Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Айбалта»: мақсат орындалды

«Айбалта»: мақсат орындалды
Ашық Дереккөз
ҚР Қарулы Күштерінің жауынгерлік дайындық жоспарына сәйкес 2-13 қыркүйек аралығында облысымыздағы «Мәтібұлақ» оқу полигоны базасында «Айбалта-2024» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын әскери жиынға «Оңтүстік» және «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтарының бөлімшелері қатысты. Жаттығу кезінде екі әскери қолбасшылықтың әрқайсысы механикаландырылған бригада жасақтап, бір-біріне қарсылас ретінде сайысқа түсті.

Оқу-жаттығу «Оңтүстік» және «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтарының әскери бөлімдері орналасқан жерден әскери техниканың маршымен басталды. Оқу-жаттығу кезінде сарбаздардың жауынгерлік дайындық тапсырмаларын орындау қабілеті әбден сыналды. Мәселен, әскери техникалардың теміржол арқылы эшелондардан өтіп, одан кейін өз күшімен далалық жолдармен қозғалуы да маңызды жауынгерлік тапсырмалардың бірі. Сондықтан «Айбалта-2024» оқу жаттығуын ашқан әскери техникалардың маршын оқытудың бір бөлігі деп есептеуге болады.

Түсіру стансасынан «Мәтібұлақ» полигонына дейін әскери техниканың колонналары армия авиациясының тікұшақтарының сүйемелдеуімен өтті. Әскери іс-қимылдар жағдайында бұл жауынгерлік машиналар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Оқу-жаттығу ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Асан Жүсіповтің бастамасымен жүзеге асырылды. Осы орайда Асан Жүсіпов бірінші орынбасары, Құрлық әскерлері Бас штабының бастығы, генерал-майор Мереке Көшекбаевпен бірге оқу-жаттығу барысын мұқият қадағалады. Сондай-ақ сарбаздарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жаттығу кезінде туындаған күрделі мәселелерді бірге талқыласты.

«Айбалта» оқу-жаттығуы жыл сайын әртүрлі типте өтіп, оған түрлі әскери бөлімшелер қатысатынын айта кеткен жөн. Биыл ауқымды әскери жиын алғаш рет екіжақты форматта өтіп отыр. Яғни оқу-жаттығуға қатысатын екі ірі әскери қолбасшылық бір-біріне қарсылас болып, жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде бәсекелестіктің көрігін қыздырды.

Өткен жылдары оқу-жаттығуға қатысқан әскери бөлімдер қарсыласпен бір лагерьде иық тіресіп, бір майдан шебінде бірге шайқасқан еді. Бұл жолы бәрі басқаша, яғни «Мәтібұлақ» оқу-жаттығуына келген екі қолбасшылық сарбаздары көк және қызыл түстерге бөлінді. Қызыл түс «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскерлерінің белгісі ретінде таңдап алынды. Ал оқу-жаттығуға қатысу үшін бір жарым мың шақырым жол жүріп келген «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілеріне көк түсті таңғыш тағылды.

– Биылғы оқу-жаттығудың ерекшелігі «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері «қызылдар», «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері «көктер» болып бөлініп, жаттығу жарыс түрінде өтуінде. Бұл форматта әскерлер іс жүзінде әрекет етіп қана қоймай, әртүрлі маневрлер жасайды, ұрыс қимылдарының жаңа әдістерін, оның ішінде барлаудың барлық түрлеріне машықтанып, қашықтықтағы артиллерияны пайдалана алады. Аталған оқу-жаттығулар командирлерге кәсіби дайындықта, әсіресе командалық басқаруда жақсы дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ бәсекелестік жаттығулар әлемнің басқа елдеріндегі заманауи қарулы қақтығыстар тәжірибесін ескере отырып, модельденген ұрыс жағдайының имитациялануына ықпал етті.Біздің міндетіміз – командирлерді ұрысты басқару бойынша стандартты емес, сауатты шешімдер қабылдауға шабыттандыру. Бөлімшелерді басқарудың нәтижесін көрген батальон командирлері мен роталық тактикалық топтардың жауынгерлері жағдайды одан да жақсырақ бағалап, қорытынды жасап, ұрыста батыл шешім қабылдауға кіріседі, – деді А.Жүсіпов.

«Айбалта-2024» оқу-жаттығуына барлығы үш мыңнан астам әскери қызметкер мен 800-ден астам қару-жарақ, әскери техника жұмылдырылған. Оқу-жаттығуға Әуе қорғанысы күштерінің тікұшақтары мен ұшақтары да қатысты.

– Бұл жер біздің командирлер үшін бейтаныс аумақ. Иә, жаңа орынға бейімделу оңай емес, бірақ соған қарамастан кез келген әскери адам ұрыс қимылдарын білуі керек. Ал ол үшін жер бедерін қысқа мерзімде бағалап, тиісті шешімдер қабылдап, ұрысқа дайын болуымыз керек. Сондықтан біз жыл бойы жауынгерлік дайындық жүргізіп, жарысқа тыңғылықты әзірлендік. Біздің әскерлер барлық қиындықтарға дайын болып, оқу-жаттығуды ойдағыдай аяқтады. «Шығыс» өңірлік қолбасшылық бөлімшелерінің командирлері бейтаныс аумақта өте сенімді әрекет еткенін сеніммен айта аламын, – деді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, полковник Жеңіс Маралов.

Алайда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің өз аумақтарында жүргендігі олар үшін жауынгерлік тапсырманы орындау қиынға соқпайды дегенді білдірмейді. Айталық, оларға жер бедері туралы білім қажет болмаса да жаудың күшін бағалау, оның жоспарларын болжау қабілеті маңызды рөл атқарды.

– Біздің бригада оңтүстік өңірде орналасқанына, оқу-жаттығулар осында өтіп жатқанына қарамастан «көктермен» бір деңгейде болдық. Себебі қарсыластарымыз да оңай шағылатын жаңғақ емес. Әрбір командир дұрыс шешім қабылдауға, «көк» бөлімшелерге қатысты қандай да бір әскери қулық көрсетуге тырысты. Сәйкесінше «көк» бөлімшелерге өз жағына шабуылдың алдын алу міндеті жүктелді. Сондай-ақ біздің бөлім қорғанысты бұзып өтіп, мемлекеттік шекара бойындағы алдыңғы шепті қалпына келтіру тапсырмаларын да сәтті орындай білді, – дейді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты Шымкент механикаландырылған бригадасының командирі, полковник Әмірқожа Айтқожин.

Әмірқожа Айтқожин басқарған бригада шабуыл қимылдарын жүргізсе, олардың қарсыласы, гвардия полковнигі Мұрат Нұржігітов басқарған «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Үшарал механикаландырылған бригадасы қорғану міндетін мойнына алды. Енді бірде екі механикаландырылған бригада рөлдерін ауыстырды. Нақтылап айтсақ, подполковник Дәулет Секенов басқарған Сарыөзектегі «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының бригадасы қорғаныста болса, оның қарсыласы, полковник Азамат Әбікенов басқарған «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы құрамындағы Өскемендегі бригада шабуылға шықты.

Бір айта кетерлік жайт, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Қуанышбек Үштаев жаудың әлсіз тұстарын жақсы біледі. Себебі ол өткен жылдары шығыс әскерлер тобын басқарған, қолбасшылық құрамындағы көптеген офицерін жеке таниды. Сондықтан сайыс әділ өтуі үшін өзі білетін мәліметтерді құпия ұстап, өз командирлеріне жауды бағалауда және шешім қабылдауда тәуелсіздікті дамытуға мүмкіндік берді.

Оқу-жаттығу жетекшісі, ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Асан Жүсіпов оқу-жаттығудың екіжақты форматы бөлімшелерге далалық дайындықты жетілдіруге, командирлерді басқару мен басқаруда тұрақты практикалық дағдыларды дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті. 

Жоғарғы Бас қолбасшының бірінші орынбасары – Құрлық әскерлері штабының бастығы, генерал-майор Мереке Көшекбаев оқу-жаттығудың ауқымы мен жаңа ортасы командирлердің батыл шешім қабылдау қабілетін, ал батальон тактикалық топтарын дамытуға ықпал еткенін айтты. 

– Ахуалдың құбылмалы жағдайында артиллерия, авиация, радиоэлектрондық күрес құралдарының көмегімен түрлі әскер тегі мен әскерлердің өзара іс-қимыл мәселелері сапалы пысықталды. Атысты реттеу, жергілікті маневрлер және позицияларды жылдам өзгерту жоғары деңгейде орындалды. Әрбір әскери қызметші барынша әскери тәртіпке сай, жедел және қиын жағдайда міндеттерді орындауға дайын екенін көрсетті, – деді Мереке Көшекбаев.

Осылайша жауынгерлер оқу-жаттығу кезінде кәсібиліктерін танытып, оқу-жаттығудың діттеген мақсаттарына қол жеткізді. Жеке құрам дайындық деңгейінің жоғары екенін көрсетті.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар