
Жиынға Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы Сұлтан Камалетдинов, Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев, Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы Мереке Көшекбаев, Бас штаб бастығының орынбасары Асан Жүсіпов және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының басшылығы, әскери қызметшілер мен Қарулы күштердің ардагерлері қатысты.
Жеке құрамды құттықтаған Сұлтан Камалетдинов «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері антқа адалдықтың, бірліктің және жоғары кәсібиліктің үлгісі екенін атап өтті.
Мұнан соң Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында орналасқан «Даңқ» залында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына арналған арнайы бұрыштың ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты жиынның келесі бөлігі өңірлік қолбасшылықтың штабында жалғасты. Атап айтқанда бас штаб аумағында 25 жылдыққа арналған ескерткіш стела ашылып, болашақ әскери қызметшілерге арналған уақыт капсуласы қойылды. Бұдан басқа заманауи қару-жарақ пен әскери техниканың үлгілері көрсетіліп, өнерпаз әскери қызметшілердің концерті өтті.
Мерекелік іс-шара «Баласағұн» орталық концерт залында қорытындыланды. Салтанатты жиында өңір басшысы Ербол Қарашөкеев пен бірқатар генерал-майор құттықтау сөз алып, қызметте ерекше көзге түскен әскери қызметшілерге құрмет грамоталары мен естелік сыйлықтар табысталды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ