
Өткен аптаның соңында Тараз қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде өңірдегі 70-ке жуық өренді әскер қатарына шығарып салу рәсімі өтті. Олардың бірқатары Отан қорғау үшін Мемлекеттік күзет қызметіне, тағы бірі десанттық-шабуылдау әскери бөліміне аттанды. Нақты айтқанда, 23 сарбаз Астана қаласындағы 0112 әскери бөлімінде, 45-і Талдықорған қаласындағы 18404 әскери бөлімінде азаматтық борышын өтейтін болады.
Салтанатты жиында алдымен LED экраннан Мемлекеттік күзет қызметінің мақсаттары мен міндеттері жайлы бейнеролик көрсетілді.
Іс-шара барысында облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев сөз алып, жас сарбаздарға сәттілік тіледі.
– Отан алдындағы борыш – қасиетті парыз, мәртебелі міндет. Бабаларымыз ер намысын ел намысымен ұштастырып, сертіне берік, ерлігіне батыр ұлдарын ардақтаған. Бүгін сол дәстүрді өздеріңіздей айбынды жастар жалғастырып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, қазіргі күрделі геосаяси жағдайда ел қорғанысын күшейту – басты міндет. Уақыттың өзі әскердің рөлін арттырып отыр. Қазақстан Қарулы Күштерінің қасиетті борышы – туған жердің тұтастығын қорғау. Сол ұлы мақсат жолында әскеріміз әрдайым сақадай сай болуы тиіс. Ел қауіпсіздігі – мемлекеттің мызғымас іргетасы. Сондықтан әрбір азамат, әсіресе Отан алдындағы борышын өтеуге келген жастар осы міндеттің салмағын сезініп, ел сенімін абыроймен ақтауы керек. Бейбіт күннің бағасын ұғып, тыныштықты сақтау жолында қызмет ету – нағыз ерлік. Біз сіздерге зор сенім артамыз. Елімізге адал қызмет етіп, нағыз отансүйгіштік пен ерліктің жарқын үлгісін көрсететіндеріңізге күмән жоқ. Ел тәуелсіздігін қорғау – әрбір перзенттің ең ұлы борышы. Сол парызға адал болып, ел мүддесін бәрінен биік қойғандарыңыз абзал, – деді Лесбек Құралбайұлы.
Бұдан кейін сөз алған облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің басшысы, полковник Нұрбол Зейнелов Мемлекеттік күзет қызметі мен десанттық-шабуылдау бөліміне облыстағы ең лайықты деген жастар таңдалып алынғанын сөз етті.
– Ерлікке апарар жол Отан алдындағы борышты абыроймен өтеуден басталады. Сіздер осы сәтте өздеріңізге үлкен жауапкершілік пен мәртебелі міндет жүктелгеніне куә болып тұрсыздар. Сіздер облыс атынан іріктеліп, лайықты деп танылған азамат ретінде Мемлекеттік күзет қызметі мен десанттық-шабуылдау бөліміне аттанғалы отырсыздар. Бұл ел сенім артқан айрықша миссия. Әрқайсысыңыз осы күнге дейін жүйелі дайындықтан өттіңіздер, әскери тәртіп пен тәрбиеге бейімделдіңіздер. Бір жарым ай бойы сіздерді елін сүйетін, тәртібі берік, мінезі шыныққан сарбаз ретінде дайындадық. Енді сол еңбектің нәтижесін ел мүддесі жолында көрсететін уақыт келді. Әскери қызмет батылдық пен табандылықты талап етеді. Сіздер ел қауіпсіздігін қорғап, халқымыздың тыныштығын сақтау ісіне кіріскен соң Отанға адалдықты, ел мен жерге деген сүйіспеншілікті көрсетеді деген үміттеміз. Осы қасиетті борышты абыроймен атқарып, ел үмітін ақтайды деп сенеміз. Еліне адал, халқына қорған болу – нағыз ердің ісі. Осы жолда сіздерге мықты денсаулық, қайсар рух, табандылық тілейміз – деді Нұрбол Қуантқанұлы.
Негізінде Мемлекеттік күзет қызметіне де, десанттық-шабуылдау бөліміне де кез келген адам алына бермейтіні белгілі. Өйткені, оның ішінде Мемлекеттік күзет қызметіне алынған әрбір сарбаз Президентіміз секілді еліміздің ең жоғары лауазымды тұлғаларының қауіпсіздігін қамтамасыз етумен айналысады. Сол себепті бұл қызметке тек жасы он сегізге толған, бойы жүз сексен сантиметрден жоғары, денсаулығы мықты, тәртібі мен төзімі сай азаматтар ғана қабылданады. Ол үшін талапкер арнайы іріктеуден сүрінбей өтуі қажет. Азаматтық борышын өтеп болған сарбаздың келісімшарт негізінде әрі қарай да міндетін аталған қызметте жалғастыруына мүмкіндігі зор.
Осы орайда біз әскери міндетін Мемлекеттік күзет қызметінде өтеуге кетіп бара жатқан Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылының тумасы Аят Ілесқалымен тілдестік. 19 жастағы өрен әскерге баруы үшін үнемі дайындық үстінде болғанын айтады. Жаздың алғашқы айынан бастап әскер қатарына өз еркімен барудың қамына да кіріскен екен. Күн сайын денешынықтыру жаттығуымен тұрақты айналысып, физикалық және психологиялық тұрғыдан өзін шыңдаумен болған.
– Әскер қатарына аттану үшін жергілікті қорғаныс істері жөніндегі бөлімге өз еркіммен бардым. Барлығын алдын ала сұрастырып, іріктеу кезеңінен қалай өтетінімді біліп алдым. Содан кейін іріктеу басталды. Бір ай бойы түрлі сынақтардан өттік. Бұл оңай болған жоқ. Бассейнде жүзу, турникке тартылу, арнайы физикалық жаттығу жасау секілді барлық талаптарды орындадық. Медициналық тексеру де қатаң жағдайда өтті, – дейді ол.
Жастарды әскер қатарына шығарып салу рәсіміне әскери сала өкілдері мен ардагерлер, сарбаздардың ата-аналары да қатысып, ақжарма тілектерін арнап, оларға сенім білдірді.
Н.БОЛАТҰЛЫ