделіпті. Оның ішінде 16 аса қауіпті жұқпалы ауруға қарсы екпе жұмыстары да қарастырылған. Жыл басынан бері жоспар бойынша 1 823 400 манипуляция (вакцинация) өткізілген. Сонымен қатар сарып (бруцеллез) ауруын анықтау мақсатында биыл жоспар бойынша 441 900 манипуляция, яғни диагностика жүргізу мен 13 аса қауіпті ауруға қарсы қан алу жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері осы мақсатта жоспар бойынша 341 863 манипуляция жүзеге асырылып, ауылшаруашылығы жануарларынан қан сынамалары алыныпты. Зертханалық тексерулердің қорытындысы бойынша бруцеллез ауруы анықталған 18 ірі қара, 17 уақ мал, барлығы 35 түлік санитариялық талаптарға сай сойылып, уақ малдар қайта өңдеуге жіберіліпті.

2024 жылға бекітілген жоспар бойынша 18 000 мүйізді ірі қара, 88 100 қой-ешкі, 4 020 жылқы бірдейлендіруден өтуі тиіс болған. 10 айлық жоспар негізінде 18 186 ірі қара, 88 704 уақ мал, 4 064 жылқы бірдейлендіріліп, дерекқорға енгізіліпті. Жалпы бірдейлендіру жұмысы 101 пайызға орындалған.

Жуалы ауданы аумағында соңғы 60 жылда Сібір жарасының 45 ошағы тіркелген. Олар бүгінде талапқа сай бетондалып, қоршалған. Белгі қойылып, атаулары жазылған. Жылына 1 рет ағымдағы жөндеу және залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп отыратын көрінеді. Аталған ошақтар қайда орналасқанын тарқатар болсақ, оның тоғызы Күреңбел ауылында болса, сегізі Қошқарата ауылында, алтауы Жетітөбеде. Сондай-ақ бесеуі Боралдайда, төртеуі Қарасазда, үшеуі Мыңбұлақта орналасқан. Ал Көкбастау мен Билікөл және Шақпақта екі-екіден, Б.Момышұлы, Нұрлыкент, Ақтөбе ауылында бір-бір ошақтан бар.

– Аудандағы 4 биотермиялық шұңқыр Мыңбұлақ, Көкбастау, Күреңбел және Боралдай ауылдарында орналасқан. Қазіргі уақытта Мыңбұлақ және Көкбастау ауылдық округтерінің биотермиялық шұңқырлары толуына байланысты консервацияға қойылды. Билікөл ауылдық округіне Беккари шұңқыры осы жылы қолданысқа беріледі. Келесі жылға 1 Беккари шұңқырының құрылысын жүргізу жоспарланса, Қарасаз, Қызыларық ауылдарына екі биотермиялық шұңқыр салу қажеттілігі туындап отыр. Аймақ бойынша 14 ауылдық округте 24 арнайы салынған мал емдейтін орын (раскол) бар. Осы атқарылған жұмыстарды халыққа жеткізу үшін, яғни Жуалы ауданындағы ветеринариялық қызметтің тиімділігін арттыру және тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, әлеуметтік желідегі мекеменің «Instagram» парақшасында 103 жарияланым орналастырылды. «Facebook»-те де осыншама материал жарияланды. Бұл мекеменің әлеуметтік желі арқылы өз аудиториясымен байланыс орнатылғанын және оларды маңызды ақпаратпен қамту ісі жүйелі жүргізіліп отырғанын көрсетеді. Аудандық «Жаңа өмір» газетінің биылғы сәуірдегі №28 санында «Сібір жарасы ауруынан сақ болыңыздар» атты мақала жарияланды. Бұл мақалада Сібір жарасының алдын алу шаралары туралы егжей тегжейлі айтылған. Аталған басылымның қыркүйек айындағы №65 санында «Ветеринария – адамзатты емдейді» тақырыбында да мақала жарық көрді. Онда ветеринарияның адам денсаулығына әсері мен маңызы туралы кеңінен мәліметтер берілген. Жалпы аудандық ветеринария саласындағы оңды істер облыстық БАҚ беттерінде тұрақты түрде насихатталып келеді. Аудан орталығында, ауылдарда «Сібір жарасынан абай болыңыз» атты билбордтар ілініп, тұрғындардың назарын аударатын визуалды ақпараттар ұсынылды. Ветеринариялық станса жанынан құрылған жұмысшы топ та әлеуметтік желілер арқылы аудан тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Атқарылған істердің аясында меморандум, ақылы қызметтердің прейскуранты, мал иелерінің міндеттері және аса қауіпті аурулар бойынша ақпараттар қамтылған. Сонымен қатар ауылдық округтердегі ветеринариялық пункт мамандары тұрғындарға ит мысықтарды ережеге сәйкес ұстау жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, арнайы жадынамалар таратты. Осы шаралар арқылы тұрғындардың ветеринариялық білімін арттыру және олардың денсаулығы мен жануарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар жалғасуда, – дейді Б.Сүйіндіков.

Жуалы ауданында ветеринария саласы тұрақты дамып келеді. Соның арқасында малшаруашылығын қолдау және аурулардың алдын алу бағытында бірқатар жетістікке қол жеткізілген. Мемлекеттік шаралар аясында ветеринариялық қызметтер сапасы да артқан.

Бүгінде малды түрлі кесапаттан аман сақтау, асылтұқымды мал санын көбейту, тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру мақсатында белсенді жұмыстар атқарылуда. Салада ветеринарлық профилактикалық шаралар мен заманауи емдеу әдістері қолданылып, халықтың қауіпсіздігі барынша қамтамасыз етілуде.

Жуалы ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар