Мектептегі әлімжеттіктің құрбандары әртүрлі әлеуметтік және психологиялық факторларға байланысты болып келеді. Ең алдымен, мектепте әлімжеттіктің не себепті орын алатынын және оған кімдердің жиі ұшырайтынын түсіну маңызды. Көбіне буллингтің құрбанына айналатындар – әлеуметтік тұрғыдан әлсіз, өзін-өзі қорғауға қабілетсіз және қоршаған ортада оқшауланған балалар. Олар өздерінің физикалық немесе психологиялық ерекшеліктері бойынша, мысалы, артық салмақ, әртүрлі кемшіліктер немесе интеллект деңгейі жағынан өз қатарынан ерекшеленетін балалар. Мұндай балалар жиі мазақталып, сыныптастары тарапынан қысымға ұшырайды.
Сонымен қатар эмоционалдық жағынан әлсіз балалар, яғни стресс, мазасыздық немесе депрессиямен күресетін жасөспірімдерде әлімжеттіктің құрбанына айналуы мүмкін. Мұндай балалар өздерінің сезімдерін, проблемаларын айтуға немесе қорғауға белсенді әрекет етпей, әлімжеттіктің әсерінен одан әрі оқшаулануға тырысады. Олардың мұндай реакциялары, достарының жоқты ғы немесе отбасының эмоционалдық қолдауының тапшылығы буллингтің белең алуына себеп болады.
Мектептегі әлімжеттікке көбіне қыздар мен ұлдар арасындағы қарым-қатынас, яғни әлеуметтік динамика, сыныптағы жағдай, достық қарым-қатынастар, сондай-ақ бәсекелестік әсер етеді. Сыныптастар арасында лидерлік позицияны алу үшін бәсекелестік немесе әлеуметтік мәртебені арттыру үшін жасалатын буллинг жағдайлары жиі кездеседі. Зорлық-зомбылықтың түрлері де әртүрлі. Физикалық агрессия, сөзбен мазақ ету, кибербуллинг сияқты формаларда көрініс табады. Отбасылық жағдай да буллингке ұшырау ықтималдығына әсер етеді. Баланың отбасында алған тәрбиесі, яғни ата-аналардың қарым-қатынасы балалардың тұлғалық дамуына және олардың әлеуметтенуіне ықпалын тигізеді.
– Қазір заман қорқынышты болып бара жатыр ма дерсің. Теледидар қоссаң болды, зорлық-зомбылық, біреуге күш көрсету, өз-өзіне қол жұмсапты деген секілді түрлі ақпараттарды көріп шошисың. Бүгінде үлкендер емес, жас балалардың өзі қатыгез. Бұрын біздің кезімізде де буллинг болатын. Мәселен, сыныбымызда жағдайы төмен отбасынан шыққан қыз оқыды. Бір күні қыста аяғына жыртық етік киіп келді. Сөзбен айтпасақ та көзқарасымызбен таңғалғанымызды білдіріп қойдық. Қыз баласы жүрекпен сезеді ғой. Қатты ұялғаннан жерге кіріп кетердей болды. Сол көрініс есімде қалыпты. Сол күні үйде шай ішіп отырғанымызда ата-анамды күлдірейін деп әлгі қыздың киімі туралы айтып бердім. Әке-шешемнің қабағы қатуланып, жер-жебіріме жетіп тұрып ұрысты. «Сенің бұл қылығың жарамады. Осындай тәртіпсіздігің үшін біз кінәліміз, дұрыс тәрбие бере алмаппыз» деп өзімді ұялтты. Сол оқиға мәңгілік маған сабақ болды. Сол секілді алдымен ата-ана баланың бойына мейірімділікті сіңіруі керек. Одан кейін ортаның да әсері маңызды, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Қанат Серікбаев.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тек мектептің ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Буллинг мәселесін шешу үшін ата-аналар, мұғалімдер, психологтар және мемлекеттік органдар бірлесе жұмыс істеуі керек. Ата-аналардың балаларына эмоционалдық қолдау көрсетуі, ашық сөйлесуі және проблемалары туралы ақпарат алуы маңызды. Ата-аналар мектептегі жағдайларға назар аударып, балаларымен үнемі диалог құруы керек.
Мектептегі әлімжеттіктің алдын алу мәселесі тек жеке тұлғалар деңгейінде ғана емес, қоғамның әлеуметтік-экономикалық, психологиялық және моральдік аспектілерінде де қарастырылуы тиіс. Барлық тараптардың бірлескен әрекеттері, яғни мектеп, отбасы және қоғам болып буллингтің алдын алу және мектептерді нағыз қауіпсіз ортаға айналдыру үшін қажетті ресурстар мен шараларды қолдануға мүмкіндік береді. Тек осындай кешенді жұмыс арқылы балаларымыздың қауіпсіздігі мен психологиялық денсаулығын қамтамасыз етуге болады.
А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ,
журналист