Ақын Мұқағали Мақатаев та қырмызы қыздардың ертеңіне алаңдап:
«Қымбат-ау қыздың ар-мұңы,
Қиын-ау, қиын, тым қиын.
Не болар екен тағдыры?!
Үйіріліп соқса бір құйын, – деп толғанған.
Расында да қыз баланың тағдыры қиын-ақ. Үйіріліп соққан құйын қырдың қызыл гүліне тең қылықты қыздың кейде сабағын сындырып не жастай солдырып тастаса, кейде тамырымен қоса тас-талқан етіп, жұлып әкетеді. Сондықтан қазақ «Ұлыңды бөтен үйден тойдырма, қызыңды бөтен үйге қондырма», «Қыдырымпаз қыз оңбас» деп баға беріп те қойған. Сол себепті қыз баласының ертеңгі күніне алаңдаған ата-бабамыз қызға қырық үйден, одан қалса қара күңнен тыйым салған. Сол аяулы гүлдің өз бағбаны табылғанша жаны тыныш таппаған.
Қызды дүниеге келгеннен «қонақ» деп танып, үп еткен самалдан қорғап, гүлдей аялап өсірген. Сондай аяулы ақмаңдайлысын әй-шайға қарамай еркіндігін аяқ асты етіп, қалыңдық ретінде алып қашып кететін жігіттер әлі де бар. Негізі тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай, бағып-қағып өсірген қызының сүйгеніне барғанын кім жек көрсін?! Көз алдында көлбеңдеп өскен қарлығашын көлденең көк аттыға кім қисын?! Көшеде танысқанның көңілінде не барын кім білсін?! Бейуақта танымай-білмей алғанының уақыт өте келе қадірін білмей, көңілі жараспай қалып, нәзік жанын жараламасына кім кепіл?!
Қазақтардың құқықтық әдет-ғұрпында қызды алып қашудың бірнеше түрі бар. Оның ішінде алып қашу әдет-ғұрпының ең жағымды әрі зиянсыз түрі – еразаматының алып қашуына ерік беріп, үйінен өз еркімен қашып шығуы. Бұл екі жастың қалауымен шешімін табатын мәселе. Бұл үрдіс екі жақтың ата-анасы келісім бермегенде немесе той уақытын тым созып жібергенде іске асырылған.
Егер қалыңдық некелесуге өз келісімін бермеген болса, оны алып қашу қылмыс болып саналады. Мұны жасағаны үшін жігітке Қылмыстық кодекстің 125-бабына сәйкес төрт жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге, ал ол адамдар тобымен жасалған болса, жеті жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қылмыстық іс ұрланған қыздың құқық қорғау органдарына хабарлаған кезінде қолданылады.
Әдетте қалыңдықтың жеңгелері, құрбылары немесе таныстары үйінен алдап шығарып береді. Одан әрі болашақ күйеу өзі ұнатқан қызды амалын тауып, айласын асырып, өз үйіне апарады. Көбіне қыз бала алдында не күтіп тұрғанынан бейхабар болады. Мұндайда қыз барған жерінде абыр-сабыр болып, үлкендер жағы басына орамал жапқанда өзінің қайда келгенін бір-ақ түсінеді.
Алаңсыз күліп-ойнаған қарашаңырағы артта қалып, жаңа босаға аттағалы тұрған қалыңдық сол сәт бойын белгісіз үрей билеп, қатты толқитыны анық. Өмірінің ең шешуші сәтінің кешегісі мен бүгінін киесі таудай табалдырық қана бөліп тұрғанын түсінеді. Сол сәт өмірінің астаң-кестеңі шығып, аяқ астынан тотыдай таранған қырмызы қыздан жаулығы желбіреген келінге айналып шыға келетінін ұғады. Сол таудай табалдырық бүкіл өмірін шешеді. Бұл – қыз өміріндегі ең маңызды қадамның бірі.
АҚ БОСАҒА МЕН ТАБАЛДЫРЫҚТЫҢ КИЕСІ
Көптеген қыз осындай шешуші сәтте таныс әрі бейтаныс жанға тағдырын сеніп тапсыруға мәжбүр. Оған себеп – қыз баланы жастайынан ата-анасы алғашқы аттаған ақ босағаның киесі мен табалдырықтың таудай ұғымын, қадір-қасиетін бойына сіңіріп өсіруі. Үлкендердің айтуынша, қазақ үшін адам өміріндегі сәттілік, бағы ашылу, ырысқа кенелу, несібенің мол болуы, нұрланып, шаттыққа шомылуы кие мен қадір-қасиетті тануымен ұштасып жатады. Сондықтан дәстүр бойынша, жас келін босағаға табалдырықты оң аяғымен аттау арқылы енеді. Түсінгенге табалдырықта құт жатыр. Өйткені табалдырық ақ босағаның табаны, тіреушісі, екі әлемнің шекарасы саналған. Қазақ халқы үшін табалдырық – бақыттың символы. Барлық сәттілік, бақ-береке, ырыс-несібе осы қадір-қасиеттен аттамаған адамнан бастау алған деп түсінеді. Осы ұғымға сай тіршілік кешкен нәзік жан иесі ақ босағаға еніп, табалдырық аттау ұғымы алдынан шыққанда жүрек қалауына емес, наным-сенімге құрылған түсінігіне құлақ түруі сондықтан. Ал кейін өзінің қателігін түсінгенде бәрі кеш болады.
Қазақ тұрмысында барған жерінен қыз кетіп қалмасын деп жігіттің жақындары барын салады. Тіпті қарт аналар қыздың жолына жатып алады. Одан бөлек сондағы ақ жаулықтылар шешіле сөйлеп, өздерінің де осылай ақ босаға аттап келіп, мәңгіге қалып қойғанын, егер кетіп қалса, өмір бойы жолы болмайтынын айтып алаңдатады. Әккі жеңгелер соған жас қызды сендіріп бағады. Сол табалдырықта қалуға тиіс екенін айтып, барынша үгіттейді.
Оның үстіне қыз баланың жаңа босағада қалып қоюына кейбір ата-аналардың алып қашып кеткен қызын «босаға аттады» деген ұғыммен кері қабылдамауында жатыр. Қызын еріксіз алып қашқанын, шырылдап алып кетуін өтініп жатқанын естісе де жаңа табалдырық аттап қойғанын естіген әкелер қабағын түйіп, қуғыншыларға алып келмеуін бұйырады.
Өзім куә болған бір жайтты сөз етсем, бір жолы алақандай ауылдан шу шықты. Түнде алып қашып келген келінді таңертең асылып қалған жерінен тауып алған. Оған себеп, қыздың әкесі қанша өтінсе де «қабылдамаймын, барған жерінде қалсын» деп үзілді-кесілді қарсы болған екен. Әке тарапынан мұндай қатал үкімге шыдамаған қыз бейтаныс жігітке тұрмысқа шыққысы келмей, өз өмірін қиған.
Алып қашу жолымен үйленген екі жас жарасып, көтерген шаңырақтары биіктеп, керегесі кеңіп жатса, құба-құп. Мұндайда бір қауым ел қуанышқа кенеліп, ұланасыр той жасайды. Ал табалдырықты аттамастан өскен ұясына кетіп қалса, ол шаңырақ мұңға батып, ыңғайсыз жағдайда қалатыны сөзсіз. Алайда мұндай жағдайда жігіттің сағы сынбас үшін басқа қалыңдықты қарастырып, жақындары жігіттің ертерек бас құрауына ықпал етеді. Негізі қызды алып қашқан жақ қызға көп ойлануға мұрша бермейді. Себебі лезде бәрі бақытқа бастар жолға ұласқанын қалайды. Қыз жігітті ұнатып жатса, табалдырықты оң аяғымен аттап, орамал тағылады.
Осы орайда қыз алып қашу – дәстүр ме, әлде құқықбұзушылық па? Әлде ұлттық құндылық па? Бәлкім, мұны екі жасты табыстырар ұлттық мәдениеттің бір бөлшегі ретінде қарастыру қажет пе? Міне, осы көпті толғандырар сұрақ. Десе де бірі бұл дәстүрді қолдаса, енді бірі заң мен адам құқықтары тұрғысынан бұл әрекеттің жөнсіз екенін алға тартады. Ал кейбіреулер үшін сүр бойдақ пен кәрі қыздарды азайту тарапынан алып қарағанда, алып қашу – таптырмас айла.
АЛЫП ҚАШУДЫҢ ҚҰРБАНДАРЫ
Мақаланы жазу барысында біз адамдардың тақырыпқа қатысты ойларына құлақ түріп көрдік. Олардың қатарында қыз алып қашуға үзілді-кесілді қарсылық танытқандар да болды. 23 жастағы Айнұр Молдасынова анасының алып қашудың құрбаны болғанын айтып, алып қашу әдісі қорқақ, ер емес, ез адамдардың ісі деп есептейтінін жеткізді.
– Ұнатқан адам бас салып қызды алып қашпай, алдымен сезімін білдіруі керек деп ойлаймын. Гүл сыйлап, көңіл бөліп, шынайы ғашық екенін білдіріп, қыз жүрегін жаулап алуы тиіс. Ал алып қашуды қорқақтардың тірлігі деп түсінемін. Нағыз азамат алып қашпастан бұрын сенімге кіріп, қызды өзіне қаратып алуы керек. Егер қыз жігітті ұнатпаса, оның өмірін қорлап, алып қашпай-ақ, жігіт өзіне лайық қыз таңдасын. Бүгін қарамаған қызды ала қашқанымен ол отбасының ертең бақытты болып кететініне күмәнім бар. Менің анамды 22 жасында алып қашқан екен. Ал анамның ол уақытта сөз байласып, «әне-міне үйленеміз» деп ниеттеніп жүрген жігіті болған. Сонда анам қанша жалынып, жыласа да жігіт жақ қинап орамал жауып, үлкен кісілер табалдырыққа жатып алыпты. Онымен қоймай арын таптап, зорлық-зомбылық жасаған. Сонда анам айлаға көшіп, «өлі-тірі» алып кеткендерге жігітінің мекенжайын жазып берген екен. Анамның жігіті сенімін ақтап, артынан өзі қуып барып, өз шаңырағына келін етіп түсірген. Ал қызды алып қашқан жігіт пен оның достары істі болды. Міне, содан бері 30 жыл өтіпті. Әке-шешем бүгінде бақытты ата мен әжеге айналды. Негізі алып қашу – біреудің бақытына балта шабу, біреудің жеке өміріне қол сұғу. Әсіресе қыздың арына нұқсан келтіргендер заңмен жазалануы тиіс. Қыз – қаласаң, көтеріп алып жүре беретін зат емес. Сондықтан біреудің тағдырына бейжай қарайтынның барлығын жауапқа тарту керек, – дейді ол.
Қазір жасы қырыққа келген Әйгерім Баймұратты да 18 жасында бір жігіт алып қашыпты. Оның болашағына бұғау салғысы келгендер Түркістан облысының тумалары екен.
– Мен оны мүлде танымаймын, ал ол сыртымнан көріп жүріпті. Жақын танысып, сезімін білдірудің орнына жұмыстан келе жатқан жерімнен үш-төрт жігіт көлікке атып ұрып, алып қашты. 4 сағат жол жүрдік. Бойымды үрей билеп, жолай жылаумен болдым. Көлікті тоқтатып, мені алатын жігітпен оңаша сөйлестім. Міңгірлеп әлдене деді. Көңілім алай-дүлей. Қызбен сөйлесіп көрмегені, тіпті ортамен араласа алмайтыны көрініп тұрды. Діттеген меже Шымкент екен. Содан не керек, қарсылығыма қарамастан үлкен кісілер мені келін етіп түсірді. Ақыр соңында көндім. Уақыт өте келе, мені алған жігіттің жүйке жүйесінде ауытқуы бар екенін білдім. Келін болып түскен отбасының мүшелері сондай дөрекі еді. Ата-енем ащы суға берілген кісілер болатын. Күнделікті ішіп алған олар бір-бірімен алысып-жұлысып, тіпті төбелесе кетеді. Пісірген асымды төңкеріп, дастарқан үстінде де береке болмайтын. Олардың бұл қылығына, мәдениетіне үйрене алмай жылаған сайын күйеуім тепкілеп тастайтын. Төркініме көрген қиындығымның бірін де айтпауға тырыстым. «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» демекші, ата-анам «Той болмаса да құдалық өткізе салсын, ағайын-жегжаттан ұят болды» деп айтып жүрді. Мен болсам күні-түні мас ата-енеме не айтарымды білмей, үнсіз жүрдім. Күйеуімнің жұмысқа икемі жоқ болғандықтан ас-суға, киер киімге жарымадық. Сөйтіп жүріп аяғым ауырлады. Ұл тудым. «Бала үйдегілерді өзгертетін шығар» деген ойымның шат-шәлекейі шықты. Үш айлық нәрестемді лақтырып жібергенде соңғы үмітім үзілді. Алды-артыма қарамай, баламды құшағыма алып, жалаң аяқ, жалаң бас қашып шықтым. Соңымнан қуып келіп , күйеуім: «Кетсең өлтіремін, үйге жүр», – деді. Мен көнбедім. Ақыры пышақтап тастады. Қазір соның салдарынан ІІ топ мүгедегімін. Балам 10 жаста. Мен сияқты алып қашудың құрбаны болғандарға «Қалмаңдар, көнбеңдер» деп айтқым келеді, – дейді Ә. Баймұрат.
Әсемай Биғазиева есімді тағы бір кейіпкеріміз: «Менің ата-анам үлкен кісілер. Үйде 7 қыз тәрбиеленіп өстік. Әке-шешем «Алғашқы аттаған босағаларыңнан кері аттап шықпаңдар. Бірінші бақ – бақ, екінші бақ – қара бақ» деп үйреткен. Мені 17 жасымда алып қашты. Демім бітіп, өмірім таусылып бара жатқандай күй кештім. Өйткені арманым асқақ еді. Бұл босағада сол асқақ арман аяқ асты болатынын түсіндім. Мектепті үздік оқып, алтынға бітіріп жатқан қыз болғандықтан «өмірімді медицина саласына арнасам» деген арман болатын. Сол жаныма қатты батты. Қуып келген жеңгем: «Сені алып қайтсам, әкең екеумізді де өлтіреді», – деп, қанша жыласам да тастап кетті.
Өз ата-анаңнан жақын ешкім жоқ. Сол ең жақын адамдарым қолдамаған соң дүниеден баз кешкендей күй кештім. Қанша арпалысып, жалынғаныма қараған жоқ, «келін болып түсіп қойдың, болмайды» деп баланың шаңырағы жібермей қойды. Сосын қатты күйзеліске түстім. Бар арман-мақсатым тапталғандай, ауыр күй кештім. Ешкім уәжімді тыңдамайтын саңырауға айналса, мен үні шықпайтын мақаудың кебін кидім. «Арманым аяқ асты болса, мақсатыма қол жеткізе алмасам, өмір сүріп қажеті не?» деп, ақырында бесінші қабаттан секіріп кеттім. Қазір міне, қоларбаға таңылып отырмын. Бұл қоларбаға жастық шағымды, арман мен мақсатымды ұрлаған дәстүрдің салдарынан таңылғанымды білемін. Осындай тозығы жеткен дәстүрді дәріптеу – надандық, – деп қамықты Ә.Биғазиева.
Алып қашуды жігіт үшін бақыттың баспалдағы санайтын ер-азаматтар бар. Соның бірі – 44 жастағы Марат Әлиасқар.
– Артық сөз айтуға батылы бармайтын жуас жігіт болып өстім. 35 жасыма дейін қызға жақындап көрмедім. Мен де бір ұлы махаббатты, бақытты болуды армандадым. Бірақ ұяңдығым соншалық, біреу қызбен таныстырамын десе ат-тонымды ала қашатынмын. Сөйтіп жүргенде қалай 35-ке келгенімді де сезбей қалдым. Бірде тойға барып, Айнұр есімді қызға көзім түсті. Не биге, не кездесуге шақырмаған күйі тарқастық. Алайда қыздың маған қадалған жанары жүрегімді өртеді. Соны ойға алсам, дүниені ұмытатынмын. Сол кезде барып оған қатты ғашық болғанымды сездім. Бір күні ата-анаммен ақылдаса келе, достарыммен бірге қызды алып қаштық. Қыз табалдырық аттап, келін атанды. Егер бас құраудың осындай жолы болмағанда мен үйленбей қалар ма едім, кім білсін?! Сондықтан бұған дәстүр деп қарауымыз керек. Өйткені болмысы мен сияқты жігіттерге бұл қажет. Осы үрдіс мен сияқты қанша баланың бағын ашып, болашағына үміт сыйлады. Бүгінгі таңда 5 баланың әке-шешесі атанып, бақытты ғұмыр кешіп жатқан жайымыз бар. Ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрді жоққа шығармағанымыз абзал. Өкініштісі сол, қаншама сүр бойдақтар менің мінезім сияқты тұйықтығынан қызбен ашылып сөйлесе алмай, отбасын құрудан қалды. Ал табиғатынан қызға қырындауға ебі жоқ жігіттер қызды алып қашып, бақытты болса несі жаман? Сондықтан қыз алып қашуды екі жастың басын қосатын, ең жақсы үрдістің бірі деп есептеймін. Өзім отбасын құрғаннан кейін бірнеше досыма дәл осы жолмен қыз таңдап бердік. Бүгінде барлығы дерлік жарасып, түтіні түзу ұшқан шаңыраққа айналып отыр. Бір ескеретін жайт, кез келген жігіт алып қашпастан бұрын қыздың өзіне деген ойын біліп алуы шарт. Қыздың көзқарасы түзу болса, алып қаш. Ал егер ұнатпай тұрса, әрине, ойланатын жағдай. Себебі бүгінгі қыздар «табалдырықтың киесі ұрып кете ме» деп қорқып, «оң босаға аттап қойдым-ау» деп жасқанбайды. Ұнатса, қалар. Ұнатпаса, тиісуге болмайды. Мәселенің арты дауға айналып, жігіт темір торға тоғытылуы мүмкін, – дейді М. Әлиасқар.
Жанболат Темірұлы есімді кейіпкеріміз: «Тең – теңімен, тезек – қабымен» деген қазақта түсінік бар. Мен бала күнімнен сыныптағы ең әдемі, ең ақылды қызға ғашық болдым. Ол әкесі ел басқарған, зиялы отбасының қызы еді. Ал менің әкем шопан болатын. Қыздың маған қарайтын түрі жоқ. Сол қызға ұнау үшін сабақты жақсы оқып, жоғары оқу орнына да түстім. Жақсы жұмысқа орналастым. Сөйтіп, қызға сөз салдым. Ол аса қарсылық танытпағанымен әкесінің сөзін тыңдайтынын, әкесі қарсы болмаса ғана мендік болатынын жеткізді. Қыздың әкесінің алдынан өттім. Маған менсінбей қараған әкесі: «Шопанның баласы, өз теңіңді тап», – деді. Үйінен шығып бара жатқанда үлкен көлемдегі қаражат ұстатып, қызына жоламауымды ескертті. Алайда мен кішкентай кезімнен ғашық болған қыздан оңайлықпен бас тартқым келмейтінін айтып, ақшасын алмай кеттім.
Сол кезден бастап жатпай-тұрмай еңбек етіп, екі жылдың ішінде қызметім де өсті. Сөйтіп, кеудеме барлық арман-мақсатымды жинап, дайындалып, қызды алып қаштым. Қызды әкесі өзі қуып келді. Босағадан аттамастан қызынан дауыстап «Қаласың ба?» деп сұрады. Қызының бас изегенін көрген соң ақ батасын берген ол: «Бұл баладан бірдеңе шығады, жарайсың, күйеу бала», – деп арқамнан қақты. Осылайша алып қашу үрдісінің арқасында сүйген қызыма қол жеткіздім», – деді.
БІРЕУГЕ ЗИЯН, БІРЕУГЕ ҮЛКЕН МҮМКІНДІК
Алып қашу хикаясы туралы түрлі пікір естіп, ойға қалдық. Бұл тұрғыда 85 жастағы Жаңыл әжейдің де өз айтары бар.
– «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» демекші, мен алып қашсын, өз еркімен келсін, әрбір қыз алғашқы аттаған алтын босағасын жерге қаратпау керек деген ойдамын. Өзімді де кезінде шалым «Жүрші, қырдан қызғалдақ теріп келейік» деп алып қашып кеткен. Болды, бітті. «Осы жігіт маған сенім артты, ол мені, мен оны бақытты етуге тиіспін» деген оймен табалдырықты оң аяғыммен аттадым. Сөз айтып жүрген жігітім болған еді, ести сала шауып келіпті. Алайда мен «Шымылдыққа еніп қойдым, табалдырық аттап қойдым, бұл босағаның адамдарын жылатып тастап кеткенде бақытты болмаспын» деген оймен ол жігітті райынан қайтарып, аттаған оң босағада оған ілеспей қалып қойдым. Бүгінде 14 құрсақ көтеріп, 70 немере тәрбиелеп отырған батыр әжемін. Өзімнің бес қызымды да 17-18 жасқа толар-толмас шағында алып қашып кетті. Қыздарым да бұған қарсылық білдірмеді. Себебі мен солай тәрбиеледім. Еркектің еркектен қоры жоқ. Еркекті ада қылатын да, адам қылатын да әйелі. Ерінің есіктегі басын төрге сүйреу – әйелдің міндеті. Олардан барған жерлерінде «тастай батып, судай сіңуді» ғана талап еттім. Біреуі есік жағалап келген емес. Қандай жағдай болса да елжіреп тыңдамадым. «Жақсы болсаң да, жаман болсаң да өзіңнен көр» деп түйдім. Қыз баланы алып қашса, көну керек. Бұл біздің әдет-ғұрпымыздан бойымызға сіңген дүние. Сондықтан көндігіп, тек жақсы жағына өзгеріп, сол үйдің отымен кіріп, күлімен шығуды ғана ойлау керек. «Сүйе алмаймын, ол менің теңім емес» деген бос сөз, құрғақ әңгіме. Санасы биік болса, қыз бала азаматым деп қамқорлық танытып, қолынан келсе ой-өрісін кеңейтіп, қатарға қосып алсын. Бәрі әйелдің қолында. Балаларымның да бес-алтауы келіндерді алып қашып келіп, босаға аттатты. Бастысы ақылды, саналы болса болды. Қазір қайсысынан сұрасаң да қалғанына өкінетіні жоқ. Келіндерімнің бәрі шаңырақтарын шыр айналдырып отыр, – дейді Жаңыл әже.
Бұл үрдіс туралы психолог Мира Өскенбаевадан да пікір білдіруді сұраған едік. Ол алып қашудың екі жаққа да пайдасынан зияны басым екенін сөз етті.
– Алып қашу – қазақ халқына тән үрдіс. Осыдан 15-25 жыл бұрын бұл оқиға ел ішінде жиі кездесетін. Бүгінгі таңда оңтүстік өңірлерде қыз алып қашу үрдісі әлі де бар. Біз көріп, біліп, естіп жүрген алып қашудың екі түрі бар. Бірі – екі жастың келісімімен іске асса, енді бірі – танымайтын қызды бас салып ала қашу. Екіншісінің зияны орасан. Танымайтын қызды сыртынан бақылап, қадағалап жүріп алып қашу – жабайылық, қылмыстық іс. Қазіргі таңда қыз бала осындай қорлыққа душар болса, ол босағада қалмайды. Заң талаптарына жүгініп, өз арының тапталғаны, жеке басына қол сұғушылық болғаны үшін арызданады. Расында, мұндай келеңсіз жағдай қыздардың өміріне балта шабумен тең. Бүкіл өміріне психологиялық соққы алып келеді. Қыз баланың арман-мақсаттарын аяқ асты ету адамгершілікке жатпайды. Екінші жағынан, бұл ынжық балаларға тиімді үрдіс. Бірақ мұндай жағдайда да, яғни жасағалы тұрған іске әр адам қыздың өзіне деген ықылас-ниетін біліп барып кіріскені жөн. Қазақ мұндайда «Сүйгенді сүй, сүймегенге сүйкенбе» деп айтады. Сүймеген жанды қинаудың қажеті жоқ. Қыз кет әрі емес, тек шешім шығара алмай жүрген болса, бұл дәстүр жақсы нәтиже беріп, екі адамды бақытты етеді деп ойлаймын, – дейді психолог.
Иә, бір-бірін сүйіп қосылғандардың да уақыт өте келе сүйіспеншілігі азайып, ажырап кететіндерін ескерсек, бұл үлкен дайындық пен жауапкершілікті талап ететін процесс. Расымен де жігіт алып қашпастан бұрын қыздың ой-өрісін, өзіне деген көзқарасын білуі шарт.
Алып қашу – ардың ісі. Екі адамның ортасында сезім ноталары ойнап, әсем бір күй күмбірлесе ғана жігіттің бұл іске кірісуіне болады. Ал көшеден көрген көк аттының керімен бас салып бейтаныс бойжеткенді алып қашу – қылмыс.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ