Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Саладағы тың серпіліс

Саладағы тың серпіліс
Ашық Дереккөз
Егемендік алған кезеңнен бері денсаулық сақтау саласында түрлі бағдарламалар, жобалар іске асты. Бір бағдарламада ескерілмегенді екіншісі толықтырып отырды. Тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету барысында инфрақұрылымға, құрал-жабдықтарды жетілдіруге, дәрігерлердің біліктілігін арттыруға көп көңіл бөлінді. Қазірде медициналық көмекке қолжетімділікті жақсарту мақсатында цифрландыру мәселесі жолға қойылып жатыр. Ауыл медицинасының әлеуетін арттыруға да басымдық беріліп келеді. Осыдан-ақ медицина бір бағытта емес, жан-жақты дамып келе жатқанын аңғару қиын емес.

Бұрынырақта еліміздегі маңдайалды медициналық мекемелер Алматы қаласында шоғырланған болатын. Сырқаты асқынып, жанына дәру іздегендер сонда барып, білікті мамандардан ем алып жүрді. Ол кезде жоғары технологиялық құралдар соншалықты жетілмеген, медициналық көмектің сапасын қазіргімен салыстыруға мүлде келмейтін еді.

Тәуелсіздік алған тұрлаулы жылдары елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен болды. Кеңестен қалған ірі өндіріс орындары құлдырап, оның орнын шағын зауыттар басып жатты. Кейбір өнеркәсіпке таптырмайтын құрылғылар қараусыз қалып, қара темірге айналды. Күрделі кезеңдегі қиындықтарға қарамастан, медицинаға, ұлт саулығына қатысты мәселелер назардан тыс қалмады. Осы тұрғыда медицина саласындағы табыстарды бірер жылда емес, егемендіктен беріге дейінгі іске асқан жұмыстың жемісі деп қабылдау керек. Қазір аса күрделі ауру-сырқау болмаса, науқастардың көбі өңірде-ақ емделіп, сауығып кетіп жатыр. Бұл оң үдеріс желісі үзілмей, ірі қалалардың тәжірибесі өңірлердегі медициналық орталықтарға бірте-бірте жетіп отырады. Озық шетелдік тәжірибелерді алдымен дәрігерлер ірі медициналық орталықтарда шыңдап, содан соң аймақтағы аурухана, емханаларға таратады. Ел көлемінде ірі медициналық орталықтар көбейіп келеді. Жоғары технологиялық оталарды жасауға материалдық базасы қауқарлы орталықтар қолда бар мүмкіндікті құр жібермеуге тырысады. Орайы келсе, кеңейгеннің үстіне кеңейе түседі. Астана, Алматыдағы ірі медициналық орталықтарда жасалатын күрделі операциялар Шымкент қаласы, Түркістан, Қарағанды облыстарында батыл, жүйелі, нәтижелі орындала бастады.

Кейінгі жылдардағы медицинадағы үлкен жетістіктің бірі Ұлттық медициналық орталықтардың ашылуы болды. Қазір ол орталықтарға алыс-жақын шетелден келіп емделетін науқастар көбейіп келеді. 2008 жылы Астанада медициналық кластер құрылды. ТМД елдерінің арасында алғашқы ұлттық медицина холдингі пайда болды. «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығы, Ұлттық нейрохирургия ғылыми орталығы, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы, Республикалық диагностикалық орталық, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы, басқа да медициналық ұйымдар ашылды. Бұл бір ғана елордадағы медициналық орталықтар, ал өңір-өңірлерде ашылып жатқан ұйымдар қаншама? Ондағы сапаны медициналық туризмге басымдық беріп отырған Астанамен салыстыра алмасақ та қалыспайды.

Мысалы, биыл Қарағандыдағы облыстық балалар емханасында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп, химиотерапиялық орталық ашылды. Медициналық мекемеде пациенттерге барлық жағдай жасалып, жаңа құрал жабдықтармен толықты. Мекеменің негізгі ғимаратында радиациялық онкология орталығы жабдықталды. Онкологиялық ауруға шалдыққан науқастарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасына қатысты түйткілдерді Мәжіліс депутаттары да көтеріп, реттеуді ұсынған еді.

Жалпы денсаулық сақтау саласындағы түйінді мәселелер көптің сұранысымен реттеліп келеді. Соның бірі – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда айтқан бірыңғай медициналық ақпараттық жүйе. Цифрландыру арқылы салаға бөлінген қаржыны бақылап, «жалған жазбалардың» жолын кесуге мүмкіндік тумақ. Сайып келгенде, бұл да медициналық көмек сапасын жетілдіруге жол ашады. Бүгінде онкологиялық ауруға шалдығуы мүмкін деген күдікті пациенттерге уақытылы диагностика жүргізуге «жасыл жол» енгізілген. Әрбір өңірдегі онкология орталығында ахуалдық орталықтар құрылған. Бұрындары онкологиялық аурулардың кейбірін дәрігерлер тек хирургияда зерттеп қараған болса, қазір саланың бағыты кеңейіп, мүмкіндігі молайды. Онкологиялық ауруларға қатысты генетикалық зерттеулер, ғылыми жаңалықтар көп. Қатерлі ісікті тікелей емдеуге септесетін дәрі-дәрмектер шығып жатыр. Өкінішке қарай, медицина дамыған сайын аурулардың түрі көбейіп бара жатқаны да жасырын емес. Сондықтан еліміздегі білікті профессор-дәрігерлер медицинаның барлық саласында алдыңғы қатарлы елдермен, халықаралық ұйымдармен тығыз байланыс орнатқан. Бұл байланыс мемлекеттік деңгейде медицинаға инвестиция тартумен сабақтасады. Бүгінде шетелде дәрі дәрмек өндіретін жетекші компаниялар елге келіп жатыр. Яғни олардың алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасалып отыр деген сөз. Осылайша елдегі дәрі-дәрмек өндірісі жылдан-жылға арта береді.

Ұлттық нейрохирургия орталығының базасында микронейрохирургия, эндоваскулярлық, эндоскопиялық және функционалдық нейрохирургия сынды нейрохирургияның жаңа салалары енді. Ал кейінгі жылдардағы жаңашылдықтың бірі ретінде Гамма-пышақ радиохирургия кешенін айтуға болады. Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы Орта Азиядағы жетекші орталықтардың біріне айналып үлгерді. Айта берсек, медицинаның барлық дерлік бағытында жетістіктер жетіп артылады.

Әлбетте, салада көптің көңілінде жүрген, түйіні тарқамаған мәселелер де бар. Қалай дегенде де ұлт саулығы мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі болып қала береді.

Сәндібек АСАНӘЛІ,

журналист

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар