Жедел ақпарат бойынша, Тараз қаласына кірген «Audi-80» маркалы көлігі тоқтатылған. Аталған көлікте төрт жергілікті тұрғын болған. Құқық қорғау қызметкерлері көліктің багажынан 4 қап кептірілмеген марихуана тапты. Алынған есірткі заттарының жалпы салмағы 24 келіден астам. Алдын ала алынған мәліметтерге сүйенсек, марихуана Тұрар Рысқұлов ауданының құмды аймағында дайындалған.
Осы факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі бойынша тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта көліктегі екі жолаушы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қалған күдіктілерге қатысты қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Күдіктілерді ұстау іс-шарасына облыстық прокуратура қатысқан. Құқық қорғау органдары облыс аумағында есірткінің заңсыз айналымын анықтау және тоқтату бойынша белсенді жұмыстар жүргізуде.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ



