Бұл әскери бөлім түзеу колонияларын күзету, патрульді-постылық қызметті атқару сияқты жауынгерлік қызметтерге жауапты. Ұлттық ұландағы ақ халатты абзал жандар, аға сержант Гүлім Әбдіғалиева мен кіші сержант Қамар Әбдікерімова – 5513 әскери бөлімінде медицина қызметінің майталман әскери қызметшілері. Екеуі де әскери бөлім басшылығының оң көзқарасына ие болған нәзік жандар, қарашаңырақ мақтаныштары. Осы тұста біз 5513 әскери бөлімінің жеке құрамының денсаулықтарының қорғаушысы, шипагері болып жүрген, саналы ғұмырын әскери медицина саласына арнаған аруларды мақаламызға арқау еткенді жөн көрдік.
Аға сержант Гүлім Әбдіғалиева – Шу қаласының тумасы, отбасының тұңғышы, өзінен кейінгі төрт қыз бен жалғыз бауырына қамқорлық танытып, бір-біріне жанашыр болып өскен. Ата-анасы балаларының бойына бауырмалдық, мейірімділік пен кішіпейілдік қасиеттерін сіңіріп өскен. Гүлім Әбдіғалиева 1987 жылы туған жеріндегі №72 А. Макаренко атындағы мектепте орыс сыныбында оқып, үш жылдан соң №34 Ы. Алтынсарин атындағы қазақ мектебінде оқуын жалғастырып, орта мектепті 1997 жылы аяқтады. Бала күнінен ақ халат киюді армандаған кейіпкеріміз 1998 жылы Шу қаласындағы «Саяна» атындағы медициналық колледжге оқуға түсіп, 2000 жылы «Жалпы аурухана медбикесі» мамандығы бойынша аталмыш оқу орнын тәмамдайды. 2002-2003 жылдар аралығында Астана қаласындағы теміржол ауруханасының жүрек аурулары (кардиология) бөлімінде медбике болып жұмыс істеген.
– Мен Ұлттық ұлан қатарына 2003 жылдың шілде айында келдім. Ең алғаш әскери қызметім бас қаламыз – Астанадағы 6636 әскери бөлімінде медбике болып қызмет етуден басталды. 2004 жылы қаңтар айында 6636 әскери бөліміндегі медицина бөлімінің аға санитар нұсқаушысы болып тағайындалдым. Сол әскери бөлімде үш жылдай қызмет еткеннен кейін 2006 жылдың тамыз айында қызмет бабымен 5570 әскери бөлімінің 1 жедел мақсаттағы ротасына аға санитар нұсқаушысы болып жұмысқа тұрдым. 2008 жылы қазан айында отбасы жағдайыма байланысты Тараз қаласындағы 5513 әскери бөліміне ауыстым. Міне, сол уақыттан бері осы аталмыш әскери бөлімде медицина пунктінің аға маманы (аға санитар нұсқаушысы) лауазымында қызмет етіп келемін, – дейді кейіпкеріміз Гүлім Әбдіғалиева.
5513 әскери бөлімінде ер-азаматтармен иық тіресіп қызмет етіп, отбасының да қамын ойлап жүретін Гүлім спортқа да көп көңіл бөледі екен. Ол 2011 жылы әскери үшсайыстан жарысқа қатысып, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы атынан жауынгер-спортшы атағына ие болған. Қолы бос уақытында гитара, домбыра секілді музыкалық аспаптармен ән шырқап, өнерден де кенде қалмауға тырысады. Гүлім құқықтық тәртіп әскері қатарында бірнеше жыл қызмет етіп жүргендіктен әскерилерді өз денсаулықтарына баса көңіл бөлуге шақыруда.Кейіпкеріміз туралы 5513 әскери бөлімі медицина қызметінің бастығы, майор Қазбек Мәлтай да жақсы мінездеме берді.
– Гүлім Ардаққызын әскери бөлімнің мықты медициналық қызметкерінің бірі деп айтуға болады. Ол жеке құрамға үнемі көңіл бөліп, көмегін еш аямайтын қамқор жан. Қаңтар оқиғасы кезінде де ол кісінің ер адамға тән мықты қасиеттерін байқадық. Ешбір қауіптен қаймықпай, сарбаздармен бірге мародерлерге қарсы тұра білді. Ұжымымызда әрқашан орны бөлек, мінезі ақжарқын. Әйелдер кеңесінің мүшесі, әскери бөлімде өтетін кез келген мерекелік шараларға бір кісідей атсалысады. Артында еріп келе жатқан жас мамандарға берері мол әскери қызметші және отбасында сыйлы келін, қамқор ана, адал жар деген баға берер едім, – деді медицина қызметінің басшысы.
Кейіпкеріміз жолдасы Нұрболатпен бірге Ақжүрек және Алдияр атты екі ер баланы тәрбиелеп отыр.Келесі кейіпкеріміз – кіші сержант Қамар Әбдікерімова Талас ауданының Қаратау совхозында (қазіргі Есейхан ауылы) дүниеге келген. Арманшыл қыз 1987 жылы Қаратау орта мектебінің табалдырығын аттап, 1998 жылы аяқтайды. Сол жылы үш айлық компьютерлік курсын оқып шығып, көп ұзамай Жамбыл медициналық колледжіне оқуға түседі. Медициналық маман иесі атанып, қолына дипломын алғаннан кейін алғашқы еңбек жолын 2002 жылы Тараз облыстық перинаталдық орталықта қызмет атқарудан бастайды. Аталмыш қаладағы №8 «Мейірім» қалалық емханасында жұмыс істеп, тәжірибесін шыңдайды.
2008 жылдың ақпан айында Ұлттық ұланның 5513 әскери бөліміне медициналық пункт медбикесі болып қызметке кіріседі. Әскери қызметте ол 5513 әскери бөлімі медициналық пунктінің аға санитар нұсқаушысы, нұсқаушы-дезинфектор болып қызмет атқарған. Қазіргі уақытта, яғни 2017 жылдан бері 5513 әскери бөлімі атқыштар батальоны медициналық пунктінде аға маман (аға санитар нұсқаушы) болып қызмет атқаруда.
Қамар Бексұлтанқызы жолдасы Қайратпен бірге төрт баланы тәрбиелеп отыр. Үйдің тұңғышы Назгүл 2004 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Ол қазір М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Химия» факультетінің 3-курсын аяқтады. Ал ұлы Мұхиддин 2005 жылы 21 қыркүйекте Тараз қаласында туған. Ол ата-анасының жолын қуып, әскери өмірге бет бұрды. Биыл Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясының 1-курсын тәмамдап жатыр. Ал Нуридин мен Ахмеддин атты балалары мектеп жасында.
– Менің Ұлттық ұлан сапында қызмет етіп келе жатқаныма он алты жылдан асты. Жолдасым да осы әскери қызметтен зейнетке шықты, екеуміз де әскери адам болғандықтан бір-бірімізді түсініп тұрамыз. Мені әрдайым қолдап жүретін де – жолдасым, сол үшін оған алғысымды жаудырамын. Себебі әскерде әйел адамға қызмет ету оңай емес. Таңның атысынан кештің батысына дейін қызметте, одан қалды саптық, кешкі тексерістер. Бірақ «әйел – қырық шырақты» ғой, барлығына үлгеруге тырысамыз. Отбасыма көп уақыт арнап, ұлдарымның тәрбиесіне көңіл бөлемін. Қызметте де алдыңғы қатарда болып, маған сеніп тапсырған тапсырмаларды жауапкершілікпен атқарғанды ұнатамын. Екінші ұлым да әскери оқу орнында білім алып жатыр, ол өзінің арманы болды. Осы балаларымыз саналы ұрпақ болып қалыптасса екен деген тілегіміз бар.
Әскер маған көп нәрсені ұқтырды, әскер мені шыдамдылыққа, жинақылыққа және шапшаңдыққа үйретті. Мені қызметте қолдап жүретін 5513 әскери бөлімінің, ондағы медицина қызметінің басшылығына, өзімнің жанымдағы әріптестеріме үлкен алғысымды білдіремін. Ұлттық ұлан қатарында қызмет ететін барлық әйел-әскери қызметшілерге шыдамдылық, сабырлылық және сәттілік тілеймін, – дейді ақ халатты абзал жан.
5513 әскери бөлімі атқыштар батальоны командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Нұрсұлтан Рахымбай Қамар Әбдікерімованың кәсібилігін жоғары бағалайды.
– Қамар Бексұлтанқызы өз ісінің білікті маманы, сарбаздарға әр кез анасындай қамқор, жанашыр. Қашан көрсең де сырқат сарбаздардың жанынан табылады. Осы аналық мейірімі үшін де сарбаздар ол кісіге еркелеп, «мама» деп атайды. Батальонның офицерлері мен сержанттар құрамы ол кісіні құрмет тұтады. Ұжым арасында өте сыйлы, ол аяулы жар, асыл ана. Тағы бір айта кететін жайт, Қамар Бексұлтанқызы офицердің жұбайы. Ол Ұлттық ұлан ардагері Қайрат Қасымовтың жары. Өте үлгілі көпбалалы отбасы, – дейді Н.Рахымбай.
Әскери сала қызметкерлері кез келген уақытта және қандай жағдай болса да барлығына дайын болуы тиіс. Жауынгерлердің денсаулығына жауапкершілікпен қарап, қажет болған кезде қолына қару алған, батылдық пен ерлікті, қайраттылық пен адалдықты жұмыс бабында көрсете білген аға сержант Гүлім Әбдіғалиева мен кіші сержант Қамар Әбдікерімованың қызмет жолы көпшілікке үлгі болары сөзсіз.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ