Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мемлекеттік бюджетке 147,1 миллион теңге қаражат өндірілді

Мемлекеттік бюджетке 147,1 миллион теңге қаражат өндірілді
Ашық Дереккөз
Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуын тежейтін, мемлекеттік институттарға деген сенімді төмендететін күрделі құбылыс. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында жегіқұртқа айналған жемқорлық мәселесіне үнемі назар аударып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүгінде елімізде қоғам үшін қауіпті кеселдің алдын алу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Дәурен Омаровтың айтуынша, өңірімізде жемқорлықтың алдын алу және қоғамды толғандыратын мәселелерді шешу мақсатында бірқатар оң нәтижеге қол жеткізілген. Жүргізілген талдау және мониторинг жұмыстарының нәтижесінде бүгінгі күні мемлекеттік бюджетке 147,1 миллион теңге қаражат өндіріліпті. Жекелей айтсақ, денсаулық сақтау саласынан 119 миллион теңге, спорт саласынан 17,9 миллион, әлеуметтік саладан 3,8 миллион және субсидиядан 6,4 миллион теңге негізсіз төленген қаражат қайтарылыпты.

Сонымен қатар өңірдің сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасына енгізілген 11 бағыттың 9-ы бойынша нәтижелі жұмыстар атқарылыпты.

– Жол саласындағы сыртқы талдаумен 28 жүйелі жемқорлық тәуекелі анықталып, бұзушылықтар бойынша түбегейлі тексеру және 12 тұлғаға қатысты материалдар Әдеп жөніндегі кеңеске жолданды. Жемқорлықтың түрлі салаларда көрініс табуы қоғамды алаңдатып отыр. Әсіресе денсаулық сақтау, білім беру, мемлекеттік сатып алу, жер қатынастары мен құқық қорғау органдары сияқты маңызды салаларда жемқорлыққа жол бермеу үшін арнайы шаралар қабылдануда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тек қылмыстық қудалаумен шектелмей, алдын алу шараларын күшейту керектігі атап көрсетілді. Бұл бағытта мемлекеттік басқару жүйесі жетілдіріліп, қоғамдық бақылауды күшейту мәселелері де күн тәртібіне шықты. Автомобиль жолдарын салу және реконструкциялау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижесінде облыс аумағында жалпы сомасы 1,5 миллиард теңгеге автожолдарға орташа жөндеу жүргізуге арналған келісімшарттар бойынша 112 көше жолын жөндеу немесе кепілдік мерзіміне сәйкес келтіру тәжірибесі тиісті түрде орындалмайтыны анықталды. Департаменттің ұсынысымен 2024 жылғы мемлекеттік сатып алу шарттарына қосымша келісім жасау арқылы нысандардың кепілдік мерзімін 2 жылға созу бойынша жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамаған 9 ауылдық округ әкімдері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жамбыл ауданының 3 090 гектар егістік жерін сумен қамтамасыз ететін ұзындығы 32 шақырымды құрайтын «Райс» каналын реконструкциялауға 1,8 миллиард бөлінген. Алайда жобадағы сәйкессіздіктер салдарынан каналдың 2,8 шақырымды құрайтын аумағында ені 3,5 метрді құрауы тиіс болған жері 2 метрге дейін кішірейген. Бұл судың сыртқа төгілуіне және кейіннен канал қабырғаларының бұзылуына әкелген. Мониторинг нәтижесінде аталған кемшілік ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің суды толыққанды алуына кері әсерін тигізгені анықталды. Департаменттің ұсынысына сәйкес «Райс» каналындағы қайта қалпына келтіру жұмыстарына мердігер мекеме тарапынан 180 миллион теңгеге қосымша жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде 62 ауылшаруашылығы тауар өндірушісі суармалы сумен қамтамасыз етілді. Субсидиялау саласына жүргізілген мониторинг барысында субсидия төлеу кезінде кезектілікті жүйелі түрде сақтамау, субсидияны уақытылы төлемеу және жекелеген шаруаларға артықшылық көрсету түріндегі жемқорлыққа алып келетін тәуекелдер анықталды. Мысалы, 2023 жылғы шілде айында кезекке тұрған ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің өтінімдерінен бұрын, кезекке кейінірек тұрған, яғни 2023 жылдың қазан айындағы өтінімдер қаралып, оларға субсидия төленгендігі белгілі болды. Аталған кемшіліктер субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі мен «Қазынашылық» ақпараттық жүйелері арасында интеграцияның жоқтығынан және жекелеген қызметкерлерде дискрециялық өкілеттіктердің болуынан орын алған. Департаменттің ұсынысынан кейін облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасы субсидия төлеу бойынша төлем құжаттарын қарау алгоритмін бекітті және дер кезінде қаралмаған 243 ауылшаруашылығы тауар өндірушісінің субсидиясы төленді. «Бизнеске жол» жобасы аясында субсидияланатын жұмыс орындарын қаржыландыру бойынша заңсыз бас тарту фактілері орын алғаны белгілі болды. 2024 жылдың бірінші тоқсанында келіп түскен өтінімдердің 1 294-і мақұлданып, 515 кәсіпкерге заңсыз бас тартылғаны (оның ішінде 196 кәсіпкерге екі рет бас тартылғаны) анықталды. Департаменттің ұсынысымен заңсыз бас тартылған кәсіпкерлердің өтінімдері қайта қаралды. Нәтижесінде 515 кәсіпкердің өтінімдері бойынша оң шешім қабылданып, құқықтары қорғалды. Аталған кемшіліктер нормативтік құқықтық актілерінің жетілмеуі салдарынан орын алып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауына себеп болған, – дейді Дәурен Даниярбекұлы.

Департамент тарапынан мемлекеттік сатып алу порталына жүргізілген мониторинг нәтижесінде мемлекеттік мекемелердің 100-ден астам сатып алу жоспары қайта қаралып, 937 миллион теңге бюджет қаражаты үнемделіпті. Мәселен, Қордай ауданы әкімдігінің білім бөлімі 52 жаңа үлгідегі оқу кабинетін жабдықтау үшін 367,5 миллион теңгеге сатып алуды ұйымдастырмақ болған. Алайда мониторинг нәтижесінде аталған кабинеттердің бағасы 26 миллион теңге сомасына асыра бағаланғаны белгілі болып, ұсыныс негізінде мемлекеттік сатып алу жоспарының бағасын төмендету жағына қарай қайта қаралыпты.

Ал Байзақ ауданы әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі Үкіметтің дайын тұрғын үйлерді сатып алу туралы қаулысына қарамастан 91,6 миллион теңгеге үй құрылысын салу үшін техникалық қадағалау қызметін негізсіз жоспарлағаны анықталып, департаменттің араласуынан кейін аталған сатып алу тоқтатылды.

Жемқорлықтың алдын алу үшін мемлекет құқықтық реформаларды қолға алды. Соңғы жылдары жемқорлыққа қарсы күрестің құқықтық базасы айтарлықтай нығайтылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұмысында алдын алу және заңсыз әрекеттерді анықтау жұмыстары жаңа деңгейге көтерілді. Талдау, мониторинг және аудит арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталып, тиісті шаралар қабылдануда. Бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың алдын алу үшін жаңа цифрлық жүйелер енгізіліп, мемлекеттік органдар мен кәсіпорындардағы қаржылық операциялар ашықтық қағидаттарына негізделді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында сыбайлас жемқорлықты жою үшін цифрландыру үдерістерін күшейту қажеттігін атап өтті. Жемқорлықтың алдын алуда цифрлық технологияларды қолдану арқылы мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін оңтайландыру жемқорлыққа қарсы күрестің тиімділігін арттыруда. Мемлекеттік қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігі қамтамасыз етілгенде азаматтар жемқорлыққа тап болу қаупінен арылады. Мемлекеттік сатып алулар мен субсидиялау жүйесінде де айқындық пен ашықтық қалыптастырудың маңызы зор.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, бұл қоғамның әрбір мүшесінің азаматтық борышы болуы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, қоғамда жемқорлыққа деген төзбеушілікті қалыптастыру маңызды. Ол үшін білім беру саласында жас ұрпаққа адалдық пен әділдік қағидаларын сіңіру қажет. Азаматтық қоғам институттарының белсенділігі де сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте үлкен рөл атқарады.

Президент Жолдауында көтерілген бастамалар еліміздегі жемқорлыққа қарсы саясаттың жаңа кезеңін айқындайды. Бұл бағыттағы шаралар мемлекеттік қызметті барынша ашық және қолжетімді етуге, халықтың мемлекетке деген сенімін арттыруға бағытталған. Мемлекеттің басты мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа төзбейтін құқықтық мемлекет құру.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар